Мініс аттардың қызметіне қарай аталуы

10655

Берік жылқыБұл түрге жататын жылқылардың бітімі қораштау, семіз, еті тығыз, кебеже қарын, кең құрсақ, аяқтары жуан болып келеді. Жылдам жүріске, шабысқа жарамсыз, бірақ жай жүріспен кез келген қашықтыққа мойымайды. Негізгі қасиеті – жемшөп талғамайды, қоңдылығын көпке дейін сақтайды, ауыр жұмыстарға шыдамды, ауа райының қай мезгілінде болса да көнбіс. Тағы бір қасиеті – үстінен қысы-жазы ер-тоқым түспеген беріктерді он күнге жайылымға жіберсеңіз бұрынғы күйіне қайта келіп, тез ет алады. Мінезі жуас болады. Мал қайыруға, күш-көлікке, т.б. пайдаланылады.

Азбан. Мініс көтеретін белді жылқыны айтады. Қазақтар керек болған жағдайда айғырды «уыз ағызу» арқылы (енін сылымай тек аталық ұрығын ағызу) піштіріп, азбан жасау әдісін қолданған. Азбан арымайды, әрі ұзақ жүріске төзімді келеді. Азбанды қазақ ет үшін ұстамаған, өйткені, еті мол болғанымен, майсыз, қара етті келеді.

Жүрдек жылқы. Салт мінуге, өте алыс қашықтықтарды салт атпен бағындыруға қолайлы һәм берік пен жүйрік аттардың арасындағы жүріске арналған жылқы. Жүрдектің желісті түрлері де болады. Көп жағдайда бұл жылқыны жастайынан желіске, одан соң тезірек сар желіске үйретеді.

Өздік ат. Жасы үлкен адамдардың өзі ғана пайдаланатын жеке аты. Кейбір жағдайда жасы үлғайған бәйбішелер де өздік атын мінеді. Өздікті бір адам ғана мініп-түскендіктен иесіне бауыр басып, соның ыңғайымен жүріп тұруға үйренген. Сол себепті, сенімді жылқы ретінде танымал.

Егей ат. Ел басқарған беделді адамдардың арнайы ас-тойға немесе ауыл арасына мінетін аты. Оның жүрісі жайлы, мінезі кең, мініп-түсуге ыңғайлы болуымен қатар епті, әрі келісті сұлу, белді болуымен ерекшеленеді.

Жетік ат. Аңшылық пен саятшылыққа мінетін жылқы түрі. Бұл жылқы  сезімтал келеді. Бұндай аттарды шаруаға жаншып салмайды. Шаруаға жаншылған жылқының сезімі азаяды.

Сетер ат. Қазақ ұғымында көп жыл ауырған немесе кенет бір дертке душар болған адамның жолына құрбандық-садақа ретінде  аттың кекіліне үкі, мойнына қоңырау іліп қоя береді. Мұндағы мақсат –  Алланың құдіретінен үміт етіп, құрбандық арнау болып табылады. Бұндай атты мініске пайдаланбайды. Егер ауру адам дертінен айыққан жағдайда сетер атты Алланың атымен сойып таратады.

Тұлдаған ат. Жаугершілік заманда, яғни, жорық үстінде дүниеден өткен адамның атының кекілін, шоқтығын, құйрығын шорт кесіп, ердің үстіне киім-кешек қару-жарағын артып, екі үзеңгісін салбыратпай қанжығасына көтеріп байлап атты жетектеп жүреді. Бұны тұлдаған ат дейді. Бұлай етудің тағы бір мақсаты – марқұмның туыс-туғандарына қазаны естіртудің жеңіл жолы.

Ептi жылқы. Тау-тасқа, қиын-қыстау күрделi жолдарда жүргенде аяғын тасқа қақтырмайтын, iнге сұқтырмайтын елпек, сергек  жылқыны айтады. Бұндай жылқыны аң аулағанда немесе таулы жерде жоқ қарағанда пайдаланады.

 Бақал жылқы. Шабан атты айтады. Оны  мал қайырып, жақын маңға мінуге, жүк тасуға, қара шаруаға пайдаланады.

onergen sozder4Шобыр ат. Мініске, күш-көлікке, қара жұмысқа жарамды жылқы.

Тұғыр ат. Таза мініске арналған жылқы. Жүрісі жеңіл, орта қоңын сақтайтын, жолаушылап алысқа жүруге жарамды ат.

Мес ат. Аш немесе тоқтығы білінбейтін денелі, қарынды, сирақты, күші мығым қара жұмыстың жылқысы. Мес атпен арба-шана сүйреуге, жүк тасуға жақсы.

Тақымға басқан ат. Шаруаның немесе жеке адамның жасынан күтіп, мініп, бауыр басқан жеке игілігіне жарамды, мінез-құлқы иесіне жарасымды жылқы.

Қысырау ат. Жүріске жоқ, шабан, мың салса, бір баспайтын  жылқы.

Керенау жылқы. Жүріс кезінде  аяғын ширақ, жылдам баспайды. Баяу қозғалады һәм аяқ алысы жай байыпты жылқыны айтады.

Саяқ жылқы. Бұл атау піштірілген тайлар, құнандарды және дөнендерді (аттар да осының ішінде) бірыңғай бөліп жібергенін білдіреді. Кейде саяқ деп үйірден бөлініп, тоқтамай, лағып кететін бірлі-жарым биелерге де айтылады.

Ығыр ат. Көп мініс көріп «ерғашты болған» деген ұғымды білдіреді. Ол жануар жүгеннің сылдыры шықса болды, қаша жөнеледі. Сондықтан ат қора түгілі, ауылға жоламай, малдан бөлек жайылады.

Сертер ат. Құлын күнінен бастап, қартайып өлгенше үстіне шыбыннан басқа ештеме шықпаған, жүген-құйрық тиіп, ер-тоқым салынбаған, әбден жабайыланып кеткен атты осылай айтады.

Тоқтаған ат. Жас мөлшері 12-ден асқан, мінез-құлқы орныққан, ыстық-суығы басылған, жүріске жайлы, жуас жылқыны айтады.

Ши арқа ат. Жүріске көп түскен, көмбіс, үнемі мініс көріп жауыр болғандықтан арқа еті қашып, ерқашты болған жылқы. Ер батып, еті қашқан соң арқасының шиі шығып тұрады. Қысқасы, кедейдің жалғыз аты.

Мықыр ат. Шоқтығы жоқ, құлан тектес тапал жылқы.

Дербіт ат. Жуан денелі, аяқтары әлді, бойы зор, өзі күшті, құйрық-жалы қалың жылқы.

Тобышақ. Қазанат пен қарабайырды будандастырудан туған жылқы.

Beken K.Бекен Қайратұлы “Қазақтың атбегілік өнері” кітабынан алдынды

Басты суретті түсірген Максим Рожин

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.