«Қазақ жылқыдан жаралған!»

1701

Абайдан бастап, арғы-бергі заманда артына сөз қалдырған қазақ ақындарының, прозаиктерінің жылқы тақырыбына соқпағандары, өз шығармаларында қылқұйрықты тым болмағанда бір рет ауызға алмағандары кемде-кем.

Бұл – жылқы мен қазақ жанының егіз екендігін білдірсе керек. Осы тақырыпқа ойысқанда есімізге бірден кешегі батырлар жыры, одан беріде Абай, Ақан сері Қорамсаұлы, Ілияс Жансүгіров, Сәуірбек Бақбергенов, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Серік Ақсұңқарұлы, Светқали Нұржан, нақтысы, олардың шығармалары түседі. Әсіресе Асқар Сүлейменов…

Дарвинизм салтанат құрып тұрған кешегі кеңестік атеистік заманда «Басқа халық маймылдан жаратылса жаратылған шығар, біздің қазақ жылқыдан жаратылған!» деп рухты сөз қалдырған Асқар Сүлейменов, ұлы Әлішердің айтуынша, жол бойынан жылқы көрсе, міндетті түрде көлігінен түсіп, жалынан сыйпап, маңдайын маңдайына тигізбей кетпейді екен! Жұмыс кабинетінде міндетті түрде жылқының суреті ілулі тұрыпты.

Әділін айтайық, қылқұйрыққа деген шексіз сүйіспеншілік жалғыз жазушы Асқар Сүлейменовтің ғана бойына біткен мінез емес, бүкіл қазақтың бойына біткен мінез еді ғой. Н. С. Хрущевтің билігі тұсында жылқының бәрі ет комбинатына айдалған күндер болған. Жылқыға төнген осы нәубетті көтере алмаған талай атпал азаматтар сол жылдары бір күнде миына қан құйылып, ана дүниеге аттанып кеткен деседі. Менің бұл сөзіме иланбағандар болса, әр ауылда ескінің көздері әлі де аз емес, сол кісілерден сұраса болады. Солардың біреуі болмаса біреуі бұл жайтты менен де жақсы жеткізіп береріне күмәнім жоқ. Осыған қарағанда, сірә, әлемде жылқы үшін жаннан кешетін қазақтай халық жоқ шығар.

Өкінішке қарай, соңғы жиырма-отыз жылда балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заман болды. Қатын-бала қамы үшін қазақ қалаға ағылды. Жылқы бір жақта, қазақ бір жақта қалды. Жылқы біздің ұғымымызға тек соғым болып жайғасты. Бұрын лақ-ешкіні, тоқты-торымды ермекке сойсақ, бүгінде жылқыны қысы-жазы соя беретін болдық. Жылқыны тек қазы-қарта, жал-жая деп түсінетін болдық.

Дегенмен, Асағаңның – Асқар Сүлейменовтің «Қазақ жылқыдан жаратылған!» дегені рас болып шықты. Бойымыздағы ата-бабаларымыздың жылқыға деген шексіз махаббаты әйтеуір бір оянуы керек еді. Сол махаббат ақыры оянды! Оятқан — «JORYQ» ат спорты федерациясының жампоз жігіттері!

Былтыр бұл жігіттердің «Ұлы Дала жорығы» деген атаумен Астана мен Түркістан қаласының аралығына марафон өткізгенін ұмытқан жоқпыз. 1200 шақырымға созылған бұл марафон Гиннестің рекордтар кітабына қалай да енуі тиіс! Себебі әлемдегі ең ұзақ марафон – 1000 шақырым ғана. «Ұлы Дала жорығы» марафоны әлемдегі қиындыққа ең төзімді қылқұйрық – ол қазақ жылқысы екендігін дәлелдеп берді. Марафонға қатысқан сәйгүліктер 600 шақырымды басып өтті. 600 шақырымнан соң оны басқа жылқы алмастырды. Ал, шабандоз 10 күн бойы аттан түспей, 1200 шақырымды басып өтті. Бұл не деген сөз? Бұл – әлемдегі ең мықты, ең төзімді жігіттер қазақ жігіттері деген сөз! Әттең, біздің жігіттер өздерінің кім екенін, қандай мықты екенін сезбейді ғой, сезсе… Сезсе, әлемге қайтадан кешегі көк түріктердің заманын орнатып берер ме, еді?!

Сол марафон биыл да өткізілгелі отыр. 6 қыркүйек күні Ақмола облысының Қаражар ауылынан шығатын марафоншылар 19 қыркүйекте Түркістан қаласына келіп құлауы тиіс. Ең соңғы аялдаманың алдындағы аялдама былтыр ұлы Созақ даласы болған, биыл Түркістанға Қызылорда облысы арқылы келеді. Марафонның ұзақтығы – 1300 шақырым, яғни, былтырғыдан 100 шақырымға ұзақ. Жорыққа қатысушылар Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарының территориясын басып өтеді.

Мен білмейтін жайларды баспасөз хатшысы Рауан Есқалидан сұрап білулеріңізге болады, телефоны — 8-777-214-01-71.

Аттарың сүрінбесін, атақтарың дүрілдесін, жігіттер!

Абай Балажан, Түркістан облысы

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.