Жылқы және қазақтың әдеби психололгиясы

7147

Ежелгі эллиндіктер жылқыны ғұндардан, түркілерден бұрынырақ білсе, бәлкім, мифтегі Еуропа аруды бұқаға ұрлатпас еді. Мысырлық Апистің әсері өз алдына. Бұқаның арқасында көк теңізді көктей өтіп бара жатқан сұлу қыздың мифологиядағы бейнесіне ионийлік дәуірден бері адамзат сұқтана қараса да; Абайда «сиырдың жорғасы» сирек теңеу, сарказм. (42 сөз)

Гректерде Филипп есімі – аттарды сүюші мағынасында, ат жарысымен ақсүйектер ғана айналысқан. (М.Л.Гаспаров)

Сүйген жар, сенген достан жақын жылқы.

Ілияс поэзиясында жылқыны ұлықтайды. Қазақ жылқысын құрау-құрау деп қайырады. Күзде көк жүзінде құраулап құс керуені тырналар туған жерден көшеді.

Айдаушы тырна қатар тегіс тізіп,

Қайтуға ыңғайланды айдалған ат.

Қаз-қатар, мың үш жүз ат жайды қанат.

Жылқылар құстай ұшады. Бәйгенің ең артық шыққан ажалына жұлдыздай ағып келеді. Ол – Құлагер, құла кер деп жылқы түсін айтады. Қазақ үшін кейінде Құлагерден асқан жылқы жануар туған жоқ.

Шаңы — бұлт, екпіні — жел, аттар — қаңбақ.

Космостан көрінгендей тұмандатқан бұл өткінші өмірдің құдіреті өлімнің хақтығында.

Барғанда ақыретке пырағым бол,

Қызығын көре алмадым бұл жалғанның, – деп Ақан сері Құлагерімен қоса үзіліп кетуге даяр жүйріктің арғы тегі көк тұлпарлары еді. Аттың сұлу бейнесі қазақ космогониялық аңыздарында жер бетін менсінбейді. Құлагердің ұлы қазасын күңіреніп жырға қосуға әлі нәсіп етпеген бейқам кезінде Ілиястың өзі көк тұлпарларына өлең арнаған:

Ақбозат та, Көкбозат та

Арқандаулы, байлаулы

Алыс па арал?

Қоңыр самал

Бұлтты жүріп айдаулы.

Көкбозат — аспан жұлдызы атауы. Жылқы түнде оттайды.

Көгаланың үйірі көлді айналсын,

Жаның шығып бара ма, көз байлансын! — деп келеді елаузында сүйіспеншілік лирикасында. Бағзы қазақ қиялы түн ауасансыз көп жылқысын далада баққанда олардың көк жүзінде жайылып жүргенін көзімен көргендей елегзіген. Мұнарлы аспан сұлу жал, жылқы жалын төсейді, тырнақтай дақ түспеген. Көкбозат – Темірқазық пен Жетіқарақшының арасындағы қос жұлдыздың бірі. Қарақшылар жерде де, көкте те өріп жүр. Ал тұяқты тұяқ жібермейді, дүниенің соңы хақ, оны естімеген құлақ жоқ. Діни сарында «Ақбозат пен Көкбозатты Жетіқарақшы (ол баукеспе ұрылар) ұстаған күні ақырзаман болады-мыс». (Х.Әбішев. Аспан сыры).

Ілияс Жансүгіров тұңғиығынан тартқан Құлагерге қиянат та осындай рухани дағдарыстың бір кескінін – таңдаулылардан айырылудың зарын жоқтайды. Өз шығармасында ақын жылқылы елде жау көп дегісі мүлдем жоқ. Оның сыры бөлек. Ол беймезгіл қаза идеясын айқындайды. «Көп жылқы көгалалы көлде жусар», – деп Біржан сал жырға қосқан бейқамдықты, табиғи дегдарлықты генетикалық жад ешқашан ұмытпайды.

Көшпелі тұрмыстан шықпай тұрғанда ескі қазақ кең дүние тарлығын сезінбеген. Оны эпостағы суреттеуден көреміз. «Қобыланды батыр» жырында «Бұлаңдаған қыз Құртқа Тайбурылды жетектеп кетіп барады». «Қамбар батыр» жырында Тарлан ат бұлаңдап шабады. Қос жырда бұлаңдаған бірі – қыз, бірі – ат. Заманы солай бұлаңдатқан. Бұғалық басқа түспеген.

KemelbaevaАйгүл Кемелбаева,

«Құлагерге қиянат» эссе-талдауынан ықшамдалып алынды

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.