Керуленнен шыққан керуен Кеңгірден атын суарды
Керуленнен аққан бір тамшы Кеңгірге келіп құйғандай
Бұл даланың төсінде бүгін аран құрып атойлап аң қуған жоқпыз, бірақ ақылға жүгініп, тарихтың ақтаңдақтарын іздедік. Бұл даланың төсінде бүгін жер танабын қуырып құлан жортқан жоқ, бірақ біз мінген заманауи техникалар қара жерде қайықтай жүйткіді. Бұл даланың төсінде бүгін осыдан сегіз ғасыр бұрынғы Жошы ханның жер қайысқан сарбаздары болған жоқ, бірақ сол бір тарихи күндердің сырын шерткісі келгендей бұлаңқұйрық сағым ойнайды. Бұл даланың төсінде бүгін құлан қуған Жошының ізі жоқ, бірақ сол Жошы ханның ізін іздеген ұрпағының жолы сайрап жатыр…
Түркі тектінің кіндігі байланған киелі мекен.
Бұл сапар дәстүрге айналған. Осыдан бір жыл бұрын Орталық Моңғолияның Шивээт Улаан өлкесіне де табан тіреген. Биылғысы қасиетті Кентайдан бастау алды. Осыдан бір ай бұрын Кентайдан басталған экспедиция қазақ топырағына да табан тіреді.
Астанадан аттанған 11 елдің өкілі «ұлт ұясы» Ұлытауға бет алдық. Жолбасшымыз – Халықаралық Түрік академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі. Сапарға мұрындық болып, ұйымдастырып отырған да аталмыш ұйым. Қазақтың ғана емес, исі түркінің жоғын жоқтауды көздеген академияның атқарып жатқан жұмысы аз емес. Кентайдан Ұлытауға дейін жалғасар сапар соның бір парасы ғана.
Астанадан шыға берістегі ақ тұман ішімізді қылпылдатып жібергенін несін жасырайық. Астананың әлпеті мынау, Ұлытауда қар жауып тұрмаса не қылсын деген күдік көкейге келген. Бірақ олай болмады… Сарыарқаның салқар төсі бізді күле қарсы алды.
Иә, бұл жерде Астана мен Жезқазған арасындағы 700 шақырымнан астам жолдың жырын айтпай-ақ қояйық, ол онсызда баршаға аян мәселе.
Осы жерде сапар мақсатына сәл тоқталғанымыз артық болмас.
Кентай аймағы Шығыс Моңғолияда орналасқан. Кентай, Бұрқын Қалдун тауларының ортасында, Онон, Керулен өзендерінің бастауында оналасқан. «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» ІІІ халықаралық экспедициясы осы Кентай жотасынан бастау алды.
(Кентай жотасы, Бұрқын Қалдуын тауы)
Естеріңізде болса, бір кезде осы Кентайдағы Бұрқын Қалдун (Бурхан Халдуун) жотасынан Шыңғысханның бейіті табылды деген ақпарат тараған болатын. Бұл жайлы «Бәни мен бақи арасы немесе Жошы ханның жұмбағы» бөлімінде толығырақ айтатын боламыз.
Елбасының «рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған бұл экспедиция Керуленнен Кеңгіреге (Жезқазғанға) келіп жетті. «Қырымның қырық батыры» эпосының ізімен таныстырар болсақ, бұл құрамның ішінде Моңғолия ұлттық музейі директорының орынбасары Баярсайхан Жамсранжав бар, ноғайлыдан қалған көздей боп РФ Жоғарғы кеңес комитеті төрағасының орынбасары Мурад Заргишиев келді, Арқаның тарихын, алаштың ақиқатын бір атамдай тарқатқан Ақселеуден қалған көз — ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінің директоры Перизат Ақселеуқызы да осы топтың ішінде. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университенінен Айболат Құшқымбаев, Қырғызстандағы Манас унисерситетінің түркологы Нурдин Усеев, ҚР Парламенті Сенаты Аппараты Басшысының орынбасары Дархан Жазықбаев, Әзербайжан Ұлттық академиясының жетекші ғылыми қызметкері Азад Зейналов, Түркиядағы «NTV» телеарнасының бағдарлама редакторы Зорлу Күршад, «Discovery Azerbaijan» бас редакторы Аида Эйвазова, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали, «Қазақ радиолары» ЖШС директоры Мәди Манатбек, «Qazcontent» АҚ басшысының орынбасары Марат Иғали, қазақстандық түркітанушылар Нәпіл Бәзілхан, Ақеділ Тойшан т.б. болды.
Жалпы құрамы 40-қа жуық мүшесі бар экспедиция сапарының алғашқы күні Жезқазған қаласына жетті. Керулен мен Ононнан бастау алған экспедиция Қаракеңгір, Сарыкеңгір екі өзенді тел емген мысты қалаға ат басын тіреді. Алда үлкен сапар күтіп тұр бізді…
Бұл даланың төсінде бүгін аран құрып атойлап аң қуған жоқпыз, бірақ ақылға жүгініп тарихтың ақтаңдақтарын іздедік. Бұл даланың төсінде бүгін жер танабын қуырып құлан жортқан жоқ, бірақ біз мінген заманауи техникалар қара жерде қайықтай жүйткіді. Бұл даланың төсінде бүгін осыдан сегіз ғасыр бұрынғы Жошы ханның жер қайысқан сарбаздары болған жоқ, бірақ сол бір тарихи күндердің сырын шерткісі келгендей бұлаңқұйрық сағым ойнайды. Бұл даланың төсінде бүгін құлан қуған Жошының ізі жоқ, бірақ сол Жошы ханның ізін іздеген ұрпағының жолы сайрап жатыр…
Бәни мен бақи арасы немесе Жошы ханның жұмбағы
Бұл даланың төсінде бүгін найзалары күнге шағылысып, сап түзеген Дешті қыпшақтың жер қайысқан қалың қолы жоқ, бірақ Арқаның адыр-қырқасын айқыш-ұйқыш жалғаған жоғары кернеулі электр желісінің діңгектері бар. Бұл даланың төсінде бүгін қара қазанды қайнатқан, қалың елдің жерошағы жоқ, бірақ зымыран қалдықтары құлаған айтақыр далада ай тыртықтар толып жатыр. Бұл даланың төсінде бүгін Дешті қыпшақты тітіренткен, Еуропаны елеңдеткен салқар керуен жоқ, бірақ осы даланың қойнауын құмырысқадай үңгіген шахталардан шыққан құнды байлықты тиеген пойыздар жүйткиді…
Не бары 40 жасында қамал бұзып, Қыпшақ даласын уысында ұстаған Жошы жайлы аңыз көп. Кетбұғаның қоңыр домбырасының көмейіне қорғасын болып құйылған әйгілі «Ақсақ құланды» ешкім естен шығара қойған жоқ. Бұрқын Қалдуында бәниге келген Жошының Сарыарқаның кіндігі, Дештіқыпшақ даласында талқаны таусылар деп ешкім ойламаса керек. Бірде құлан болып жосылған, бірде Құланбике болып сылаңдаған дүние оған да опа бермегендей.
Олай дейтініміз сонау иісі түркі тектіге бесік болған Кентайда кіндігі кесіліп, белгісіз себеппен Ұлытаудан мәңгілік тыныштық тапқан Жошы ханның ажалы құланнан келген.
«Осы Ұлытау өңірінде «Құлан қатын кесенесі» деген кесене бар. Жошының ажалы сол әйелдің қолынан болған. Ол – татарлардың ханышайымы еді. Құлан қатынның ісін Шыңғыс ханға естірткен әйгілі Кетбұқа жырау. Ол қатынның қолынан өлген Жошыны Шыңғысқа құлан қуып жүріп өліпті деп естіртеді» — дейді белгілі тарихшы, «Киелі Қазақстан» орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы.
Қалай десек те Керуленнің бойында кіндігі кесіліп, Кеңгірдің бойында кесенесі қалған әйгілі хан туралы айтылар әпсана көп.
11 мемлекеттен келген ғалымдардың, журналистердің, саяси қайраткерлердің басын қосқан «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» ІІІ халықаралық экспедициясы Жезқазғаннан 32 шақырым жерде жатқан Жошы хан кесенесіне бет алды.
Осы жол бойында маңқиған маңғаз далаға, көсілген кербез алқапқа, қарасаң көз жеткісіз көлбеген шексіздікке көз суарасыз. Көз суарасыз да, іштей, жүрегіңіздің сонооооу түкпірінен бір нәзік қимастық оянады. Ол қимастық ұлғая келе жан сыздатар аянышқа ұласады. Себебі, бір кезде Жошының жер қайысқан қалың қолына тұрақ болған кең жазираның бүгінгі келбеті шынымен адам аярлық жағдайда. Аспан мен жердің астасқан, сағым ораған көкжиекке дейін көз тоқтатар бір бұдырдың, бір төбенің, тіпті бір қыбыр еткен жәндіктің болмауы — нағыз дала қасіреті екенін сезінесіз. Бәлкім бұл жер сол Жошы жорықтарынан кейін бір рет те гүл ашып, бір рет те көкорай шалғынға оранбаған шығар деп ойлайсыз. Ойлайсыз да, ішіңізден неге осынша өлі күйге түскенін түсінесіз. Іштен тынасыз…
Ешбір белгі, ешбір нұсқау қойылмаған, қаражолы соңғы жарты ғасырда бір рет жөндеу көрмеген бағытсыз, бағдарсыз жолмен солтүстік батысты бетке алып жолға шықтық. Ең жақсысы Жезқазғанның кез келген адамы Жошыға барар жолды біледі. Егер сырттан келген біреу болса, Жошы хан кесенесінің қай жақта екенін сегіз ғасыр іздесе де таппас еді.
Біз таптық. Біздің тауып алуымызға Жезқазған қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи өндірістік мұражайдың директоры Кенжалы Балкенов ағамыздың септігі тиді.
Жошы хан кесенесі қазақ даласына ислам діні жайыла бастаған алғашқы жылдардың көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Кіре берісін құбылаға қаратып, төрт бұрыштап, төбесіне күмбез орнатқан. Күмбезінің айшығы құмыра іспетті. Мұнда көшірмесі қойылыпты. Ал түпнұсқасы Ұлытау ауылындағы мұражайда сақталған.
«Жошы ұлысының астанасы – Орда базар қаласы осы кесененің тура қасында тұр. Ілияс Есенберлиннің айтуы бойынша бұл Жошы ұлысының астанасы болған. Жошы өлімінен кейін оның екінші ұлы Бату хан әкесіне кесене соғуды қолға алған. Яғни бұл кесенені Бату хан салдырған. Ол шамамен 1237 жылдар. Бұл кесенеде Жошы хан мен оның бәйбішесі – Бектумыш анамыз жатыр. Бектумыш – керей ханы Тоғырылдың інісінің қызы» — дейді Кенжалы Балкенов.
Сайын даланың сегіз ғасырлық куәгері санаңа сыналап сонау дәуірдің сәулесін құятын секілді. Бірде уақыт машинасына мініп, қаһарлы хан дәуіріне өткің келеді. Бірде әр кірпішінен тарихтың табы сезілген кесенеге тіл бітсе деп армандайсың. Қарап тұрып, ұлыстың ұлы ордасы болған Ордабазар қаласының қақпасын қаққың келіп кетеді. Экспедицияның атауы «тарихи жадының жаңғырығы» атануының өзі осы сапарда, тура осы кесене басында есіңе түсе кетеді. Шынымен бірі жалған күмбезден, екіншісі он алты қырлы барабанға тұрғызылған сыртқы күмбезден тұратын қос күмбезді кесене жанында тұрып санаңның бір бұрышынан адамзатты аузына қаратқан қаһарлы хандар дәуіріне кеткің келіп, қарадай арқаң қозатыны бар.
Айға созылған сапардың түйіні әлі қойылған жоқ. Алда екі мәдениеттің, екі әлемнің, екі түсініктің қақпасы іспетті Домбауыл діңі бар. Біздің керуен солай қарай бет алды. Бәни мен бақи арасында 40 жыл ғұмыр кешкен әйгілі тұлғаның өлімінің жұмбағы сол күйі қалды. Оны бәлкім сіз шешіп көрерсіз.
Бұл даланың төсінде бүгін найзалары күнге шағылысып, сап түзеген Дешті қыпшақтың жер қайысқан қалың қолы жоқ, бірақ Арқаның адыр-қырқасын айқыш-ұйқыш жалғаған жоғары кернеулі электр желісінің діңгектері бар. Бұл даланың төсінде бүгін қара қазанды қайнатқан, қалың елдің жерошағы жоқ, бірақ зымыран қалдықтары құлаған айтақыр далада ай тыртықтар толып жатыр. Бұл даланың төсінде бүгін Дешті қыпшақты тітіренткен, Еуропаны елеңдеткен салқар керуен жоқ, бірақ осы даланың қойнауын құмырысқадай үңгіген шахталардан шыққан құнды байлықты тиеген пойыздар жүйткиді…
Бес ғасырды арқалаған 5 шақырым жол
Бұл даланың төсінде бүгін ішкеннің шөлін, көргеннің мейрін қандырар сылдырап аққан өзендер жоқ, бірақ ардасы андызға толып, аңқасы кепкен арналар бар. Бұл даланың төсінде бүгін ердің құнын екі ауыз сөзбен шешер шешендер жоқ, бірақ сол шешендікті білуге құштар жүректер бар. Бұл даланың төсінде бүгін сәні мен салтанаты жарасқан дала философтары – көшпенділер жоқ, бірақ сол көшпенділердің көзін көрген қаңбақтар жөңкиді.
Адамзат тарихындағы бірімен бірі қабыспас, бірақ бірінен бірі ажырамас екі мәдениеттің, екі дәуірдің, екі болмыстың, екі көзқарастың арасы бес-ақ шақырым. Иә, бес-ақ шақырым. Сенгіңіз келмейді. Амал жоқ. Сенесіз. Себебі ол қолмен ұстап, көзбен көрерліктей анық.
Бірақ… Бірақ, мәселе осы 5 шақырым жолды сіздің қанша уақыт жүргеніңізде. Бәлкім 5 млн жыл, бәлкім 5 мың жыл, бәлкім 5 ғасыр, бәлкім… Иә, бәлкім бес-ақ минутта өте шығуыңыз мүмкін.
Біз аз жүрдік пе, көп жүрдік пе, білмеймін, бірақ, 5 шақырым жол бойында 5 жүз жылға созылар, бәлкім 5 млн жылға созылар сана жаңырығын бастан кешкеніміз анық.
Жошы хан мен Домбауыл кесенесінің арасы бес шақырым жол. Домбауыл қазақтардың тәңіршілдік дінді ұстағанын айғақтайтын, нағыз дала философиясының жемісі. Ал Жошы жоғарыда айтқанымыздай, қазақ даласына ислам дінінің келгенін көрсететін алғашқы нысандардың бірі.
«Көшпенділерде таспен киізүй салу ғұрпы болған. Соның Орталық Қазақстандағы, Қыпшақ даласындағы үлкен бір үлгісі осы Домбауыл кесенесі. Бұның тұғыры төрт текше, төбесі құлап түскен. Кейін қайта қалпына келтіргенде 8 қырлы етіп жасау керек еді. Себебі бұл әу баста 8 қырлы болған. Яғни бұл халықаралық Түркі акедемиясының Орхон бойында қазып жатқан «Шивээт Улаан» ғұрыптық кешеннен айна-қатесіз ұқсас. Биіктігі бұдан да биік болуы мүмкін. Себебі, өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл кешенге пайдаланған тастарды, бертін келе адамдар басқа молаларға пайдаланып кеткен. Мұны биік салу себебінің бірі – бұл мынадай мен жазықта алыстан көрінуі керек. Мұндай кесенелер өте сирек кездеседі» — дейді түрколог, Халықаралық Түрік академиясының ғылыми қызметкері Нәпіл Бәзілхан.
Домбауыл кесенесінің маңында анықталмаған тағы да 4-5 мола бар. Бұған нақты зерттеу жасап, онда кім жатқанын, қай дәуірдің адамы екенін анықтайтын кез жетті.
«Домбауыл кесенесі Моңғолия жерінде кездесетін Қидандардың ғұрыптық кешендеріне ұқсайды» дейді экпедицияның негізгі мүшесі, Моңғолиядағы қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген ғалым, доктор Моңғолия ұлттық музейі директорының орынбасары Баярсайхан Жамсранжав.
Атқан оғы мүлт кетпеген Домбауыл мерген жайлы да есте жоқ ескі заманнан бері келе жатқан түрлі аңыз бар. Соның бірі Шыңғыс ханның әкесі дегенге келетін, «қия ат» дейтін аңыз. Домбауыл мерген мен Дуа соқырдың алтын сандықты бөлісетіні де осы жерде. Ал бүгінгі ұрпағы үшін Дуа соқырға бұйырған алтын сандықтан да құнды мына кесененің ІХ-ХІХ ғасырларға жататынын ескерсек, Домбауыл жайлы аңыздың қанша ғасырға созылғанын байқау қиын емес.
«Біздің академия Өтукенде Елтеріс қағанға тиесілі деп танылған өте үлкен ғұрыптық кешенді ашып жатырмыз. Сол кешен сияқты мынау да табаны 8 бұрыштан тұрады. 8 бұрыш – Шолпан жұлдызы, түркілердің жұлдызы болып саналады. Бірақ замандар өткенде бұл қираған, соны қайта қалпына келтірген кезде 4 бұрышты етіп тұрғызған. Бұл ескерткіштің тамыры сонау көне ғұндардан бастау алады. Бұл сол кезеңнің ең соңғы үлгісі және Дәшті қыпшақ даласындағы бір ғана нұсқасы. Бұдан кейін исламдық кешен үлгілері басталады» — дейді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
Есімінің өзі бір тылсым жігерді жаныңа құятын осы бір аңыз кейіпкердің ақиқатын айғақтап, Арқа даласында айбыны асқақтап тұрған ақырғы кесенеден аттандық. Құрамында 11 елдің өкілдері бар ғалымдардың, журналистердің, саяси қайраткерлердің басын қосқан «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» ІІІ халықаралық экспедициясы аңызға толы Алаша хан кесенесіне жол тартты.
Бұл даланың төсінде бүгін ішкеннің шөлін, көргеннің мейрін қандырар сылдырап аққан өзендер жоқ, бірақ ардасы андызға толып, аңқасы кепкен арналар бар. Бұл даланың төсінде бүгін ердің құнын екі ауыз сөзбен шешер шешендер жоқ, бірақ сол шешендікті білуге құштар жүректер бар. Бұл даланың төсінде бүгін сәні мен салтанаты жарасқан дала философтары – көшпенділер жоқ, бірақ сол көшпенділердің көзін көрген қаңбақтар жөңкиді.
Алаша ханның аяқталмаған аңызы
Бұл даланың төсінде бүгін көшпенділер ғана тап басып танитын соны сүрлеу жоқ, бірақ таспадай тілінген қаражол шұбырып жатыр. Бұл даланың төсінде бүгін жылқының тері сінген көшпендінің иісі аңқымайды, бірақ алқапты алған әлдебір жағымсыз иіс мүңкиді. Бұл далада бүгін желмен жарысқан ақбөкендер жөңкілмейді, бірақ әлдеқайда асыққан адамдар зымырап бара жатыр.
Есте жоқ ескі заманда, тіпті ескіден де ескі заман болуы мүмкін дәуірде Түркістанның Қызыл Арслан ханының шаңырағында шыр етіп дүниеге келген сәбидің денесі ала-ала болыпты. Тура мағынасында іштен шыққан «шұбар жыланнан» құтылудың бір жолы, ат тұяғы жетпейтін, аңызғағы кетпейтін Арқаға «жер аударып» жіберуді ұйғарады. Арсланның Арқаға келген «Алаша» ұлы айналасын аузына қаратқан, аттыны тоқтатып, жаяуды жатқызып тыңдатар шешен болады. Аз жылда айналасына аламан ұстап, Арқа төсін емін-еркін иеленеді.
Бұл біз білетін аңыз. Ал кесененің өзі де құшағында кім жатқанын білетін, сол білгенінің арқасында өзін асқақ, өзін керім ұстауға тырысатын секілді. Тіпті кесенеде жатқан жанның тегін адам емес екенін күмбез құрылысынан да байқауға болады.
Ал аңыздың бір парасы Алаша хан деген Шыңғыс хан екен дегенге де тіреледі.
«Осы жерде Шыңғыс хан жерленді деген алыпқашпа әңгіме бар. Бұл кейінгі кезде шыққан болжам. Егерде осы жерде Шыңғыс хан жатыр дейтін болсақ, біз ұлы тарихтардан мақұрым қаламыз. Тарихты түбегейлі білмейтін халық екенімізді көрсетеміз. Шыңғыс ханның 1227 жылы таңғұт-қытайларға кетіп бара жатып қаза болғаны белгілі. Сол жақта қайтыс болған адамды осы жерге әкеп жерлей ме? Оның өз туған жерінде жерленгені анық» — дейді бізге жол сілтеп жүрген тарихшы, Жезқазған қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи өндірістік мұражайдың директоры Кенжалы Балкенов.
Кенжалы қария бізге кірпішке басылған қасқырдың ізін көрсетті. Көкбөрілердің киесіне сенген бұл даланың төсінде бөріше жортқан бабаларымыз осы бір азулы аңның өмірі де өз тағдырымен өзектес екенін білген секілді. «Бұл хандар мен сұлтандардың, ел ісіне араласқан, билік ұстаған атқамінерлердің моласын салатын кірпіштерге басылар таңба» дегенді де қосып қойды тарихшы. Ата-бабамыздың ұстанымына кәміл сенсек те, ішімізде бір күдік тұрды. Бәлкім бұл кірпіш соғып жатқанда, кеппеген кірпішті ит мыжып кеткен шығар деген күмән еді. Бұл жайлы «Ұлт ұясының шырақшылары» бөлімінде арнайы тоқталамыз.
Сайын даланың төсінде сан ғасырдың сырын бүккен саңлаулы күмбездің бір ерекшелігі мешіт мұнарасына шығатын айналма баспалдақ секілді тепкішектер арқылы кесененің ең жоғарғы күмбезіне дейін көтерілуге болады. Және қабырғаларындағы саңылаулар арқылы күн мен ай белгілі дәрежеде көтерілген кезде кесене іші толықтай жарықтанып тұрады. Сонымен бірге әр мезгілде күн мен түн теңескен уақытта да бұл күмбездің ішіне нұр құйылар саңылаулар бар.
Осыдан-ақ, бағзы бабаларымыздың қазіргі заманғы архитекторлардан артық болмаса, кем түспес сәулет өнерінің шыңына шыққандығын еріксіз мойындайсыз. Бір қарағанда соғыс мұнараларына ұқсас тесіктері бар, күмбездің не мақсатпен салынғанын тап басып айтып берер адам жоқ. Қазірге бізге белгілісі — Алаша ханның мазары міндетін атқарып тұрғандығы. Бұл мазар бұған дейін біз көрген Жошы хан мен Домбауыл кесенелерінен не бары 25 шақырым жерде, Малшыбай ауылының қасында тұр.
Маң далада маңқиған мазардың мың жылдық мұңын тыңдап, миллион жылдық маңызын ұғар жан табылса, Мәңгілік елдің мәңгілік мұраларының бірі болары сөзсіз.
Алаша ханның аяқталмай қалған аңызын толықтыру бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Бәлкім ол шынымен де Шыңғыс хан шығар. Мүмкін ол Шохан Уәлиханов жазғандай Арслан ханның Арқаны билеуге жіберген, Майқы биден тәлім алған жалғыз ұлы шығар. Тіпті ол Шыңғыс ханға соғыссыз беріліп, өз халқының амандығын ойлаған Ахмет-Алаша хан шығар. Аңыздың ақырына жету сіздің еншіңізде. Өз Алаша ханыңызды таңдау еркі де сізде. Ал біз, жолай Сәтбаев қаласына соғып, әйгілі ғалымның ескерткішіне гүл қойып, одан ары Ұлытау, Хан ордасына жол тартамыз.
Бізбен бірге ұлт ұясы Ұлытауға, қасиетті Хан ордасына бас сұғамын десеңіз, кеттік, ендеше. 11 мемлекеттен келген ғалымдардың, журналистердің, саяси қайраткерлердің басын қосқан «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» ІІІ халықаралық экспедициясы Алаша хан кесенесінен Ұлытауға бет алды.
Бұл даланың төсінде бүгін көшпенділер ғана тап басып танитын соны сүрлеу жоқ, бірақ таспадай тілінген қаражол шұбырып жатыр. Бұл даланың төсінде бүгін жылқының тері сінген көшпендінің иісі аңқымайды, бірақ алқапты алған әлдебір жағымсыз иіс мүңкиді. Бұл далада бүгін желмен жарысқан ақбөкендер жөңкілмейді, бірақ әлдеқайда асыққан адамдар зымырап бара жатыр.
Ұлт ұясының шырақшылары
Бұл даланың төсінде бүгін ақшанқан үйін тізілтіп, мыңғырылтып малын айдаған, Арқаның төсін жайлаған көшпенділер жоқ, бірақ баба салтын сақтауға, ата үмітін ақтауға талпынған ұрпақ бар. Бұл даланың төсінде бүгін күлдір-күлдір кіснетіп, күреңді мінген ерлер жоқ, бірақ күдеріден бау тағып, кіреуке киген бабасын танып, рухани жаңғырғысы келер ұрпақ бар. Бұл даланың төсінде бүгін ақылсыз достан, ақылды дұшпанын артық көрген мәрттер жоқ, бірақ тегін танып, тектілігін сезінгісі келген ұрпақ бар.
Көкірегінің көзі, көңілінің дығы емес, діті бар жан үшін алты айлық жол болса да аңсап жетер киелі мекен! Баяғыда, баяғыдаааа, бала кезімде ауылдың ақсақалдары: «Адам өлгеннен кейін, о дүниеде Алла тағала одан «Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» деп сұрайды екен. Қайран, Ұлытау-ай» деп отыратын еді. Сонда бала көңілімізде Ұлытау деген бір керемет, анау-мынау пәндеңіз шыға алмайтын, аспанмен астасқан, көк бұлттың өзі кіндігінен ғана келер, көсілген керімсал тау болып елестеуші еді. Бәлкім біздің санамызда сонша асқақ болып көрінуінің өзі қариялардың атамекенге, атажұртқа деген асқақ арманының арқасында биіктеп кеткен секілді. Әйтпесе, төбесіне күнде ойнап шығар бәкене ғана бел екен.
Иә, Моңғолияның ең батысындағы, ең биік шың Бес тәңірінің бөктерінде ойнап өскен біз үшін Ұлытаудың биіктігі байқала қойған жоқ. Бірақ, біздің санамыздағы, рухани көңіліміздегі Ұлытаудың асқақтығы сол қалпы.
«Ұлт ұясы – Ұлытау!» көзімізге бірінші шалынған осы сөз болды. Жер танабын қуырып, желқайықтай жүйткіген жеңіл көлік үшін Алаша хан кесенесінен Сәтбаевқа соғып, Ұлытауға жеткенше шамалы ғана уақыт кетті. Екі орта 150 жақырымның о жақ, бұ жағы.
«Бір Алланың уысында, бір таудың қуысында» дейтін шағын ғана ауыл күллі қазақтың қасиетті қара шаңырағы іспетті.
Барлық ұлдарын жан-жаққа отау етіп шығарып, кенжесіне шаңырақты басқартатын қазақы дәстүрдің ізін көресің бұл жерден. Себебі Хан ордасы Ұлытаудың бөктерінде. Ал Ұлытаудың белдеуіне бір кезде Темүжин-Шыңғыстан бастап, Әмір Темірге дейін ат тұмсығын тірегенін тарихтан білеміз.
Сәні де, салтанаты да жарасқан қос үйді қатар қондырып, сары қымызын сапырып, хан ұлынан кем көрмей, би ұлына тең көрмей Ұлт ұясының шырақшылары әуелеген әнмен қарсы алды бізді.
Осында экспедиция мүшелері халықпен кездесіп, сапар мақсатын таныстырды. Әркім өз ойын ортаға салып, жан тебіреністерін жеткізді. Әсіресе РФ Жоғарғы кеңес комитеті төрағасының орынбасары Мурад Заргишиевтің қазақ пен ноғайлының бір туған екенін айтқан, қазақ даласын көріп, өзінің баяғы «мен салмадым сен салдың, Қайырлы болсын сіздерге, бізден бір қалған Еділ жұрт» деп ажырасқан бабалары есіне түсіп, көзіне жас алғанын айтқаны барша жұртты тебірентті.
Уақыт тығыз. Хан ордасына баруымыз керек. Хан тағына тәжім етіп, ордадан қалған ескі жұртты көріп қайтуға бел будық. Туған жердің, атамекеннің топырағы. 30 шақырым жол 30 жылдығыңызды шығарады. Бір есептен бұл да дұрыс па деп ойлайсыз. Барлығы табиғи қалпында. Өзгерген бұрын атпен жүрсе, қазір техника. Бұрын ханбазары қайнаған, тіршілігі мәңгі таусылмастай көрінетін әйгілі хан ордасы болса, қазір жүгірген аң, ұшқан құс бармас, жазғы өрттен қарақұйқалақ болған (жазда Хан ордасы аумағында дала өрті орын алыпты) иен жұрт.
Жеттік. Санамыздағы ХАН ОРДАСЫ деп атойлаған керемет сәулетті сарай, салтанатты қақпаның күлталқаны шықты. Жоқ. Хан ордасы жоқ. Жұрт бар. Осыдан жеті ғасыр бұрынғы салтанаты келіскен сарайдан, ордадан қалған жұрт қана. Сонша жерден іздеп, ат арытып, атан белін талдырып келгенде көргеніңізге көңіліңіз құлазып қалары анық. Бірақ… бірақ жадыңды жаңғырту үшін, рухыңды асқақтату үшін, бір кездері хан тағы, хандық дәуірдің, көшпенділер өмірінің күңгейін сезіну үшін осы да жеткілікті. Тек соны тани білетін көз, сезе білетін сана, жаңғырта білер жадыңыз болса жеткілікті.
Тәптіштеп жазып, тарқата айта берсек Орда басында көңілге көрік, санаға сәуле берер сандаған әңгіме айтылды. Оған өмірге асықпай келіп, асығып тіршілік кешетін сіздің уақытыңыз шыдай қоймасы анық, құрметті оқырманым. Сондықтан, Хан ордасынан қайта айналып, Ұлытауға келдік. Күн де кешкіріп кетті. Соған қарамастан Ұлытаудағы жергілкті музейді аралап үлгердік. Қазақ тарихының, көшпенділер өмірінің келбеті сақталыпты. Осы музейден Жошы хан ұлысының астанасы – Ордабазар қаласының орнынан табылған диірменді көрдік. Осы музейден Жошы хан кесенесінің күмбезіне қойылған құмыраның түпнұсқасын көрдік. Осы музейден Алаша хан кесенесіне пайдаланған қасқыр ізі таңбаланған кірпішті көрдік. Иә, көрдік. Және осы жерде көңілге келген кірбіңді де байқадық. Ол қасқыр ізі басылған кірпіштің қасында қозы-лақтың ізі түскен де кірпіш тұрды. Естеріңізде болса біз «Алаша ханның аяқталмаған аңызы» бөлімінде бұл туралы айтқанбыз.
Музейден шыққанда күн түнгі сағат 22-ні көрсетіп тұр екен. Ұлытаудың шырақтары жаныпты. Біз Жезқазғанға аттандық. Ұлт ұясының шырақшылары, шырақтарың сөнбесе екен!
Бұл даланың төсінде бүгін ақшанқан үйін тізілтіп, мыңғырылтып малын айдаған, Арқаның төсін жайлаған көшпенділер жоқ, бірақ баба салтын сақтауға, ата үмітін ақтауға талпынған ұрпақ бар. Бұл даланың төсінде бүгін күлдір-күлдір кіснетіп, күреңді мінген ерлер жоқ, бірақ күдеріден бау тағып, кіреуке киген бабасын танып, рухани жаңғырғысы келер ұрпақ бар. Бұл даланың төсінде бүгін ақылсыз достан, ақылды дұшпанын артық көрген мәрттер жоқ, бірақ тегін танып, тектілігін сезінгісі келген ұрпақ бар.
Ержан Жаубай, 2017 жыл,
Астана-Жаңаарқа-Жезқазған-Ұлытау
[…] Керуленнен шыққан керуен Кеңгірден атын суарды […]