Қазақ және жылқы мінезі

21658

Қазақ халқының ғасырлар бойы мал шаруашылығымен, өте-мөте жылқымен төтенше жақын, жылқымен төтенше етене болғаны; жылқының қыр-сырына төтенше қанық, төтенше маман халық екендігі бұлтартпас шындық. Дүниеде қазақ халқындай жылқының қыр-сырына қанық, жылқы психологиясын қазақ халқындай жетік меңгерген ұлт сирек кездеседі. Олай дейтініміз, қазақ халқы жылқы тілін жақсы түсінеді. Жылқының қуаныш-қайғысын мүлтіксіз ұғынады. Жылқының не себепті күрсінгенін, не себепті осқырып, не себепті оқыранғанын, неге кісінеп, неге жылағанын айтқызбай біледі. Қайғы-қасіреті мен көңіл-күйіне дейін өте терең ұғынады. Жылқының бір кісінеу ырғағының өзінде сан алуан мән барын біледі.
Мысалы, алыс сапардан келіп, туған жері мен үйірін көргенде оқырануға бейім жеңіл екі кісінеуі – қуанып күлгені;
Айғырлардың мойнын созып құлағын жымырып үйірін қайырғаны – қызғанғаны, қауіп-қатерден қорғауға тырысқаны;
Өзара жақындасқанда оқыранғаны – жақсы көргені, қуанғаны;
Байлауда тұрып ащы арқырап кісінегені – көмек сұрағаны, шағынғаны;
Бір-бірінен алыстап қалғанда күлдірлеп кісінегені – қайда жүрсіңдер деп бір-бірін шақырғаны, бір-бірін сағынғаны.
Иесін көргенде жеңіл кісінеп, баяу оқыранғаны – қуанғаны, жем-су дәметкені.
Жер тарпып әрі жер иіскелеп, құймышағын сәл көтеріп осқырғаны – айбат көрсеткені, қарсыласымен айқасуға бейімделгені;
Тай-құлындарының өзінен үлкен айғырлар мен биелерге қарсы келіп қалғанда мойнын алға сәл созып, құйрықтарын бұттарына қысып, ауыздарын кемсеңдеткендері – құрмет көрсеткені, қорыққаны;
Құлағын жымырғаны – сес көрсеткені, тістеуге бейімделгені;
Жанына тұйықсыз жетіп барғанда осқырғаны – қорыққаны;
Өзі қорыққан, секем алған жағына мойнын сәл бұра, құлағын артына қайшылағаны – тебуге немесе жалт етіп бұрыла жөнелуге бейімделгені екендігін қапысыз ұғынады.
«Ат пысқырса – арам» деп оның пысқыруына қарап таяуда бір қиындыққа жолығатынын аңғарады, т.б.

Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Сымағұлұлы,

«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.