«Теңге ілу» ойыны туралы аңыз
Бұл күндері қазақ халқының той мерекелерінде көп ойналып жүрген «Теңге алу», «Теңге ілу» ойындарын ертедегі Қаңлы көсемінің қызы Қармыс шығарған екен. Аңыздарда айтылуынша: Бір жолы Қаңлы жасақтары жауын жеңіп, үлкен жеңіспен оралыпты. Қаңлы көсемі өжет халқына «жеңіс тойын» жасап беріп, балуан салып, ат жарыстырып өнерпаздарының қызығын көріп мәре-сәре болып отырады. Бір кезде оның алдына жиырмаға жаңа келген Қармыс деген ерке қызы барып:
— Әке, дат! – депті. Әкесі оған таңдана қарап:
— Иә, айт, датың болса,-депті. Қызы тартынбапты, әкесіне тіке қарап:
— Көп жасаңыз, әке! Бүгін менің мына жиналған халқыңыздың ішінен өмірлік жар таңдап алуыма ризашылығыңызды беріңіз,- депті. Әкесі басын изеп:
— Қалауың болсын, бердім,- депті. Жиналған жұрт қызға ынтыға қарапты.
Қыз аспай-саспай алға шығып:
— Уа, ер азаматтар, қазір мен араларыңыздан мынадай үш шарт пен өзіме өмірлік жар таңдаймын. Бірінші, мына омырауымдағы қалың күміс сөлкебайымның бірін үзіп алып, анау биік ағаштың бұтағына байлап қоямын. Маған жар болғысы келген жігіт соны жетпіс қадам жерден ат үстінде тұрып атып түсіруі керек. Екінші, мына омырауымда қалған жеті күміс сөлкебайды үзіп алып, жеті жібек орамалға орап, жеті жерге көміп қоямын. Маған жар болғысы келген жігіт соны атпен шауып бара жатып бір-бірден іліп-іліп менің алақаныма әкеп салуы керек. Үшінші, осы екі сыннан өткен жігітке өз қолыммен жалау байланған кішкене жеті қада беремін. Соны ат үстінде шауып бара жатып жеті жерге әрі түзу, әрі аралықтарын бірдей қылып шаншып беруі керек. Міне осы үш шартымды қайсы жігіт мүлтіксіз орындаса мен сол жігітке өмірлік жар боламын, — депті.
Дәмелі жігіттер майданға бірінен соң бірі шығып барлығы да сәтсіздікке ұшырап, көбі аттан ауып түсіп күлкіге қалыпты. Ең соңында он мың жасақты басқаратын жігіт (қыздың өзі жақсы көретін жігіті) шығып жетпіс қадам жерден садақпен ат үстінде тұрып сөлкебайды атып жерге топ еткізіпті. Екінші ретте қыздың көмген жеті сөлкебайын құйындатып шапқан күйі барып бір-бірден теріп алып қызға әкеп беріпті. Үшінші ретте қыз қолына ұстатқан жеті қаданы шауып бара жатып қыздың айтқаны борйынша жерге түгел шаншып кетіпті. Сөйтіп, Қаңлы көсемінің қызы Қармыс таңдаған жігітіне қосылып мұратына жетіпті. Әрі содан бастап мереке-мейрамдарда Қаңлы елінің қыз жігіттері некеленбекші болса сөлкебай атысып, сөлкебай ілісіп, жерге қада шаншысып барып бас қосаты болыпты. Заманның өтуі адамдардың рухани мәдениетке деген қажетінің үздіксіз артып отыруына байланысты, кейінгі замандарға келгенде ол әрқандай мереке-мейрамдарда үзбей ойналатын жалпы халықтық ат үсті спорт ойынына айналыпты.
Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Смағұлұлы,
«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)
теңге алу ойынның аты неге теңге ілу деп жазғансыздар. дастархан басында нанды іліп беріп жіберші демейсің ғой алып дерші дейсің сол секілді теңгені алады ілмейді. затты қабырғаға ілесің.