Абай Құнанбайұлының шешесі Ұлжанның үзеңгісі

5092

Абай арқылы әлемге танылған Құнанбай шаңырағының бір мұрасы арғы бетте, дәлірек айтсақ, ҚХР Алтай аймағында тұр.

«Ұлжанның үзеңгісі» деп аталатын бұл жәдігерді Алтай қаласы Шірікши ауылының тұрғыны Қажыахмет Тапалұлы сақтап, бүгінге жеткізген. Қажыахмет ақсақалдың айтуынша, сыртына күміс қақтаған бұл қостабан үзеңгі Шыңғыс тауының етегіндегі Құнанбай ауылынан арда Алтай төсіндегі салқын Сауыр алқабына ұзатылған қыздың жасауымен бірге келіпті.

«Менің арғы атам Кіштәй бай кезінде Құнанбай ауылымен іргелес отырған, қыз алысып, қыз беріскен құда екен. Ұзақ жыл Ұлжан шешеміздің қызметінде болған бір бойжеткен керей ауылына ұзатылғанда, Ұлжан анамыз ат мінгізіп аттандырыпты. Мына үзеңгі – сол төрт тұрманы түгел күміс ерден қалған жұрнақ. Ерін және қалған тұрманын «Мәдениет зор төңкерісі» кезінде белсенділер көзін құртты. Ал үзеңгісін Камеш деген пысық жеңгем тығып алып қалыпты да, өгізге ерттейтін ыңыршаққа тағып қойыпты. Өгіздің қабырғасында жүрген үзеңгіні ешкім байқамай, «Төрт көнені құртқан дәуірден» аман қалып, бүгінге жетті», – дейді Қажыахмет ақсақал.

200 жылға жуық тарихы бар жәдігердің жай қолдан шықпағаны көрініп тұр. Сыртына қақтаған күмістің аздап ұшқаны болмаса, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, шебер қолдан шыққан үзеңгінің жасалуының өзі көз тартады. Қажыахмет ақсақал алғашында бұл үзеңгіні Абай ұрпақтарының өзіне табыс етсем деп те ойлапты. Алайда Алтай қалалық мұражай бұл үзеңгіні Қажыахмет ақсақалдың қолынан әлдеқашан алып кеткен. Қазір сол мұражайда сақтаулы.

Qaliakbar UsemkhanҚалиакбар Үсемхан, «Астана ақшамы«

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.