Несіпбек АЙТҰЛЫ. Нарқызыл мен жалғыз ұл
Әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің туған топырағы, өскен ортасы – тұнып тұрған шежіре. Мұхтар аға қалың оқырманға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан белгілі Бақанас өзенінің бойында – «Көпбейіт» деген жерде дүниеге келген. «Көпбейіт» атауы өзен жағасындағы көнеден келе жатқан қалың тас қорымға байланысты қойылса керек. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары ұйымдасқан колхоз басқармасы алғашында осы арада болғандықтан жұрт күні бүгінге дейін «Ескі кеңсе» атайды. Жазушының ата-бабасының үш ғасырдан бергі көң төккен қыстауының орны да осында. Бақанас өзені Шыңғыстаудан басталып Балқашқа құяды. Шәкәрімнің тошаласы Бақанастың басында – Шақпақты жайлауында, ал Шәкәрім отыз жыл жатқан Құрқұдық Бақанастың шығысынан Үшқызылдың тұсынан келіп қосылатын Байқошқар өзенінің бойында. Үшқызыл – ауыл орталығы. Бұл ауылды Байқошқар деп те атайды. «Көпбейіт» бұдан бес шақырымдай төменде.
Мұхтардың бабасы – Құрымбай. Абаймен замандас, сыйлас, дос болған адам. Құрымбайдың алғаны, Мұхтардың ұлы әжесі – Қаракөз Абай елінің қызы. Кезінде Абай Құрымбайдан сұрап, бір жаз «Көпбейітте» отырыпты. Абайдың атақты «жазды күн шілде болғанда» деген өлеңі осы «Көпбейітте» шыққан. Бұл туралы Мұхтар ағаның өзі кең толғап жазған.
Құрымбайдан – Мағауия, Берікбол туады. Мағауия әкесі Құрымбай Абайдың көңілін сұрай барғанда қасында болған. Сонда 9 жаста екен. Зеректігі сонша әкесі мен Абайдың арасындағы болған әңгімені кейінге дейін қаз қалпында айтып отыратын. Берікболдан – Мұхан, Мұханнан-Мұхтар. Берікбол ертерек қайтыс болған көрінеді. Екеудің ортасында жалғыз ұл болғандықтан Мұханды Мағауия бауырына салған. Еркек кіндіктіден Мұханнан Мұхтар жалғыз.
Мұхан – Шұбартау өңірінен шыққан алғашқы зиялылардың бірі, белгілі ұстаз. «Халық жауы» атанып талай жыл айдауда болған. Ақыры соның кесірінен инсульт алып көп азап тартты. Мінезі жұмсақ, орта бойлы, дөңгелек жүзді ақсары кісі еді. Бәйбішесі Нұржамал елде қайтыс болғаннан кейін, Алматыға Мұхтардың қолына кеп, біраз жыл тұрып дүниеден өтті.
Әкесі Мұхан түрмеде жүргенде жас Мұхтарды әлпештеп өсірген кісі – атасы Мағауия, әжесі – Орынбасар. Орынбасар қайтыс болғаннан кейін Мағауия ақсақал Балсары деген кісімен отасқан. Балсары шешейді жұрт айғайлап сөйлейтін адуынды мінезіне қарап «Айғай апа» деуші еді. Бертін келе дүние салды.
Мағауия – ұзын бойлы, қара торы, мұртты, шоқша сақалды, ел мен жер тарихына жетік, арабша сауатты, атбегі, аңшы, шежіре, көненің көзі еді. Шәкәріммен дос-жар, сырлас болған. Аңға талай бірге шыққан. Алаш азаматтарымен де пікірлес болған. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов Шәуешекке барған сапарында жолай Көпбейіттегі Мағауияның үйінде бірнеше күн жатқан деген сөз бар.
Болашақ кемел жазушы Мұхтардың бойындағы талант көзінің кең ашылуына ең алдымен Мағауия бойындағы мол қасиеттің әсер еткені айқын. Біздің бала кезімізде Мағауияның даңқы атақты жүйрік ат Нарқызылмен шықты. Мұхтар Мағауиннің «Нарқызыл» повесінде тұлпардың тағдыры жан-жақты баяндалған. Повестің аяғында Нарқызыл қалың жылқымен бірге Семейдің еткомбинатына айдалады. Бұл — жазушының өз ойынан туған көркемдік шешімі. Шындығында Нарқызыл 1968-69 жылдың қысындағы қатты жұтта бір топ жылқымен бірге боранда терең орға түсіп кетіп, қайта шыға алмай аязда қатып өлген. Мен Нарқызылды сол жылдың күзінде он шақты жылқымен бірге жайылып жүрген жерінде соңғы рет көрдім. Қайран тұлпар бұрынғы қызылкөк түсінен айырылып, ақбозға айналып, сүйектері арсаланып қартайып қалған екен. Нарқызылдың өлігін мал қарап жүріп, Дүтжан деген қыстақтың маңынан көрген әкем: «қасындағы бірге өлген басқа жылқылардың бәрі қалай болса солай құлап жатыр. Жануар Нарқызыл терең ордан соңғы рет ұмтылып барып, иегін ернеуге сүйеген қалпында тік тұрып қатып қалыпты» деп, өкіне айтып келгені есімде. Менің Шәкір Әбеновке арнаған толғауымда «өледі екен хас тұлпар, ернеуге сүйеп иегін» деп жүргенім содан алған әсер. Мағауия ақсақалдың ат баптауы да ерекше болатын. Нарқызылды жаратқанда күн қақты қылмай киіз үйдің ішінде ұстайтын. Екі-үш бие байлап, күн сайын саумалмен сусындатып отыратын. Саумалға үйренген жүйрік суды да көп іше бермейді. Биенің сүті сүйегіне сіңген сайын құлындай ойнақ салып, қолға тұрмайды. Айғай, дүбір шықса ала жөнеледі. Бірде әбден бабына келген Нарқызыл жетектеп келе жатқанда елегізіп атқи жөнелгенде қолындағы қыларқан оралып қап, Мағауияның сұқ саусағын жұлып әкетіпті. «Нарқызылдан қалған белгі» деп қолын көрсетіп, күліп отыратын қария. Нарқызылдың бітімі де бөлек болатын. Төрт тұяғы құрыштан құйылған тостағандай дөп-дөңгелек, тұрасы қалың, бақайы қысқа, шашалы, жал-құйрығы сұйық, қабырғалы, белі қайқылау, бауыры жазық, шақпақ еті мен ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы, тірсегі сіңірлі, екі құлағының аралығы кең, көзі аялы, алды-арты бірдей, сандықтай ғана шаршы жылқы еді. Бабы келіспесе бәйгенің алдында шапшып, үстіне бала мінгізбейтін. Ондайда Нарқызылды Мағауия ақсақал бәйгеге қоспайтын. Нарқызыл шыға шабатын. Алдына қара салмайтын. Ортекедей орғып, сұлу жүгіретін. Өткен ғасырда Аягөзде Ай өзенінің бойында бүкіл Шығыс өңірінің, Қарағанды, Талдықорған облыстарының жүйріктері жиналған ұлы-дүбір той болыпты. Сол бәйгеде де Нарқызыл әдеттегідей бес айналымда да мәреден бірінші өтіпті. Сонда тойға келген орыс ағайындар «Бұл атқа бес бәйге беру керек!» деп, шу шығарыпты. Ат бәйгесіне машина тігетін қазіргідей шалқыған заман емес, Нарқызылға жапқан қызыл кілемді Мағауия ақсақал сол жолы тойға келген әйгілі әнші Жүсіпбек Елебековке сыйлапты. Бұл да бір айта жүрер оқиға.
Тарихтан жақсыға да, жүйрікке де жасалған неше түрлі қысастықты, қастықты білеміз. Нарқызыл да сол қызылкөз қызғаныштан қиянат көрген тұлпар. Елдің айтуынша, Абай ауданында өткен бір бәйгеден соң Нарқызыл аяғын шекіп қалады. Ертесінде шоқтығы күптей болып ісіп шыға келеді. Жара көпке дейін жазылмай қояды. Ақыры анау-мынау ем-домға көнбеген соң, мал дәрігерлері жараны тіліп қарайды. Сөйтсе, жауырын сүйегіне шеге қадалып тұр екен…
Мағауия қартайған тұста жарасы жазылған Нарқызылды жаратып, қайта бәйгеге қосқан атбегі — Төлеміс қария. Төлеміс – Абай жолы романында Абайға араша түсетін керей Уәйіс Шондыбаев ақын жырлаған «Тәуке-Жікібай» поэмасындағы Жікібай батырдың баласы. Сол жолы Аягөз өзенінің бойында өткен бәйгеде Нарқызылға мен мініп шапқан едім. Ол — 1964 жылдың жазы еді. Ал, Нарқызылдың бәйге бермей тұрған кезіндегі шабандозы – Есентай Төлеутаев деген азамат. Бүгінде Аягөз қаласында тұрады, жасы жетпіске таяп қалды. Нарқызыл жөнінде менен гөрі сол кісі жақсы біледі.
Жатқан жері жарық болғыр Мағауия марқұмның талай бәйгенің алдында келген бір жүйрігі – жылқының тұлпары Нарқызылы болса, өмір, өнер бәйгесіне үкілеп қосқан енді бір жүйрігі – әдебиет әлемінің аламан бәйгесінің алдында келе жатқан ақтаңгер тұлпары, маңдайға басқан жалғыз ұлы – Мұхтар Мағауин!..
Кезінде Мұхтар аға Мемлекеттік сыйлық алған күнгі қуаныштан туған өлеңімде де Нарқызыл аталады. Өйткені, екеуі де Хас тұлпар!
Әсерлі әңгіме екен, Нарқызыл жайлы естуші ем, толықтым
[…] – С.Н.) жөнбілгі-сөзбілгі адам болатын. Өзі атбегі еді. «Нарқызыл» деген аты болды. Ондай жүйрікті көрмедім. Кейін ол туралы «Жүйрік» […]