Қанат ӘМІРБЕКОВ. Қазақ мәдениеті мен тарихындағы жылқы орны
Тарихта қолға үйретілген жануарлардың ішінен жылқыдан асқан керемет жануар жоқ. Осы бір тамаша сұлу және жүйрік, күшті жануар алғашқы адамдардың негізгі серігі болды. Алғашқы адамдар жылқыны қолға үйретіп, уақыт өте келе оны мініс көлігіне айналдырудың арқасында ежелгі қоғамның мәдениеті мен тарихының көкжиегі кеңейе түсті.
Қолға үйретілген жылқының көмегімен адамдар алыс қашықтықтардағы жерді игере алды. Ғасырлар өте келе жылқы аңыз-әңгімелер мен ертегілерге арқау болды. Жылқының қолға үйретілгенінен бастап қоғамның дамуы үдей түсті. Кезінде ата-бабаларымыз –сақ, ғұн, түркілер, қыпшақтар батысқа қарай жорытып, 3 мың жылдай жарты әлемді өз қолына ұстап тұруы да осы жылқы малын басқа құрлыққа қарағанда ерте меңгеруінің дәлелі болады. Ежелгі қазақ аңыздарында: «жылқыны алғаш ұстап әкелгенде көп нәрсені көрген, білген ақсақал адам былай депті: «Жал-құйрығы қанат екен, төрт аяғы болат екен, жануардың жүрген жері жаугершілік екен. Шырақтарым осыны тапқан жерлеріңе апарып қоя беріндер» деп айтыпты.
Жылқыны қолға үйрету ең алдымен төрт түлік мал бағуды жеңілдетіп, жер шаруашылығы мен егіншіліктің дамуына тікелей әсер еткен.
Жылқыны қазақ баласы өзінің жарты жолда тастамас адал досы және киесі ретінде қарады. Соның көмегімен олар күнделікті тұрмыс қам-қаракетіндегі және жорықтардағы қандай да болмасын қиындықтарды жеңе алды, жылқыға сенім артты.
Осындай кең даламызды жүйрік жылқылардың арқасында ұстап тұрған. Махмұд Қашғари: «Ат – түріктің қанаты», – деп бейнеледі. Байлығының құны жылқымен өлшенетін қазақ жүздеген мың жылқысы үшін жаңа жер, жаңа жайылым іздеп жерін кеңейткен, сол жерді жылқылы жасақпен қорғаған. Қазақтың жылқысы көп болғаны сонша, кейбіреулері жылқыларын белгілі бір сайға қамап, олардың санын шамалай салатында болған. Қазақ халқы үшін жылқы – тектілік пен батырлықтың, достық пен адалдықтың, сұлулық пен асқақтықтың, бостандық пен егемендіктің белгісі болып табылады. Елтаңбамызда жалы төгіліп тұрған пырақты ат бейнеленуіде жоғары айтылған жайттерді меңзейді. Бұл біздің мәдениетіміз, тарихымыз. Әрқашанда мәдениетіміз гүлдене берсін, арғымығамыз бәйгеде тек алда болсын!
Арыс музейінің ғылыми қызметкері Қанат Дүйсенбайұлы Әмірбеков
Байланыс үшін: +7 (777) 098-02-96
Эл.почта: anarys@mail.ru