Сәдібек ТҮГЕЛ: Иесін өрттен құтқарған Ақжал айғыр

8292

«-Аға, сол жолы мені қасақана ұйымдастырылған өрт өлімінен алты жасар «Ақжал» айғырым алып қалды. Оқиға былай өрбіген болатын. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында бастау алған мал ұрлығы біздің өңірде 2000 жылдарда да жалғасын тапты. Тіпті өршіп кетті десем артық айтқандық болмайды. Біреудің үйіндегі жалғыз сиыры, далада жайылып жүрген жалғыз атына дейін ұрланды.
Біздің «Бірлік» ауылынан шыққан баукеспе ұрылар, «ағайынды Есілхановтардың» тізесі батпаған, елге көрсетпеген қорлығы қалмады. Олар «Екібастұз» бен «Ерейменнің» ортасын жайпап жүрді. Бандының басшысы қазақ күресінен спорт шебері, республикалық жарыстың жүлдегері Қанат, оның інісі самбодан облыс чемпионы Жанат, жиен інілері Нұрбек пен Рашит болды. Өзімді олар қан қақсатты. Жарымжан мүгедектігімді пайдаланып қолымдағы қанатым, жалғыз тұлпарымды үйдің жанынан сойып әкетті. Онымен қоймай елу алты жерінен пышақталған жылқымның терісін үйімнің алдына іліп кетті. Мазақтап. Көп күн өтпей ауыл тұрғыны Шәрипа апайдың қайтыс болған күйеуінің жылдығына семіртіп жүрген ту биесін қорасында сойып, терісін талқандап тастап кетті. Учаскелік инспектор «Есілхановтардан» қорыққанда, қораға тығылатын. Өйткені оларды аудандық милицияның басшысы өзі «крышевать» ететін. «Есілхановтар» барған сайын есіріп алды. Тоқтау, қорқу жоқ.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Тек, бір Алла тағалаға сыйынып, іс-әрекет, қимыл жасау қажет. Ұрылардың жазасын беру қажет деп шештім. «О, Алла, дертімнен айықтыр. (Суық тигендіктен, бір өкпем алынып тасталған болатын.) Бойыма күш-қайрат бер. «Есілхановтарға» кеткен есемді қайтаруға жағдай тудыр. Жауым табаныма тапталсын. О, Алла, өзің қолда, өзің сақта, өзің қорған бол»-деп күнде-күнде сыйынып, есемді еселеп қайтаруға бағытталған дайындықтарым мен жаттығуларымды жүргізе бастадым. Алдымен қорғану үшін қару-жарақ сатып алдым. Оған рұқсатты ауданнан әрең дегенде алдым. Менің мылтық сатып алғаным баукеспелерге мәлім болды. Олар: «Чехотник, бізге қарсы болуын доғарсын. Болмаса, көзін құртамыз»-деген сәлемдерін жеткізді. Мен, винтовкамды құшақтап, Ингушетияға нағашы жұртыма атандым. (Мұсаның әкесі- қазақ, шешесі — ингуш қызы). Жарты жыл дайындықтан өттім. Ату, шабуды, жауға қарсы тұрып, тойтарыс беруге үйрендім. Ең бастысы, психологиялық тұрғыда шыңдалдым. Елге оралысымен өзім сұранып, ауылдың жылқыларын бағуды қолға алдым. Таныстарымнан қазанат тұқымды «Ақжал» айғырды қалап жүріп, сатып алдым. Онымен тез тіл табыстық. Адамнан есті жануар деп, «Ақжалды» айтуға толық болады. Менің не ойлап тұрғанымды қас-қабағымнан біліп тұратын. Менің жылқы бағамын дегеніме бүкіл ел аң-таң болды. «Ұрыларға, оның ішінде «Есілхановтарға» жем боласың»-деп ақыл айтқандар да болды. Ол кезде ауылдың жылқылары бірге бағылмайтын. Себебі ұрылардан қорқатын. Сондықтан да, әркім жеке ұстап, бағатын..
«Қолхат» беріп жүріп, 150 бас жылқыны жинап, тауға аттандым. Келе сала қос салуға кірістім. Қосты өзеннің жағасындағы жарға орналастырдым. Ескі вагонның сыртын стекловатамен қаптап, жиегін қалың топырақпен көмкердім. Жар жағына тіреу ретінде, бір адам еркін сыятын труба әкеп орнаттым. Одан, өзім ғана білетін далаға шыға алатын құпия жол салдым.
Айтарым, күнде тосатыным, «ағайынды Есілхановтар бандасының» келуі. Айтқанымдай олар көп тостырмады.
Күні бойы жылқы қайырып, шаршағандықтан болар, қатты ұйықтап кетіппін. Алдымен алыстан «Ақжалымның» шыңғырған дауысын естідім. Сәлден кейін азынаған айғырдың дауысы анық естілді. Орнымнан шошып ояндым. Ұйқы жау деген осы. «Есілхановтар» есіктің сыртын құлыптап, қостың сыртына канистрден бензин шашып жүр екен. Мен кеш қалыппын. Банда жетекшісі Қанаттың, «Газ тұрған жаққа көбірек бензин шашыңдар»-деген дауысын таныдым. Қас-қағым сәтте вагон бытырлап жана бастады. Айналам қып-қызыл от-жалынға оранды. Қостың іші бірден күйіп кетті. Мен, «Оңбағандар, есікті ашыңдар, бәріңді өлтіремін»- деп айғайға бастым да, дүңкілдетіп есікті қақтым. Ар жағы қарқылдаған күлкілерге толды. Маған да керегі сол еді. Вагон жанып болып, енді жарылады ау деген тұста, құпия жол, трубаның ішіне секірдім. Сол-ақ екен оттың ыстығынан газ баллондар бірінен кейін бірі жарылып, вагонның күлі көке ұшты. Мен, алдын-ала дайындалған орға түсіп, жаным қалды. Есімді тез жиып, қолыма «Калашты» ұстап далаға шықтым. Қора жақта шыңғырған жылқылардың дауысы жер жарады. «Көптен күткен күнің осы ғой, Мұса, есеңді қайтаратын сәт туды. Жіберіп алма»-деп өзімді қайрап, жауларға қарсы жалғыз өзім ұмтылдым. Бойымды кернеген ашу-ыза бар, өш алу бар, қатыгез ұрыларды ұрылық пен қылмыстың үстінде ұстау бар, оңбағандарды аямай жазалау бар жылқыларды жайратып салып, сойып жатқан «Есілханов бандасының» ортасынан, автоматтан оқ жаудырып бір-ақ шықтым. Дәл осыны күтпеген ағайындылар қатты састы. «-Тек, осыдан, неге қорқамыз»-деп Жанат қаруын маған қарай кезей бастағанда, асқан жылдамдықпен, қолынан атып түстім. Оның дауысы жер жарды. Жерге жатып өкірді. Жауыңды жеңу үшін үрейін қашыру керек. Автоматты көтеріп, Қанатқа қарай жүрдім. Қалшылдаған банда басшысы аяғыма жығылды. Екі жиені де жерде бастарын ұстап, аяғымның астында жатты. Қарсылық көрсетуге рухтары болмады. Оларды үрей басты.
«-Ұрылар, сендер, адам емессіңдер он жыл қатарынан елдің адал малын оңды-солды ұрлап, қан жылаттыңдар. Құтырып алдыңдар. Талай жандардың көз-жасына қалдыңдар. Сендерге қандай жаза қолданған дұрыс болады? Оның тек қана екі жолы бар. Біріншісі: «Ерді намыс өлтіреді»- дейді емес пе, дәл осы жерде атылып өлесіңдер. Екіншісі: атылып өлмесеңдер, сендерді тыржалаңаш шешіндіріп, ауылға алып барамын. Халықтан кешірім сұратамын. Ойлануға бес минут уақыт беремін. Менің мінезімді білесіңдер. Бөтен қимыл жасасаңдар атып тастаймын»-дедім.
Тура бес минуттан соң, тұла-бойларын үрей басып, бейшара кейіпке түскен төртеуі де біріне — бірі қарап, киімдерін шеше бастады. Ақжалға міндім де, ар-ұяттан, намыстан адырам қалған тыржалаңаш төрт бандыны ауылға айдап келдім.
Бұл көріністі бүкіл ауыл тұрғындары көшеге шығып тамашалады. Араша түскен ешкім болған жоқ. Шәрипа жеңеше үйдегі жуындыны олардың бетіне шашты. Міне, аға сондағы ұялы телефоныма түсірілген суреттер»-деп Мұса бауыр әңгімесін аяқтады.
Р.S. Қазақтың «тұлпарға қиянат жасағанның тұқымы құриды»-деген қанатты сөзі бар. Бұл оқиғаның орын алғанына жеті жылдан асты. Баукеспе мал ұрыларының төртеуі де ит өліммен өлген. Жанат Ресейге кетіп, сол жақта күйіктен асылып өлген. Нұрбек ішкілікке салынып, соның салдарынан қайтыс болған. Рашит «бомж» болып жүргенде суықта қатып қалады. Ал, Алматы қаласының маңына көшіп кеткен банда басшысы Қанат Есілхановтың өлімі әлі күнге дейін жұмбақ болып тұр. Елдің айтуынша оны ұлдары ұрып өлтірген сияқты.

Sadibek T.Сәдібек Түгел, жазушы.
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.