Төлеген ҚАЖЫБАЙ. Көк аттың хикаясы

10610

Мынау жатқан Құсмұрын төбесі. Төбе деп дабырайтпай-ақ төбешік десе де болар. Әлде төбе екеш төбе де ел қайғысын көтере алмай бауырлай шөгіп кетті ме екен.
…– Балам, Көк ат ауылына келіп қалдық. Арбадан түсіп бойыңды сергіт. Мен биені суарып алайын.
Қасым шалдың тарғыл дауысы ойымды шашыратып жіберді. Көк ат дегенің шағын ғана екі көшесі бар қазақ ауылы екен. Көшесінде қараң-құраң мал болмаса адам төбесі көрінбейді. Маңында да көз тоқтатар не ағаш, не төбе жоқ тұлдырсыз тақыр жерге келіп орнай қалған жұпыны мекендей әсер етті. Бәкене тапал тамдарға қарап «Біздің ауылдан да жүдеу екен», деген ой келді. Көк ат! Дәуде болса біреудің жауға жаратып мінген тұлпары, әлде бәйге төбенің төрін бермеген жел қанат сәйгүлігі болар. Әйтпесе ауылды Көк ат деп неге атаған.
Біз арбаға отырып ауыл қотанынан ұзай түстік. Ендігі қиялым жел қанатты Көк атқа ойысты. Қалып бара жатқан ауыл қотанынан бізге қарай шұрқырай шауып көк ат келеді. Аппақ жалы қарсыдан соққан желмен желбірей желпініп, шелек танаулы, аясы кең отты жанарлы, қамыс құлақты астау басын алға төсеген қалпы жосылтып, шабысына шабыс қоса түскендей. Қара жолды болат тұяқтарымен аяусыз соққылап, сойқанды шабыспен жер апшысын қуырып-ақ тастағандай екпіні үдей түскен. Міне, болат тұяқтар дүбірі тапап өтердей болып, төніп келіп қалды… Селк еттім. Күрең биенің тапырақтаған төрт тұяғы соқтықпалы қара жолдың жонын соққылап келеді екен.
– Ата, ауыл атын неге Көк ат деп қойған? Білмекке әуестігім билеп, ұяңдығымды сырып тастаған еді. Қасым шал еңсеріле бұрылып артында отырған маған көздерін күлімдете қадады.
– Кел, қасыма таяу отыр, – деген ол орнынан солға таман сырғып, оң жағынан орын ұсынды. – Балам, сұрағың орынды. Қазақ атаң жер, суға жайдан жай ат бере салмаған ғой. Мына Көк аттың да өз тарихы бар. Мен айтайын, сен сүбеңе сіңіріп ал.

* * *

Он екі ата атығайдың бір табы Кәдір болмақ. Сол Кәдір атаңнан Кежен деген әрі бай, әрі ақылман атышулы адам тамыр тартады. Кеженнің Кежен екендігін тұстасы Абылай ханнан асырып айта алмасақ керек. Данагөй Кеженді құрметтегені сондай «менің алтын сандық Кеженім» дейді екен. Әрине, Абылай Кеженнің бір сандық алтынын емес, жан сарайы даңғыл, ақыл-парасаты биік, айтары әділ, шешендігі даңғыл болған соң, осы қасиеттерін жиып-теріп бір сандық алтынға балағаны ғой.
Абылайды ақ киізге салып хан көтергенде осы Кежен бір ұшын ұстады деген әңгіменің де шындықтан шалқақ жатпағаны ақиқат. Осы уақытқа дейін ұлы ақын Мағжанның: «Ту баста Абылайды хан көтерген, қамқоры қарау¬ылдың шешен Қанай», деген дерегінен басқа төрт бұрышты киіздің қалған үш бұрышын кімнің ұстағанын тарихшың да, ақының да дәл басып айтып бермеген. Ендеше, киіздің бір бұрышын Кежендей данагөй ел адамына неге қимасқа.
Хош. Кәдір бабаңнан Күлмес, Жүңкей, Сармұқан, Құлет туса, Сармұқаннан Өтеулі, сол Өтеуліден әңгімемізге арқау Кежен туған. Кеженнен Бозай, Байсал, Сағыр, Солтан, Қотырақ, Шолақ тарайды.
Сол Кежен бірнеше қос жылқы, бірнеше соқыр (келе – Арғымақ.кз) түйе түлігін ұстаған. Бір қосыңда мыңға тарта жылқы болса, әр жүз түйенің бірінің оң көзін ағызып жіберетін қазақи дәстүр болған. Неше соқыр түйе десеңіз, әр соқырың жүз түйе деген сөз болып шығады.
Ол кезде сіңірлі байлардың жылқысын барымта мен сырымтаға салып, кәнігі ұрылар айдап кетіп отырған. Кеженнің Кежендігіне қарасын ба, мұның да жылқысын әлсін-әлі барымталай берген. Соның ішінде Қараөткел жақтың айтулы ұрысы Сарықарақшы деген Кежекеңнің қосына қол салып, маза бермепті. Әбден ығыр болған бай батырлығымен тау бауырына аты жайылған Мұқан мен Сағырдың ұрпағы Шоңға қолқа салып, Сарықарақшының жолын кесуді тапсырады.
Тепсе темір үзетін батыр жігіттер жылқы күзетіне келеді. Бірер күннен кейін жылқының таңғы жусауында зырылдауық тартқан Сарықарақшы малға тиіп береді. Әккі ұры бірер үйір жылқыны бөліп алып жосылта жөнеледі. Шоң мен Мұқан қуып береді. Әлден уақытта Мұқан батырдың аты барлығып, кейіндей береді. Ақ қасқа атты Шоң бастырмалатып Сарықарақшыны қусыра түседі. Найза қадар тұсқа таялғанда Сарықарақшы артына адырая бір қарағанда әзірейілдің түсіндей сұсты Сарыдан жүрегі шайлыққан Шоң ат басын тежей беріпті. Қарақшыға керегі осы, сытыла жөнеледі. Соңынан жеткен Мұқан батыр салған жерден:
– Әй, Шоң-ай, жүрегіңнің жоғы-ай! Ақ қасқаны маған бер, – деп ат ауыстырып барымташылардың соңынан қуып береді. Сарының адырайғанынан шошитын Мұқан ба, мінбелеп келіп, шолақ найзасымен тар қолтықтан іліп алып ат үстінен атып жібереді қарақшыны. Сарыға да жан керек.
– Уа, батырекесі, сауға! Малыңды ал, жанымды қалдыр. Үйге жүр, қонағым бол, – деп мәрттік мәмілеге шақырады. Сөйтіп, Мұқан мен Шоң Сарықарақшының ауылына келеді.
Құлын сойып құрмет көрсеткен Сары меймандарын ертеңіне ертіп қыр басына алып келеді. Алдарынан жарқыраған көл шығады. «Көк алалы көп жылқы көлде жусар», дегендей көлдің қос қапталында жусап жатқан жылқыны көрсетіп тұрып:
– Арғысы өзімдікі, бергі табын Кежендікі. Алдарыңа салып алып қайтыңдар. Қотыр тайына қиянатым жоқ. Барымтаға түскен мал басы түгел болар… Ат-шапан айыбыма ай десе аузы, күн десе көзі, жалғыз қарындасым бар еді. Соны Кежекеңе тоқалдыққа бердім. Жасауымен жөнелтем. Дәм бұйырса, келер осы уақытта барып, төс қағысқан құда-жегжат болармын. Ендігі жерде туыс болайық, – деп Сары қол алысып, уәде байласқан.
Тегін адам таз бола ма дегендей қарақшылық та адамның сойына бітер сирек өнер ғой. Сары осындай мәрттік мінез көрсетеді.
Кеженнің қосына қос, басына бас қосылып, көсегесі көгеріп, кемелденген үстіне керегесі кеңи түседі. Сол тоқалдан ұл туып, оны ұрпағымның соңы деп атын Шолақ қойған. Шолақтан мың жарым жылқы біткен атақты Айдос, Ораз, Қара тарайды.
Кеженнің ата қонысынан ірге сөгіп, көтерілуіне казак орыстардың Бурабайдың ғажап табиғатына тамсанып келіп, тарпа бас салуы себеп болған.
Қазақтың небір мәйегі тамған өзен, көлді, таулы, орманды өңірлері теріскей аймақта молынан ұшырасады. Тұяқты төрт түлікпен бірге көшіп, бірге қонып, бірге өріп, бірге жусаған бейбақ қазақтың бар байлығы да, көрер қызығы да, тартар азап тірлігі де осы малмен еншілес еді ғой. Көшпенді тұрмыстан кіндік үзбеуі де сол мал үшін, соның өрісі мен қонысын күйттегеннен емес пе еді. Ақыры ақ патша осынау мамыражай тірлікке тұсау салып, тұрмысының тынысын тарылтты. Жөкеаяқ қара шекпенді мұжықтармен бірге қос ұртына да қан қатқан казак орыстар қазақ даласын обып жіберер ожар қылықпен ойран сала келді.
Кеженді алдында Теке көлге қарай ығыстырып тастаса, кейіннен мәшек ішіне итеріп әкелді. Бұл күнде Аймақ аталып отырған өңір Кеженнің екінші қонысына айналды.
1928 жылы жер бөлісімен осы өңірге келген Сәкен Сейфуллин Аймақ деп ат беріп, ауылдық кеңестің қазығын қағып, туын тіктеп бергені кешегі тарихтан мәлім.
Бардың кеміп, кемнің құрдымға кетуі, дарияның кемерінен асып, сарқылып төгілуі, құйқалы жердің шаңдаққа көміліп, шөлге айналуы заңдылық болса, қарттың о дүниеге аттанып, жастың жасамысқа айналуы да атар таңдай ақиқат емес пе.
Өмірден құрметке бөленіп, барлығымен де, нарлығымен де аузынан уызы төгілген Кежен де өтті. Ұлы Абылайдың «алтын сандықты Кеженім» деген тарихи тұлғаны артында аңырап қалған ұрпағы, қалың Кәдір елі ақ арулап Әзірет Сұлтанға апарып, қазақ жұртының ұлылары мәңгілік тыныс алған қасиетті топыраққа табыстады. Мәйітті жәй сыбай-салтаң апара салған жоқ. Отар-отар қой, табын-табын жылқыны қаралы көшпен ілестіре айдап, жол-жөнекей кезіккен елге қабір садақасы есебінде таратып отырған. Ақыры тәу етуге келгендерге деп сонау Арқадан өкше көтерген қаралы көш иелері жүздеген қой, үйірлі жылқы сойып аста-төк ас берген. Сонда табын ішінде бірге келген Көк ат қанды қасаптан қашып шығып Арқаны бетке алған дейді. Қуғыншыларға қарасын көрсетпей ұзап кеткен. Жануар, туған жерін қимаған адамнан зият мінез танытқан ғой.
Кежен қайғысы көмескі тартып, көңіл суынды-ау дегенде ауыл адамдары біржарым ай шамасында баяғы Түркістаннан қашқан Көк атты суат басынан, енді бірде іргедегі тоғайлық талдың маңынан көреді. Қалың жылқыға да қосылмайды, жылқышылардың қақпайлауына да көнбейді.
– Апырмай, мынау Кежекеңнің асына деп Түркістанға айдап апарған жылқы табынынан қашқан Көк ат қой, – деді киіз үйінің алдында аңырып қалған Шоң тал түбінде шыбындап тұрған Көк атты иегімен нұсқап.
– Жануар, сонау Түркістаннан қалай адаспай келді десейші.
– Екі елдің арасы екі мың шақырымнан асып жығылмаса кем емес қой.
– Жылқы жершіл деген осы-ау.
– Текті мал ғой, әйтпесе ит арқасы қиян-бетпақтан аман өтуі өту-ақ!
– Адамнан зият жануарым-ау, туған жерін жаза баспай тапқанын айтсаңшы.
Таңдай қағысып, таңырқасып тұрған топқа Мұқан батыр келіп қосылған.
– Ал енді бұны не істейміз. Байқаймын, жылқыға да қосылар емес. Ай бойы жалғыз жортып тағы болып кеткен ғой, сірә. – Мұқан да құйрық-жалы сүзілген жарау Көкке сүйсіне де сұқтана қадалған. Манадан бері сөзге араласпай аулақтау тұрған ауылдың батагөй үлкені Сәлкен ақсақал:
– Шырағым, Мұқан біле-білсем бұл сирек ұшырасар текті мал. Әуелде-ақ Түркістанға айдамау керек еді, жануарды. Тектілігін кім біліпті! Енді сенің қолыңа түсіріп алып, үйретіп мінгенің ләзім. Бұл төңіректе бұдан өткен қыл құйрықты жоқ болар, сірә. Сен сөйт, – деді жоғары көтерген ақ таяғымен көк ат жақты нұсқап.
Ала көбеден тұрған Мұқан қолына бұғалық алып, суат басында тұрған Көк атқа беттеді. Құдай қосса, бұғалық салып, қос құлақтан басып тұрып ырқына көндірмек. Осы күнге дейін батырдың білек күшінен сытылып кеткен күлік болмаса, Көк аттың да барар жері белгілі емес пе. Аяқ тықырын сезінген сергек ат суы сарқылған ағаш науадан басын жұлып алып қырын басып келіп қалған алпамса адамға шекелей қарап, қос құлағын қайшылады.
– Құрау, құрау, жануар, – деген Мұқанның дауысы құмығып шықты. Көк аттың өзіне арналған «құрау-құрауын» құлағына да қыстырғысы жоқ қалыппен жұмырлана біткен мойнын шұлғып қойып аз аялдаған. Мұқанның да қыл арқаны осы сәтте ширатыла атылған оқ жыландай суылдап келіп ат мойнына оратылғандай еді. Ат алдыңғы аяқтарын сермей жоғары шапшыған қалпы ағаш астаудан әрі қарғып түсіп, тасырлатып шаба жөнелген. Бұғалық әнтек жетпей қалған екен.
Мұқан қалай ғана қапы соққанын біле алмай дағдарып, санын соғып қала берген. Көк ат қыр асып кетті. Содан ауыл маңына жоламай бірер күн шетқақпай жүріп алған. Жеке жайылып жүр дегенді жылқышылар айтып келді. Бірақ Көк ат ауыл маңына оралған.
Мұқан қасына екі жылқышыны ертіп алып, тоғайдың қолатында үйездеп тұрған Көк аттың соңына түскен. Қашқын ат та алда сүргін шабыстың күтіп тұрғанын сезінгендей жерді тарпып-тарпып жіберді де құйрығын шанши тіктеп, құла дүзді бетке алып жүйтки жөнелген. Түс әлетінде басталған қуғыншылар екпіні біразға дейін басыла қоймағанымен ұзақ шабысқа бейімделмеген қос жылқышының аттары барлығып, босаңси берген. Алға ұзай берген Мұқан батырдың қарасынына ілескен екеу бірте-бірте кейіндеп қала берген де ақыры аяңдап барып аттан түскен.
Артынан ескен самалды алдынан соқтырған батыр Мұқан көз ұшында құлдырыңдай жосылған Көк атты бірде сағымға көміп жоғалтып алып, енді бірде аспанда қалықтатып, төрт аяғын жер бастырмай самғатып келеді.
«Неткен ұшқыр еді, жануар. Қара шалдырар емес. Әттең, құрық жетер жерге де жеткізбеді-ау».
Қалың даңқой елі отырған бірер ауылды көктей өткен тұлпар Көк Құсмұрын аталатын аласа төбешікке қарай сол кеткеннен мол кеткен екен.

Tolegen KazhybaiТөлеген Қажыбай, «Егемен Қазақстан» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.