Алаштың атын шығарған Ақжал

942

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы Төрткөл ауылындағы қарақойлылардың «Ақжал» атты атақты жүйрігі болған.

Сол ат бір бәйгеге қатысып, кенеттен бәйге алып, атағы шығып, соңынан бүкіл СССР-дің атынан дүниежүзілік атшабарларда көп жыл бойы бәйгенің алдын бермеген. Енді сол тұлпар туралы айтып берейін.

Төрткөл аумағында 1927 жылы Ленин, Еңбекші, Қызылжар, Қосарық, Қарақұм, Қызылту, Ақтөбе, Ортақшыл атты ұжымшарлар құрылып, оның барлығы 1930 жылы Төрткөл селолық кеңесіне біріктірілген. Ол кезде барлық колхоз жылда күзде жиналып, слет жасап, Алтын күз сияқты мейрам, іс-шара өткізетін.

1957-1958 жылдары Шаянда үлкен бір слет болды. Сол слетке біздің қарақойлылар тұратын Ленин колхозынан да адамдар барып қатысқан. Мұнда руға бұрмалаушылық жоқ. Ол кезеңде әр бірі бір-бір ауыл, колхоз құра бастаған кез. Сол жылғы слет біздің төрткөлдік ағайынның жадында мықтап сақталды. Оның бірнеше себебі бар. Бірінші – сол слетте болған ат бәйгесіне байланысты. Жан-жақтағы барлық колхоз жарамды аттарын алып келіп, бәйгеге қосқанда Ленин колхозынан келген қарақойлылардың қосатын дұрыс аты болмаған. Жөпелдемеде күреске шығаратын палуан да табылмай қатты сасыпты. Қоянды қамыс, еркекті намыс өлтіреді дегендей ағайынның үлкендері “Ат өлсе бәйгеде өледі, палуанның белі үзілсе кілемде қалады” деп екі жігітті ұстап алып күрестіріп, мініп келген аттың бірін бәйгеге қоса салыпты. Күресіп палуан атанған екі палуанның бірі – Оразбайдың Ибадулласы, екіншісі – Ермаханбеттің Досаны.

Қызықтың көкесі содан соң басталған. Бәйге туралы тамаша уақиғаны маған Шаянның біраз жылдар бойы имамы болған қарақойлы бауырымыз Жолшиев Әнуардың баласы Шахизада ағамыз айтып берді. Ағамыз 1942-1943 жылдары туған болуы керек, ұмытпасам. Шахизада ағамыз ол кезде жас, бозбала екен.

– Колхозда мал бағып жүргенде жылқы ішінде қазақы, қызыл күрең, ақжал ат болады. Жылқы деген аты болмаса есек сияқты кіп-кішкентай. Бірақ бұрын соңды ондай мықты, белді асау жылқы көрген емеспін. Ақжал аттың жындылығы мен мінезі 100 жігітті шаршатардай еді. Қариялар маған «жассың ғой, мына тентек асауды жақсылап бас білдіріп, жұмысқа сал» деп берді. Ақжал адам баласын маңына жақындатпайды. Жабылып жүріп, үстіне бірнеше қап құм теңдеп, мініп алдым. Ақжал үстіндегі жүгін жүк көрмей, қайқаңдап шауып жүре берді. Күндіз-түні мықшыңдатып жүк артып міне берген соң бейшараның белі де қайқиып майсыңқырап қалған еді. Сол Ақжалды Шаянға слетке мініп барғанмын. Барған ақсақалдардың біразының жарамды аты бар. Алайда ол аттарын дайын емес, суытылмаған деп алты сылтау, жеті желеу айтып, бәйгеге қоспады. Әрине белгілі, бәйгеден қалып қойса ұят болады. Үлкендер маған қарап «Әй бала, ана мәстегіңді ана қатарға апарып қосып қой!» деді. Мен апарып бәйге аттарының қатарына байладым. Атымнан қатты ұялып шетте тұрмын. Ол кезде атбегілермен қоса мықты ат сыншылары болатын. Бір кезде сыншылар аттардың жанына келгенде баламыз ғой, қуана-қуана жүгіріп барып, сыншылардың сыны мен бағасын тыңдадық. Аттарды неше түрлі теңеулермен теңеп, аузымыздың суын құртып келеді. Осы бәйге алады деген 3 ат белгілі болды. Соларды сипаттап тұрғанда бір сыншы ақсақал менің мәстек атымның қасына келіп, таңдайын қағып, айналшықтап, күбірлеп кете алмай қалды. Мазақтап жүрген болар деп ойладым. Бір уақытта жаңағы қария сыншыларға қарап «Әй, сыншылар, мұнда келіңдер. Мына ат туралы не дейсіңдер? Айтыңдаршы», деді. Бәрі жақындап келіп, атымды көріп қауқалап күліп алды. Сонда сол сыншы қария «Бекер күлесіңдер. Сендер қатты шатастыңдар. Ат таныдыңдар, арғымақты танымадыңдар, міне, бәйгіні алатын пырақ» деді де менің Ақжалымды «асылдың сынығы, тұлпардың нағыз тұяғы осы. Мұны танымай сыншы бола алмайсыңдар» деп әр жерін ұстап, сипалап тұрып сипаттағанда ақжал атым мақтағанын сезгендей әбсәтте бойын жиып алды да сергіп, осықырынып шыға келді. Сыншы: «бәске мен дайын, бұл Ақжал бір айналып бауыр жазғаннан соң танымай қаласыңдар, қанат бітеді» деді. Жұрт менің атыма қарап, сыншыны келемеждеп қартайған, алжасқан болар деп күңкілдеп күліп жатты. Сыншы ат кімдікі деп еді, менікі екенін айттым. «Жарауы бар ма?» деді. «Шауып суытпадым, бірақ бас білдіремін деп 4 айдан бері күніге үстіне құм артып малға мінемін» дедім. «Бас берді ме?» деді. «Маған үйренді, бірақ өзгеге асау, мінгізбейді» дедім. Ақсақал күліп, «онда бәйгеде өзгеге мінгіз бе, өзің мініп шабасың. Бәйге сенікі» деді. Айтқандай атыма «Ақжал» деген атты сол сыншы қойды. Түсінбесемде қуанышым да шек жоқ. Менің қуанғаным бәйге аламын деп емес, бәйгеге қатысатыныма ризамын.

Кейінірек сұрастырып білсек, манағы ақсақал сол жердегі ең мықты сыншы екен. Біраздан соң бәйге басталды. Бәрі шауып, әп дегеннен менен біраз озып кетті. Мен аттың басын игере алмай әлекпін. Астымдағы ат осқырынып, оқыранып, аяғын біртүрлі басып келеді. Төрт аяғы тең емес, құлап қалатын сияқты. Аналар бірталай ұзап кеткенде Ақжал шауып келе жатып қатты бір сілкінді де төрт аяғы теңесіп тапырақтап түзу шаба бастады. Сөйтсем, бағанадан бергісі белжазары екен ғой. Қайтсін, күндіз-түні көргені қап-қап топырақ. Сол тапыраңдаған күйі ұзап кеткен үйірге жетіп алдық. Қамшы баспадым. Басын әрең игеріп келем. Атым шеткерірек шығып шеттеді де ешкімге қарамай құстай ұшты. Артқа қарауға уақыт жоқ. Сыншылардың қасынан өткенімде бағанағы сыншы ақсақал «Аттың басын жібер!» деп айқайлады. Алысып кележатқан ауыздықты босаттым. Одан кейінгі шабыс мүлде бөлек болды. Атым биіктеп, ұзарып кеткен сияқты. Шауып емес, ұшып бара жатқандай. Артыма бір қарасам бағанағы менен озып кеткен аттар бір айналымдай менен қалып қойыпты.

Не керек, солай бәйге алдым. Ағайынның қуанышында шек жоқ. Атты емес, бәйгені мен алғандай мені көтеріп жүр. Сол сол-ақ екен, менің Ақжалым көзден ғайып болып бұлбұл ұшты. Бір аптадын соң Ақжалды алып ауданға, одан облысқа шапты. Сосын Қазақстанның атынан, одан кейін оны Мәскеуге алып кетті де Кеңес Одағының атынан шауып бәйге алып жүрді. Оның тұқымы Ресейде, Ағылшын да әлі бар, тұқымдарын «Ақжал-Акжал-Агжал» деп атайды» – деп, Ақжалды есіне алып, көңілі босап қалды Шахизада ағамыздың.

Ағамыздың жатқан жері жайлы, сұрағы жеңіл болсын. Көнекөз қариялардан естіген, білгеніммен бөлісе отырайын, жастар біле жүрсін. Естіген құлақта жазық жоқ. Естігеннен естелік. Дубайға барып бүкіл елді таңқалдырып бәйге алған алматылық ақазақы қызыл күрең атта осы Ақжалға ұқсап табанасты танылып үлгерді. Негізі атбегілер шетелдің жылқыларына қызыға бермей өзіміздің жылқыларға назар аударып, көңіл бұрғаны дұрыс болады.

Серік Әбенұлы, 16.07.2025 жыл

Argymaq.kz

ФОТО: ЖИ арқылы жасалды

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.