Ербол Алшынбай: Жылқының қу басы туралы жыр

1096

І
Аттан түсу өлеңі

Мен күн түбіне қарай шапқан
жылқының ізінде қалған өлеңмін.
Қаншама шіліңгір шілде мен ақпан –
уақыт дауылы мұжып көнердім.

Жылқы ғана жалғанда жалғыз серігім,
Ат жалындағы жылумен қатайған сүйегім.
Сүтті іңірде айға қарап ұлыған бөрінің,
Үнінен қобызға көшкен күй едім.

Атқаннан алғаш құба таң,
Боз дала төсінде шарқ ұрдым.
Құйма тұяқ тұлпар ма бір атам?
Жылқыдай кісінеп, қобыздай тартылдым.

Сар дала тыңдайтын тек бізді,
Шулайтын сырғалы орманым.
Бәріне тұлпардың тұяғы жеткізді.
Сонан соң мен оны қорғадым.

Жылқының тікендей қылынан,
Жасалған тоғыз сүлделі қыл жалау.
Қара түндегі салт атты жырынан,
Көңілде қалған өшпейтін мұңлы алау.

ІІ
Топырақ астындағы жылқылар

Санамды кезеді өткеннің елесі,
Сөгілсе ойлардың көбесі.
Берелде көмілген жылқылар,
Есімнен шықпайды неге осы?

Көз алдым кіл сандал арғымақ,
Жүрегім шідерлі жылқыдай қарғылап.
Таң алды жусап бір кеткендей,
Бүк түсіп жатады сүйегі саудырап.

Кеудесін жел сүйіп аңқылдақ,
Езуде ақ алмас ауыздық қаршылдап.
Қай қаған астында жүрді олар,
қылқұйырқ семсердей жарқылдап?!

Жоқтаймын көмілген жылқымды,
Дүбірін сағынып қара жер күрсінді.
Қай қырда дүркіреп шапты екен жануар,
Күлте жал желбіреп Ту сынды.

Төбесін су шайып, қара жел кемірген,
Тым ескі қорымдар іргесі сөгілген,
Құм жұтқан қалалар, шөл жұтқан обалар…
Жылқым да топырақ астына көмілген.

Көгіме Көкленнің бұлты кеп,
Аспанды алардай найзағай сілкілеп.
Қатпарлы қырларға қараймын,
көп жылқы,
қабірден шығардай дүркіреп.

Түкті жер қарала сандықтай құлпы бар
астында тарихым иесіз құлындай шырқырар.
Арқырай кісінеп сен қашан шығасың,
Берелге жерленген жылқылар?!.

ІІІ
Бәсіре

Кезім жоқ онда шерменде,
Көктемгі судай тасып ем.
Сегізге енді келгенде,
Қара тай болды бәсірем.

Ауылдың онда таңы бал,
Кеші де ғажап керім, кең.
Ұрыншақ еді жануар,
Көрге де түсер тебінсең.

Кезінен сонау құлыншақ,
Қолтығын талай сөккенбіз.
Екі де бірдей ұрыншақ,
Серік боп сосын кеткенбіз.

Қаһарлы қаңтар, ақпанда,
Тоңдырмай жабу салғанмын.
Ұры тісін ағам қаққанда,
Ұлып бір жылап алғанмын.

Егеске түсер шақтарда,
Уайым менде жоқ еді.
Орнынан ытқи шапқанда,
Оқпаннан шыққан оқ еді.

Көнбейтін және күлтекке,
Мінезі қызыл шоқ еді.
Басқанда бөрі бүлкекке,
Көсем ат дейтін көбі оны.

Теңемей ешбір асылға,
Көздерден сұқты жасырам.
Сабақта, шаруа басында,
Қара тайды ойлап отырам.

Ұшырды бізді құс тағдыр,
Қалдырмай қара қосымда.
Қаратай бесті шыққан жыл,
Қалаға кеттім оқуға.

Кеткендей болғам қаталап,
Есімде бәрі келмес күн.
Тұмадай көзі боталап,
Оқыранғанда сол бестім.

Манаурап жатқан сала, сай,
Келем деп қайтып күлдім мен.
Құлыннан өскен қара тай,
Жол жоғын артқа білдің бе?

Жалыңның исі мұрнымда,
Жалғанда бітпес құмарым.
Бәрі бар мұңлы бұл жырда,
Жүрекке түйген тұмарым…

ІV
Жылқының қу басы туралы жыр

Санамды сең соққан балықтай қылады,
Ежелгі ырымшыл ғұрыптар сұлбасы.
Қара ағаш басында ілулі тұр әлі,
Әкемнің асына сойылған жылқының қу басы.

Алғашқы қасірет көңілде бүр жарған,
Моланы бетке алып жүргенде көп адам.
Әкемнің қарагер атына тұлданған,
Мен сонда бұрылып қарағам.

Жырымда сол кездің табы бар,
Тасбауыр тағдырдан мұң өрген.
Аядай көзіне жас толған жануар,
Шыңғыра кісінеп жіберген.

Панамды алды үнсіз қара жер,
Білгем жоқ мен онда жас қабір кеберін.
Әкеме серік боп бақиға аттанды қарагер,
Сондағы жетімек мен едім.

Кей түнде балалық кезіммен тілдесіп,
Өткен күн көшінде сабылам.
Бейіште қарагер әкемнің астында жүр ме екен?
Жұпары бұрқырап сұр бұйра жалынан.

V
Аспан жылқылары

Көк аспанда көкшулан із қалдырған,
Көлбеп жатқан Көкілдінің өзені.
Буырқанып көктей өтіп сан қырдан,
Күн сөнгенше кілкіп аға береді.

Жал – қара түн, құланиек түсі – ақ таң,
Кертіп басқан құйқалы көк кезеңді.
Көкленнің кербез бұлттай тұтасқан,
Көп жылқысы жайлайды сол өзенді.

Астау төсін ай сәулесі аймалап,
Құндыз жалын жел тараған ақ таңда.
Сауырынан күннің нұры тайғанап,
Көкілдідей жөңкиді олар аспанда.

Көктүркінің сенімі бар менде ілкі,
Қайран көңілім, құлын сынды адасқан.
Күлдір-күлдір кісінесе көп жылқы,
Күмбір-күмбір күркірейді көк аспан.

Көп жұлдыздай Көкленнің көгені,
Мама бие желінін сүт кереді,
Толған кезде көк аспанның көнегі,
Сүт жауынын қара жерге төгеді.

Мөлдіресе түннің көзі қара алмас,
Көк шырағын жылқы демі жағады.
Алқарада жанған жұлдыз ең алғаш,
Асау, асқақ тұлпарлардың жанары.


Суын

Көкше теңіз, көркем Каспий, мұңлы Арал,
Үлбіреген қор қызындай үр жанар.
Қыз толқынның қыл сағағын қытықтап,
Сыңғырынан сылқым сырын тыңдап ал.

Салқам түнде сары жұлдыз батқанда,
Шолпан туар таң қараңғы шақтарда.
Көк теңізге жібек жалын сипатып,
Суын жылқы судан шығар ақсаңға.

Алқара аспан көсеген кез оттығын,
Күдірейтіп қол ұсыным шоқтығын,
Шыңыраудан гауһар тістеп шығатын,
Қара түнді жарық қылып көп суын.

Жібек сынды судыраған жалы бар,
Ер қызығар кеудесінде жаны бар.
Қаз мойынын әсем бұрған сәтінде,
Сылқым қыздан сұлу болар жануар!

Қос тірсектің қатар атып серпінін,
Жер дөңгелер жазған кезде қолтығын.
Аттың құны ерден артық заманда,
Бар жігітке арман еді сол суын.

Талай заман шықты сыймай қанадан,
Жалпақ жұртқа олжа болды жан аман.
Суын жылқы шаппайды енді қайраңда,
Суын тұрмақ су да қашты жағадан.

Көкіректе сыздатқан шер көп еді,
Ей, өлеңім, қозғай берме көнені!
Сұм жалғанды тұяғының астында,
Дөңгелетер суын мінгім келеді.

VII
Жылқының оралуы

Сонау бір кез бақ ауғанда басымнан,
Қан жауғанда қарғыс атқан ғасырдан.
Ескі Тұран даласына елімнің,
Ақ сүйегі сөңке болып шашылған.

Замананың демі боран үскіріп,
Ерлеріме қанды көбік құстырып.
Терістіктің бет қаратпас бораны,
Көп жылқымды кеткен сонда ықтырып.

Кер кезеңнен ішке түсіп шеменім,
Жүген ұстап жаяу қалған ел едім.
Түмен жылқым түнге сіңіп жоғалған,
Құлақтары сүңгісіндей жебенің.

Қысас тағдыр қаншеңгелін мол салып,
Жан олжалап жапан кезді қанша жұрт.
Қара жолда шумақ-шумақ шаң қалды,
Боз белдерге шер ұйыды аңсауық.

Серпіп тәңір көк көз жынның түнегін,
Көрсеткелі көк аспанның реңін.
Төңкерілер түннен бері тұлпарлар,
Бір дүбірді сезеді ылғи жүрегім.

Кез келгендей сиыратын шер бұлтын,
Бүлкілдейді бедеу бел мен зеңгір шың.
Құйрық-жалы қара ормандай тұтасып,
Түннен шығып келе жатыр көп жылқым.

Көрдім ақыр кең дәуреннің жарығын,
Жалын құшсам басылар ма зарығым?
Құмға көмген абдыралар ішінен,
Күмістелген тұрманыңды ал, інім!

Тау көлбесе төбе көрмей қарғыған,
Алдырмаған көп бөріге аңдыған.
Шық жүгіріп, сылдырлатып жүгенді,
Түннен келген тұлпарлардың алдынан.

Ербол Алшынбай
Argymaq.kz

ФОТО: ЖИ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.