Жылқы иісі

1793

Әр адамға тән өз иісі болатын сияқты, жан-жануардың да иісі болады. Мысалы: сиыр малынан қолаңса иіс шығады. Қойдан шығатын иісті «қоңылсық иіс» десек, иттен – «өлексе» деген иіс шығады.

Ал бізге ең жақыны, ең жағымдысы, ол – жылқы иісі. Жылқы терінің иісі. Бұл бір жұпар иіс. Мына заманда жылқыны қолға байлап бордақылаған себепті, ол жұпар иіс жоғалған. Қазіргі қазақтардың иіскеп жүрген иісі мүлде бөлек. Ол жұпар иісті бір білсе, бәйгеге шауып, көкпар тартып жүрген жігіттер білер.

Жылқының терінде бір құпия бар. Көп атқа мініп көргендер ұмытпаған шығар, әлгі астыңдағы атыңды қинаңқырап мініп қойған күні «суытуға» байлап жатқанда таңғажайып бір иіс шығатынын. Сол иіс мұрныңа келген кезде, бүкіл денең жібіп қоя береді ғой. Бұл иістің құдіретін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл бір тылсым, сиқыр. Бұл қазақтың ғана бойына қуат беретін құдірет сияқты. Адамның жанына ләззат сыйлайтын нәзіктік те дәл осы иісте…

Қандай жаугершіліктен арып-ашып келсең де, үйіңе келгеніңді білдіретін бұл иіс – мейріміңді тербетеді.

Ата-бабаларымыз дүниені шауып келсе де, атын «суытуға» қоярда осы иісті иіскеп, бүкіл тәкаппарлығы басылып, үйге кірген.

Бала кезден өзіміз ат құлағында ойнап өскендікі ме, әйтеуір сол иісті сағынып тұрамын. Талай сапарларды артқа тастап, талай жол жүрдік. Бұл иісті жол бойы онша сезе қоймайсың. Егер біраз уақытқа аялдауға тоқтаған болсаң да, ол иіс саған жақындамайды, тек «таң асырып», не «суытуға» қойғанда ғана шығатынына таңмын. «Болды, енді деміңді ал… Бүгінге саған ризамын!» — деген қожайынының пейілін біліп болған соң шығатын сияқты.

Қатты шауып келіп, тоқтай қалғанда да иіс шығады, ол бірақ мұндай емес. Әрбір ат мінген қазақ өз атының терінің дәмін, иісін білетініне күмән келтіре алмаймын. Талай қазақ жігіті атының мойнын құшақтап қоштасып, жалының астынан аңқыған жұпарды иіскеп, көзіне жас алмады дерсің…

Қазақтың астында аты барда рухы мықты еді ғой, шіркін-ай! Қайда қазір, жоқ болды. Ол заманда жылқы мен қазақтың жаны да, тәні де бір екен ғой.

Европалықтар бекер «Кентаврлар» демеген екен. Аты иесіне, иесі атына сенген заман! Рухы бір, жаны бір, жануарым-ай! Иең енді сені тек ет қылып қана жеп, мәз болып жүр.

Бақыт Әметаев

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.