Өрімші Есболай

8655

Бұрынғы қазақтардың қолынан қамшы түспейтін. Ал үйде отырған кезде керегенің басында, көгінде, уық, қырында, сыртқы дөдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұратын. Қарбалас кезде жабық, киіз-сырмақ астында, тіпті тізесі астында жататын. Өмір талабына орай әркімнің қамшысы өзі қойған жерінде болуға тиісті.
Қамшы — ат-көлік, мал айдауға арналған жабдық. Қамшы сондай-ақ қорғануға, қарсыласын алып жығуға арналған суық қару. Мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі қазақтардың баладан бастап, еңкейген кәріге дейін ат-көлік мінетін ер-әйел түгелімен қамшы ұстайтын. Әркімнің өзіне лайық, өзіне тән қамшылары болған. Сөз сұрар болса, қамшы тастайтын.
Сонау замандарда қамшыгерлік мамандақ болып саналған. Аяқ астынан ұмтылған ит пен қасқырды, бура, айғыр, бұқаларды қамшымен ұрып бетін қайтарған немесе мертіктіріп, жаралап, өлтіріп кеткендері де кезіккен. Ертеректе ел ішінде қамшыгерлерге малдың терісінен таспа тіліп, қамшы жасап беретін өрімшілер көп болған. Сондай жандардың бірі Аққыстау селосының Өркен ауылында тұрып жатқан бүгіндері жасы 83-тен асқан Есболай Қуатов деген ақсақал. Атамыз елдегі ауыр халді, қиын жағдайларды, жоқшылықты, аштықты, небір зұлматтарды бастан кешкен, көзбен көрген адам. Кешегі соғыс жылдары мен ұжымшар кезіндегі небір қиын шаруалар, ауыр бейнеттерді де көрген.
Есболай ата көп жылдар «Жайықмұнайгаз» басқармасының құрылыс цехының ұжымында құрылыс шебері болып, еңбек етті. Жадымыздан ұмытылып, жоғалуға айналып бара жатқан ұлттық асыл мұрамыздың бірі саналатын өрімшінің өнері атамызға өздерінің арғы бабаларынан дарыған. Аталары зергер, палуан болған.
— Қарағым, менің руым-Жайық Беріш. Бұл өрімшілік жасау – сонау Тасболат-Мошай-Жанахан-Бекпенбет-Қуаттан маған жеткен. Менің бұл кәсіппен машықтанғаныма көп болды. Ертеректе қамшыгерлер өрімшілерге арнайы тапсырыс беріп өргізген. Қамшы ұстаған адам өзін қарулы адамдай сезінген. Қамшының көптеген түрлері бар. Ер адам, әйел адамға арналған түрлері де кезігеді. «Алты тұтам ат қамшы, жеті тұтам жері қамшы» дейтіндерін де жасағанбыз. Қамшыны негізінен сиыр терісінен жасаймын. Сабын жыңғыл, не тобылғыдан жонып аламын. Қамшы күн салқында жасалады. Қазір, жасымыз ұлғайды. Мендей үлкен кісіге қамшы өру оңай шаруа емес. Бұл ата кәсіпті енді балаларым мен немерелеріме үйретіп жүрмін. Осы кәсіптің арқасында талай рет аудандық, облыстық байқаулардан да жүлдені алғанмын, — дейді шебер өрімші бізбен әңгімесінде.
Шынында да Есболай атамыз өзінің қамшыларын талай рет көрмелерге шығарып, елдің мерейін асырды. Мәселен, 2006 жылы Атырау қаласындағы ауылшаруашылық көрмесінде жиырма шақты өз қолынан шыққан туындылары бірінші орынды иеленді. Есболай ата жұбайы Жаңыл апа екеуі 1 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Жаңыл апа осыдан жеті жыл бұрын дүниеден өтті. Ұлы Қуатов Байболат «Жайықмұнайгаз» басқармасында арнаулы көлік керуені цехында озат жүргізуші. Сәулесі өндірісте аспаз болып еңбек етті.

Aiapbergen SalihovАяпберген Салихов,
Исатай ауданы.yvision.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.