Абай жырындағы азамат пен қазанат

20

Абай «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деп бастап жылқының сырт кескінін түгін қалдырмай суреттейтін этноөлеңге арналған халықаралық конференция 5 тамыз күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Қазақ халқы «жылқы малдың патшасы» деп ұлықтайды. Қыр қазағы жүйрік жылқы мінсе өзін патшадай сезінген. Абай мал баққан елдің асыл мұратын аңсап өтті. Ол артына өлмейтұғын құдіретті сөз қалдырып, ұрпаққа ізгілікті өсиет етті.

«Әр өлеңі бір әлем» атты рубрика республикалық «Абай» журналында бар. Абайдың асыл мұрасына мұқият зейін қойып, бір ғана өлеңін даралап танудың қажеттігін осы жолы айтылған салмақты ойлар дәлелдей түсті.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист-жазушы, Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті Сәдібек Түгел жылқы культіне лайық «Қазанат» кітабының Түркияда төрт мәрте басылғанын айта келе, Ахмет Тоқтабайдың энциклопедиялық сипаттағы «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті» атты кітабын кітапхана қорына сыйға тартты. Бұл кітапты қабылдап алған Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Күміс Сейітова кітапхананың басты міндеті қазақ халқының рухани көсемі Абайдың шығармашылық мұрасын айтулы межелерде ғана емес, әрқашан насихаттау екенін атап айтты.

Адамзат өркениетіне түркілер қосқан теңдесі жоқ зор үлес – жылқы жануарды қолға үйретіп қана қоймай, үзеңгіні ойлап тапқанында жатқанын мәдениеттенуші, философ-ғалым Мұрат Мұхтарұлы Әуезов жазған болатын. Мұның ақиқатын осы мәжілістің модераторы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Әкімшілік-басқару персоналының ғылыми-хатшысы, ақын, «Абай» қорының жетекшісі Аслан Ғафуровтың сөз арасында қисынымен келтірген елдік мақалдан да айқын көруге болады: «Ат жалын тартып мінген жігіттің жігері күймес, ат жалын тартып мінбеген жігіттің елге пайдасы тимес». Бұл біздің бабалар дүниетанымы.

Тарихшы, этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» атты зерттеу кітабы, ат құлағында ойнап өскен қазақ баласы болғандықтан атбегілік таланты анық, жылқы туралы көп жазған Бошай Кітапбаев, ақын Қажытай Ілиясұлы сияқты белгілі тұлғалардың есімдері аталып, жылқы мәртебесін асырған еңбектері айтылды.

Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің жанындағы «Абай академиясы» ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен тікелей байланыс орнатқан. Жылқының қасиетімен қатар өлеңнің мазмұнына сай «Абай академиясы» түсірген видеоролик көркем шыққан. «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.к. Жандос Әубәкіров аттың сынына арналған этнографиялық өлеңнің шығу тарихын Абайдың қасында 25 жыл жүрген шәкірті Көкбай Жанатайұлының естелігі арқылы әңгімеледі. Баяғы ата-бабалар кең даланы қазанат, тұлпар мініп, басқыншы жаудан қорғап қалды. Жандос Әубәкірдің айтуынша, Абайдан қалған мұраның сақталып қалуына еңбек сіңірген Көкбай ақын. Қазақ халқының негізгі сөз қорын малға, төрт түлікке қатысты сөздер құрайды екен, соның ішінде жылқыға қатысты мақал 400 беттен астам.

Абайдың аттың сынына арналған үздік өлеңін моңғол тіліне аударған Мекеш Тәліпұлы Баян-Өлгий аймағында туып-өскен, атажұртқа ел тәуелсіздігін алған бойда оралыпты. Ақын, жазушы, аудармашы Мекеш ағаның бұрынғы мамандығы зоотехник. Жылқының мінсіз портреті – әрбір дене мүшесі, силуэті тасқа басқандай көркем суретке тұнып тұрған керемет өлеңді өзге тілде сөйлетуіне әсерін тигізген көшпелі халықтарға ортақ құндылықтар болса керек. Бұл өлең сол елдің мерзімді басылымына жарияланып, моңғол әдебиетшілерінің жоғары бағасын алған. Мекеш Тәліпұлы өлеңнің моңғолша нұсқасын оқып берді.

Тарих маманы Қайрат Айтқожиннің пікірінше, біздің ел басшысы Қ.К. Тоқаевтың қазіргі заманға сай интеллектуалдық ұлт қалыптастыру қағидасы Абайдан басталады, Абай – ұлттық идеологияның өзегі. Бұл сөз көкейге әбден қонымды, шын сөз.

«Argymaq.kz» порталының бас редакторы Ержан Жаубай жылқының қазақтың болмысына сіңіп кеткенін, жылқыға жасалған құрметтің ерекшелігін; әскербасы Буденный қазақ жылқысының сақталуына еңбек сіңіргенін, Астанада атпен серуендететін клубтар ашылып жатқанын мәлімдеді. Абайдың 175 жылдығында Елордадан Семейге бес аттылы барған топта Ержан болғаны аян.

Қажытай Ілиясұлы жүйрік аттың 79 белгісі барын айтса, Абай жазған аттың сынын Қытайда тұратын ғалым Кәрім Дүйсенбайұлы этноорафиялық тұрғыда талдап, 64 белгісін атаған көрінеді. Ол мұны Алтай өлкесіндегі 20-ға жуық атбегімен сөйлесіп, елдің аузынан естіп, жазып алған.

Назгүл Бердіқожа «Азаттық» атты өлеңін оқыды, ал Аслан Ғафуровтың «Ержүрек батыр бабам Ер Қабанбай» поэмасынан текті жылқының бейнесі суреттелген шумақтарды тарихшы Қайрат Айтқожин оқып берді.

Жылқы – қазақ халқы үшін аса ардақты жануар, оның әдебиеттегі биік бейнесі қазақ сөзі барда ешқашан жоғалып кетпейді. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен бұл конференцияның айтары аз болмағаны аса сүйінішті.

Айгүл Кемелбаева,

Argymaq.kz

 

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

buy windows 11 pro test ediyorum