Абылай МАУДАНОВ: Тектінің тұяғы

7824

Мен ес білген шақта біздің үйде он бес шақты жылқының басы болатын. Жылқы малын әжем жарықтық ерекше жақсы көруші еді. Ерте көктемде туған құлындар қарақұлақтанып кетпес үшін көкемдер мамыр айы туысымен желі-ноқтаны сайлай бастайтын.
Бие байлаудың қызығы мен үшін бес күннен аспайды. Күннің ыстығында тайға мініп, ауылдың сыртынан күбі ыстауға тобылғы әкелу, онан қалды сағат сайын бие саудыру оңай шаруа емес. Ең қиыны – басқа балалар көл басында “жалақ” ойнап жүргенде, менің келесі сауымды күтуім. Желінің басына тіккен шағын қостың көлеңкесінде отыра беру – бір азап. Қанша дегенмен, баланың көңілі далада емес пе, ойынға аңсарым ауып тұрады. Соны сезе ме, әжем марқұм ертегіге бергісіз әңгімелер шертетін.
“Жеңістің бес жылдығын тойлайтын жылы, — деп сабақтады әжем бірде әңгімесін. – Қатары селдіресе де, ер-азаматтар елге оралып, халық торала бастаған тұс қой. Атқамінерлер той қамына кірісіп, ат бәйгесі өтеді деп сауын айтылды. Той, бәйге дегенді ұмытқалы қай заман. Қолда бары тай-тулағын үкілеп, ел мерекені асыға күтті.
Көкеңнің нағашысы Қабылда атаң (ол кезде жас жігіт) “қара құнанды жарысқа қосайық” деп қыңқылдап жүретін. Қара құнан – көкеңнің бәсіресі. Өзі мінер деп үйреткізбегенмін. Жарысқа санаулы күндер қалғанда інімнің көңілін қимай, “бәйгеге қоссаң қос, еркің білсін” дедім. Ой, сондағы Қабылданың қуанғаны-ай! Жайшылықта да тентектеу неме есі шығып, қолына жүгенді алып үйден шыға жөнелді.
Сол бетінде Айырқұмға жаяулатып тартып отырыпты (Не деген қызбалық десеңші!). Екі ара елу-алпыс шақырымдай. Ол кезде жылқыларды Әртелдің шабындығына түседі деп құмға айдайтын. Байғұс бала жолда қаталап, тобылғының көлеңкесін паналап отыр дейді. Әйтеуір бағына орай атты адамдар кездесіп жолы болыпты. Әйтпесе шөлден өлгендей екен. Айырқұмға аман-есен жетіп, жылқышылардың қосына бір түнеген соң, келесі күні ертемен қара құнанға құрық салады. Ұстаған бетте үйретіп, жолға шығады (Өйтпесе Қабылда бола ма?!).
Жолда шағыр-шағырдың арасымен жортып келе жатқанда алдынан қылаң етіп бір қарсақ қашыпты. Астындағы атының бастықпаған шу асау екенін ұмытып кеткен нағашың, қара құнанға тақымды басып қалып, қуып береді. Қыр асырмай жетіп, ұруға енді ыңғайлана бергенде, құнан қаз мойынын алдыңғы аяғының арасына сүңгітіп жіберіп мөңкіп қалады. Қабылда аттың басынан асып барып қара жерге бұрқ етеді. Сүт пісірімдей уақыт есінен танып қалса керек. Әлден уақытта көзін ашса, о, тоба, өмірі жүген-құрық кимеген асау құнан, жаңағы қылығына кешірім сұрағандай, қасына келіп тұр дейді. (Бұл да болса Құдайдың қарасқаны шығар)
…Қабылданың әңгімесін естіген жұрт аузын ашып, көзін жұмды. “Текті жылқы иесін жолға тастамайды. Қара құнан нағыз ерге лайық ат болайын деп тұр екен” деп мақтасты. “Тұрқы қалай сымбатты еді өзінің! Көздері шырадай жанып тұр екен!” деп тамсанушыларда шек болмағасын, көздерінің сұғы тиер ме деп қорықтым. Жабулатып, елдің көзінен алыс әкеттірдім.
Бәйгеге екі күн қалғанда моншада сумен сылап терін алып, сандықтың түбінде жатқан атаңның тұтынған ер-тұрманын шығардым. Шекетулі жүген, күмістеткен ер-тоқым салып, кұйрығын, кекілін ақ орамалмен сүзгенде құнан жұтынып шыға келді. Үстіне ыңғайлы бала мінгізіп көппен бірге Аралбайда отырған Омар сыншыға жіберттім.
Ат айдап кеткен адам айтып келді, қара құнанды көргенде Омар марқұмның көзі жайнап түсіпті. Өзге аттарды сырып қойып, алдына бір, артына бір шығып, ұзақ қарапты. Күміс жүгеннің сулығынан ұстап тұрып, тісін де көріпті. Ақыры басын шайқап: “мен ат танысам, мынауың жылқы емес шығар, жарықтық. Тумысы бөлек, тұқымы текті мал екен. Мұның алдына түсер қылқұйрық болмас. Бірақ бойында екі түрлі кемшілігі бар сияқты. Бірі – шауып келе жатып иесінің қылығы ұнамаса, мойнын ішке тығып мөңкитін шамшылдығы, екіншісі – қатты шапқанда көзінен жас ағатыны (небір сыншылар болған ғой бұрын). Сондықтан қамшысының ұшына ақ орамал байлап, епті баланы мінгізіңдер. Бәйгені осы алатынына күмандарың болмасын” депті. Мұны естігенде не жан қалады, ішімнен “тәубем” мен “шүкір, тобамды” мың қайталаймын.
Жарыс болатын күн де келді-ау. Қас қылғанда тоқ бәйгенің аттары мен құнандар бірге жіберілді он бес шақырымға.
…Бір уақытта, көз ұшында бір қара көрінді. Жүрек дүрс-дүрс. Сөйткенше, алдынан шыққан ұшқыр атты тосқыншыларды да ілестірмей қара құнан қарақшының түбінен зу ете қалды. Тіпті соңынан тозаң еріп те үлгірмеді. Есім шыға жүгіріп, көкеңді іздедім. Ойым аттың алдынан шығамын деп басылып қалмаса екен ғой, баяғы. Айдың күні аманда жалғыз тұяқтан айрылып қалсам…, масқара-ай!…
Елдің бәрі у да шу. Сүйінші сұрап, құттықтап-ақ жатыр. Қарасам, басымда жаулығым жоқ. Қуанған бір ағайын ат үстінде жалауша желбіретіп шаттанып жүр.
Арада жебей сауым уақыт өткеннен кейін барып, аты бар, құнаны бар, қалғаны тырағайлап келе бастады.
Мен бір күлемін, бір жылаймын. Құшағымда – көкең. Айналайын ағайын, мені де сүйеді, көкеңді де шөпілдетіп жатыр.
Әйдік қуандық. Ел болып тілектестік білдірді. Жарықтық жылқы малы-ай, мерейің ғой ол да. Жайшылықта кімнің тайы озбай жатыр дейсің, бірақ қара құнанның қарқыны тым ерек еді. Танауы көріктей желпілдеп, алдыңғы аяқтарын бірінен бірін асыра тастағанда көз ілеспейтін. Алапат қарқынын көрген адам өзінен-өзі аруақтанып делебесі ұстағандай еді… Осы жерге келгенде әжемнің білдіртпей жылап отырғанын байқадым.
Мені қара құнанның арғы тағдыры қызықтырды.
— Мен сияқты жесір әйелдің маңдайына жүйрік ат сиюшы ма еді… Ауданнан келген әкім-қаралар қайта-қайта тізе батырып, тартқандай қылып әкетті ғой… күміс шекетулі ерін бермеймін деп қасарысқаныма да қарамады… уәкілдің бетіне қайдан келейік… ал, қара құнан кейін облыс, ауданның бәйгесін бермей жүріпті деп естігенбіз. Аяғынан қалған шағында сонау аудан жақтан қашып, Көкалаттың басына келіп өлді ғой. Е, туған топырақ! Сені кім аңсамайды дейсің?!…
— Қалай адаспаған? Жылқыда да туған жер бола ма?
— Ол бір бөлек қисса, ескі жара ғой… Заты төрт аяқты демесең, жылқы да туған жерін ұмытпайды. Керек десең, осы жердің Көкалат деп аталуы да Кенесары ханның інісі Наурызбайдың досы Шәкір атаңның жорық тұлпарымен байланысты екен. Шәкір бабамыз да ел үшін, еркіндік үшін күрескен. Көк ала ат сүйікті тұлпары болса керек. Ол жау тұтқынынан қашып шығып, анау Қарасудың басына жетіп жығылыпты… Бұл жайлы Қойшығара ағаңның керемет әңгімесі бар. Кейін өзің оқып аларсың. Қара ат та солай еркіндік аңсап, туған жерін сағынып жеткен шығар. Кейде туған жерін, ата-бабасының дәстүрін ұмытып кететін адамның тексізінен хайуан баласының естісі артық.
— Әже, қара құнанның тұқымы бар ма?
— Бар ботам, міне осы жылқының бәрі қара құнанның тұқымдастары. Атаңның көзін көрген жылқылар. Тұяғын үзбей сақтап келемін. Сен туғанда да апаңның сүтіне қосып, саумал бергізгенмін. Тектілік дари ма деген ырыммен…
Жалпы әжем қандай әңгіме айтса да атамызды айтпай кетпейтін. Ондайда менің еркелігім ұстайды.
— Әже, сенің шалың қайда? – деймін қиқарланып.
— Майданға, ел қорғауға кеткен, құлыным!
— Неге келмейді, енді ешқашан келмей ме? Қашан кетті?
— Неге келмесін, ботам, келеді. Атаң соғысқа көкеңнің екі жасында кеткен.
— Содан бері көрген жоқсың ба?
— Түсімде көрдім. Түсімде ол маған “келем” деді ме – келеді. Мен күтемін дедім бе – күтемін. Қой, ботам, биенің сауымы болып қалыпты. Кәні, құлын ұстасып жібер, – деп әжем ұршығын қойып, білегіне тініке шелегін іліп желіге қарай аяңдайтын.
Әжемнің осы бір әңгімесінен соң бұрынғыдай құлын ұстаудан қашпайтын болдым.
Мен құлындарымның бәрі өсе келе қара құнан сияқты жүйрік, адал болса, бәйгеден озып келсе деп армандайтынмын.
… Шынында да біздің үйдің жылқылары шетінен жүйрік келетін еді. Оның себебі марқұм әжемнің тектінің тұқымын қарашығындай сақтауында жатты ма, кім білсін…

abylai-mАбылай Мауданов, ақын
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.