Жылқысы «Қазақ тұлпарлары» зауытының негізі болған Бірәлі бай
Киелі Ұлы Жыланшық бойын сан ғасырлар бойы жақсылар мен жайсаңдар мекен еткен. Әрісі Жошы хан, Кетбұғы, Алаша хан, Тоқтамыс хан, Едіге би, Абылай хан, Қайып хан, Кенесары хан, Сыздық сұлтан, күні кеше Әліби, Аманкелді, Кейкі батыр, Әбдіғапар хан, Ахметтер Міржақыптар ат шалдырып, талай тарихи кезеңді бастан өткерген тарихи-танымы мол шежірелі дала, киелі аймақ.
Бұрында да, кешегі кеңес заманында, бүгінде де осы киелі Торғай аймағын оның бетіндегі және астындағы байлығын тексеріп, үстіңгі байлығын тексеріп халықтың тарихына, астыңғы байлығын елдің тұрмыстық игілігіне жаратып жатқан адам жоқ. Болмаса осы Ұлан ғайыр сайын далада жер болып кеткен неше алуан қорғандар, салтанат сарайлары, балбал тастар, таңбалар, үлкен қалалар орындары болуы мүмкін. Бүгінде де космос арқылы табылған ғажайып құрылыстарда толық зерттелмеуде. Әсіресе Ұлы Жыланшық аймағында, Үрпек ауылының маңайында осындай ғажайыптар көп.
Бұл салада ешкім қалам тартып, ауыз ашпайды. Батырға да, байға да пана болған Жыланшық құт мекен. Талай жақсылар қатарында киелі байлар да осы өңірден көп шыққан. Себебі, жері малға жайлы, ауасы дертке дауа, жанға шипа, шөбі шүйгін қыратына қырық түрлі шөп өскен шайырлы мекен. Осы ұлы Жыланшық бойын халқына қайырымы мол киелі бай Бірәлі Бектасұлы мекен еткен. Бұл кісі Қыпшақтың Тоқпан руынан тарайды.
Алғаш осы өңірге Бірәлінің атасы Нұрым бай, одан кейін әкесі Бектас қоныстанған. Таратып айтсақ, Нұрым, одан Бектас, одан Бірәлі, Сейіткерей екі бала туған. Бектас бай баласы Бірәлі 13 жасқа толғанда билікті берген. Бектас 1896 жылы тоқсанға таяп, дүниеден озған. Сонда Бірәлі 19 жаста, Сейіткерей 14 жаста қалған.
1897 жылы бұрынғы Иманов кеңшары көлеміндегі Үрпектен 50 шақырым қашықтықтағы Әзірбай қопасына 100 киіз үй тігіліп, Бектасқа ас берген. Сол асқа қазған 40 ошақ орындары әлі бар. Бірәлі бай асқа төрт дуан /үйез/ елді – Торғайды, Қостанайды, Ұлытауды, Ырғызды шақырған.
Аста бәйгеге 400 ат қосылып, Төлек /руы/ Өсердің қара аты дара келген. Көп аттар ыстықта 55 шақырым қашықтыққа шыдай алмай жолда қалған, біразы өлген. Аттарды Сорғұлақтан жіберген.
Осы асты елге беделді Шіли руынан шыққан Түркебайдың Баймұраты басқарған. Өзі зор, денелі кісі болса керек. Астына ақбоз ат мініп, үстіне ақ шапан, басына ақ сәлде киген. Шіли Баймұрат 25 жасында болыс болған адам. Екінші басқарушы Сары /руы/ Қошқар батырдың немересі Аяпберген.
Аттың бас бәйгесіне – 100 жылқы, екінші атқа – 50 жылқы, үшінші атқа 25 жылқы тіккен. Барлық ұлттық ойын-сауық түрлері өткізілген.
Бектас бай өлгенде артында үш әйелі Шөже, /бір деректе Шөкі деп атайды/ Бибі, Балсары қалады. Сонда байда 3 мың жылқы, 700 түйе, 2000 қой болған. Осы байлықты Бірәлі бай әрі қарай жалғастырған. Бірәлі жас болса да қайырымды, кішіпейіл, кеңпейіл, ағайын-туысқа, көрші-көлемге қамқорлығы мол, діндар адам болған.
Үлкен ұлы Сұлтан орысша сауатты, Орынбордан гимназия бітірген, кешегі Торғайдағы Совдеп мүшесі, соғыс комиссары, батырдың жеке сенімді серігі болған. Сұлтан Бірәліұлы Бектасов революцияға белсене араласқан. Баласының ықпалымен Бірәлі бай тәркілеуге жатпай, қолдағы бар малын Кеңес үкіметіне еркімен өткізген. Бірәлі жылқысы негізінде Қостанайдағы “Заречный” кентіндегі жылқы зауыты дамыды. Күні кешеге дейін Бектас асыл тұқымды жылқысы аталып бүгін “Қазақ тұлпарлары” болып өзгерді.
Мейірман қария айтушы еді, біздің жылқының киесі бар деп. Бектастың тұсында екі рет жұтқа ұшырап жылқы қырылып, қайтадан тез көбейіп, өсіп кеткен. Бірәлінің тұсында бір рет жылқы жұтқа ұшырап, жылқышылар боранда жылқыдан айырылып, құрығын сүйретіп келген. Сол жылқы әр жерде қырылып, тек Құла айғырдың үйірі ғана көрінбей кеткен. Жаз ортасы ауа сол Құла айғыр 60-70 биені құлындатып, мекеніне келген. Жылқы қайта тез көбейіп өскен.
Бектас бай қайтқан кез болу керек, Шөже әжеміз түсінде Бектасты көреді. Бай керегеде тұрған барлық ноқтаны сыпырып алып, үйден шығып кетеді. Шөже түсінен шошып оянып, жанындағы баланы оятып, Бірәліні шақыр деп, өзі қайта ұйықтап кетеді. Сөйтсе бала да қайта ұйықтап қалған. Бектас түсіне екінші рет кіріп, “Әй, атаңа нәлет, ноқтаға ие болмадың, желіні әкетемін” деп айғай салғанда Шөже шошып оянады. Бірәліні шақыртады. “Қарағым, әкең түсіме екі рет кірді. Алғашқыда ноқтаны әкетті, биыл құлыннан айырылдық” – деген екен.
Түн ішінде Көшкінбайдағы Жекебайды, Бектастың құрдасы Қабанбайды адам жіберіп шақыртады. Тоқпан әулетінің жақсылары жиналып жылқыны қалай аман алып-қалу жолын қарастырады. Ақылдаса келе алыстағы жылқыны елге алдырып әр үйге шамаларына қарай бағуға бөліп берген. Сол қыста жаңбыр жауып биелер түгелдей іш тастаған. Бөліп алып малын баққандарға әр 10 бастың екеуін тегін берді деп айтып отыратын әкелеріміз. Осылай малды аман алып қалған.
Бірәлі байда бар мал-мүлкүн үкіметке өткізіп, тәркілеуге ілікпей артынан аштыққа ұшырап Жыланшық бойынан Сыр бойына ауған ағайынға еріп 8-9 жасар қыз баласын жетектеп Түркістанда қайыр сұрап, базар жағалап жүрсе, бір азамат баласы екеуін үйіне әкеледі. Бір жеті, он күн күтеді. Көрші-көлемін шақырып: айтты дейді: “Мына кісі кешегі орта жүздің байы Бірәлі еді. Жолаушылап еліне барғанда атым өліп, сонда тегін ат беріп, қайыр жасаған адам еді” деген. Бірәлі бай өзіне өзі келіп, тыңайған соң қызын манағы үйге қалдырып, өзі Түркістанға зиярат етуге жолға шығады. Жолда бара жатып, дүниеден озады жарықтық. Жүргіншілер манағы азаматқа келіп, кешегі қайыршы шал жолда өліп жатыр деп хабар береді.
Түркістандық азамат байды үйіне апарып шешіндірсе, белінде 6 метр ақ жібек ақыреті бар екен дейді.
Шөптібай Байділдин
Арқалық қаласының құрметті азаматы,
Әлемдік Шыңғысхан академиясының құрметті академигі
qazaquni.kz сайтындағы «Қайырымды Бірәлі бай» атты мақаладан ықшамдалып алынды.
argymaq.kz
(Негізгі сурет Жеңіс Ысқабайдың жеке қорынан алынды)