Азамат ТАСҚАРА. Қомыз абыздың Жонон қарасы

10074

(Күй-қасірет)

Қоңыр, қоңыр, қоңыр жел,
Неге ғана жылайсың?
Қанша адамды жұбатып,
Қанша адамды сынайсың?

Ұрпақ өтсін өрімтал,
Заман өтсін алағай.
Сенің атың – керімсал,
Сенің атың – толағай.

Түніменен тас үгіп,
Үрме болған жел едің.
Таң алдында басылып,
Сырма болған жел едің.

Теріскейден соқтың да,
Зар әкелдің құлаққа.
Көзден жас боп ақтың да,
Жетеледің жыраққа.

Алтай, Алтай, Алтайым,
Тағы қанша жел еспек?
Бота емізген талтайып,
Қараша інген елестеп.

Бұлттың күрең кескіні,
Бұлттың күні арман да.
Талтақ емшек ешкіні,
Жанай идіріп сауғанда,

Төбемізден бұрқырап,
Көшеді үнсіз, көшеді.
Жел иесі – Мірқайдар,
Оған бауыр деседі.

Зарын айтып бұ желге,
Қомыз да өткен заманда.
Жонон қара жылқысы
Аңыз болған заманда.

Ақ жабуы Жононның,
Бұқар терілген тіс өрнек –
Құстұмарша, бөрікөз…
Һәм көрмеген кісендеп.

Добыр аяқ құлыннан,
Жетілгенде сетер боп.
Жылдар жетіп құбылған,
Өткел болды өтер көп.

Өткел, өткел, өткелден,
Раң біткен көп белден,
Өтпей қалам демедің,
Жорық онда сынасын!
Өліп қалған ененің,
Бір иіске қу басын.

Аңыз болған абыз-ай,
Сүндет қамшың ала еді,
Уай, соған серт, соған серт!
Алтын күрек¬ – жел еді,
Жел қисайтса саған серт!

Сылбыр жаңбыр соңынан
Аспанда өсіп ошаған,
Сеңсең бұлты қақ жарар
Жонон қараң қашаған.

Жонон қараң қашаған,
Кез құлағың, желеді.
Қағанақ бас көп жаудан,
Аман алып келеді.

Болмады ұзақ бұл дәуір,
Аянышты аңыз-ай.
Кез боп қалған мұңға ауыр,
Бір ұрыста Қомыз-ай.

Жонон қара мерт болып,
Қомыз жалғыз қалды-мыс.
Жылқы басын қобыз ғып,
Қасіретін шалды-мыс.

Қоңыр, қоңыр, қоңыр жел,
Сен естідің зар-күйді.
Алтай, Алтай, Алтайым,
Содан әлі қалғиды.

Боз тырнаға мұң шағып,
Өткен дейді қарт абыз.
Сол бір баба тарихқа,
Жыр мәйегін артамыз.

Желге өптірген қанатын,
Бұлтты құшқан тырналар.
Жонон басын қобыз ғып,
Кім бар бұлай мұңданар?!

Әз көңілін қарайтқан,
Күй қасіретке ұласты.
Боз тырнаға зар айтқан,
Қарт өксігі тым ащы.

10490243_512304732203389_358124449_n

 

Р.S.

Қаба жалға орандым,
Қара түнге тоналдым,
Жаба тіккен жолдарға
қайта-қайта оралдым.
Қан шығарып қарпыдым
қара қойдың өкпесін,
Қотан басы қызыл жел
қабырғамнан өткесін.
Шиебөрі жортқан түз,
Ши өрілген сауыры,
Ақ Ертістің жауыны –
ақ биенің сауымы.
Алты қатын алты айда
дөдегені ызғандай,
Дулыға өркеш дөй нарлар
керуен басын бұзғандай.
Аттың жонын боз басқан,
Томар белін тоз басқан,
Тоқал бұтақ тоғайдың
тінін тастап жаз қашқан.
Күз, күз деме, күз деме,
жоқты көңіл іздеме,
Сексеуілдің шоғындай
жылу керек бізге де!
Қызыл бөрткен аспанда
ұсақ бұлттар қансырап,
Алабота күліне
ару жауын тамшылап…
Топ-топ тырна, топ тырна,
тобан аяқ көп тырна,
Топ тырнаның ішінде
боз мамық жүн жоқ тырна.
Бұлт ала да жер шола,
Қоян тобық белдер-ай,
Сетінеген сеңдер-ай,
Көз қарасы – көлдер-ай…
Көлге берген кеудесін
көсік тұмсық сен де бір,
Өзгерте алмай тағдырын
өксік қысқан мен де бір.
Өз тізбегін жатырқап,
жалғыз ұшқан боз тырна,
Ата қоныс суында
андыз құшқан боз тырна.
Нөсер сөйлеп най мінез,
құйын күнмен қарысқам,
Жалғыз ұшқан боз тырна,
Қол бұлғайын алыстан.
Күз, күз деме, күз деме,
жоқты көңіл іздеме,
Тобыр керек бізге ме?
Қабір керек бізге ме?!.
Төгіл, менің жаңбырым,
Ағыл, менің жан мұңым.
Жалғыз ұшқан боз тырна…
Айналайын, тағдырым!..

1941341_483248371775692_676417338565648991_oАзамат Тасқара

(Суреттер автордың талғамымен қойылды.)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.