Іле жылқысы немесе ҚХР Шыңжаң жылқы шаруашылығы

1382

(Жалғасы. Басы мына жерде)

Қазір қыр сахарасында бәйге берудей тамаша салтымыз қайтадан кеңінен өріс алды.

Атап айтқанда жер-жердегі ауыл-қыстақ қыр сахарасында шағын жиналған жиын-топта ұлтымыздың ат бәйгесі қайтадан бас көтерген. Бас бәйгеге тіккен жүлде кілем-кілшеден көтеріліп, ірі қараға ойысқан. Тіпті сәулетті автокөлік болған. Осы ескіден қалған салт қайтадан жаңарып, шаруалардың бұқаралық мәдени-рухани тұрмысын байытып, шаруалардың сапасын жоғарылатып қалмастан, ішінара сыншы-бапкерлікпен шұғылданған сәйгүлік әуескерлерінің қалтасын қампайтатын кәсібіне айналдырды. Өйткені қазір бәйге аты алатын олжа төрт қаракөздің көзін телміртті. Шаруаларымызбен бірге біте қайнасқан қалтасы қалың ішінара туысқан ұлт адамдары олжаға көздері тұнып, жорға мініп, жүйрік баптайтын болды. Осы ырғын байлық қазір ауылдарда ішінара шаруаларды арнаулы сәйгүлік баптауды дағдылы кәсіптеріне айналдырды. Бәйге аттарының бәйгеден алған олжасы мен бәйге аттарының нарқы адам нанғысыз дәрежеге қымбаттады. Сондықтан ат сыншысы және бапкерлік осы заманғы кірісі айырықша жоғары, таңдамалы абзал кәсіпке айналды.

Бүгінгі таңда етек алған осы кәсіпті негізгі сатыдан алып шығып, үлкен сахна-майдан көрсетудің болашағын көрсету керек. Қазір батыс елдерінде сондай-ақ еліміздің дамыған теңіз жағалауында спорттық ат өнері кеңінен жалпыласты. Жылқы тану жағында ұлтымыз олардан қалыса қоймайды. Бұның ішінде жүйрік ұстап, арнайы жаратып, баптап, сақадай-сайлану ағылшындарға ұқсастау келеді. Шабандоздар іріктеліп, ат айдайтын қол-аяғы жеңіл тәжірибелі жігіттер тағайындалатындығында ұқсаңқырайды. Теледен олардың ат құлағында ойнайтын, ат өнеріне жеттік, қимылы шапшаң, ақыл-айласы төтенше мол, шауып бара жатып аттың бауырынан өтетін епті де, ержүрек жігіттері бізде де баршылық. Ал кейіннен естияр азаматтардың мотоциклге азырақ есі ауып қалғаны болмаса, қырда жүйрік мініп, сәйгүлігін ойнақтатқан азаматтар әлі де көп. Бұл – бір. Ал сансыз жылқының ішінен тайпалған су төгілмес жорғаны, жүзден озатын, мыңнан асатын тұлпарды бір қарап, жазбай тану жағы оларда қалай екен? Біздің сыншыларға, бапкерлерге жетіңкіремес деп кесетіп айта аламыз. «Жылқының тілін қазақтан, сауданың тілін арабтан сұра» деген көне мақал бекер ел ішіне тарамаса керек. Өкінерлігі – біздің спорттық ат өнеріміз байырғы дәстүрлі ат өнері қалпында сақталғанын есімізден шығармағанымыз жөн. Оны осы заманға сәйкестіру жағы батыс елдеріне жетпейтіндігіне көз жұмуға болмайды. Кезінде Күнестен шыққан «Бейжіңкер» арғымағы тек елімізге ғана танылған. Одан артық танылған сәйгүлік жоқ. Міне бұл бүгінгі таңда біз дөп келген жағдай.

Мінайхан Тотайұлы дәстүрлі сыншы – атбегілік өнер дарыған жылқы маманы. «Ат шаппайды, бап шабады» дегендей, осындай өзіміздің атақты сыншыларымызды, олардың шәкірттерін осы заманғы спорттық ат өнерінің ел іші-сыртындағы білімдерімен қаруландырғанда ғана қолымыздағы арғымақтарымыз, бір ауданның емес, Жунхуа сынды бір алып елдің даңқын асыратын, дүние таныған тұлпар болатындығы анық.

Демек, ауылды жерде жылқы көп. Ауылды жерде сан мыңдаған жылқының ішінен ұшқыр атты жазбай танитын сыншы, бапкерлердің ұрқы үзілмеді. Алдымен сондай сыншы, бапкерлерді тауып, ел іші-сырты спорттық ат өнері білімінің озық түрінен хабардар етіп, Жунхуа ұлтының дәстүрлі ат ойындарын Халықаралық спорттық ат өнерімен тоғыстырып дамыту тиіс. Сонда ғана өз кезінде «Үйсін тұлпарының даңқы Хан У Ди патшаны қызықтырғаны» секілді, Іле тұлпарының қазіргі сәйгүліктері талай елдің қаракөктерін баурайтыны белгілі.

«Сонда не істеуіміз керек?» — деген сұрақ қойылады.

Шінжаң жылқы шаруашылығындағы спорттық ат өнері дегенде Іле тұлпары негіз етіледі. Іленің бәйге аттары – Жунхуа жылқы шаруашылығының жарық жұлдызы. Мұнда Іле тұлпары халықаралық бәйге қатынастырып, әлем арғымағына айналдыру үшін көп жұмысты тындырымды істеуге тура келеді.

Халықаралық бәйгеге қатынасып жүрген ағылшын таза қанды жылқысы, ахалтеке жылқысы сияқты әлем арғымақтарымен бірлікте Іле жылқысын бәйге салу мәселесінде Іле жылқысын тұқымдық мал жұмысы ретінде қарау, тұқым жетістіру, қан тазалығы, қан жаңалау негізінде таза қанды Іле жылқысын жетістіруді негізгі нысана ету басты орында тұрады.

Іле жылқысы – орлов жылқысы, ағылшын таза қанды жылқы сияқты тұқымдарды аталық, жергілікті қазақ жылқысын аналық етіп, көп жыл будандастырып, асылдандыру арқылы жетілдірген түрі. Қазіргі Іле жылқысы бұдан бұрынғы Іле жылқысымен салыстырғанда дене бітімі, бойының биіктігі және жарыс нәтижесі бұрынғыдан көрнекті жоғарылап, елімізде өндірілген жылқы базарында ұстайтын мөлшері 70 пайызға жеткен. Соңғы жылдары Моңғолкүре ауданы Іле жылқысының тұқымын асылдандыру қызметін үздіксіз ілгерлетіп, «Тұлпар» сапалы байлығына сүйеніп, үздіксіз реттеп және сапаландырып, елімізде өндірілетін спорттық жылқысының бірінші маркасына айналды.

Одан соң Іле жылқысын халықаралық бәйге түріне құлын кезінен жақсы жаттықтыру тиіс. Сондықтан Іле жылқысының құлын-тайын халықаралық жарыстың әрқайсы спорттық түріне төселдіру керек. Халықаралық бәйге дегенде тегіс майдандағы бәйгені көзде ұстамай, ат үсті ойындары спорты деп қараймыз. Ат үсті ойындары спорттық түрлерінің бірі – сәйгүліктің мәнерлі әсем жүрісі. Екінші – тегіс майдандағы кедергіден секіру және дала кедергісінен секіру сынды үш түр үш күндік жарыстағы түр болады. Ат үсті ойындарының және бір түрі – бес күндік жарыс болады. Міне, осындай түрлері бойынша Іле жылқысының ішінен спорттық жылқыны таңдау керек. Біз Іле тұлпарын жетістіруде осы түр бойынша қай-қайсысына дайындау мәселесін ойдағыдай ойластыруымыз керек. Сондықтан Іле жылқысын осындай түр бойынша әрқайсы бағытқа ойыстыру керек.

Сонымен бірге, Іле тұлпарының қанын жаңалауда, тұқым асылдығын күшейтуде ағылшын жылқысының жылдамдығын, араб жылқысының қағылездігін ойластыру керек. Іле жылқысын халықаралық сахнаға шығаруда, ұшқыр бәйгеге салуда негізінен ағылшын таза қанды жылқысынан пайдалану, ахалтеке жылқысынан пайдалану, олармен гендік бірікпені табыспен орындатуға, асырып орындатуға ұмтылыс жасаумыз керек. Біз Іле жылқысын әлем арғымағына айналдыру үшін тұқымын, қанын жаңалауда белгілі кезеңге дейін таза қанын өсіру жағын да бұрынғы тұқым малы жұмысы назариясынан пайдалану және қазір тез өнім беретін ген көшіру техникасымен ұштастырып, Іле жылқысының спорттық жақтағы ерекшелігін жоғарылату керек.

Ең негізгі мәселенің бірі – Іле жылқысының жақын аралықта бәйге спорттық түріне бағыттап жетістіруден сырт, аламан бәйгедегі артықшылығын сақтап қалуды ойластыру. Бұл – қазақ жылқысының тегіндегі өзінде тамаша сақталған ерекшелік. 50 км, 100 км аламан жүрісті қазір төзімділік бәйге жарысы деп атайды. Төзімділік бәйге жарысын елімізде әлденеше рет оздырды. Бұдан кейін, халықарада осы төзімділік бәйге жарысы көптеп оздырылары сөзсіз. Сондықтан Іле тұлпарының ұзақ жүрістегі төзімділігін сақтап қалу, оны кейінгіге жалғастыру керек.

Жалпы алғанда, Іле жылқысының спорттық жағын негізге алуда: бірі – тұқым малы жұмысының назариялық негізінен пайдалану және жаңа әдісінен, жаңа техникасынан пайдалану арқылы Іле жылқысының спорттық қабылетін жоғарылату керек. Дүниежүзі жылқы шаруашылығына үлес қосу үшін Жунхуаның жылқы шаруашылығын дамыту жунхуалықтардың бір арманы деп қарау керек.

Биыл сәуірде ауданымыз «Шыңжаңның жылқы шаруашылығының жоғары сапалы дамуын жеделдету жөніндегі пікірді» жариялап, жылқы шаруашылығының жоғары сапалы дамуы жөніндегі 5 ірі әрекетті түйінді түрде атқарып, 2030 жылға барғанда Шыңжаңды бүкіл еліміздегі жылқы шаруашылығының қуатты ауданы етіп құрып шығуды алға қойды. Мұнда асыл тұқымды жылқы тұқымының сапасын жоғарылату, ат бәйгесі жарыс істеріне жетекшілік ету, жылқы мәдениеті мен саяхаттың тоғыспалы дамуы, ерекше сапалы жылқы өнімдері маркасын жарату, жылқы шаруашылығы ғылым-техникасында жаңалық ашуға дем беру сияқты 5 үлкен әрекетті атқарып, Шыңжаңның жылқы шаруашылығының жоғары сапалы дамуын ілгерлету керек делінген. Мұндағы ең көрнекті ерекшелік – ат бәйгесі жарыс істерін жебеу, жетекшілік ету әрекетін атқарып, дәстүрлі ат бәйгесі жарыстарында жаңалық ашып, осы заманғы ат бәйгесі жүйесін орнатып, ат бәйгесі спортын жалпыластыру жөнінде ізденіс жасау керек делінген; сонымен ауданымыз жылқы шаруашылығын дамыту жағында тамаша шешімдер жасап, айқын беталыс белгілеген. Бұл алда ауданымыздың спорттық ат бәйгесінің жарқын болашағын көрсетеді.

Қысқаша:

Тұлпар жетістіру шежіресінде әйгілі ат сыншысы болғаннан кейін тұлпар болған екен. Биеден тұлпар үнемі туылады. Ал реал өмірде әйгілі ат сыншысы үнемі бола бермейді. Сондықтан жылқы сыншыларының орны бөлек, маңызы өте жоғары. Демек Іле тұлпарын әлем арғымағына айналдыруда ұлттық жылқы тану, баптау тәсілін жеттік игерген және халықаралық жылқы баптау дарынын қоса игерген сыншы-бапкер қосын құрылысынан құралған жылқы танитын дарындылар болу керек. Жаңа дәуірде жаңаша сыншы-бапкер болу керек. Осындай мамандар жетістіріп шыққанда ғана тұлпар-дүлдүлді байқауға болады.

Міне, осындай көреген көз жылқытану дарындылары жылқыны байқағаннан кейін, Іленің сәйгүліктері өзінің артықшылығын әйгілеуіне мүмкіндік алады.

Міне, осындай жұмыс буындары тындырымды істелсе, Іле тұлпарын әлем арғымағына айналдырудың ауылы алыс емес.

Соңы.

Бекзат Құрмашұлы,

mp.weixin.qq.com, (2022 жыл)

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Түпнұсқадағы тақырып: Сыншымыз бар, дүние таныған тұлпарымыз жоқ, бұл қандай жағдай?

ФОТО: kazakh.ts.cn

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.