Ерден Қажыбек: Латын әліпбиіне көшу арқылы тіл саласындағы жүйесіздіктен арыламыз

185

Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өткен болатын.

Елбасы мақаласында айтылған латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланған жиында жаңа әліпбидің нұсқасы таныстырылды. Бұл алдағы уақытта халық назарына ұсынылып, тіл мамандарының талқысына түсетіні белгілі. Осы орайда қазақ тілінің латын әліпбиіндегі жаңа алфавиті жайлы А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбекпен әңгімелескен едік.

Қазақ тілінің қадір-қасиетін бір адамдай білетін маман латын әліпбиіне ауысу арқылы қазақ өз руханиятының тізгінін өзі ұстайтын болады дегенді айтады.

— Латын әліпбиіне көшудің қаншалықты қажеттілігі бар?

— Біз латын әліпбиіне көшкен кезде бәрі басқаша болуы керек. Қазір қалай айтсақ та, орыс тілінің бір филиалы ретінде ғана өмір сүріп жатырмыз. Біздің заңдарымыз да аралас, орыс-қазақ тілдерінде. Барлығын да орыс тілінен алып, қазақ тіліне кіргізе саламыз. Қазақ тілінде мағынасы бар сөздерді, басқаша айтылып, басқаша қолданылатын сөздерді сол қалпында орысшадан алып, кіргізіп отырмыз. Мысалы «Мы живем в век жаһандану» деп қолданбаймыз ғой орысша. Ал біз қазақша тура осылай қолданып жүрміз. Абай айтқандай, «бөтен сөзбен сөз арасын былғап» біттік. Біз – тілімізді бұзып, ережелеріміздің барлығын шатастырып жүрген елміз. Латын әлпбиіне ауысу арқылы осындай жүйесіздіктен құтыламыз.

— Осылай тіл заңдылығының тоз-тозын шығарып алған басқа мемлекеттер бар ма?

— Көп. Жалпы біз қазақ елі осы күнге жеткенімізге шүкір деуіміз керек. Елбасы да бұл туралы өз мақаласында айтты. «Ымды білмеген, дымды түсінбейді» дегендей, біз өте күрделі тарихты бастан кешкен халықпыз. Сондықтан қазіргі кезде тілдік реформа арқылы ең негізгі жан-дүниемізге қажетті, төл болмысымызға сай дүниелердің тізгінін өз қолымызға алуымыз керек. Ал тіл саласына байланысты мемлекетте қордаланған мәселелер өте көп. Егер біз тіл мәселесін шешсек, онда еліміздегі біраз дүние оп-оңай шешілер еді.

— Сіздер ұсынған әліпби нұсқасы қабылданбады. Не себепті?

— Бұл жерде біз ғана емес, тіл саласының мамандары өз нұсқаларын ұсынуға құқылы. Және бір ғана әліпби болуы керек. Демек қанша ұсыныс түссе де, біреуін ғана қабылдау заңды ғой.

Мысалы, кезінде араб тілінде үш-ақ дауысты дыбысы, 2 қ, 2 с, 2 т бар, мүлде жат әліпбидің өзін пайдаландық қой. Ал біздің латынға көшеміз деп жүргенімізге біраз жыл болды. Дайын латын әріптері де бар. Соны неге пайдаланбаймыз? Осының өзімен-ақ қазақ тілін жасауға болатын еді. Бірақ, ноқат қоймай, қос таңба –диграфтарды пайдалану арқылы қазақтың төл дыбыстарын жасауды ұйғарды.

— Ал осы жаңадан ұсынған латын әліпбиінде қос таңбамен берілетін біраз дыбыс бар. Сөзді жазғанда таңба көбейіп, шұбалаңқы болып кетпей ме, қалай ойлайсыз?

— Осы жерде бір мәселені ашып айта кетейін. Бұл ұсынған әліпби – нұсқа ғана. Алдағы екі жыл көлемінде бұл халық назарына ұсынылып, талқыланады. Қазір әлеуметтік желілерде осы әліпбиге қатысты үлкен шу болып жатыр. Әрине, бұл жақсы, халық көзқарасын жеткізгені дұрыс. Дегенмен бүгін әліпби жасап, ертең қолданысқа берейін деп жатқан ешкім жоқ. Осы әліпбидің қолданыс аясын, дыбысталуын, оқылуын, жазған кездегі көркемдігін, барлығын қадағалап, сараптап, талдайтын лингвистерден арнайы қоғамдық кеңес құрылды. Осы көп талқысына ұсынылған әліпби нұсқасын да сол тіл мамандары жасаған.

Ал бұл әліпбимен жазуда таңбалар шұбалаңқыланып кететіні анық. Соның салдарынан психологиялық тұрғыдан адамдарға үйрену оңай бола қоймас. Шұбалаңқы сөздерді оқығанда адамдар жалығып кетуі де мүмкін. Мұны мойындау керек. Бірақ, мысалы біз паспорттарда бұрыннан ж-ны өзінің j деген таңбасы болса да, zh деп, ш-ны sh деп жазып жүрміз. Соған үйреніп те кеттік. Дегенмен қазіргі заман интернет заманы. Осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы байланыс жоқ дәуір емес қой. Елдің барлығы ағылшын тілін меңгеруге тырысып жатыр. Технология, интернет, экономика, барлығының тілі қазір латынша. Сол заман ағымынан қазақ көші неге қалуы керек? Яғни бізге де бұл тілді меңгеру, Елбасы айтқандай, заман талабынан туындап отыр.

— Елбасының сөзіне қарағанда, орыс тілділер үшін латын әліпбиіне көшудің қажеті жоқ. Ал бір мемлекеттегі екі әліпби халықтың санасына салмақ болмай ма?

— Мәселе сонда. Бізде бір әліпби болуы керек. Ал біз бүгінгідей орыс тіліне еркіндік берсек, бір әліпби ешқашан болмайды. Онда әліпби жоқ деп есептей беріңіз. Қазір тіліміздің заңдары – таза қазақы түсініктегі заңдар емес. Орыс заңдарын да қабылдай береміз. Мысалы, жазғанда да, сөйлегенде де екі тілдің заңдары аралас. Орфографиялық сөздік деген бар. Оны үлкен-үлкен ғалымдар қабылдап, дайындайды. Ал сіз газет-журналдарды қарап отырсаңыз, осы орфографиялық заңды сақтайтын бір адам бар ма? Жоқ. Әркім өзінше жазады.Тілшілердің өздері әртүрлі қолданады бір сөзді. Неге? Біздің қазіргі қолданыстағы ережелермен алысқа бара алмаймыз. Бір нұсқа жасап шығу мүмкін емес. Біз кейбір дыбыстардың өзін жоғалтып алдық. «У» деген дауыссыз дыбыс жоқ қазір. Тау дегендегі. Орыс тілінде ол жалғыз «у» деп, дауысты дыбыс ретінде қолданылады. Ал бізде ол оншақты мәнге ие. Әрі дауысты, әрі дауыссыз, әрі қостаңбалы (диграф).

Дегенмен орыс тілділер де азайып келеді. Өткен жылы қазақстандықтардың 78 пайызы қазақ мектебіне берді баласын. Енді бір үш-төрт жылдан кейін көресіздер, санымыз 80 пайыздан асқаннан кейін барлығы өз орнына келеді. Қазақ тілі қазақ жерінде өз тұғырына бәрібір отырады. Соған келе жатырмыз.

— Мысалы, бүгінгі таңда 400 мың бала аралас мектепте оқып жатыр. Бұлардың ертеңгі тағдыры не болады, егер біз латыншаға көшіп кетсек?

-Мәселен, осындай жағдайлардың барлығын жөндеу үшін біз ең алдымен өз дүниемізді өзіміз реттеп алуымыз керек. Аралас мектеп деген бұрыннан қалған анахронизм, ешқандай қажетсіз дүние ол. Бір мақаламда Қазақстанда тұрып қазақ мектеп деп атаудың өзі ұят екенін жазғанмын. Ал жалпы менің ұғымымда, Қазақстанда бір әліпби болу керек, бір тіл болуы керек.

— Бәлкім, олай жасау үшін Тіл туралы заңның 7-ші бабына өзгеріс енгізіп, содан кейін ғана талап етуіміз керек шығар?

— Біз негізі латын әліпбиіне баяғыда, Тәуелсіздік алған соң бірден көшуіміз керек еді. Оған мүмкіндігіміз болмады, санымыз да аз еді. Экономикамыз да олқы болатын. Ал Қазақ елінің өз қолы өз аузына жеткен кез – дәл осы қазіргі кез.

Бұндай жағдай әлемнің барлық елінде дерлік бар. Заңды өзгерту, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу қатарлы мәселелерді біз үнемі айтамыз. Бірақ одан нәтиже жоқ. Ал енді біз мұндай түйіндерді латын әліпбиіне көшу арқылы шешетін боламыз. Біздің латыншаға көшудегі басты мақсатымыздың өзі сол. Іргемізді бекітіп, дербестігімізді таныту үшін латыншаны таңдап отырмыз.

Сондықтан қазақ тілін бір ғана ұлттың, бір ғана халықтың – қазақтың ғана тілі дегеннен арылуымыз керек. Оның мемлекеттік тіл деген дәрежесін қалпына келтіріп, деңгейін көтеруіміз керек. «Жағдай жасалсын, сосын ғана көшеміз» деп отыра беруімізге болмайды. Бұл жерде үлкен шайқас жүріп жатыр деп қарауымыз керек. Сондықтан кез келген сәтті тиімді пайдаланып, жағдайымызды өзіміз жасауымыз керек.

Мысалы, Қазақстанда тұратын өзге ұлттар немесе орыс тілді қазақтар өздерінің қазақша білмегеніне ыңғайсыздануы керек. Біз қазір, тағы да айтамын, орыс тілінің қолтығының астында күн көріп келеміз. Міне, осыдан құтылуымыз керек. Өз тізгінімізді өз қолымызға ұстауымыз керек. Ол үшін тездетіп латыншаға ауысуымыз керек.

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.