Мерей ҚАРТОВ. Еркежирен

11264

ErkezhirenЕң алғаш жылқы малы Қазақ даласында құрықталып, қолға үйретілген деген тұжырымға әбден келісем. Оған қаншама дәлелдер де бар. Қазақ — жылқы тектес халық, алыс жүрсе кісінеседі, жақын жүрсе тістеседі. Жылқы төрт түліктің патшасы! Мінсең — көлік, ішсең — қымыз, жесең — ет.

Бұл түліктің қасиетін, тарихын, тегін, пайдасын жазып біту мүмкін емес, айтылып та жатыр, жазылып та жатыр. Қайталауды қажет етпей, көптен бері көкейімде жүрген Еркежирен жайлы толғанғым кеп отыр.

Әр адам өзінің көргенін, естігенін жазады ғой. Мен естігенімді жазайын. Біздің өлкенің жылқыға құмарлығы, текті жануарлардың тарихта қалғаны қаншама. Ақсуаттың ауасынан ба, суынан ба, топырағынан ба ежелден жүйрік жылқылар көп шыққан. Тарбағатай, Өкпетінің шүйгін шөбінен нәр алып, Қарғыба, Боғас, Талды Базар өзендерінен қанып ішкен жылқы осал болмас. Желдіқара, Доланқара, Майлышат жондары ерте заманнан жылқының жайылымы. Байыс бабамыздың мыңғырған жылқылары жұттан аман қалған жер. Атақты Ұлан-Бұланның санау бермейтін сан үйірі су ішіп, отаған өлке. Талай тұлпардың ізі қалды, талай арғымқтың тері төгілді. Қаракерей Қабанбай батырдың Қубас аты осы Ақсуат жерінде, Тарбағатай төрінде өскен құлын. Арда еміп жүрген жерінен Би Боранбай бабамыз, жиеніне таңдап берген екен. Отыз сегіз жыл серік болған тұлпар Қабанбай жырында айтылады. Оны жеке оқып аларсыздар. Ауылда Қубас аталатын кезең бар, қартайған шағында жан тапсырған жері. Қартайып тұра алмай жатқан Қубасты аяп, Би Боранбай атамыз; «Бұл аруақты тұлпар ғой, қасынан топ жылқыны айдап өтіңдер, өзі ұмтылып тұрады, жеткен жеріне дейін шабар»-деген екен. Айтқандай, қиқулаған дүбірді естіп Қубас ұшып түрегеліп, елігіп, біраз жер шауып Жағалбайлы биігінде жан тапсырған деседі. Сол Қубастың тұқымдары біздің елде өте көп. Еш қоспасы жоқ қазақи жылқыларға бай. «Ат тұяғын тай басар» — дейді дана халық. Ол рас, енді Еркежиренге де кезек келді.

Erkezhiren2Атақты Еркежирен 1981 жылдың құлыны. Тарбағатайдың төсі, Өкпетінің етегі Майбастауда қазақи биенің қағанағын жарып шыққан текті тұқым. Ол кезде, жеке меншік жоқ. Совхоздың иелігінде. Жылқы да, қой да, сиыр да ешкімдікі емес. Мал бағып отырған шопандарға, жылқышыларға үйірден құнан ұстап үйретіп мінуге рұқсат бар кез. Савхоздың жылқысы жуасысын деген ниет қой. Байтілеуов Қамза жыл сайын савхоздың жылқысынан асау алып, үйретіп мінетін әдеті бар екен. Жылқы сұрап үйірге келсе, қоңдылауын бермей әлек қылыпты. Қашаға сүйкеніп жүрген қотыр тайды ұсыныпты. Әлгіні ноқталап, жаманда болса осыдан бірдеңе шығады деп жетектеп кете барады. Ай, өтеді күн өтеді. Ертегідегідей жаман құнан түлеп, жан біте бастайды. Тұлпарды желісінен танитын Қамза аға, әлі көрсетеді бұл деп, сыртынан сүйсініп жүреді. Күндердің күнінде қамалып тұрған асау жылқы, қашаны бұзып қашады. Дереу байланып тұрған, Еркежирен ді жүгендеп, Қамза ағамыздың ұлы, Оқас тұра қуады. Пай, шіркін-ай десеңші, осы кезде жүйріктігі сыналып, асауды аттап бастырмай қайырып әкелген екен. Жұрты жүйріктігіне көз жетіп, таңдай қағысады. Осыдан бастап Қамза қарт Еркежирен ді баптай бастайды, алыс-жақын жердегі жарыстарға апрады, қара үзіп келіп жүреді.

Еркежирен алғашында ауданды мойындатады, алдына қара түспейді. Шабандозы Қанат (Өзен) деге бала өле-өлгенше үстінен түспеген екен. Көзден жас ағызатын, алдыңнан жел гулететін жүйрік екені алдымен Өзенге мәлім. Еркежирен мәреден шыққаннан дара кетеді екен, сол беті жеткізбей, артындағы жылқыларды тағы бір орап айналатынын ел аңыз қылып әлі айтады. Ауданнан танылып, атағы шыққан соң Абай ауданында М.О.Әуезовтің 90 жылдығына арналған Республиканың түкіп-түкпірінен келіп қатысатын бәйгеге жол тартады. Міне, осы сәт нағыз тұлпардың сыналар кезі. Әр өңірден іріктеліп келген 54 аттың ішінде дара келеді. Еш жүйрікті шаңына да ілестірмейді. Сол кезде барлық жұрт тамсана қарайды, таңдай қағады. Тұлпар көрсе қаны қызатын қазақ Еркежирен нің маңайына жиналып, біразға дейін тарқамайды. Сол кезде аттың шабысын көрген, намысын көрген, тегін байқаған, ақын Мерғали Ыбраев жыр арнайды, оған белгілі сазгер, әнші Тұрсынғазы Рахимов ән шығарады…

Шабандоз тақымдарын қатты қысып,
Ат кетті тұрған жерден атқып ұшып.
Артынан ақсақалдар салды ұран,
Тымақты оңды-солды лақтырысып.

Қаршадай тізгін берген жас балаға.
Қазақта бәйге десе ес қала ма?
Қамза қарт тәуекел деп күбірлейді,
Бұл тойға бір жиренін қосқан о да.
Еркежирен, Еркежирен, Еркежирен.

Майлышат, Майлыаяқшат медет бер деп,
Жерінде ұлы Мұхтар жебеп көр деп,
Бұл тойға келген еді Ақсуаттан,
Бапталған Еркежирен себепкер боп.

Ерке еді құнанынан қолында өскен,
Тас қия Тарбағатай төрінде өскен,
Жануар мені жерге қаратпа деп,
Қамза қарт қала берді көрінбестен.
Еркежирен, Еркежирен, Еркежирен.

Бар мұнда Өскеменнен Киік қара,
Басқа аттан бітімі өзге, биік, дара.
Бар мұнда Шұбартаудың Шаңтимесі,
Ат екен жал-кұйрығы сұйық қана.

Бар мүнда Керекудің Кертөбелі,
Ат емес өзі елінде ертегі еді.
Жиналған кілең жүйрік елу төрт ат,
Ауданнан озып келген ең төмені.
Еркежирен, Еркежирен, Еркежирен.

Бапкердің атқа шапқан жалғыз ұлы,
Бар мұнда Қарағанды Нар қызылы.
Топ жарған Топай көгі Балқаш жақтың,
Бұл тойға қосылыпты ең қызығы.

Күлтелеп кекіл-жалын баптамаған,
Секілді Сарыарқада ат қалмаған.
Шаң борап шабысынан шапқан аттың,
Бейне бір дауыл күні өрт қаулаған.
Еркежирен, Еркежирен, Еркежирен.

Келерін көкірегіне ерте түйген,
Шорт қылып жал-құйрығын келте түйген.
Алыстан көрген көзді сүйсіндіріп,
Алдында келеді, әне Еркежирен.

Жұлдыздай соңғы айналым ағып келді,
Келгенін Еркежирен халық көрді.
Көзіне жас іркілген Қамза қартқа,
Қалың жұрт сүйінші деп шауып келді.
Еркежирен, Еркежирен, Еркежирен.

«Өзінше жүйрігі бар әр даланың,
Қызғанса озған атты — таңданамын.
Бұл жолғы бас бәйгем де халықтікі,
Мұхтардай ұлы жанға арнағанмын!» –

Деп бапкер көзін сүртті жеңіменен,
Қуанып балаша мәз еліменен.
Құшақтап Еркежирен мойынынан,
Иіскеді моншақ-моншақ теріменен,
Еркежирен, Еркежирен, Еркежирен.

ShukimanЕркежирен туралы ел ағалары да, білетін, көрген кісілердің де пікірі бар. Дәстүрлі әнші, сол Ақсуаттың тумасы Еркін Шүкіманов былай дейді: «Ендігі бір сөз, осы жылқыға арналған әндердің ішіндегі мен білетін соңғысы Тұрсынғазы Рахимов ағамның «Еркежирен» әні. (Бұдан басқа да мен білмейтін әндер шығып жатқан шығар) Бұл ән біздің Тарбағатай ауданының (Ақсуаттың) Қызылкесік деген ауылында ұзақ жылдар бойы алдына қара салмаған Хамза қарттың Еркежирен деген атына арналып еді. Бала күнімде шопандар тойына барғанда Еркежирен нің шабысын бір көріп ем. 1987 жылы Жидебайда, нақты айтқанда Қарауылтөбеде Мұхтар Әуезовтың 90 жылдығына арналған астың аламан бәйгесінде қара үзіп шығып, сол бойы алдына ат шығармай, 40 шақырымды айналып өтіп, мәреге біріші боп келген еді. Сол кезде толқымаған жан қалмаған. Бұл Еркежирен нің соңғы шабысы еді. Бұл көрініс осы ұлы тойда жүрген Тұрсынғазы ағамның да жүрегін тербеп, көңілін толқытса керек. Нәтижесінде «Еркежирен дей» ән дүниеге келді. Ол әннің сөзін сол аламан бәйгенің куәсі болған, өз көзімен көрген ақын Мерғали Ибраев ағамыз жазған еді. Сол себепті де ән шынайы. Сол аламанның ішінде жүргендей боласың».

Bolat M.Қамза қарт өскен, Еркежирен туған өлкенің ұлы, белгілі журанлист Болат Мүрсәлім де, Қиян ақпараттық сайтына ішкі тебіренісін білдірген екен: «Туһ, шіркін-ай! Қайран, Еркежирен! Жұлдыздай ағушы еді. Көз ұшыңда бұлдырап кетіп бара жатады, артынан бір шоқ болып топтасқан өңге аттар жете бергенде, Өзен (шабандоз) тізгінді жібереді-ай! Содан Еркежирен қайта ұшады, я ағады су бетіндегі қағаз қайықтай. Өзеннің үстіндегі жасыл шыт киім өзгемен шатастырмайды. 25 шақырымдық бәйгеде өзге аттардан 3-5 шақырым алда келуші еді. Еркежирен нің әр шапқанын ауылдың адамдары секундтармен санап жүруші еді. Бұл — Еркежиреннің соңғы шабысы емес. Екі жылдан кейін Баянауылда Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдық тойында Еркежирен қайта бәйгеге қосылды. Сол тойда болғандардың айтуынша, Еркежирен тағы да қара үзіп бәйгеден бірінші келіпті. Сөйтсе, Хамза ақсақал мен Бошай Кітапбаев атамыз бәстесіпті. Бошай атамыз «Құланқара, Бұланқара, Желмаяны» (Ғ.Мүсіреповтің осы үш ат туралы очеркі бар) баптаған атақты атбегі емес пе? Бошай ақсақал мен Хамза ақсақал аттарын елден ерек 45 шақырымға жіберткізіпті деседі. Сол 45 шақырымдық бәйгенің көмбесінен өте бергенде, Еркежирен аяғын кесе басыпты. Омақасып құлаған екен. Кейін аяғы шор болып бітіп, ауылда, Майлышатта жүрді. Қабанбайдың 300 жылдық тойы қарсаңында үш аяқпен шапқанын және көрдік. Бәйге десе елеңдеп тұрады екен ғой, жарықтық! Елге көрсету үшін ғана бір айналым шапқанда, тағы да қара үзіп келді. Содан соң, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында Газ-53-тің бортына тиеп Семейдің Малдәргерлік институтына апарды. Ол жерде профессорлар операция жасап еді, әбден кешіккен екен. Еркежирен Майлышатта жүрді. Таң қылаң бергенде, Күнге қарап қарсы алып, Күнді ұзатып салады екен. 1997 жылы қасқыр жеп кетіпті. Басы қазіргі Майлышаттың жанынан өте бергендегі төбеде тұр».

Serikzat D.Осы пікірлердің көшін жалғап айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы да ой қосыпты: «Еркежиреннің шабысын бала күнімізден естіп өстік қой. 1993 жылы болуы керек, Қызылкесікте Би Боранбай бабамыздың 300 жылдық мерейтойында Тұрсынғазы Рахимов ағамның ойнақтатып мініп жүргенін көрген едім. Жануар ол кезде бір аяғынан кем болып қалған екен. Бәйгеге шапқан жүйріктердің дүбіріне елеңдеп тұрды. Қайран аламанның алдын бермеген тұлпарым-ай десейші! Қатты жаным ашып еді сол кезде. Ұмытылып бара жатқан тарихты жаңғыртқан Еркін мен Болат бауырларыма риза болып отырмын. Тіпті осы уақытқа дейін Еркежиреннің менің атамекенім Майлышатта болғанынан да бейхабар екенмін.Тұрсынғазы ағам мен марқұм Мерғали ағам біртуар таланттар ғой. Шындығында Еркежирен Ақанның Құлагері сияқты тағдырлы тұлпар еді. Соны тап басып, тани білгендіктерінің өзі талантқа тән қасиет қой.»

«Жақсы ат аяқтан кетеді»-дейді қазекем. Рас, Еркежирен аяқтан кетті. Баянауылда өткен, Қ. Сатбаевтің 110 жылдығында шалыс басып, аяғы ақсап мәреге жетпеді. Осыдан бастап оңалмай, Бәйге төбенің басын көрмеді. Қайран текті тұлпар-ай, арауақты жылқым-ай. Текті тұлпап қартайып Қызылкесік жайлауында жан тапсырды. Ауыл жұрты: «Тұлпардың соңғы тұяғы еді»-деп күрсінді. Қамза қарт та өмірден өткен, артында қалған ұрпағы әлі күнге ат жаратып, бәйгеге қосып жүреді. Шабандозы Өзен де қазір үлккен жігіт, енді тақымына Еркежирен дей ат біте ме, бітпей ме оны бір Құдай біледі.

KartovМерей Қартов.
Суреттер автордың жеке қорынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.