Батырлар мінген арғымақтар

84366

«Түн ұйықтамай, күндіз отырмай», тыным таппай жүрген Күлтегіннің қанды шайқастардағы ең жақын көмекшісі, оның мінген тұлпары болып көрінеді. «Ер қанаты-ат» екені «Күлтегін» жырында да айтылады. Қанды шайқастарда Күлтегін батыр өзінің жеңіске жетуінің бір себебі астындағы тұлпары деп біледі.
Күлтегін сан түрлі шайқастарда әртүрлі сәйгүлік аттарға мініп, қан майданға шығады. Небір тұлпарлар Күлтегіннің мінісіне шыдамай бірінен соң бірі құлап жатады. Мұның өзі батырдың қыруар күш-қуат иесі екенін аңғартып тұрған сияқты. Күлтегіннің жекпе-жекке түсетін қарсыласы неғұрлым күшті, айбарлы болса, батырдың майданға мінетін сәйгүлігі де соғұрлым жүйрік, даңқты болып келеді. Күлтегін өзінен бұрын талай рет ерлік көрсеткен алып батырлардың арғымақ аттарына мініп шығады. Мәселен, Күлтегін жиырма бір жасында жаудың ең мықты батырының бірі Чача Сеңүнмен шайқасады. Сонда ол Тадықын чурдың Боз атына мініп келеді. Бұл көрініс «Күлтегін» жырында айшықталып берілген:

36kulteginЖиырма бір жасында,
Чача Сенүңмен айқастық,
Ең ілкі Тадықын чурдың,
Боз атын мініп шапты,
Ол ат сонда өлді.

Батыр бұдан кейін де талай-талай жаумен шайқасып, солардың әрқайсысында әртүрлі алыптардың тұлпарына мініп шайқасқа шығады. Бәрінде де ол жеңіп отырады. Өйткені батырдың майданға мінген арғымақ аты қаһрманның бойындағы асып-тасып тұрған шексіз күш-қуатқа сай келеді.
«Күлтегін» жырында Түргеш елімен болған соғыс кең көлемде жырланған деуге болады. Бұл соғысқа Күлтегін әскері Інжу өзенінен өтіп барады. Мұнда автор Күлтегін әскерінің «аты арық, жемі жоқ еді» дейді. Бұларға қарсы шыққан жау «қорқынышты кісілер, алып кісілер болатын». Күлтегін шағын қолмен оларға қарсы барды. Жойқын соғыс ашты. Жаудан жасқанбады. Өйткені Күлтегіннің мінгені Алып Шалшы ақ ат болатын. Бұл соғыс «Күлтегін» жырында төмендегідей етіп берілген:

Алып Шалшы ақ атқа мініп шауыпты.
Баршасы түргеш халқының
Сол жерде өлім тауыпты.

Бұдан кейін жырда түркілердің қарлықтармен болған соғысы баяндалады. Тамағ шыңында болған осы шайқаста қарлықтарды қырып салады. Өйткені Алып Шалшы ақ ат бәрінен де жүйрік бәрінен де тегеуірінді еді.
Күлтегін талай рет Азман ақ атына мініп, жауды шапқанда да ұдайы жеңіске жетіп отырады.:

00001267Күлтегін Азман ағын мініп,
Шапты, талқандады.
Әскерін жеңдік, елін алдық.

Сөйтіп, «Күлтегін» жырында шығарманың басты қаһармандарның бірі ретінде батырдың жорыққа мінетін сәйгүлік аттары бейнеленген. Күлтегін соғысқа мінген Боз ат пен Торы ат, Алып шалшы мен Азман арғымақтар туралы Йоллығтегін сүйсіне жырлайды. Түрік қағанатының әскери қолбасшысы мінген сан түрлі сәйгүліктер туралы оқи отырып, қазақтың батырлық жырларындағы «әр аяғы келідей, он екі құлаш Шұбар» тұлпарды, «бір өзі он екі биені еміп өскен ат» — Ғиратты, «бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын Тайбурылды», «бір күн шапса айшылық жолды алатын Байшұбарды» еске түсіреміз.
Қазақтың батырлық жырларында да батырдың жорыққа мінген тұлпарлары да шайқас үстінде құлап, жаудан жарақаттанып жататын сәттері болады. Мәселен, Тайбурыл Қобыландының мінісіне шыдамай осылайша құлайды:

4454_w500_resizeЕкпіндеп шапқан Тайбурыл
Етпетінен жығылды.
Жығылғасын Қобыланды,
Аттан түсе қалады.

Болашақ батырдың шайқасқа шабатын тұлпарын тай кезінен танып, «түтікпенен су беріп, түндікпенен күн көрсетіп, кекіл жалын тарап өсіреді».
«Алпамыс батыр» жырында да батырдың Шұбар атын суреттеуге кең орын берілген. «Алтын бауыр Шұбардың» шабысын зор шеберлікпен суреттей келіп:

Шын жүйрікке не сөз бар,
Тартылды жердің танабы.
Бір күн шапса Шұбар ат
Айшылық жолды алады,
— дейді.
Бұл жырда «қарсақ жортпас қалыңнан қарғып» өтіп, «түлкі жортпас түлейден жұлдыздай ағып» шыға келетін Шұбар ат тек Алпамыс батырға ғана лайықты тұлпар етіп көрсетілген.
«Күлтегін» жырындағы сияқты қазақтың батырлық жырларында жорыққа мінетін сәйгүліктің түр-түсіне, сыртқы сипатына ерекше мән беріліп отырады. Мәселен, «Қамбар батыр» жырында Қосай батыр мінетін Сары аттың түр-түсі егжей-тегжейлі бейнеленген. Сары атқа тіл бітіп, Қосай батырға ақыл-кеңес беріп отырады. Бұл жырда Сары ат мейлінше мадақталады.

Астындағы Сары аттың
Көкте екенін білмеді,
Жерде екенін білмеді,
Қос қанатын салады.

Қазақтың ежелгі жауларымен сан рет шайқасқа шыққан Бөген батырдың астынан да «жер тепкілеп тұрған он екі құлаш Шұбар атты» көреміз. «Бөген батыр» жырында да «қарсақ жортпас қара ойдан, түлкі жортпас түлейден» желдей ағып өтетін қос қанатты Шұбар ат тек Бөген сияқты алып батырға ғана лайықты болып көрінеді:

post-67-1257866656
Шұбар аттың бауыры
Қырық кездей созылды,
Шапқан жерін қарасаң,
Жер ошақ болып қазылды.

Сонымен, Орхон жазба жәдігерліктері мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы көркемдік дәстүр жалғастығын талдай келіп төмендегідей түйін жасауға болады. «Күлтегін» және Тоныкөк жырлары өзінің идеялық мазмұны, композициялық құрылысы көркемдік бейнелеуі жағынан қазақтың ерлік пен елдікті жырлаған қаһармандық жырларының алғашқы үлгілері болып табылады.

«Қазақ әдебиетінің тарихы» ІІ том, (125-129 беттер)
Суреттер ғаламтордан алынды

6 comments

  1. Сарсүмбеге жауап 24 Сәуір, 2015 at 17:53 Ответить

    Біліп тұрсаң сол жылқылардың есімдерін жазбайсыңба. Сайт иесіне мың алғыс! Арғымағың арындамасын!

  2. Атқұмар 24 Сәуір, 2015 at 17:56 Ответить

    Бабаларымыздан қалған ұланғайыр даланы осындай тұлпарлардың арқасында сақтап қалды ғой. Енді мұндай арғымақтар туа ма, жоқ па кім білсін…

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.