Тай жарыс

9777

Тай шабыс — әртүрлі топтық басқосулар мен той-мерекелерде жиі өткізілетін әсіресе, бозбалалар ерекше қызығып өткізетін көңіл ашу қимылы. Сондай-ақ болашақ бәйгелер мен тұлпарларды, дүлдүлдер мен пырақтарды байқау, сынау жарысы. Бұл жарыс өз ішінен «қара жарыс» және «аламан» деп екі түрге бөлінеді. «Қара жарыс» әдетте «аламанға» тай таңдау, тай іріктеу жарысы есептеледі. Бұл жарысқа кім де кімнің «осы тайым жүйрік болады-ау» деп үміттеніп жүрген тайларын түгел қатынастырып сынап көруіне болады. Тайлары сыннан өтсе «аламанға» қатынастырып, озып келсе бәйге алады.
Ал, «аламан» бәйге болса, ол ресми түрде өткізілетін өзіндік заң-ережесі бар, жүлдесі бар жарыс есептеледі. Бәйгеге қатынастырылатын тайлар жарыс алдында ұйымдастырушыларға міндетті түрде тізімделіп, төрешілер мен ат айдаушылардың бақылап-басқаруында өткізіліп, озып келгендерге ресми бәйге беріледі.
Тай шабыс әдетте 10-15 км аралыққа шаптырылады, тайлар шаптырылу алдында кімнің тайы, өң-түсі қатарлылары анық тізімделіп, сол тізімдік бойынша ат айдаушылар оларды алдарына салып айдап отырып, жарыс басталады деп белгілеген жерге апарып қатарлап тізіп қойып, тізімдіктері бойынша түгендеп, онан соң барлығын бір уақытта жарыс бастау бұйрығын беріп қоя береді. Жолда бақылаушылар оларды жол бойы бақылап отырады. Қайсы тай көмбеге бұрын келсе, сол жүлдегер болып, бәйге алады. егер жолда жарыс тәртібіне қайшылық жасалған, қаралық істеген болса, жүлдегерлігін күшінен қалдырып, екінші болып келген жүлдегер есептеледі…

Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Смағұлұлы,
«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.