Ілияс ЖАНСҮГІРОВ. Аттың азалы әні

24145

(«Құлагер» поэмасынан үзінді)

Күн батты, көлеңке алды Арқа жерін,
Кешкі жел жыбырлатты Қусақ көлін.
Қоштасып Құлагерге күңіренді Ақан,
Қайғыртып қасындағы қалған елін.

«Қош, енді қалдың кейін, Құлагерім!
Тұрмадың жығылғаннан, жылап едім.
Жалғанда саяқ жүріп таяқ жедім.
Көретін күнім шығар бұл да менің…

Бай-бай, бай-бай,
Бай-бай, бай-бай…

Құлагер, қоштасқаным ел алдында,
Жемтігің қалды сенің Жыландыда.
Айрылып жанымдағы жалғыз сенен,
Қайтейін, тұрмаған соң жылайын да.

Құлагер, жануарым, пырағым-ай,
Қалдың-ау Ерейменде, шырағым-ай!
Сенікі, менікі емес, қарға, кұзғын!
Оқи бер Құлагерге құраныңды-ай…

Көзіңнен айналайын тостағандай,
Қияр ем сені нағып тастағанға-ай;
Басыңды итке неге иіскетейін,
Ерте-кеш құшақтамай жас баламдай!

Құлагер, қош-қош атым, жолдасым-ай!
Мен білдім түнесем де тұрмасыңды-ай.
Тигізбей топыраққа, жоғары іліп
Сақтармын өле-өлгенше қу басыңды-ай!»

Соны айтып Құлагердің басын кесті,
Көрген жан: «Қайтсін шіркін, асыл!» — десті.
Достары: «Қайран ер-ай, обал-айлап»,
Қастары: «Сол сыйымен барсын!» — десті.

Алда бас, арт жағына ұл мінгесті,
Бәйгені өзге қалған жан үлесті.
Бір салып атты бұтқа Ақан сері,
Жамылып жүріп берді қоңыр кешті.

Жеделдеп жетім ұлмен жүріп кетті,
Ұйқысыз ұзақ таңға бүлкілдетті.
Ұзын жол, жұлдыз жарық, жазғы түнді
«Құлагер» деген әнмен күңірентті.

Әнімен шығаруға ішкі дертті,
Шырқатып ащы үнімен шерін шертті.
Болады салған әні су сепкендей,
Сөндіре алмаса да жанған өртті.

Ащы зар, ауыр шері айғайлатты.
«Құлагер» айтқан сайын қайғы ойлатты.
Ұйқышыл, керең қырға маза бермей,
Күрсінтіп соқыр түнді бай-байлатты.

Шер даусы ен далада шықты қатты,
Түн, дала, ел төсекте тыңдап жатты.
Құлақ caп қырда қоян, қорада қой,
Жылқылар жайылыста ішін тартты.

Бесікте бала оянып, ұйып қапты,
Кемпір, шал жамбасына зарлы үн батты.
Қыз, келін қой күзеткен айтақтамай,
Түнгі ауыл зарлы әнді тыңдап жатты.

Зарлатты, аңыратты, жорғалатты,
Күйік ән көкке серпіп, сорғалатты.
Азалы ащы дауыс зарлағанда,
Жұрт бірге жоқтап жатты өлген атты.

Бай-байлап «Құлагер» ән бебеу қақты,
Талда құс, белдеулерде бедеу қатты.
Зарлы әнін «Құлагердің» жылқышылар,
Сүйеніп құрығына тыңдап қапты.

Жолшыбай жол көп елді аралатты,
Бұрылмай бас өңгерген баран атты,
Керең түн кең даланы күңірентіп,
Бай-байлап «Құлагерге» бара жатты.

Көргенде Көкшетауды дерті қатты,
Жүрген жер Құлагермен жанға батты.
Кетер түн Құлагердің жатқан жерін
Құшақтап, жер бауырлап, жылап жатты.

Тау мен тас жоқтағандай Кер құла атты,
Бар бұлақ көлге суын бауырымдатты.
Кірсіз жер, кінәсіз жел жылы ұшырап,
Құланың қазасына көңіл айтты.

Ардақтап ат байлаған бір ағашын,
Қастерлеп Құлагердің ілді басын,
Аңырап ағыл-тегіл боп отырды,
Көзінің омырауына құйып жасын.

Көкшенің күйіндіріп тауын, тасын,
Күңірентіп сай-саласын, көлдің басын.
Ат жанды, аяулы аттың иесі Ақан,
Жоқтады жұбанбастан кер Құласын.

Кей-кейде жауын болып, жылап ақты,
Кей-кейде дауыл болып соқты қатты;
Кей-кейде күңіреніп, көлдей толқып,
Кей-кейде қу ағаштай құлап жатты.

Кей-кейде әнге шырқап өлең айтты,
Кей-кейде томсырайып тастай қатты.
Қылғандай қайыңды қос, тасты төсек,
Аһылап, ағаштағы бастай қатты.

Жаз өтіп, жапырақ солып, күз де бопты,
Қуартып жасыл жерді, қазан соқты.
Күйкиіп Көкшетаулар күпі киіп,
Жайлауда тышқан аңдып, түлкі жортты.

Күзгі ауыл сары от іздеп, қуды қоқты,
Қозы, лақ өсіп бопты шыбыш, тоқты.
Жиналып желі, ноқта, саба сорғып,
Ызғырық естіртеді ойда жоқты.

Ақанның көңілі осы күздей болып,
Қазасы Құлагердің өткен соғып,
Көңілінің Көкшетауы қуаң тартып,
Қызығын қайғы орағы кеткен орып.

Құланың қайғысынан қатып, семіп,
Қурай боп екі-үш айда қалған шөгіп.
Құлауға құйын соқса оп-оңай тұр,
Құрт жеген құба сөңкел секілденіп.

Ақанда қызық та жоқ, сауық та жоқ,
Оларды іздеп, жұртпен жауықпақ жоқ.
Қапыда қатты тиген сол соққыдан,,
Қираған жан қанаты сауықпақ жоқ.

Жар да жоқ, жалын да жоқ, жақсы ат та жоқ,
Оларды енді көксер мақсат та жоқ.
Күңіренген күні-түні «Құлагерге»,
Асқақ ән, әсем үнді зар жақ та жоқ.

Кеткендей қызық тарқап, қаны суып,
Айдаған айдалаға жаны қуып.
Жап-жалғыз тауды, тасты мекендеген,
Жанына жолатқызбай жанды жуық.

Өмірден жиіркеніп көңілі суып,
Қалғандай айналадан өзге туып.
Жатады жанды көрмей жапан түзде,
Көліне Бурабайдың кірін жуып.

Баурында Оқжетпестің бір шоқ қайың,
Жүреді сонда Сері келіп дайым.
Ілулі сол қайыңда тұрған қу бас,
Қобыздай ызылдар жел соққан сайын.

Басында айтамыз деп бастың жайын,
Әңгіме қылдық, білем, астың жайын.
Мынау бас — Құлагердің қу басы еді,
Мынау шал — Ақан жалғыз, қашқындайын.

Қайыңның қасына кеп жүрген Сері,
Байлаулы Құлагердің тұрған жері.
Сол жерді тауап қылып оқта-текте,
Кетпейді осы арадан сонан бері.

Ән болып Көкшетаудың күңіренгені,
Сөз болып жат мінезі, шерткен шері;
Кетіпті елдің аузы әуезе қып:
«Жын құшып, жалғыз жүрген Ақан — пері».

Өтті күн. Қалды ағашта бас қуарып,
Қатайды Сері, сақал-шаш қуарып.
Серіксіз, елсіз, малсыз, иен тауда
Өткізді өмірін ол, басқа қуанып.

Тентіреп тауда ұдайы, таста қаңғып,
Оты өшкен, бойында жоқ жас құмарлық.
Басар жер, барар тауы — Бурабай боп,
Бейшара бағып өткен басты мал қып.

Шүйке шал, аузы ұрадай опырылған,
Су мұрын, қу ұрты шұқырайған.
Боз бура бір күндегі тасқа шөгіп,
Шал отыр қу қайыңда мықырайған.

Келсаптай тұзды түйген бас ағарған,
Түздегі қу бастайын жақ қуарған.
Бетіне ел көшкендей сүрлеу түсіп,
Шөлдегі шыңыраудай көз суалған.

Жігіттің бір күндегі Көкшетауы,
Күрсінткен көп сұлудың «Көкем-ауы».
Жаңғыртқан жақсы жерді, жалпақ елді,
Әсем үн, аспанға өрлеп салған әні.

Бір күнде болған жігіт жан жайлауы,
Қайда оның күлкі, ойынмен жайнаңдауы?
Құлазып күзді күнгі Көкшетаудай,
Қызықтың көшіп кеткен cap жайлауы.

Көңіліне Құлагерден құйылып мұз,
Күйкиіп отыр таста Ақан байғыз.
Жан тынышын елден емес, жерден тапқан,
Сондай бір адам бопты жаны жалғыз.

Даусына жаңғырып тау, жаңғырып құз
Серінің салған әнін сағынамыз.
Қазақтың қиялының жақсы аты деп,
Біз-дағы Құлагерге қамығамыз.

Сорлы Ақан «Құлагер» деп жылап, күйген,
Елдің ол құлағына жылы тиген.
Болса да мейлі сері, мейлі пері,
Ақанның аты мен жұрт әнін сүйген.

Қайтқанда басты өңгеріп, сонау түннен,
Ән алған қалың қазақ қайғылы үннен.
Қағып aп қыз, келіншек күзеттегі,
Жылқышы жылқы ішінде салып жүрген.

Сорлы Ақан күңіреніп қайтқан шақта,
Күңіреніп Ерейменде өлген атқа.
Алатау, кең даланың Қыр, Сырында,
Ән тарап жатты осындай Арқа жақта.

Аты өліп, астан Ақан шаршап қайтты,
Ауылға оның әнін малшы ап қайтты.
Ел-елден Ерейменге жиылған жан,
Еліне «Құлагер» деп ән caп қайтты.

Жұрт жоқтап қапыда өлген қайран атты,
Әржақта ел бұлбұлы сайрап жатты.
Ішегі домбыраның сыңсып жылап,
Әншілер «Құлагерге» бай-байлатты.

Құланы мақтады жұрт «мал басы» деп,
Тыңдады Ақан әнін «зарласын» деп.
«Қазақтың бір аяулы атын атқан
Барша жұрт Батырашты қарғасын» деп.

Ақанды айтпаса да «қолбасы» деп,
Аяды «Құлагердің жолдасы» деп.
Лағынат оқыды әнмен өткен күнге,
«Сол сұмдық қайтып қырда болмасын!»-деп.

Zhansugirov-IlyasІлияс Жансүгіров

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.