Жылқыға байланысты әдет-ғұрыптар. Ат байлар

11695

Некелесу мен үйлену тойында жылқының атқаратын рөлі ерекше. Күйеу жігіт қалыңдығының аулына тұңғыш барғанда «ат байлар» деп аталатын кәде орындалады. Күйеу астына өзінің жақсы жүйрік, не жорға атын мініп, серіктерімен қыздың ауылына келеді. Бұдан соң қалыңдықтың өзі әпкесі мен шешесі ауылда қалып, ауыл әйелдері, қыздары мен жігіттері күйеуді қарсы алуға шығады. Бұл әдет ғұрыптың мәнін В.Фирсов былай деп түсіндіреді: «Бұл рәсмият түсіндіруді керек етеді. Көшпенділер ерте заманнан басқа жердің адамдарымен бітімгершілікке барарда, өзінің сенімділігін білдіру үшін астындағы атын жетектетіп жіберетін. Себебі, далада адам атын кепілдікке беріп, өзі жаяу қалса, ештеңе қолынан келмейді, одан асқан өзіне сендіру жоқ…»

Күйеу баланың атын, жалпы күйеу қайын жұртына келіп-кетіп жүргенде балдыздары, басқа да тумалары аямай мінетін болған. «Күйеу атымен күл тасы» деген мақал содан қалса керек. Күйеу жігіт қызды алып қайтар кезде қыздың шешесінің сіңлісіне бір тай береді – ол «жеңгетай» деп аталады. Қыз әкесінің үйінде түскі тамақ ішіліп, күйеу кетуге жинала бастайды. Қыздың шешесі қызына қымбат ер-тұрманды жорғасын әкеп, қызын қолтығынан сүйеп атқа мінгізеді. Күйеу, қалыңдық, қыздың шешесі, кейде қыздың ағасы еріп, жастар күйеудің әкесінің үйіне аттанады.
Қызды ұзатқанда мінетін аттың құйрығын өретін болған. Ұзатылған қыз күйеу алдында ұятты болса, төркініне атқа теріс мінгізіп қайтарған. Қыз келін болып түсіп, отаудың табалдырығын оң аяғымен аттайды, кейбір отбасыларында келіннің басына аттың жүгенін кигізіп, ауыздығын салғандай көрсетіп, төрді бір рет айналдырады. Бұл келешекте келін жүгенсіз кетпесін тәртіпті, инабатты болсын деген ырым. Құда шақырудан соң келесі күні құдаларға қалың малдың келісілген мөлшерін береді. Қойдан бастап, түйе, аяғында жылқыны байлай бастайды. Малды әкеп байлаған бақташыларға арнайы сыйлық беріледі, мұны «құрық бау» дейді.
Қалың малға қазақ дәстүрінде қырық жетінің бүтіні, жақсылы отыз жеті, отыз жетінің бүтіні, отыз жетінің жартысы, жиырма жеті, он жеті, домалақ қалың беріледі. Сандардың бәрі қалыңға берілетін жылқының мөлшерін көрсетеді. 47 байтал, 37 байтал, т.с.с. болып келеді. Мұның үстіне берілетін қосымша алымдарда жылқы болады. «Жанама ат» — қалың мал есебінен тыс қосымша, қыз туыстарына берілетін мал. «Түс ат» — қалың малдың сыртында құдаға берілетін қалаулы ат, түс атқа ең аяулы жорға, жүйрік таңдап алынады. «Кіші ат» қалың мал сыртында қыздың алыс туысқандарына берлетін мал. Бұдан басқа қыз алатын жақ қалың мал берерде қосымша тойдың «өлтірісі» деп бір ат не бір тай береді. Қыз үлкен болса, керісінше қыздың әке-шешесі жігіттің әке-шешесіне қызымды үлкен көрме деп бір жылқы береді.

Безимени-6Ахмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы»
(Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.