Жауға шапқанда жігіттің тас қуығы, аттың бос қуығы жақсы

10803

Қарсақбай ата туралы және оның таңды таңға ұрып айтатын қызықты әңгімелерін сыртынан талай мәрте естігенмін. Әңгіме тыңдауға құмар болғасын ба ол кісімен бір дидарласуға асықтым. Өзі Қызылорда қаласына іргелес Қарауыл төбе деген ауылда тұрады екен.

Бір күні арнайы іздеп бардым. Құшақ жая қарсы алды. Аман-саулық сұрасып болған соң «қай баласың?» деді. Өзімді таныстырдым. Сосын, әңгімеңізді тыңдауға келдім дедім. Іші пысып отырса керек, жөн сұраса келе бірден кірісіп кетті. Бала кезінен жылқы баққанын, тұлпар баптағанын, әсіресе қызылдың құмында жүрген үйір-үйір жабайы жылқыларды қалай ұстағанын баяндады. Қызық. Әңгімелері өз алдына, оны айтуы, баяндауы, жеткізуінің өзі бөлек. Айтып отырып арасында күлдіріп алады. Жалпы, ол кісінің сөзінен аңғарғаным, жылқы жануарының болмысын түгел жаттап алған сыңайлы. Нағыз ат сыншысы десе болатындай. Сондағы айтқаны:

– Жылқы – малдың ішіндегі текті жануар ғой. Болмысы бөлек. Қанын ерекше сақтайды. Үйір ұстап жүрген айғыр байталдарына ешқашан бөтен айғырды жақындатпайды. Буаз болып келген биені үйірге қоспайды. Қосқан жағдайда іш тастатып жібереді. Өз кіндігінен тараған құлындарын мейлі еркек, мейлі ұрғашы болсын, жабағы шыға үйірден айырып тастайды. Өз қанына шаппайды. Иесіне адал. Айта берсең көп қой жақсы қасиеті. Басын жібере саласың, үйді өзі тауып келеді. Құлап бара жатса, иесіне жалын төсейді. Бірақ кейде міністе болып, есекпен қатар жүрген кейбір аттардың өз қанына шауып жататыны болады. Мұндай тексіздерді тез құртып отырамыз. Өйткені, одан тұқым тарамау керек, деді, Қарсақбай қария. Сосын бәйге аттары жөнінде сұрап едім:

– Соңғы кезде біздің бәйгелерге ағылшын, араб жылқылары да араласып кетті. Баяғы арғымақтың тұқымы құрып бара жатыр ғой” деп, күрсінді. Мұның мәнісін сосын түсіндірді. Әлгі қазақы жылқылардың бойындағы қасиет сырттан келген таза қанды деген аттарда жоқ екен. Осы әңгіме барысында Қарсақбай көке “қазақта “жауға шапқанда жігіттің тас қуығы жақсы, жылқының бос қуығы жақсы” деген мақал бар” деп айтты. Сосын одан «жауға шапқанда жігіттің тас қуығы жақсы деген, жігіттің батыры, жүректісі жақсы деген болса керек, ал жылқының бос қуығы жақсы деген нені білдіреді?” деп сұрадым. Ол біраз күліп алды да:

– Нағыз ұрыс кезінде ат шалдыру мүмкін болмайды. Тіпті жауды қуу үшін тоқтаусыз шабу керек болатын жағдайлар туады. Сол кезде қанша дегенмен жануар ғой, дәрет қысады оны. Жылқының мықтысы сондай сәтте шауып бара жатып қажетін өтеп кете береді. Олай ете алмаса, дәреті шықпай бауырына таралып кетеді. Кейін ол зәр шығара алмай өледі. Бұған мен Қызылдың құмында жабайы жылқыларды ұстап жүргенде талай мәрте куә болғанмын. Біз ол кезде атты арнайы баптайтынбыз. Олар шауып келе жатып, зәр шығара беретін. Жылқының бос қуығы жақсы деген осы, шырағым, деді.

Айта берсем, Қарсақбай көкеміздің әңгімесі көп қой. Өткенде ауылға барғанда соғайын деп сұрастырсам, дүниеден озыпты. Алла алдынан жарылқасын. Жалпы, осындай айтары бар қариялар қазақ арасында азайып бара жатыр.

10906304_687698191347605_3342076393289420284_nБекарыс Нұриман, Намыс.кз

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.