Мінайханды сыншы еткен 80 сәйгүлік

1223

(Жалғасы. Басы мына жерде)

Бала кезінде Мінайхан Тотайұлы сәйгүлік аттарды бағуды армандайтын. Ол сайын сахарада сәйгүлік аттардың жұлдыздай ағып, шауып бара жатқанына қызыға қарайтын. Оның қылқұйрыққа қызығушылығы 1962 жылы 2-класс оқып жүрген бала кезінен басталған.

Әкесі Тотай бір ауылдың ат бағушысы еді. 1962 жылы жылқыға індет тарады деп, ауылдың 80-нен астам жылқысын бір жерге жинап, әкесіне бақтырады. Жер-жерден келген мал шипагері сол жылы тамыздан қарашаға дейін төрт ай бойы 80-нен астам атты емдейді. Бұл 80 ат жай ат емес еді. Бұрынғы Шалқабай елінің, кейінгі Секіру коммунасының жорға-жүйрігі, бүкіл аудан бойынша алдына қара салмайтын сәйгүліктері еді.

Мінайхан жазда оқудан тараған соң жайлаудағы үйіне барып, өрістегі жорға-жүйріктің жанында болып, оларға қарай-қарай көзі талады. Аудан бойынша маңдайға басар бұл бір үйір жорға-жүйрік Мінайхан Тотайұлына құдды жорға-жүйріктерді танудың жоғары мектептегі теориясы мен практикасы сияқтанып, оны келешекте ең үздік сыншы етіп жетілуге берік негіз қалады әрі ұлттық ат сыншылық мәдениетінен нәр ала бастауы осы бір үйір жорға-жүйрікке жұғысудан бастау алған еді.

Сүйтіп, оның балдырған балалық шағы желдей ескен жорға-жүйріктердің арасында өтеді. Таңқаларлығы сол, сәйгүлік аттарға берілгені соншалық, таң атқаннан ымырт үйіріліп, қас қарайғанша, жорға-жүйріктерді айналсоқтап, жуастарын сипай беретін. Әкесі: «мынау Пәленбайдың жүйрігі, анау Түгенбайдың жорғасы» деп айтып, түсіндіріп, бала Мінайханның құлағына құйып отыратын. Сонымен оның сәби жүрегіне жорға-жүйріктер мәңгі ұялап қалады.

Кейін жайлау төсіндегі жұлдыздай аққан жүйріктерге қараған сайын оның жүрегіне ұялай берген құмарлық бірден алмағайып өзгеріп, жүйрік атқа деген сыншылық өнерді үйрену ынтасы өрши береді. Жуас жорға-жүйріктерді өрістен ұстап алып, кешке дейін сылап-сипайды. Көбінесе тұяғы мен алдыңғы аяқтарының сіңірі, қабырғасын, басын сипап көреді. Бара-бара жүйріктердің жалына жармасып, мініп, ары-бері шауып, қызығына қанбайды.

Осылайша ол жорға-жүйріктерді тану ғылыми райы қою ортада есейіп-ержетеді. Ол кезде оған жылқы түлігі тұяғы мен сіңірінен басқа мүшесі ұқсас сияқты болып сезілетін. Кейін ат танитын дәуірге келгенде жылқының 12 мүшесі 12 түрлі болатындығын білді.

Оның ат танудағы ұстазы – немере ағасы Қинаят және ауылдағы Мазат тәйжі еді. Сондай-ақ ол домбырадағы ұстазы еді. Көршілес Аралтөбе ауылының молқы руынан Бірсейіт және Закарбай Мәмішұлы деген адам да болды. Мұнда ол ұстаздарынан беріле үйреніп, жиналған үйірдегі жорға-жүйрікті жіктеп, олардың сынын айырып, бір-бірінен ұқсамайтын қасиетін жыға танып, жорға-жүйрікті таңдауға шеберлігін ұштап, жүйріктің қасиетін жетік игереді. Бара-бара жүйріктің тұла бойы сынын түгел игеріп, бұрынғы сыншылардың байқап, барлаудан өткізген қыруар ақиқатын біліп, сыншылық өнерге төселіп, сыншылық өнерімен ел көзіне түседі. Әрі бәйге кезінде бұрынғының сыншыларындай бәйге аттарын аралап, бәйгеде көмбеге қара үзіп келетін аттарды кесетіп айтып, дұрыс танитын ерекше сыншылық дарынын әйгілейді. Уақыт өте халықтың сыншылық мәдениетімен терең танысады. Өзі сыншы үлгісінде үнемі ортаға шығып, жорға-жүйрік сынын біліп, айырып, дәл басып көрсетуге төселеді. Сөзі ұғымды, сыншылық шешімі тұжырымды болады.

Сыншы – аға буын сыншыларға еліктеп, үйренеді. Олар өз ұстаздарына еліктеп үйренумен қоса, өз ерекшелігін ұстап, өзінің даралығын әйгілесе, сонда ғана тұлғалы сыншы болады. Мінайхан Тотайұлы сыншылық өнерді бүге-шігесіне дейін жеткізе игеріп, қолданып, жүйрік аттың өнбойындағы көзге көрнеу көрінетін сындарын түгелімен білумен бірге, қашанда болсын «көрінбей, көмескі қалған белгі-сыны бар ма?» деп, сол сұраудың жетегімен жүйрік аттың әдеттегі жылқыдан алабөтен өзгеше қасиетін игеруге ұмтылыс жасап, жүйрік аттың жұмбақ сырын білуге құмартуын құр жүгіріспен өткізбейді.

Жалғасы бар.

Бекзат Құрмашұлы,

mp.weixin.qq.com, (2022 жыл)

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Түпнұсқадағы тақырып: Сыншымыз бар, дүние таныған тұлпарымыз жоқ, бұл қандай жағдай?

Басты фото: Мерей Қайнарұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.