Шерубай Құрманбайұлы: Рухани жаңғыру дегеніміз – ұлт рухының асқақтауы

147

Қазіргі қоғамда ерекше талқылауға ие болып жатқан түсініктердің бірі – «Рухани жаңғыру» ұғымы. Елбасы мақаласында нақтылап айтып, «жаңғыру» үшін қандай міндеттер атқаруымыз керектігі талдап көрсетілген. Дегенмен айғайға сүрең қосып, «рухани жаңғыру» деп дәуріккенімізбен, көбіміздің санамызға бұл түсініктің түбегейлі сіңе қоймағаны анық.

Ал филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы рухани жаңғыру үшін әуелі қазақ ұлты ретіндегі құндылықтарымызды түгендей білуіміз керек дейді.

— Әңгімені мынадан бастайықшы, өз басыңыз, рухани жаңғыру ұғымын қалай түсінесіз?

— Біз көп жыл, тіпті кейінгі бірнеше ғасыр бойы өз жолымен жүріп, өз дәстүрін сақтай алмаған, үстем мәдениеттердің ықпалында кетіп, өзге мемлекеттің құрамында болған жұртпыз. Жалпы рухани жаңғыру біз үшін өзіміздің озық ұлттық дәстүрлерімізге бет бұрып, төл арнамызға – қазақтың өзіндік ұлттық даму жолына түсуі деп білемін.

Ал технологиялық, экономикалық жаңғыру десек, әлемнің озық елдерімен, мысалы АҚШ, Германия, Белгия, Дания сияқты өзге де дамыған мемлекеттермен технология жарыстыру дәл қазір өте қиын. Өз басым бұған дәл бүгінгі таңда сене алмаймын. Ал рухани жаңғыру деген ол ұлттың мәдениеті, өнері, әдебиеті мен тарихы тұрғысынан жаңғыру деп түсінген дұрыс. Біз көп жылдар бойы халқымыздың қатпарлы тарихын өзгенің айтуымен, өзгенің көрсетуімен, отарлаушылардың ыңғайына қарай жазып, оқытып, сол арқылы бірнеше ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырдық.

Енді рухани жаңғыру кезінде ең алдымен біз елін, жерін, халқын шын сүйетін ұрпақ, қалың қауым тәрбиелейміз десек, әуелі тарихи санамыз жаңғыруы керек. Қазақтың ертеңгі ұрпағы ең әуелі осы елдің, осы кең байтақ жерді қалай иеленгенін, бұған қанша қан төгіліп, қанша тер сіңгенін, мұндай ұланғайыр даланы біздің ата-бабаларымыз қалай сақтап қалғанын, бұл даланы бізге өсіп-өну үшін аманаттап кеткенін, осы дархан даланың әр қарыс жері үшін батырларымыздың, хандарымыз бен билеріміздің қасық қаны қалғанша қалай күрескенін бүгінгі ұрпақ білуі керек. Сонда ғана тарихын тану арқылы біздің ұрпақтың бойында қазақ екенін мақтан тұтатын, “мен мынадай ата-бабадан, намысын таптатпаған ержүрек, батыр ұлттан тараған ұрпақ екенмін ғой” деген түсінік қалыптасқан, елі мен жерін сүйетін шын мәніндегі отаншыл, ұлтшыл, патриот ұрпақ өсіп-өнеді деп ойлаймын. Әдебиетте де сондай. Сонау жыраулар поэзиясынан бастап, кешегі Кеңестік кезеңдегі әдебиеттің де асылы мен жасығын ажыратып, шын жауһарларын екшеп, ұлт мұратына қызмет ететін, қазақтың көркем танымын көтеретін әдеби дүниелерімізді сұрыптап алуымыз керек.

— Жақсы, рухани жаңғыру түсінігін ұқтық. Ал енді рухани жаңғыру үшін не істеуіміз керек?

— Негізгі мәселелер Елбасы мақаласында айтылған. Дегенмен, ең алдымен рухани жаңғыру үшін ұлт ретінде өзіміздің бет-бейнемізді, әлем алдындағы өзімізге тән кескін-келбетімізді, ұлттық болмысымызды сақтаймыз дейтін болсақ, дүниеге келген әр баланы бесікке салғаннан бастап, бүкіл тәрбие мен білім беру жүйесі арқылы қазаққа тән білім мен қазаққа тән тәрбиені оның санасына мықтап сіңіруіміз керек. Сонда ғана біз ұлт болып рухани жаңғыра аламыз.

Егер біз өзіміздің төл мәдениетімізді сақтамай, әр мәдениеттерден жырымдап алып, еуразиялық немесе батыстық қызарғанға қызыға беретін болсақ, онда мұндай рухани жаңғырудың бізге керегі шамалы.

Ал біз өткенімізге көз жіберсек, бірнеше ғасырлық тарихымыз бар, әлемдегі ең бай тілдірдің бірі саналатын көркем, ұлттық әдеби тілді қалыптастырған халықпыз. Өз әдебиетін жасаған, айтыс, күй өнері сияқты әлемде теңдесі жоқ төлтума өнері бар, ұлттық музыкасы, ою-өрнегі бар. Ұлтқа тән, рухани-материалдық байлықтың барлығын тудырған халық екеніміз рас болатын болса, біз сол байлығымыздан нәр алып, өзегімізді сақтай отырып, ұлттымыздың өзіндік дара жолын сала отырып жаңғыруымыз керек.

Біздіңше, рухани жаңғыру осылай ғана болуы керек. Қазіргідей жаһандану заманында өзіміздің ұлт ретіндегі, қазақ ретіндегі бет-бейнемізді сақтай отырып та, бәсекеге қабілетті ел ретінде дамуымызға толық мүмкіндігіміз бар. Мысалы жапондар сияқты. Технологиясы мен ғылымын қарқынды дамыта отырып та жапондар ұлттық дәстүрінен ажырамай, ұлттық сипатын сақтап келеді. Біздің Алаш қайраткерлерінің даму жолында Жапонияны үлгі етіп алу жайдан-жай емес. Олар біздің даму жолымызды сол кезде-қ дұрыс таңдаған. Батыста немістерді, шығыста жапондарды үлгі ету арқылы еуропалық ғылым-білім мен шығыстық берік дәстүрді ұштастыруды көздеген. Бүгін де рухани жаңғыруда осыны ескерсек, қазақ ұлты ретінде ғылым-білімді, технологияны дамыта отырып, ұлттық болмысымызды да сақтап қалған болар едік.

Ал қазіргі жағдайда біздің ұлттық бет-бейнеміз, қазақы қалпымыз айқын айқын көрініп, өзгелердің назарын өзіне аударып тұр деп айту қиын. Өзге мәдениеттер ықпалына ұшыраған, әсіресе, орыс-славян мәдениетінің кеңістігіне бойлап кіріп кеткен бірнеше буын өкілі шын қазақтың қандай болатынын, қазақтың жан-дүниесінің, болмыс-бітімінің, ойлау жүйесінің қандай болатынын ұрпаққа үлгі етіп көрсетіп, олардың бойына бар қасиетімізді толық сіңіре алмай отырмыз. Оқулықтардан да, білім беру жүйесінен, балабақша мен мектептен де ұлттық дамудың жарқын үлгісін көре аламй келеміз. Мектеп ауласына шыға салып орысша сөйлесетін ұрпақ, қазақтың тілінінің, мәдениетінің, әдебиетінің көсегесін қайтіп көгертеді?

Ал біреулер айтып жүргендей бәріміз “қазақстандық”, АҚШ-тағыдай нақты бір ұлты жоқ азаматтық қоғам құрып құрама ел болғымыз келсе, өз тіліміз бен мәдениетіміздің елімізде айрықша өркендеуін қаламасақ, онымыз ұлттың рухани жаңғыруы бола алмайды.

— Рухани жаңғырамыз деп бүгінгі таңда әлемдік сұранысқа ие 100 оқулықты аударуды бастап кеттік. Дегенмен манадан бері айтып отырған қазақы түсініктен алшақтау осы 100 оқулықты аудару кезінде біз біржақтылыққа жол беріп қоймаймыз ба, қалай ойлайсыз?

— Мәдениеттер арасындағы қатынас қашан да болған. Дамыған жұрттардың, технология саласындағы біз әлі меңгермеген жетістіктерін, әдебиеті мен ғылымының озық дүниелерін қазақ тіліне аударғанымыз дұрыс. Онсыз тағы болмайды. Бірақ, тағы да Алаш қайраткерлерінің ұстанымын алып қарайтын болсақ, Абай мен Шәкерімнен кейінгі, Әлихан, Жүсіпбек, Мұхтар, Мағжан барлығы да аудармамен айналысты. Олардың аудармасын қарап отырсаңыз, мақсаттары айқын екенін көресіз. Қазақ баласы ғылым-білімді игеруде осындай болуы керек дегенді көрсете отырып, қазақтың ұғымына сәйкестендіріп, қазақтың тілдік ерекшелігін, сөйлем құрылысын бұзбай, қазақы бояуды қалыңдап жаға отырып аударды.

Ал біз технологияда Германияның, Жапонияның алдына бүгін-ертең түсіп кетеміз дегенге кім сенді? Себебі оған негіз болуы керек қой. Біздің МІТ, Стэнфорд, Гарвард, Делфт сияқты әлемдік рейтингте оза шауып, көш бастап тұрған университеттеріміз де әзірге қалыптаса қойған жоқ. Қазіргі қазақстандық білім жүйесімен жоғарыда аталған оқу орындарының оқу базасын, білім сапасын әзірге салыстыруға келмейді. Ондай деңгейге жету біз үшін болашақтың еншісінде. Дамудың дұрыс жолын таңдасақ, білім беру жүйесін өзгелер жасағанды, өзгелер меңгергенді қазақ та жасап, меңгере алады. Біздің жастарымыздың, қазақ баласының қабілет-қарымы ешкімнен кем емес. Олардың игергенін біздің балалар да игере алады. Бірақ ол үшін бізге оқу базасын, білім беру жүйесін, зертханаларымызды жетілдіріп, мықты мамандарды шоғырландырып, оларға тиісті жағдай жасалуы керек.

Әдебиет бойынша, руханият бойынша, гуманитарлық ғылымда бізде бұған негіз бар. Сондықтан да аударма жасауда біз гуманитарлық ғылымдар саласындағы озық оқулықтарды аударумен қатар өзіміздің төл оқулықтарымызды дайындауды да ұмытуға болмайды. Аударманың үлесі төлтума оқулықтарымыздан артып кетуінен де сақтанған жөн. Барлығын батыстан алып аудара беру деген ақылға сиымсыз дүние. Тек аудармаға ғана сүйейтін болсақ, біздің өз дүниелеріміз қайда қалады? Өз ғалымдарымыз бен педагогтарымыздың білімі мен тәжірибесін қалай пайдаланамыз?

Ал енді біз осы аударған 100 оқулықты мектеп бағдарламасына енгізген кезде олардың ұлт мүддесі мен танымына сәйкестігін, тәлім-тәрбиеміз бен дәстүрімізге, дінімізге қайшы келмеу жағына да мұқият болғанымыз абзал.

Сондықтан еліміздегі аударма саласы бойынша тіл маманы ретінде бір нәрсені ашық айта аламын. Қазіргі қазақ-орыс қостілділігі жағдайында ресми аударма біздің мемлекеттік тілдің қоғамның барлық саласында кеңінен қолданылуына, қазақ тілінің ресми стилінің ұлттық негізде дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Ресми-іскери аудама қазақ тілінің ресми қарым-қарым қатынас, құжат тілі ретінде қолданылуын тежеп, оның орыс тілінің тасасында қала беруіне ықпал етіп отырғанын көрмеу немесе көріп отырып оны өзгертуге дәрменсіз болу мемлекеттік тіл мерейін өсірмейді. Орысша жазылған мәтін жоқ болатын болса, қазақша жаза алмайтын, қасаң тілмен аударуды ғана білетін мамандар көбейіп барады. Ал негізі, өз басымен ойлай алатын адам, өз ұлтының тілінде сол заңды, заңның баптарын, іс қағаздарын қазақ тілінің ерекшелігін сақтай отырып жаза да алар еді қой. Оқулықтарды аударуда да озық білім алуға септігін тигізетіндерін сұрыптап, қазақшаға жатық аударған жөн. Алайда қазіргі ресми құжаттар мен заң мәтіндеріндегідей, аударманың шырмауынан шыға алмайтын жағдайға душар болуға жол салып беріп жүрмесек болғаны.

— Сөзіңіз аузыңызда, осы жерде тура осы іскери, ресми өмірімізге қатысты тағы бір мәселе бар. Латын әліпбиіне көшу жөнінде. Онсызда екі тілде күнін әрең көріп отырған қазақ тілі, енді латын әліпбиіне көшкенде қандай күйде болады?

— Бір мемлекеттің ішінде екі немесе одан да көп тілдер қолданылатын елдер бар. Алайда бір мемлекетте екі не одан көп әліпбидің қатар қолданылуы қолайсыздық, қиындық тудыратын мәселе. Әрине, латынға көшсек, жаппай, тұтас ел болып көшкенміз дұрыс еді. Кирилл мен латынның қатар қолданылуына жол беру ел халқының тұтастығына қызмет етпейді. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Бір елде екі-үш тіл қолданылатын болса, әр тіл өзінің қолданылу өрісін қорғауға, кеңейтуге тырысады. Тілдер арасындағы бәсеке, тілдердің өзіндік қолдану аймағын кеңейтуге, ықпалы мен үстемдігін арттыруға деген ұмтылысы табиғи нәрсе.

Ал қазіргі жағдайда, біз Қазақстанда бұған дейін екі тілге кеңістік бергенбіз. Екеуіне жарысуға мүмкіндік бердік. Мемлекеттік қазақ тілімен бірге ресми тіл ретінде орыс тілі қатар қолданылады. Біздің елдегі кез келген саладағы ресми құжаттың барлығы да орыс тілінде дайындалып, содан барып қазақ тіліне аударылатыны, ресми қарым-қатынастың әлі де негізінен орыс тілінде жүзеге асатынын кез келген көзі ашық адам біледі. Бұл мәселеде өтірік уәж айтып, қиыннан қиыстырып, өзімізді өзіміз алдаудың қажеті жоқ. Соңғы 25 жылда ғана ресми тіл ретінде қолданысқа түскен қазақ тілін 2-3 ғасыр ресми тілге тән қолданылу тәжірибесі бар орыс тілімен бәсекелестіріп қойдық. Оған мәртебесіне сай айрықша мүмкіндікті толық беріп, қажеттілікті туғыза алмай, қазақ тілін аударма тілі деңгейінде қалдырып отырмыз.

Міне, екі тілге мүмкіндік бергенде біз осындай жағдайда отырмыз.

Енді біздің кеңістікке әкеп, орыс тілінен әлдеқайда әлеуеті мықты, әлемдегі ақпараттың 70 пайызы сақталған, әлемнің дамыған мемлекеттерінің барлығы дерлік пайдаланатын, ықпалы өте күшті ағылшын тілін қосып жатырмыз. Иә, ағылшын тілін біз білуіміз керек. Қазақтың ұл мен қызы әлем меңгеріп жатқан ағылшын тілін меңгергеннен ұтылмайды. Бірақ ақпараттық кеңістігімізде екі тілге мүмкіндік берілген кездегі жағдай бізге белгілі. Енді елестетіп көріңіз, орыс тілін он орайтын ағылшын тілі дендеп енген кезде әлі аяғынан нық тұра ламай келе жатқан қазақ тілі қандай күйде болар екен?

Сондықтан тіл саясатын, тілдердің қолданысын реттеп отыратын, тілдік жоспарлауымыз ұлттық тіліміздің, мемлекеттік тіліміздің мүддесін мемлекеттің өзі қорғап, ойластыра отырып құрылған өтте сауатты тіл саясатын жүргізгенде ғана біз оған төтеп бере аламыз. Егер бұлай болмай, кім мықты болса, сол иеленеді деген ұстанымға тірейтін болсақ, ағылшын тілінің бүгінгі әлемдік кеңістікте алып тұрған рөлінің мықты екеніне ешқандай дау жоқ. Ондай жарысқа түсетін болсақ, біз төрт аяғын тең басқан сәйгүліктер бәйгесіне, енесінен жаңа туған құлынды қосқанмен бірдей күйде қалмауды алдын ала ойластыруға міндеттіміз. Ана құлынның тұяғы жетіліп, қабырғасы қатқанша оны баптау керек. Міне, біздің қазақ тіліне де сондай қамқорлық қажет. Бәсекеге қабілетті, лекцикалық қоры бай, ғылыми терминдер қоры толық, ресми тіл ретінде барлық ісқағаздарды қазақшалап, заң тілі, көркем әдебиет тілі ретіндегі, сала-сала бойынша дамытып, өз деңгейіне көтеріп алған кезде біз кез келген сәйгүлікпен жарысуға дайын боламыз. Ал бір ескеретін жайт, қазіргі күннің өзінде қазақ тілінің сөздік қоры, тілдік байлығы әлемнің кез келген тілінен кем емес. Бірақ тілдің атқаратын қызметтерін, тілдің салалық қызметін басқа тілдер иемденіп кеткен. Бұл дегеніміз – қазақ тілі мың жерден мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болса да, ол қолданыс аясында екінші, үшінші қатарда қала береді деген сөз. Бұл тығырықтан шығудың бір ғана жолы, жоғарыда айтқанымыздай, тілдік жоспарлауды ұлт мүддесіне негіздей отырып жасалған тіл саясатымен жүзеге асыру керек.

— Осы жерде әңгімені рухани жаңғырудың тағы бір тармағы 100 жаңа есімге қарай бұрсақ. Жалпы осы 100 жаңа есімді анықтауға деген көзқарасыңыз қалай?

— Талантты, қабілетті, елге еңбек сіңірген әр саланың үздіктерін анықтаған, әрине, жақсы. Бірақ, соны анықтау әділ, ашық жүре ме, міне мәселе осында. Бізде атақ, абырой, даңқ, өз иелерін жаңылмай тауып жатады дегенге ешкім онша сене бермейді. Міне, осы 100 есімді анықтауда да сондай жағдайлар орын алып кетпесе екен деймін.

Біз шынымен рухани жаңғырамыз десек, ақты – ақ деп, қараны – қара деп, асылды жасықтан, арғымақты жабыдан ажырата білетіндей әділетті төрелік ететін мамандар қауымын, сондай қоғамды қалыптастыруға ел болып атсалысуымыз қажет-ақ. Егер көп көріп жүргеніміздей бармақ басты, көз қыстылыққа орын беріп, біреудің қолы ұзындығына, ықпалдылығына қарап, жоғарыдағы біреулердің нұсқауымен үздіктерді анықтайтын комиссия құрсақ, халық мойындайтын, шын құрметтейтін есімдерді ешқашан анықтай алмаймыз. Мұндай 100 есімді бүгін анықтап, есімін алтын әріппен жазып қойғанымызбен, ертең тарих олардың есімін басқаша анықтайтын болады деп ойлаймын.

Бәрі де сол100 есімді қалай анықтағанына да байланысты ғой. Елдің намысын арқалаған, ұлттың сүйіспеншілігіне бөленген жандар тізімде болса, бұл еліміздің рухының көтерілуіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Шынмен өз даналары мен дараларын көзі тірісінде танып, көзі тірісінде құрметтей білетін ұлтқа айналсақ, бұл қуанарлық жағдай. Ал шын мәнісінде мұндай тұлғаларды комиссиялық жолмен анықтау өте күрделі мәселе ме деп ойлаймын.

— Мақалада айтылған тағы бір ерекше бағдарлама – Туған жер, яғни Қазақстанның киелі жерлерінің картасы. Ал шын мәнісінде менің ойымша, Қазақ даласының әрбір өңірі киелі болуы керек. Осы Қазақстанның териториясын қорғап, ата-бабамыз осы жердің әрбір қадамын сақтап қалғанда, «әй, мынау жер киесіз еді, шетте қала берсін» деген жоқ қой. Мысалы мына Қытайда, Ресей мен Моңғолияда, тіпт мына тұрған Өзбекстанда отырған қазақтар киесіз жерде отырғандықтан шекараның арғы жағында қалып кетпегені анық қой. Ал бірақ, біз қазір Қазақстанның киелі жерлерінің картасын дайындап жатырмыз. Осындайда нені ескеруіміз керек?

— Бұл тұрғыда сенімен келісемін. Қазақ даласының әр өңірі емес, әр түйір тасы, әр тал шөбі киелі. Өйткені қазақтың жерінің асты да, үсті де — қазақтың байлығы. Алайда, мына жер киелі, мына жер киесіз деп біз айта алмаймыз. Сәбит Мұқановтың бір жазатын бар еді, туған жер туралы: «Басқалардың шалқар көлі, жасыл құрағы бар, менің туған жерімде соның бірі де жоқ, бірақ менің туған жерім бәрінен артық» — дейтін. Сол сияқты әркімнің туған жері өзіне алтын бесік, өзіне киелі. Міне, біздің туған жер туралы түсінігіміз осылай болуы керек. Және жас ұрпақты тәрбиелегенде де осылай тәрбиелеуіміз керек. Ол мейлі қандай жер болса да ата-бабаңның сүйегі жатқан жерден киелі жер болмауы керек сен үшін.

Ал екінші жағынан, киелі деген ұғым бойынша қазақ даласында жекелеген тұлғалары жатқан, тарихи ескерткіштер тұрған немесе таңбалы тас, Есік қорғаны, Берел секілді біз үшін өте құнды жәдігерлер сақталған өңірлерді картаға енгізу де ұрпақ тәрбиелеудің бір жолы. Мысалы Алаша хан, Жошы хан ескерткіштерін, Ботай, Берел қорымдарын, Арыстан баб, Қожа Ахмет кесенелерін, барлығын да бүгінгі ұрпаққа көрсетіп, таныстырып, оқулықтарға енгізгеннен ұтылмасымыз анық.

Киелі жерлерді анықтаудың үшінші тиімді жағы – туризмді дамыту. Кез келген жерге, кез келген елге барсаңыз сол елдің туристік картасын ұсынады. Нені көруге болатынын сол арқылы біле аласыз. Сол секілді бізде де әлемнің кез келген азаматына немесе өз еліміздің тұрғындарына көрсете алатын жерлерді анықтап, оларды мемлекеттің қорғауына алу өте дұрыс. Бірақ бұл Қазақстандағы одан өзге жерлерді қараусыз қалдыру, немесе санатқа қоспау деген сөз емес.

— Қазақтың қарапайым азаматы ретінде осы рухани жаңғыру бағдарламасы аяқталған кезде қандай өзгеріс күтесіз?

— Меніңше рухани жаңғыру белгілі бір межемен аяқталмай, үздіксіз жүзеге асып жатуы керек. Себебі қазіргі ғылым мен технология аса жылдам қарқынмен дамып бара жатқан заманда, бәсекеге қабілеттілігімізді арттырып, жасампаз ұлт ретінде үнемі түлеп, рухымызды көтеріп, жаңарып, өркендеп отырмасқа лажымыз жоқ. Бір сәт мүлгіп кетсек ғарыштың жылдамдығымен дамып жатқан әлемде, өркениет көші бізді күтіп тұрмай біраз жерге ұзап кетеді. Содан соң ол көшті қуып жетіп, оған ілесу қиындай түседі. Сондықтан рухани жаңғыру да ұлт ретінде жаңғырып, дамып отыруымызбен қатар жүруі керек. Бірақ, осы рухани жаңғыруды бесжылдықтармен, онжылдықтармен өлшеу қиындау болар деп ойлаймын. Себебі бұл рухани дүние. Ал рухани жаңғыруды адам, қоғам сезінуі тиіс. Қазақ халқының рухы биіктеп, бәсекеге қабілеттілігі артып, өнері өрлеп, ғылымы өркендеп, мәдениеті мен дәстүрі үстем болып, мейрімді, адал, ақылды, білімді, бауырмал, ұлтшыл, елшіл, кеңпейіл, отаншыл жандар қауымы қаумалаған қоғам құра алсақ, онда рухани жаңғырғанымызды еліміздің әр азаматы өзі-ақ жан-тәнімен сезінеді.

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.