Төлеубек ЖАҚЫПБАЙҰЛЫ. Көкқасқа мен Көкжал

8016

…Дәу атам осы колхоздың іргетасын өз қолымен қаласқан бұл күнде жетпістен асқан құрметті зейнеткер ғой. Колхоз оған селоның ең басынан, өзеннің жағасынан бау-бақшалы алты бөлмелі үй салып берген. Бұл өңірде онан үлкен де, атақабыройлы да ешкім жоқ дерлік. Колхоз председателі, мектеп директоры дегендеріңіз «жәке» деп те, «әке» деп те жандары қалмай, жалпылдасып жатқаны. Омырауынан орден мен медальден өзге бос орын таба алар ма екенсіз? Байдың малайы болған, бандыны қуған, колхозды құрған, фашисті қырған, бәрінде де жолы болып орден, медальды ала берген, шыпырлатып таға берген.
Мен келгенде таңертеңгі шайға енді отырған екен.
Екі бетім алабұртып, аптығып кіріп келдім.
– Ассалаумағалайкүм, ата!
– Ағалайкүммәссәләм, батыр! Ертелетіп жетіпсің, ауыл-аймақ аманшылық па?
– Аманшылық…
– Ит қуған ақкіс танауланып кетіпсің, бүлдіріп келдің бе?
– Ие, – деймін күлміңдеп.
– Енді мен мектепке екі-үш күндей осы үйден қатынаспасам болмайды, Дәу ата.
– Е, сөйтсең сөйт. Мен тұрғанда сені қандай «жау» алушы еді. Әнеукүнгі ел күліп жүрген «әртіс» сауысқан да сенің ісің бе?
– Ие…
– Бәсе, өзім де «біздің батырдан келді-ау» деп ойлап едім. Оны директорың тексерді ме?
– Тексерді.
– Айттың ба?
– Айтатын адам істемейді ғой, Дәу ата.
– Дұрыс айтасың, тасжарғаным. Әке-шешең ше? Олар ұрып, ұрыспады ма?
– Ұрысқанда қандай! Түн ішінде үйден қуды. Қарғады.
– Әне, сөйтеді ол ақымақтар. Осы жолы тағы неменелер істеп келдің?
Басыма «іс түскенде» қашып келіп, паналар Алатауым – Дәу атам ғой. Тіпті терісімді оң істей қолдайды. Сондықтан не істесем де жасырмаймын.
– Мұз үстіне өзіммен өш балалардың атына «шымшымалар» жаздым…
– «Шымшымасы» не? Оны кім шығарған?
– Әркімнің атына әзіл-шыны, ақ-қарасы аралас өлең жазу…
Дәу атам еңқ-еңқ етіп күліп алды.
– Шықпайтындар шығады, ә? Біреудің санын қолмен емес, сөзбен шымшу ғой, сірә?
– Ие… Орынсыз «2» қойған екі мұғалімнің атына да абыройларын төгетін сөздер жаздым…
– Не деп?
– «Бірін-бірі сүйеді. Біріне-бірі тиеді» деп.
Дәу атам көзінен жас аққанша күлді.
– Па, оларды қиратқан-ақ екенсің, біреуді-біреу сүймесе, біреуге-біреу тимесе, өзің қайдан пайда болар едің? Адам баласы қайтіп өніп-өседі деп ойлайсың?
– Әйтеуір, өшіккен соң солай жаздым.
– Тасжарғаным сол.
Дәу атам еміреніп басымнан сипады.
– Енді ешкімге тиіспе, ешнәрсеге ұрынба. Әншейін қойдан қоңыр, жылқыдан торы болып оқуыңа бар. Етті астырып қойып, үнді шайды ішіп отырып, бұйырса, кешке жақын бір келісті әңгіме не ертегі айтып берейін.
Шіркін-ай, қыстың ұзақ түнінде жылқы етінің иісін сезе отырып, ертегі мен әңгіме тыңдаудан қызық немене бар екен. Әсіресе кейіпкерлері қиын-қыстауға ұшырап, құлақ естіп, көз көрмеген пәлелерге жолығып, одан қалайда бір қапысын тауып құтылып жүретін ертегілерге құмармын ғой. Ал ертегіге аю, қасқыр, мыстан кемпір араласса тіпті жақсы.
– Қасқыр бар ма?
– Болғанда қандай! Асау атқа мініп шапқан қасқыр туралы айтамын. Бірақ кешке дейін сабағыңды алаңдамай оқитын бол.
– Шіркін-ай, мынаны естігенше…
– Ал сабағыңа бар. Алаңдамай оқы…
«Алаңдамаған» жайына қалды. Кешке дейін ақыл-есім әлгі асау атқа мініп шапқан қасқырдың үстінде болды. Күнді біреу батырмай, асылып жатып алғандай болып, санадай сарғайып батты-ау ақыры.
– Бұл әңгіменің аты «Көкқасқа мен Көкжал» делінеді. Тырс етпей тыңдайтын бол.
– Әңгіменің атының әдемісін-ай ә, Дәу ата?
– Әрине.
Дәу атам көк ала шақшаны етігінің өкшесіне қағып-қағып жіберіп, қоңыр бұйра насыбайды ерніне жымқыра басып, әңгімеге кірісті.

* * *

– Ел аузында жатталып, естерінде сақталып қалмады демесең, менің өмірім де жатқан бір ертегі ғой, қарағым. Айырмасы ертегілерде ай-жылы, болған жері, ел-жұрты айтыла бермейді. Ал менің әңгімемде бұлар айтылып отырады.
Қаңтар айының аяғы. Өткен түні ат тізесінен келе жауған ақша қар айналаны аппақ жұмыртқадай қылып тастаған. Күзде осы арада ақар-шақар ел отырып ұлы дүбір, жиын, той болып, ұлан-асыр салтанат болды деу әділетке жасалған қиянат сияқты болар еді. «Тырс» еткен дыбыс, «үп» еткен жел, қылп еткен қыбыр жоқ, өңкей бір өліктей тілсіз, қар басып жатқан қабірстан секілді томпиған төбелерді көресің. Екі көзім төрт болып, ақ қар, көк мұзды жонда тұрып, анау алыста жатқан қыстауға – Қарабауырға қараймын. Қалың елді, дыр-думанды аңсаймын. Төренің анда-санда азық-түлік алып кеп беретіндерінен басқа ала қысқа адам баласының бетін көрмейміз. Оқта-текте болмаса бізде бел шешу, бейғам тынығып жату деген болмайды. «Ерін – жастық, тоқымын – төсек еткен» деп бізді айтады. Аяғымыздағы екі байпақты етік, үстіміздегі қандай аязда қарға аунап жата кетсең де жан бермейтін тайжақы. Біз қара шай, қара нан, көк қарын болып, көже ішу дегенді білмейміз. Жейтініміз ылғи құрт-ірімшік, қазы-қарта, жал-жая, ішетшіміз езген құрт. Ағаш астауға қар мен құртты қабат салып, тайжақыны сыпырып тастап, қандай аязда сатырлатып езгенде астаудан да, азаматтан да бұрқыраған бу шығып кетеді. Семіз етке әбден сілейіп тойып артынан әлгі құртты ішкенде ішің күйеді. Кейде тыр жалаңаштанып тастап, ұлпа қармен ысынасың, жалбыз иісі аңқыған тас бастаудан су ішесің. Әрқашанда ұшатын құстай нағылса да сергек жүресің. Өзіңді қандай іс істеуге де қабілетті, қайратты сезінесің. Неге екені белгісіз, оқиға іздеп, ылғи бір шатақ істер істегің келіп, азулы арыстандай аласұртып тұрасың.
– Міне, Дәу ата, мен де үстіп жүрмін ғой. Ылғи бір ылаңды істер істегім келіп тұрады, – деймін қызыл-күрең шайды іше отырып оған қарап.
– Менің заманым мен сенің заманың бір емес-ау, балам. Онда мұндай өнер-білім, оқу деген болды ма біз бейшарада? Иә, сонымен мен не деп келіп тоқтап едім?
– «Арыстандай аласұртып тұрмыз» дегенсіз.
– Ие, ие. Өйтпегенде қайтесің? Алты ай қыс адам баласын көрмей ылғи арманмен, аңсаумен жүрсең, бұдан да әрмен ашынарсың. Тіпті ауру-сырқау, ажал дегенді де білмей аққұла аң болып кеткендейсің. Мойнымызда бесатар бердеңкеміз бар, бес жылқышымыз. Мінгеніміз өңкей тоң мойын, томырылған, тоқпақ жалды айғырлар. Аяқтарын мұздан, тоңнан таймайтын құрыш тағалармен тағалап тастағамыз. Жылқышының ең кішісі мен. Кейде мені «бақыршы бала» деп те атасады. Мұндайда ашу-ыза, ар-намысымның қайнайтыны сондай, мойнымдағы ақ шолақ бердеңкемді жұлып алып, басып салғым келеді. Мұнымды айқын аңғарған аға жылқышы Айжарық:
– «Бақыршы бала» емес, «батыр бала» деңдер. Азамат болып, ақ қар, көк мұзда ата-анасын асырап, атқа мініп жүрген адамды бұлай атамаңдар. Бақыршы болса, басының кемдігінен емес, баршамызды сыйлағаны емес пе. Өз бағаңды білмеген бәтшағар, – деп әлгіні айтқанды тыйып тастайды.
Қасымдағы түнерген түсті, түкті қабақты өңкей қандарын іштеріне тартып алған адамдар. Бұлар анда-санда бірер қайырым бірдеңеге қуану дегенді білмейтін, бір кезде білсе де, соны ұмытып кеткен-ау деп ойлайсың. Әншейін бір кілең кемеңгерлермен, не келеңсіз кещелермен бірге жүргендейсің. Сөйлемейтіндері сондай, өзің білетін қазақ тілін ұмытып қалуың ғажап еместей еді. Олардың неліктен бұлай екендерін түсіндім. Мұны кейін бір кезде айтып беремін.
– Дәу ата, мынауыңыз ішқұса болып, өліп кететін өмір ғой, – дедім шыдай алмай. – Сіздерге бердеңке бесатарды неге берген? Шіркін-ау, аң қарап неге асыр салмадыңыздар? Әлгі «көк қасқа атпен көкжалға» әлі келгеніміз жоқ қой?
– Айттым ғой мен саған. Ертегі емес, әңгімеде уақытын, болған жерін, адамның жай-жағдайын баяндап отырмай болмайды деп. Бесатар бердеңкені төре мен бай бізге жылқыларын қасқыр мен қарақшыдан қорғау үшін береді. Бірақ біз жүрген Нарынсудың жонына қыста қасқыр мен қарақшы байқап басады. Жарықтықтың аязды ғана айдап, артынан май тоңғысыз қылып жіберетін жаяу сал борасыны ғана бар. Керейдің бар шұрайлы жайлау, қыстауын қанша тартып алса да төренің ұлық-зорлық, таландыдан тапқан қара көк жылқысы орасан өсіп, мінеки, жонға шығып жатқан жайы бар. Бұлар жаз бойы жайланбаған, желіге байланбаған қандай қарда тебуден қажымайтын аң тәрізді асау жылқылар. Арық-тұрық, мінген-түскен, сары қарын сақа биелер ауызбен жайылатын сай-саласы төңкерілген қияқты, жуа-жусанды ұлы күнгейлі қыстауларға кетеді. Біз, әрине, айғыр мініп, мылтық асынып, сары жонда салпиып, «төре жылқысын аман сақтай көр» деп, ауыз ашумен жүре бермедік. Анау Лақоты, Қайрақты, Анжық-Шатақ, Арбын-Құрбың деген аң-құстан аулақ жерлерге барып, салбурын саламыз. Он бес-жиырма күн деп кетеміз. Екі кезекте де мен жылқы бағуға қалған емеспін. Бұған менің сергектігім мен сезімталдығым, ерекше елгезектігім де себеп болды білем. Аттарды айттырмай-ақ отқа қойып, асты апаш-құпаш асып жіберіп, анау-мынау дегенше алып келуге әзір тұрушы едім. Осының арқасында олар мені өлшеусіз жақсы көрді. Өздері білетін аң-құс аулаудың небір қызығына батырды.
– Дәу ата деймін, әңгімеге әлі келген жоқпыз. Тез айтсаңызшы сол қызықтарыңызды.
– Жаңа келе жатырмыз, – дейді Дәу атам аспай-саспай. – Күн екіндіге еңкейген. Бесеуміз де күллі Нарынсу өлкесі көрінетін Саршоқының басында тұрмыз. Ешкімде де үн жоқ. Айжарықтың артынан ілескен күйі келіп, атырапқа көз салудамын. Әр жерден киіз бетегелі қойнауды оя теуіп жатқан жылқының қылпы көрінеді.
«Өлара өтті. Аспан ашылды, ақшамның аязы басталды. Жылқы ешқайда жылжымайды. Әйтеуір анда-санда абай керек. Он үйірді тайлы-таяғына дейін түгендеп, ертең кезекті аңға кетеміз. Екі адам жылқыда қалады. Ал енді күн батпай бар жылқыны қыстай соны Сарықолқатқа жинайтын болайық. Маған екеуің еріңдер» деп Айжарық төбеден төмен түсе берді.
Іңір болып, жарты табақ ай аспанға көтерілгенде бес жүзден астам кілең қаз мойын қара көк жылқы айналасы құнан шаптырым қойнауда жатты. Осыдан көлем алып керги жайылатын көп жылқы тек қар бұзыларда ғана қайта жиналып, оған дейін жай шолумен жүрмек.
Құнан күнінен байталдарға бас көтеріп, екі енінен ерте айырылған Көкқасқа ат ел көзіне ерекше түсуші еді. Адам түгіл, малға қаһарлы төре: «сылап-сипап жатпай-ақ, түбінен кесіп, лақтырып жіберіңдер» деп бұйырған. Ай бойы жатып, әзер жазылған Көкқасқа ес жиған соң адамды көрсе, аза бойы қаза болып, анадайдан қашатын.
Жас кезінен пішілген ол аса сымбатты сұлу болып өсті. Сал бөксе саспақтықтан таза өскен сәйгүлік жылқы баласына жеткізбеген жүйрік болды. Арысқа салып, атағын асыру үшін бәйгеге қоспақ болған төре сан азамат салып, сан жүйріктер қуып көрді, біріне де шалдырмады. Қайта атып алмасаң қолға түспейтін лақпа қашаған шықты. Тіпті адам барда жылқыға жоламай, табынды тастап та кетпей, анадайдан шола ілеседі. Оның бұл қылығы әркімнің-ақ зығырданын қайнатты.
Бірде қалың жылқыны Қызылтұйыққа қамадық. Тұйыққа шұрқыраған қалың жылқының ішінен бірінші болып тірелген де сол. Өзін ғана ұстайтынды әбден білген ол, жылқыны қаққа жара қайта шығып, қанша адамның айғай салып, құрық сілтеп, шалма лақтырғанына қараған жоқ, басын тұқырта тулап, құтылып шыққан соң құйрығын тік шаншып құла дүзге жөнеп берді. Осыдан жылқы өрісіне түнде оралды. Онда да алты қырдың астынан байқап, табында адам бар ма, жоқ па соны білген соң ғана жылқыға таяп келуді шығарды. Қанша дегенмен үйірден ада-гүде кетуді ол қимайтын сияқты.
Ақыры төре мұны «Малымның құты» деп ешкімнің тиюіне тыйым салып қоя берді. Әйтпесе оны атып жесек те жемейміз бе. Бағана бар жылқының Сарқолқатқа салынғанын құлан қарауылға салып көріп тұрған Көкқасқа табанға ел жата таяуға тиіс.
Аңға шығу сапарына аязға қатпайтын тай етін асып, сары майын сарықпай қайнатқан жарма құрт, айызы қанып, ащы қайнатып ішетін шай алдық. Оқ-дәрі, айыл-тұрманды әбден дайындап, аяқтағы саптама етіктерді сыпырып, тазының тұмсығындай сумаңдаған сидам шақай тарттық. Астымыздағы арыстан жалдас айғырларды да таң бозынан тұрып таудан, тастан таймайтын құрыш емшекті тағалармен қайта тағаладық. Енді азық-түлік, аң терілері мен тайжақыларды артатын бір атты жылқыдан ұстап алмақпыз. Аңшыға қажетінің өзі де осы еді. Ал аңды қанша ату, қалай атуды өз өнерің біледі.
Бәріміз де күн шыға атқа қонып, кеше іңірде «осы қолқаттан қозғалмассың» деп салған жерге жеткенде, ақ шөбі жүндей бұрқырап қалған тебінді көрдік. «Таң атқанша тапжылмай жатулары керек еді ғой, бұл қалай?» дескендей бір-бірімізге таңырқай қарадық. Айналаны асықпай арылтып қарағанда да оңтүстікті бетке алып, жосыла үріккен қалың ізден өзге еш нәрсе көрінбеді.
«Бұларға не көрінді, не болды?» дегенді Айжарық айттырмай-ақ ұғынып тұр. Ол асықпай-саспай үн қатты.
«Жылқының таң қараңғысына дейін тапжылмай жатқанын көріп тұрсыңдар. Екіге бөлініп, табын аумағын орай шауып, із кесіңдер де маған келіңдер. Ал, тездетіңдер», – деді ол, мойнындағы бесатарын тақымына қысып жатып. Оның бұл қимылы қалай да бір қанды бұлауынға түсердің белгісі еді. Екі жақты орай шолуды ойлап, шаба жөнелістік. Біз ұзамайақ табынның солтүстігі Майлы тауы жақ шетінен шауып келіп кірген жалғыз жылқының ізін көрдік.
Аналар да мол тебіннің соны шетін орай шауып, ат тұмсығын бізге келіп тірегенде бұдан басқа ешқандай із болмағаны анықталды. Мұны ыңғайымыздан-ақ ұғынған Айжарық жосып жатқан жылқы ізіне тура тартты. Бәріміз де: «Бұл келген із Көкқасқанікі дегенді іштей ұғысып, оның соңынан салдық. Көлденеңі шақырым жерді алып үріккен жылқы жосуын көбелеп, бұрқыратумен келеміз. Өңкей тоқ жылқылар, жол-жөнекей тезекті толассыз тастап, мынандай ақ таң атқанды қойып, тас қараңғы түнде қусаң тоқтаусыз жол салып барады. Жоннан үріккен жылқы, осы шабыспен отырып, Белбастау кенересіне келіп түсті. Бұл біздің елдің күз бола кетіп, жаз шыға келетін «Құсжолы» сияқты, көш жолы. Көптен жайбарақат, жандары тыныш, міністе жүріп, ащы терлері алынбаған сақа айғырлар, сабындап алғандай болды.
– Сонда бұл жылқыларға не болды, – деймін сабырсызданып.
– Ей, сабырсызданбай, шәугімдегі шайды ысыттырып әкел. Әңгімені асығып айтқан соң-ақ қасиеті қалмайды оның…
…Шіркін, қызуы алты жүз градус газ плита шағын шәйнекті «әу» демге келтірмей жұлып әкетеді ғой. Үнді шайдың хошпұрақ иісін бұрқыратып алып келдім.
– Е, шақарбайым, «әйт-шәйтке» келтірмей алып жеттің бе? Шайыңды қою, қаймағыңды баса қатып, шақтап қана құй.
Дәу атамның үстіне ешкім ұлықсатсыз кірмейді. Тек есік ашып қана сөйлеседі. Басқа балалардың бәрі де сабақ дайындап, телевизор көріп дегендей, өзге бөлмелерде отыр. Ал маған қай уақытта болсын алқын-жұлқын, салдыр-гүлдір кіріп келуге де жол бос.
– Сонымен, біз табынға жалғыз шауып кірген Көкқасқа ат емес, әлдеқалай ұры екен деп те ойладық. Дегенмен жылқының үріккен сүрлеуі жаңарып, жуық арада байырқалайтындай нышан танытып келеді. Емшінің кенересіне еңкейе келіп, Қанайсайына жеткенде шетінен қара сүмек болып, жаңа ғана жайыла бастаған жылқының үстінен шықтық.
– Шетінен қызылмай болып, құлын тастамаса не қылсын? – деді Қамыш деген жылқышы.
– Қулық биелер болмаса, олай болмас. Су ішкен жоқ, әрі өсіп қалған құлынды тастай салу арзанға түспес, оған қайғырма, – деп Айжарық оған жаратпаған жауап айтты.
Жылқының дін-аман екені санамай-ақ көрініп тұр. Бәріміз де аңдағайлап, жылқының тоқырап жатқан алдыңғы шебіне шықтық. Жалғыз жылқының ізі «Емшінің шатаңы, қайдасың» деп тартып беріпті.
– Бұл Көкқасқа ат қой? – деймін.
– Дәл айтасың, тасжарғаным. Сол жануардың тап өзі. Тағы да сарпалдаңға салып соңынан қуып бердік.
– Мынау делбе болған, құтырған. Әйтпесе… – дей беріп едім.
– Олай емес, – деп Айжарық ақырып тастады.
– Енді қалай? – деп тайталасуға төреден кейінгі төреміз. Өзі айтулы сері, атақты мерген, жігіт кезінде қаны шыққан ұры болған адам. Қандай өжет болғаныңмен, қарсыласуға болмайды, қасқыр сияқты қауіпті пенде. Түкті қабағы өмірі бір ашылмай түнеріп кеп жүргені. Ол туралы әңгімені кейін айтамын дедім ғой, кейін айтамын.
– Дәу ата, оныңыз «Айжарық» деген әңгіме ғой!
– Әне, тасжарғаным, тағы да тауып айттың. Тап солай. Жануардың қарулысы-ай. Аяғынан ұшқан тас арқан бойы жерге түсіп отырған. Емшінің шатаңына таяғанда тақтам қырат тарылып сары өзекпен салыпты. Оның да аяғы қусырылып, сайсымаққа айналыпты. Білеміз. Мұның төменгі жағы шилеуіт, өлең өскен бастау-бұлақ болып кететін. Енді жай желіспен келе жатырмыз. Бастауға таяп қалғанда астымыздағы айғырлар осқырып, баспай қойды. Дереу мойнымыздағы мылтықтарды жұлып-жұлып алып, сақыр-сұқыр оқ сала бастадық.
– Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап! Қырарсыңдар, – деп Айжарық кекете мырс етті. Ішімнен «тәңірімсінген төбет» деп ит жыным ұстады.
Айғырларды борбайлап-борбайлап жіберіп, тұмсықтан шыға келсек, бастаудың басы ас беріп, асар салғандай қызыл қырман шапшыған қан. Көкқасқа аттың жотасы көрініп, теңкейіп жатыр. Айғырларды тұсап қасына келдік. Мұз үстіне келгенде тағасыз жануар тайып жығылыпты. Қайдан тұра алады. Шабынан емін-еркін-ақ жарған екен. Тайыншадай көкжалдың тарбиған іздері жатыр. Ылғи ғана қазысын ойып жеп, онан кейін қара кесек жүрекпен басытқы жасапты да, Шалғайдың шатына қарай аяңдап жүріп кетіпті. Күн шыға жайратқаны көрініп-ақ тұр. Аттың денесі сол қалпы, жыпжылы.
Дәу атам демін тереңнен алып, ауыр күрсінді де, үнсіз отырып қалды. Осыдан ұзақ үнсіз отырды да, бір кезде ғана маған қарады.
– Ана домбыраны алып «Ементолқынға» тартшы, тасжарғаным.
Мен Кәрі апамның тұскиізінің төменгі жағында ілулі тұрған домбыраны алып, құлақ күйін байқай бастадым. Дайын тұр екен. Атам «менен артық тартасың» дейтін «Ементолқынды» қолыма шақ тоғыз пернелі қарағай шанақты қарт домбырамен солқылдата соқтым-ай келіп. Өзім де шағын денелімін, оның үстіне шоқпардай болып құнтиып, Дәу атама қарап қоямын. Электр жарығы көзінің жасын жылтылдатып жылап отыр. Ойнап болып едім. Орамал шытын алып, екі көзін басып, иіні үнсіз селкілдеп отырды. Күйді аяқтап болғанымда орамалын көзінен алды.
– Алдыма келші, құлыным.
Жүгініп алдына отырдым. Маңдайымнан емірене сүйіп, тамағымнан иіскеді.
– Отыр қасыма.
Қасына отырдым.
– Артынан анықтадық. Табынды кешке жақын көз ұшынан көрген де, түннің бір кезінде келіп жеткен. Азулы жауыз, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан Көкқасқаның сырт жағынан келіп, тұра бас салған. Аса әлуетті ат – ата түрегеліп, жалында салақтаған қасқырымен табынға келіп қойып кетеді. Ал осыдан кейін үрку басталсын. Жылқылар әбден сілесі құрып, таң ата тоқырағанша, қасқыры бар Көкқасқа араласа шауып отырған. Қасқыр осыған дейін кейде атқа асыла салақтап, кейде тіпті төртаяқтай тарбиып үстіне мініп алғаны ақиқат. Қасқырдың артқы аяғының ізі қар үстіне анда-санда ғана түсіп қалып отырған. Әйтпесе, мұнша жерге салақтаумен келе алмайды. Бұған жырылып кетпей аттың жалы да шыдамайды. Ат мұзға тайып жығылып, жарып жіберерде жағын бір-ақ жазған.
«Бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау алады» деген. Егер, Көкқасқа ат жануар саяқ жүріп, табыннан аулақта ұйықтап қалмаса, апта бойы аузына түк түсіре алмай, аштық пен ашу қабат қысып келе жатқан азулы көкжал тап келіп, тұра бас салмаса, мұндай өлімге душар болар ма еді? Кезек табында жүрген тай-жабағының бірінікі еді ғой.
Мені енді қанша жүреді дейсің. Санаулы ғана уақытым қалды. Білесің, мені ел-жұртым түгел сыйлайды. Мен дүниеден кеткен соң, сен тентектің теріс ісіңді кім қостайды. Қойсаңшы, құлыным…
Атам бауырына қысып, басымнан иіскеп, ұзақ еңкілдеп отырды. Оған қосылып мен де еңіредім.

ZHAKYPBAYULYТөлеубек Жақыпбайұыл,
«Мен қалай түзелдім?» әңгімесінен қысқартылып алынды.
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.