Аттың сыны мен бабы*

13887

Қазақстанның қай аймағында болмасын, жүйріктерді жақын жерге және алыс қашықтыққа (аламан) шабатын деп екіге бөліп айтады. Кейде жақын жерге шабатындарды тыз етпе – ұшқыр десе, алысқа шабатындарды – қыза шабатын аламан-бәйге жүйрігі деп жатады. Ал шетел қазақтарында жүйріктерді түрге бөлудің бірнешеуі ежелден қалыптасқан, кейде жеке сыншылардың да өзіндік жүйесі болады. Қайсыбір атбегілердің сөзіне қарағанда жылқы үш түрге бөлінеді.

1) Ақалақ жылқы – жауға мінетін ат шығады, жауға мінетін жылқы бұқпа болады;

2) Ақсақал жылқы – жүйрік, тұлпарлар осы топтан шығады;

3) Бақал (мұзбүйрек) жылқы – ең төменгі топ, шабан, шобыр аттар. Мал қайырып мінуге, жүк тасуға, шаруаға пайдаланылады.

Ал енді ақсақал жылқының өзі 10 түрге бөлінеді:

1) Арқар жүйрік – ой-қырға бірдей жүгіреді;

2) Жайран жүйрік – ой-қыр демей шабады;

3) Қоян жүйрік – өрге шабады, арты биік, алды аласа келеді;

4) Түлкі жүйрік – жазыққа шабады;

5) Күдір жүйрік – өзі күшті әрі өрге шабатын жүйрікті тау-тасқа жүгіретін күдір аңға ұқсатқан. Екі мықын – жая мен қабырғаның ортасы бір сүйем ғана болады. Ал жазыққа шабатын жүйріктердің жая мен бұғанасының ортасы бір қарыс. Күдір жүйрік әдетте құйрығын көтеріп шабады;

6) Шаңтимес – бірден шаба жөнеледі, зу етіп алға шығады, тыз етпе, ұшқыр;

7) Аламан жүйрік – алдыңғы атты қуып жетіп, басып озып отырады, алысқа шабады;

8) Төңірек жүйрік – бұрқырап шабады, оны кейде тесік өкпе деп те атайды. Екі өкпесінің тұсындағы орайының ортасындағы тесіктен аяз күндері бу шығып тұрады;

9) Желбегей – алдыңғы екі аяғы ширатылған арқан тәрізді, артынан қарағанда шабынған бурадай төңкерілген тұрпаты ұзын, шойыннан құйғандай келісті келеді;

10) Қызбел (босбелбеу) – жайран бас, көзі отты, мінезі ұшқалақ, жеңілтек. Жал-құйрығы сұйық, құндыздай жылтылдаған жұмсақ жүнді. Ұшасы мен төс сүйегі биік, түлкі тұмсық, теке мұрын, танауының ауқымы тар. Қызбелдер бәйгеге жарамайды, нағыз көкпардың аты.

Созақ елінің (ОҚО) атбегілері бәйге аттарын үш топқа бөледі:

1) Арынды жүйрік – шүу дегенде жарқырап алға шығады, көзге тез көрінеді. Оны ұшқыр деп те атайды. Арынды жүйріктердің бағы көкпарда жанады. Салым салатын аттар сол арынды жүйріктер тобына жатады;

2) Ағынды жүйрік – бірқалыпты, ағып шабатын жүйрік. Ол алғашқы шабысынан танбайды, ұзаққа сілтейді, аламан бәйгеде көзге түсіп, көпшіліктің мақтауына ілігеді;

3) Сарынды жүйрік – үдемелі жүйрік, айқай шуды естігенде, дүбірлі шабыс тақалғанда еліре-екілене шабатын, құлағын үнемі сарынға тігіп отыратын, бүйірі дуда қызатын жүйрік. Мұндай жүйріктер қолға сирек түседі.

Қазақтың ат жарату өнерінде сыншылардың орыны ерекше. Сыншы жылқының сыртқы тұрпатынан, ішкі құрылысына дейін – анатомиясын, мінез-құлқынан бастап, көңіл-күйін – психологиясын бір қарағанда білетін, қазіргі тілмен айтсақ, интелектуалды маман. Сондықтан қазақ қоғамында сыншылардың әлеуметтік мәртебесі де жоғары болған. Қазақстанның әр жерінде сыншыны әрқалай атайды. Мысалы, Орталық және Шығыс Қазақстанда – «атбегі», Батыс Қазақстан мен Қызылордада – «атсейіс», болмаса «сейіс», Оңтүстік Қазақстанда – «бапкер», Шыңжанда – «тапкер», «сайыскер», «дадагер» дейді.

Ал енді ат сынына тоқталсақ.

Бас пішініне қарай: тәует бас, шал бас, бөкен бас, құлан бас, қу бас, үйрек бас, сүйрік бас, ұзын бас, қысқа бас, доғал бас, ешкі бас, бұлан бас, түйме бас, дорба бас, қоян бас, бақа бас, орақ бас, т.б. деген секілді жиырмадан астам түрі кездеседі екен.

Жалпы, үнемі мал бағып жүрген қазақ халқы жылқы мінезінің қыр-сырын өте жақсы білген. Қазақ өзін сондықтан да жылқы мінезді халықпыз дейді. Қазақтың жылқыны «есті жануар», «тілсіз адам», «жылқының бір-ақ кемістігі бар, Құдай оған тіл бермеген» деуі бекер емес. Қазақ жылқымен кәдімгідей сөйлескен. Биені сауып жатқанда, әсіресе егде әйелдер «қарағым», «шырағым» деп еміренсе, атын бәйгеге қосарда иесі жүйрігімен тебірене тілдескен. Атпен сөйлескенде қасыңда ешкім тұрмауы керек, жеке сөйлесу керек деп жатады үлкендер. Расында жылқыда ерекше бір қасиет бар. Мысалы, бір топ жылқыны айдап бара жатсаң, балалар таңырқай ұзақ қарап тұрады. Ал сол балалар мыңдаған қой, жүздеген сиыр, түйе айдап бара жатсаң, бір қарайды да ойынын қайта жалғастыра береді. Оларға жылқыға көз тіккендей көп қарап тұрмайды.

Ат иесі бір нәрсеге душар боларда, жер тарпып кісінейді, байлауға көп тұрмай пысқырады. Жақсы ат иесіне келетін пәлені үш ай бұрын біледі, білген соң өледі. Бұрын қазақтар иесінің жақсы аты ауырымай-сырқамай өлсе, иесі отбасына, туған-туысына, еліне дайындала беріңдер, атымның артынан мен де көп кешікпей кететін болармын дейді екен.

Қазақтың ат баптау өнері – білімділік пен қажымай-талмай еңбексүйгіштікті талап ететін бірнеше сатыдан тұратын үрдіс:

1) Құлын, тай кезінен жүйрікті тану;

2) Құнанында үйретіп, құнан бәйгеге қосу;

3) Дөненінде пішіп, табынға қоя беру;

4) Бестісінде жарату, әртүрлі жеммен күш-қуатын молайтып жемдеу, жаттығулар жасау (аяң, қара жарыс, шабыс, т.б.);

5) Терін алу;

Қазақта бәйге аттарын баптаумен қатар, жорға шығару өнері де едәуір қалыптасқан. Ата-бабаларымыз жорғаны:

Екі аяқты жорға, шалдыр жорға, үш аяқты жорға, төрт аяғы тең жорға, қой жорға, жол жорға, кекірек жорға (жортақ), шапқын жорға, түйе жорға, су жорға, су төгілмес жорға, табақ тартар жорға, төкпе жорға, тайпалған жорға, айдама жорға, шайқалған жорға, тайпалған жорға деп бөлген.

Жорға аттары негізінен бүкіш бел, бота тірсектеу болып келеді. Жорға – туа біткен қасиет. Жорға тудыру үшін екі аяқты, не үш аяқты жорғасы бар айғырдан қою керек, не енесінің мықты жорға болғанынан қояды, көбінесе жорға енесіне тартады.

Жорға аттың үзеңгісі қысқа болуы керек, үзеңгі ұзын болса, кәрі жілік пен жауырынның басына тиіп зақым келіп, қанталап, жорға әлсірейді. Жорғаға үш айыл таққан дұрыс: төс айыл, орта айыл, шап айыл. Тізгінді тең ұстайды, бір қолмен ұстап тік отырады. Адам бір жағына ауып, екі жағына қисайып отырса, ат жорғалап бара жатқанда жорғасынан жаңылып қалады. Сондықтан қисаймай, шалқаймай, еңкеймей, екі аяғы мен екі қолы тең, денесін тік ұстап отыруы керек.

Қазақ жылқысының әлемдегі басқа тұқымдардан өзгешелігі және артықшылығы сол, оның ерекше төзімділігі мен шыдамдылығы. Қазақ даласында ғасырлар бойы жаздың аптап ыстығы мен қыстың аязды қарлы боранында, көктемнің қара суығы мен жауын-шашынында ашық далада өз қорегін өзі тауып жеген жылқы тұқымдарының әлсіздері құрып, тек мықтылары ғана қалып отырған.

1877-1878 жылдары орыс-түрік соғысындағы Аустрия атты әскерінің қолбасшысы Ленейзен Орал казактары мінген қазақ жылқыларын көргенде былай деген екен: «Нағыз жылқылар, кавалерия үшін бұлардан не керек, сауыры жалпақ, еті тығыз әрі өте шапшаң ылдым-жылдым, тез бұрылады».

«Аустрия атты әскер маманының осы қысқа да нұсқа және өте дәл берілген бағасы бүкіл қазақ жылқысының табиғатын көрсетеді», — деп жазады А.Попов өзінің естелігінде.

Шын мәнінде, 1877-1879 жылғы орыс-түрік соғысынан кейін қазақ жылқысының ерекше шыдамдылығы мен күй талғамайтындығы Еуропа елдеріне мәлім бола бастады.

 «Қазақ салт-дәстүрлері» кітабынан

(Құрастырған Әлижан Тауұлы) argymaq.kz

Редакциядан: Мақала аздап аттың сыны мен бабы туралы тақырыптан ауытқып кеткенін байқаған боларсыздар. Бұл кітаптан алынғандықтан тақырыпқа өзгерту жасай алмадым. Сондықтан оқырмандардан кешірім сұраймын. Ал аттың бабы мен сыны туралы толығырақ мына жерден оқуларыңызға болады.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.