Торғай тұлпарлары: Қарабалықтың «Көксерегі»

4347

Киелі Торғай жерінен, Амантоғайдан шыққан абыз ақсақал Мұқтар Қоденұлының «Ел атын шығарған жануарлар. Амантоғай алқабы мен Жалдама, Торғай бойында елдің атын шығарған аттар туралы бірер сөз немесе Сәйгүліктер» атты осы бір көлемді еңбегі Арқалық музейінің ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаев арқылы қолымызға тиді.

Қазақ даласында небір дүлдүлдер дүбірлеп өтті. Соның бір сорабы осы Торғай даласын даңққа бөлеген айтулы жүйріктер. Мұқтар Қоденұлы ақсақалдың еңбегін бірнеше бөліп, өздеріңізге ұсынып отырмыз, қадірлі оқырман. Сіздер де өз өңірлеріңіздің атағын шығарған арғымақтар жайлы тарихи мақалаларды, өлең-жырларды argymaq.kz@mail.ru поштасына немесе 87783471708 ватсап номеріне суретімен жіберулеріңізге болады.

argymaq.kz

 Адам баласы жер бетін мекендеп, өсіп, жер бетіндегі жаратылысқа игілік етуді хайуанаттар ішінде жылқыдан бастаған сияқты. Өйткені адам мен жылқы бір-біріне адал қызмет етіп, бір-бірін қас-қабағынан түсінеді.

Сондықтан да жылқы өзге түліктен гөрі жданымызға өте жақын. Адам әлемді билеу үшін жылқыны пайдаланды. Жылқы адамның жер бетіндегі билігі мен үстемдігінің негізін салды. Жылқы да адам қоғамымен бірге өсіп, сұрыпталып келеді. Адамның қажеттігіне сай жақсы аттар, ерлер мінетін тұлпарлар, бәйге және жорға аттары, берік мініс көліктері жетілді. Ертеден иесі ғана емес ел атын шығарған сәйгүліктер аз болмаған.

Өкінішке қарай, адамзаттың жоғалған тарихи құндылықтармен қоса, аты алты алашқа белгілі сәйгүліктері де жоғалып, ұмытылып барады. Ол жылқының кінәсі емес, оған қарайтын адамның, оның ұйтқысы қоғамның кінәсі. Оны қажеттіліктің жоқтығы дейміз. Дамыған ғылым мен техниканың әсері дейміз. Шындығында осы дәрежеге адам баласын кім жеткізді? Әлемге иелік еткізген кім? Ол – жылқы мен қажеттілік. Адам ғылымды, өнерді үйренгенімен кез келген уақытта бұрынғы күйіне орала береді. Оны өмір заңы талай рет қайталады. Бірақ, оны ескермей тез ұмыта береміз.

Торғай даласы жер кіндігі, тіршіліктің тоғысқан аймағы болғандықтан жаратылыстағы төрт түліктің де атасы мен отаны. Сан ғасырлық тарихы бар дала. Жаратылыста талай тұлпарлар мен сәйгүліктер бұл өңірге келіп кетті. Соңғы ғасырдағы аты әлі ел жадынан өше қоймаған сәйгүліктерді еске алуды жөн санадым.

 Қарабалықтың «Көксерегі»

 XVIII — ғасырдың бас кезінде Қарабалықтың ауылы Жайлаукөлді жайлап отырыпты. Сібірден сауда жасап оралған Сыр елінің адамдары жүріске жарамаған арық мәстек көк биені орнына жылқы алып, Қарабалық ауылына қалдырып кетеді. Арық, ақсақ ірі көк бие көл жағасында жатып, оңалып, ет жинайды. Түнде жайылып, күндіз көлге түсіп, сол жерге үйреніп, еш жылқыға қосылмай, жалғыз жүреді екен.

Күзге қарай ай жарығында судан арқырап су жылқысының айғыры шығып, көк биеге қарайды. Көл маңында үйездеген ауыл жылқылары су айғырынан, оның арқыраған даусынан үркіп қашады. Бұл көрініске жылқышы таң-тамаша қалып, ертеңіне ауыл ақсақалы Қарабалыққа айтады.

Ол жылқышыға: «Бұл жақсылықтың нышаны. Көргеніңді ешкімге айтпа. Көк биені көзіңнен таса қылма!» — дейді.

Айтқандай келесі жылы көк бие құлындап, тірсектері майысқан, түйенің әлсіз ботасындай еркек көк құлын дүниеге келеді. Көк бие 2-3 күннен кейін өледі. Жылқышы қулық биелердің сүтімен жас құлынды асырайды. Оған «Көксерек» деп ат кояды.

Осы “Көксерек”өсіп, жетіліп бәйгеден құйрығын шешпей келетін нағыз сәйгүлік, алдына жан салмайтын өрен жүйрік атанып, артына Қарабалықтың “Көксерегі”деген аңыз қалдырыпты. Үш жүздің талай ас пен тойында озып бәйге алған жүйрік Торғай елінің атын шығарыпты. Су жылқысынан тұқым алу ертеден келе жатқан аңыз. Бірақ өмірде осындай оқиғалар болса керек.

Осындай су жылқысынан тараған жылқының тұқымы Шақшақ Жәнібектің ауылында болыпты. Бұл да ел аузында аңызға айналған әңгіме.

Mukhtar Q.Мұқтар Қоденұлы

2010 жыл ақпан. Амантоғай ауылы

argymaq.kz

(Басты сурет: Алпысбай Қазығұловтың картинасы)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.