Азия чемпионатының ашылу салтанаты өтті (ФОТО)

429

Бес күнге жалғасатын байрақты бәсекенің ашылу салтанаты Шымкент қаласындағы жаңа атшабарда өтті.

Күні ертең сайысқа түсер сұр мергендер бүгін салтанатты шеруге қатысып, өз елдерінің байрағын биіктетті.

Бұған дейін Азия жамбы ату федерациясы құрылғаны туралы ақпарат берген болатынбыз. Осы халықаралық ұйымның алғашқы бәсекесі ретінде жалауын желбіреткен жарысқа Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Таиланд, Қазақстан қатарлы 14 елден 60-қа жуық спортшы тіркелді.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы жамбы ату федерациясының вице-президенті Бақдәулет Сәбитов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасар Сәрсен Құранбек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев және V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев және басқа да атқамінерлермен қатар шымкенттік ұлттық спорт сүйер қауым қатысты.

Шырайлы Шымкенттің төрінде өтіп жатқан сайысқа сәттілік тілеген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ұлттық спорттың халықтық сипат алып келе жатқанына, әсіресе мергендік пен жылдамдықты, ат үстіндегі ептілікті талап етер Жамбы ату спортына халықтың қызығушылығы ерекше екенін атап өтті.

Сіздерді Шымкент төрінде көргенімізге қуаныштымыз. Көшпенділердің көне дәстүрін бүгінге жеткізген Азия халықтары бүгін бір ұйымға бірігіп, бірлікте іс атқарып жатқаны қуантады. Спортшыларға сәттілік тілеймін, жеңісті күндеріңіз көп болсын, — деді Сәрсен Абайұлы.

Ашылу салтанаты барысында еліміздің ұлттық спорт шеберлері арнайы көрсетілімдер жасап, әншілер әннен шашу шашты.

Ал сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеген Ұлттық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов мұндай сайыс елімізде жыл сайын ұйымдастырылатынын, оған Азия құрылығындағы елдердің тұрақты қатысып тұруын сұрады.

Бүгін ғана Азия жамбы ату федерациясы құрылды. Оған республикалық Жамбы ату федерациясын басқарған Ілиясов Еркебұлан Сайдоллаұлы басшы болды. Алдағы уақытта Азия құрылығындағы елдер бірлесе жұмыс істейміз. Бұл – жамбы ату спортына үлкен серпін береді деп сенеміз. Ал Жамбы атудан өткелі отырған тұңғыш Азия чемпионатына қатысушы спортшылар, аттарыңыз сүрінбей, жебелеріңізді жел аудармай жүлдегер бола беріңіздер – деді Бақдәулет Маратұлы.

Естеріңізге сала кетейік 15-18 сәуір күндері Шымкент қаласының ипподромында өтеді.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.