«Ақтаудың Аққұйрығы» немесе шабандоздың түсі
(Деректі әңгіме)
Ойын баласы еді. Шілденің қысқа таңы тез-ақ атып кететін. Ауызғы бөлмедегі абыр-дабырдан ұйқысы шайдай ашылды. «Кеңке сізде атқа отыруға мығым бала бар деп естідім. Сол балаңызға қолқа салғалы келдім. Таяуда үлкен бәйге болғалы жатыр. Шабандоздыққа берсеңіз?!», – деген дауыстарды құлағы шалып қалған. Көршілес Ақтау ауылында тұратын Нақыпжан деген қойшы екен. Әкесі Кеңес қарсы бола қойған жоқ. Ана жүрегі алаңдайтыны белгілі ғой. Дегенмен Нақыпжанның қолқасы аяқсыз қалмады. Ол кезде жетінші класты аяқтап, өзінше «жігіт» болып қалған шағы. Жетіншіні бітірсе де киіктің асығындай ғана Құрмаш бала шынында атқа ертерек мінді. Әкесімен бірге талай рет жылқы баққан. Алғашқыда аяғын таралғыға салып жүрген қара бала келе-келе ат үстінде жүруге тақымы әбден машықтанып алды.
Бұл ауылды былайғы жұрт «Қытай» дейді. Ал ауыл үлкендері Қытай емес Ақтай ғой дейтін жайбырақат. Сірә, Ақтай деген кісінің аты болса керек. Ауылдан ұзап Ақтаудың ұлан ғайыр даласын бетке алған Құрмаштың есіне осы Қытай атына байланысты бір қызық әңгіме түсіп, еріксіз езу тартты. Ертеректе Қарағанды жағынан келген бір топ «аңшылар» Жаңаарқаның жазығында түні бойы прожектормен киік аулаудың қызығына кіріседі ғой. Астарында су жаңа «Зил» машинасы. Ол кезде жанармай тегін. Содан түні бойы ен далада әрлі-берлі жосыған «аңшылар» таң қылаң бере осы Қытай ауылының іргесінен шығады. Ауылдағы үйлердің дені шатырсыз тоқал там болатын. Таңғы елең-алаңда сиыр саууға шыққан бірді-екілі әйел болмаса ауыл шырт ұйқыда жатқан шақ. Шет жақтағы бір үйге таяп келген «аңшылар» қай жерде жүрміз деп сұрайды ғой баяғы. «Қытайдасыздар» деген сөзді естіген жүргізуші «Ойбай-ай, құрыдық. Шекарадан өтіп кетпіз», — деп отыра кетсе керек. Сөйткен Қытай Құрмаштың туған ауылы ғой.
Нақыпжанның бәйгіге қосқалы жүрген жүйрігін көргенде Құрмаштың көңіл күйі түсіп кетті. Бала да болса жануарды аяп кетті. Мына байғұстың көрмегені жоқ сияқты ғой. Құлақтары тілінген, ойылған. Жамбасы толған айқыш-ұйқыш «АК», «АК2», «АК3» деген таңбалар. Совхоздың екінші бөлімшесінен, үшінші бөлімшесіне ауысып келсе керек, сірә. Жүйріктің аты Аққұйрық екен. Түсі қаракөк болып келген, құйрық-жалы төгіліп тұр деп айтуға келмейді. Кәдімгі қазақтың сүйекті, тұрқы биіктеу қарапайым жылқысы. Құйрығының ұш жағы ақшыл болып келгендіктен Аққұйрық атанса керек. Биыл бесті шығыпты. Нағыз дер шағы екен. Содан не керек Аққұйрықты бәйгіге жарату мерзімі басталды.
Бір айдан кейін Жаңаарқа ауданының 60 жылдық мерейтойы құрметіне аламан бәйге берілмек. Бұған дейін Ақтауда түрлі мерекелік шараларда қара жарыстарға қатысып, бәйгенің алдын бермей жүрген Аққұйрық үшін алдағы бәйге ең алғашқы ұлы сынақ болғалы тұр. Әрине жүйріктің иесі һәм бапкері Нақыпжан да бұл аламанның жөні бөлек екенін іштей сезеді. Шабандоз бала Аққұйрыққа бой үйрете бастады. Бапкердің айтқанын қалт жібермей жүйрікті баптаудың барлық тәсілін орындады, әрі үйренуге тырысты.
Аққұйрықтың қамау терін алу, алғашқыда киіз жабумен, кейін жеңіл жабумен, тер құрғатып суыту, уақытысында суарып, отқа қою бәрі Нақыпжанның айтқанындай болып жатты. Бір ай шамасында бапкер: «Болды, — деді. -Аққұйрық бәйгіге дайын. Тек жалғыз қазықтан сақтасын, Алла жар болсын!» Нақыпжанның үні сенімді естілгендей болды. Бұл кезде бәйгенің уақыты да келіп жеткен. Жаңаарқаға жүргелі отырған күні шабандоз бала түс көрді. Аққұйрықты жаратып жүріп Сарыөзеннің жазығында талай рет қарашұбар оқ жылан мен бозғылт түсті түйме жыландарды көрген. Шабандоз баланың түсіне қара шұбар оқ жылан кірді. Тобылғылы, көделі Сарыөзеннің жазығында Аққұйрықты желдірдіп келе жатыр екен. Кенет жануар басын әнтек көтеріп, елең ете қалғандай болды. Тура қарсы алдынан қарашұбар жылан ирелеңдей өтіп тобылғы түбіне кіріп кетті. Құрмаш шошып оянды. Ат жарату барысында түннің кез-келген уағында сергек тұрып үйренген шабандоз бала жейдесін кие салып далаға шыққан. Ай сүттей жарық екен. Сарыөзеннің ұлы байтағы ай нұрымен мұнартып тұр. Жапандағы Нақыпжанның жалғыз қыстағынан басқа тіршілік жоқ сияқты. Көк толысып, жазира даланың нағыз жасанып тұрған шағы еді. Айлы аспанның астын түрлі құстардың даусы әнге бөлесе, қара жердің қожасы біз дегендей шегірткелерде тынымсыз шырлдайды. Бірақ ешқайсысы марғау түннің тыныштығын бұзып тұрған жоқ. Қайта қайталанбас түннің ғажап сәтімен керемет үйлесім тауып тұр. Тарлауыт пен көденің, жусан мен тобылғы гүлінің исі аралсқан жұпар ауа Құрмаштың бойын бірден сергітті. Мамағашқа байланған Аққұйрық жайбырақат мүлгіп тұр. Түннің салқын самалы жүйрікке де жайлы сезілсе керек. Құрмашты танығындай басын марғау көтеріп, бұл жаққа мойын бұрып қойды. Жануар шабандоз балаға әбден бауыр басып қалған еді…
Ертеңінде Құрмаш Аққұйрықты жарты сағат шамасында желдіртіп келуге шыққан. О, Тоба тура түсіндегі сурет қайталанды. Боз көденің арасынан сумаң етіп, қара шұбар жылан шыға келді. Қаупті сезді ме, көз ілеспес жылдамдықпен жақын тұрған тобылғы түбіне ұмтылған. Аттан секріп түскен Шабандоз қамшымен тобылғы түбін тартып-тартып жіберді. Қара шұбар жылан алысқа кете алмады. Жыланды қалай өлтіруді үлкендерден естіген Құрмаш түсінде көрген пәленің көзін жойды. «Адамның түсіне жылан кірсе – дұшпан» деуші еді Зылиха анасы. Жыланның көзін жойған Шабандоз баланың бойы бірден жеңілдеп сала берді… Сол күні түс ауа Жаңаарқаға жолға шыққан.
Бәйгіге қатысатын жүйріктер тізімделіп, шабандозар номерлерін алып жатты. Аламанға қатысатын жүйріктерді көріп қалатын сәт осы. Басқа уақытта бапкерлер жүйріктерін ел көзінен тыс жерде жасырын ұстайды. Қазақтың ежелден келе жатқан ырымы. Тіл-көзден сақтанатын болса керек. Нақыпжан ағасы да осы сәтті қалт жібермей пайдаланып қалатын. Кейін Құрмаш талай рет Нақыпжан ағасының ат танығыштығына, атбегілік қасиетіне қайран қалған. Бұл жолы екі торы, бір күрең, тағы бір қарагерді көрсеткен Нақыпжан.
— Танып ал Құрмаш, есіңе мықтап сақта, Аққұйрыққа таласатын тек осы жүйріктер ғана. Қалғандарынан алаңдамасаң да болады, — деген.
Жылқылы ауылда өскен шабандоз баланың көз бен көңіл жадысы мықты еді. Бапкер ағасы айтқан жүйріктерді есіне жақсылап түйіп алды. Аламанға ұзын-ырғасы сексеннің үстінде сәйгүлік жиналыпты. Бұл бәйгіге күнгейдегі Жетісу, Жамбылдан, ту сонау Ертіс пен Семей өңірлерінен біраз ат әкелініпті. Арқаның Ұлытауы мен Қарқаралысы, атбегілер отаны атанған Ерікіндік, Әлихан, Айса ауылының да жүйріктері қатысқалы отыр. Бір ай жаратылған Аққұйрықтың мүсіні сүмбідей сұлу болып шыға келді. Алғаш көргендей емес, шабандоздың Аққұйрыққа көңілі әбден толған. Шіркін, жылқы жарықтық-ай, бабын келтірсе сенен сұлу жануар бар ма?! Құрмаштың бір байқағаны жылқы жануары өте сезімтал, есті болады екен. Осы Аққұйрық бәйгі күні жақындаған сайын өзгеше мінез көрсете бастаған. Әлденеге елеңдейтін сияқты, кейде аяқ асты тыпыршып, қолды-аяққа тұрмай кетеді. Арагідік қос құлағын қайшылап, алыс көкжиекке ұзақ қарап қалатын. Содан кейін құдды нар тәуекелге бел буған адамдай ішін тартып ауыр дем шығаратын. Тағы бір қызығы бабы әбден келіскен жүйрік, алдындағы сұлыға да, көк майса шөбіңе де қарамай қояды. Құрмаш үшін осының бәрі тосын, қызық көрінген. Әрине мұның сырын Нақыпжан ғана білетіні ақиқат. Шын тұлпардың тұрқын бапкер жаратса, рухын тұлпардың өзі жарататыны рас екен.
Сонымен бес айналымнан тұратын отыз бес шақырымдық аламан бәйге басталған. Сексен тұлпардың тұяғы кең даланы дүбірге бөледі. Қиқулаған дауыс пен «Алла жар!», «Иә аруақ!» сөздерінен құлақ тұнып сала берді. Алғашқыда сексен шақырымдық жылдамдық көрсететін Аққұйрық бірден алдыңғы лектен суырлып шыға берді. У-шу артта қалды. Екпіні ат үстінен ұшырып жіберердей Арқаның самал желі гулеп қоя берген.
«Алдыңа бес ат салып ал, әр айналымда бір аттан қалдырып отыр, басын тежеп, жел жақты ұстауға тырыс», — деген Нақыпжан бапкердің тапсырмасы шабандоздың санасында жаңғырып тұр. Шын мәнінде Аққұйрықтың шабысы сексен шақырымды ұстайтынын шабандоз бала естіген. Ерте көктемде Ақтау совхозының директоры Мәнсүр аға Аққұйрықты су жаңа уазикпен жарыстырып, жылдамдығын байқапты. Соны көргендер әлі күнге дейін Аққұйрық сексенді жай алады екен деп таңдай қағысып жүрген. Артына көз салған. Бір торы құйрық тістем жерде тақымдап келеді. Не ұзап кетпейді, не қалып қоймайды. Қос танауы пырылдап, Аққұйрықтың мазасын алуға бел буғанға ұқсайды. Құрмаш аса саса қойған жоқ. Ақұйрықтың шабысын бір қалыпты ұстауға тырысып келеді. Міне, міне бірінші айналым бітуге санаулы сәттер ғана қалды. Дәл осы сәтте шабандоз бала тақымын жайлап қағып, денесін алға қарай ұмсынып қалуы мұң екен, Аққұйрық ытырылып берді. Алдында оқ бойы кетіп бара жатқан күреңді оп-оңай басып озды. Танауы пырылдап келе жатқан торы сол күреңмен қапталдасып қала берді. Алдында төрт қара, төрт айналым. Шабандоздың жүрегі лүпілдеп қоя берді. Алғашқы айналымның мәресінен өте бере қиқулаған көпшіліктің ішінен Нақыпжан ағасын іздеді. Қас-қағым сәт. Көз тоқтатып қарайтын уақыт жоқ, төрт жүйрікті алдына салған қалпы өте шықты.
Екінші айналымда алдындағы қаргердің қарқыны бәсеңдеп қалды. Ақұйрық оған күш салған жоқ. Бірқалыпты шабысымен қарагердің тұсынан сыдыртып өте шықты. Шабандоздың бойы жеңілдеп қалды. Өз өзіне келіп шабысқа бойы үйренді. Оның үстіне Ақұйрықтың әлі тың келе жатқанына, алда шабысына шабыс қосарына еш күмәні жоқ еді.
Нақыпжан бапкердің айтқаны тура келді. Шабандоз бала әр айналымда бір жүйрікті қиналмай артта қалдырып отырды.
…Соңғы айналым. Алдында жалғыз қара. Мана Нақыпжан ағасы көрсеткен торы. Тура өзін тақымдаған бағанағы торыдан аумайды. Тіпті үстіндегі баланың киміне дейін ұқсас. Соңғы айналымнан арқан бойы ұзай бере шабандоз бала Ақұйрықтың тізгінін босатқан. Жануарым-ай! Тұлпар тұяғының астында қара жер дөңгеленіп қала берді. Торы байғұс жанталасып-ақ бақты. Бірақ Аққұйрықтың шабысына шыдамады. Аққұйрық мәреге жалғыз, дара келді. Бұл кезде Аққұйрықтың соңғы бақталасы болған Арқаға белгілі жүйрік торы жарты шақырым артта қалған еді…
Сірәда, аты бәйгіден келген бапкер мен шабандоздың қуанышын тілмен айтып жеткізу қиын. Аққұйрық мәре сызығын қиған сәтте қалың жұрт жүйрікке қарай лап қойған. Құстай ұшып Нақыпжан жетті. Аққұйрықты жетектеп, жұрттан сытылып шыға берді. Гу-гу даурығып, айғайласқан жұрт. Көпке дейін «Ақтаудың Аққұйрығы», «Ақтаудың Аққұйрығы келді» деген дауыстар той төбені жаңғыртып тұрды.
Сахнаға қолына үкілі домбыра ұстаған бозбала ақын жүгіріп шықты. Домбырасын бебеулетіп Аққұйрықты жырға қосты. Ұзақ толғады… Кейін білді бұл ақын ағасы да Ақтау ауылының тумасы екен. Бір топ ауылдасы Нақыпжанды көкке көтере лақтырып, қошемет көрсетіп жатқанын көзі шалып қалды. Кейін шабандоз бала радиодан Ақан серінің «Жігітшілік» деген әнін тыңдағаны бар. Онда әншінің «Қуанып ауылыңа сен қайтарсың, бәйгіден атың келіп шаттанғандай» деген сөздерін естіп, талай рет сол бәйгені есіне алған. Бәйгіге үш доңғалақты мотоцикл тіккен екен. Бапкер мен шабандоз ауылға олжалы қайтты. Аққұйрықты кең қораға кіргізіп бос қоя берген. Жануар-ай, төрт аяғын еркін созып, бір жағымен қырлай жатқан қалпы тура ертеңгілік түс ауа басын көтерді. Бір сөткеге таяу жатты. Орынан көтеріліп, дүр сілкінді.
— Болды, жануар әбден тынықты, — деді Нақыпжан ағасы.
Кейінде тура осы жағдай қайталанып жүрді. Бәйгілерден келген сайын Аққұйрық тура бір сөткеге таяу кәдімгі шаршаған адамша бойын еркін жазып дем алып алатын.
Үйіне қайтарда шабандоз бала Аққұйрықпен қимай қоштасты. Айдан аса күні-түні қасында болған қара балаға Аққұйрық та әбден үйреніп қалғанға ұқсайды. Құрмашты көрген сәтте оқыранып сала беретін.
Жылжып жыл өтті. Бұл уақытта ірілі-ұсақты бәйгілерде алдына қара салмай жүрген Аққұйрықтың даңқы Жаңаарқа өңіріне, қала берді Арқаға кеңінен тарай бастады. Жүйрік ат, бәйге туралы әңгіме қозғала қалса алдымен Ақтаудың Аққұйрығы ауызға алынатын болды. Аққұйрықтың арқасында Нақыпжан ағасының да бедел, абыройы асқақтады. Бір күні салып ұрып Нақыпжан бапкер жетіп келді.
— Жамбыл жақта үлкен бәйге болғалы жатыр, Аққұйрықты сонда апарамыз, — деді.
Іле Аққұйрықты жарату, баптау науқаны басталып кетті. Бапкер тиісті тапсырмаларды беріп, жүйрік тізгінін Құрмашқа ұстатқан. Былтырғыдай емес Аққұйрықтың тұрқы ірілеу көрінді.Төрт аяғы сіңірленіп, бұлшық еттері қоюланған. Тұяғы тас үгітердей салмақты сияқты. Кітаптардан ғана оқитын нағыз болат тұяқ тұлпардың өзі болыпты. Бәйгі атының бабын білетін Нақыпжан бапкер Ақұйрықтың қоңын тура бір ай жаратуға лайықтап ұстап отырғанға ұқсайды. Шабандоз бала баптаудың барлық талаптарын бұлжытпай орындауға тырысты. Бір ай шамасында Аққұйрық әбден бабына келді.
– Болды, Аққұйрық бәйгіге дайын, — деді Нақыпжан.
Баурынан жараған Аққұйрық сымдай тартылып шыға келді. Содан ұзақ жолға аттануға қам жасала бастады. Құдай-ау тура былтырғыдай ертең жолға шығамыз деген күннің түнінде шабандоз бала түс көрді. Түсінде ат жаратып жүрген мұның алдынан қоңыр түсті жылан тағы ирелеңдеп өтті. Бұл өлтіруге ұмтылған. Үлгермей қалды. Ертесіне көрген түсі есінен кетпей қойған Құрмаш алаңдаулы еді. Арқандаулы тұрған Аққұйрыққа бара жатқанда түсіндегі қоңыр жыланның тура алдын кесіп өтпесі бар ма?! О, тоба қуанғанынан қорқыныштың бәрін ұмытып кетті. Жыланға жеткен бойда керзі етікпен басып, басып жіберді. Құдды қазір мына жыланнан айрылып қалса Аққұйрық бәйгіден келмей қалатындай көрінген. Екі аяғымен кезек тепкілеп, жыланды керзі етіктің өкшесімен әбден езгілесе керек. Өзінің де есі шығып кеткендей ме, түсінде айрылып қалған жыланды өңінде өлтірді-ау әйтеуір.
Оңтүстік жақта жүйрік ат көп деп еститін. Бәйгі десе ішкен асын жерге қоятын оңтүстік қазақтары шынында атқұмар ел екен. Бәйге өткізу ертеден қалыптасқан бұл өңірдің жүйріктернің даңқынан шабандоздың жүрегі шайлыққандай. Мынау ат Ресейден екі рет москвич ұтып әкелген, мынау ат волга ұтқан деген сөздерді құлағы шалған сайын Құрмаштың көңілі алаңдай бастады. Ертең болатын қырық бір шақырымдық аламанға жүзге тарта жүйрік қатысқалы отыр. Атағы жер жарған кілең сәйгүліктер. Арасында түркіменнің ахылтеке, текежәуміт дейтін жылқыларыда бар деседі. «Олар тұрғанда бәйгіден дәмеленбей-ақ қойыңдар», — деген сөздер де шығып қалады. Осының бәрін естіп, көріп жүрген шабандоз бала қалай алаңдамасын. Нақыпжан ағасы да қобалжулы сияқты. Бірақ шабандаз балаға сыр бермеуге тырысты.
— Қорықпа, Алла жар болса, Аққұйрық жерге қаратпас,- деді.
Тізімге келген аттарды бір шолып өткен бапкердің кәнігі көзі алты жүйрікке түсіп үлгерген екен.
— Осылардан абай бол, әр айналымда біреуінен озып отыруға тырыс. Шу дегенде алдыңғы топқа шығып, жел жағын ұстан. Басын іркіп отыр. Аққұйрық есті жануар бәрін сезеді. Сондықтан ырықсыз ештеңе жасама. Айналым азайған сайын алдыңдағы аттардың қарасы да азайып отырғаны дұрыс. Жеті айналым! Есіңде болсын, айналым санынан шатасып қалма. Көзіңе түсетін жерде тұруға тырысам. Мәреден өткен сайын назар салып отыр, — деді Нақыпжан.
Бапкер сөзін құлағына құйып алған шабандоз бала мәре сызығына қарай аяңдаған.
Ат айдаушының даусы естіліп, дабыл қағылысымен сап түзеп тұрған кіл жүйрік бірден лап қойған. Қарқын тым қатты басталды. Бір-екі баланың ат үстінен сыпырлып түскенінде көзі шалып қалды. Бәрінің ойы кішкене қара үзіп барып, ат басын ірку екені белгілі. Қырық бір шақырымдық бәйгінің атқа жеңіл тимесін бәрі сезеді. Нақыпжан ағасы да кәнігі бапкер ғой.
— Мен көрсеткен аттардың ғана шоғырында болуға тырыс. Оның алдында да аттар болуы мүмкін. Оларды қуып жетемін деп Аққұйрықты қинама. Олар жәй тыз етпелер. Жүйрік атты шаршату үшін арнайы қосылғандар. Олар бір-екі айналымнан соң өздері-ақ қалады, — деген.
Бапкер ағасының айтқаны тура келді. Төртінші айналымға шыққанда мана Нақыпжан бапкер айтқан бес-алты-ақ ат алдыңғы шоғырда қалды. Сәйгүліктер созыла шапты. Біраз ат айналымнан шығып жатты. Аққұйрық бабында еді. Құлақ түбі дымданғаны болмаса әлі тер шыға қоймаған. Шабандоз баланың әдеті Аққұйрыққтың саурынына қамшы тигізбейтін. Керек кезінде бүктей ұстаған қамшысымен ауаны қармап қана қояды. Есті жануар бәрін сезеді. Тақымын жайлап қысып, алға емінсе болғаны шабысын үдете түсетін. Есіне Жаңаарқадағы бәйге түскен. Сол жолы соңынан қалмай қойған торының үстіндегі бала құйрық тістесіп келіп қамшысымен Аққұйрықты саурыннан сабалағаны бар. Сонда Аққұйрық құлағын жымитып, бұзақы шабандоздың қылығын жаратпағандай қылық танытып еді. Ызаға булыққан Құрмашта бұрыла беріп, пырылдауық торыны қамшымен осып, осып жіберген. Бәйгені бақылап жүрген ат сейістер бәрін байқаса керек. Бәйгі соңында бұзақы шабондоздың бапкеріне қатаң сөгіс беріп, соңғы ескерту жасады. Мұндай жағдайлар бәйгі барысында жиі байқалып жатады. Құрмаш өздігінен ешкімге соқтықпайтын.
Алтыншы айналымға шыққанда Аққұйрықтың алдында үш-ақ қара қалды. Соңғы айналым… Ақұйрықтың алдында екі-ақ қара. Мәреден өте бере Нақыпжан ағасына көзі түскен.
–Жібер еркіне, жібер, — деп жанұшыра айқайлап қала берді ағасы.
Шабандоз алаңсыз еді. Өйткені Аққұйрық әлі тың болатын. Шабысынан жаңылған жоқ. Әдеттегідей соңғы айналым мәресінен арқан бойы ұзай бере Аққұйрықтың тізгінін босатқан. Алдындағы екі атта ерен жүйрік екен. Үш сәйгүлік жарты шақырмдай қапталдаса отырып, үздіге шапты. Аққұйрықтың қарқыны үдей түсті. Қанша дегенмен алты жасқа енді толған зар шағы ғой. Жер танабын қуырды. Жетінші айналымның соңғы минутары… Бұл кезде екі аттан да әжептеуір ұзап кетткен Аққұйрық дара еді! Шабандоз баланың көзінен жас парлады. Қуаныштың көз жасы… Жануар-ай, жүзге тарта сәйгүлікті артқа тастап, мәре сызығын қиып өткенде де шабысынан бір танбады-ау!
Арада жыл өтті. 1989 жылдың қоңыр күз еді. Бұл кезде Құрмаш бала мектептің сегізінші класын тәмамдаған. Қытайдың мектебі сегіз жылдық болғандықтан оқуын Қаражал қаласындағы Кәсіптік техникалық училишеде (ГПТУ) жалғастыруға дайындалып жүрген. Ауылға Нақыпжан ағасы келді. Аққұйрықты Талдықорғандағы Республикалық деңгейде өтетін бәйгеге апармақшы екен. Неге екені белгісіз осы сапарға баруға шабандоз баланың зауқы соқпады. Жүрегі әлденеге алаңдап, санасын беймәлім мазасыздық бейлегендей. Оқуын, әр нәрсені сылтау қылса да Нақыпжан ағасы табандап отырып алды. Құрмаш еріксіз келіскен еді.
Бәйге Талдықорған қаласының ипподромында өтеді екен. Шабандоз бала осыған алаңдаған. «Арқаның жазығында көсіле шауып үйренген Аққұйрыққа иподром алаңы қалай болар екен?» — деп ойлады. Бұл бәйгенің де салмағы ауыр. Қазақстанның ең таңдаулы жүйріктері қатысқалы отыр. Оның үстіне омырауы медальға толы Конзаводтың (Асыл тұқымды жылқы заводы) әйгілі тұлпарлары да бар деп естіген. Нақыпжан ағасы сенімді. Аламан бәйгеден үш-төрт күн бұрын әр облыстан келген он бес жүйрікке 15 шақырымдық қаражарыс ұйымдастырған. Нақыпжан ағасы осы жарысқа Аққұйрықты қосуға бел буды. Ондағысы аламанның алдында жүйрігінің қанын қыздырып алғысы келген, әрі Аққұйрықтың да ипподром жолына бойы үйрене берсін деп ойласа керек. Бұл жарыстан маңдайы жарқырап Аққұйрық бірінші келген. Дегенмен ені сегіз жүз, бұрлысы екі жүз барлық қашықтығы екі шақырымды ғана құрайтын ипподром жолы кең далада еркін шауып қалған Аққұйрық сияқты желқабыз жүйріктерге қолайсыз екені байқалып-ақ қалған. Алда жиырма бес шақырымдық аламан! Аққұйрықтың қаражарыстан бірінші келуі жүрекке қуаныш, сенім ұялатқанымен шабандоз баланың көңілінен бәрі-бір беймәлім кірбің арылмады…
Сол күні түнде шабандоз бала түс көрген. Күнделікті ат суарып жүрген қоғалы, қамысты бұлақтың жағасы екен дейді. Ақұйрықты жетектеп бұлаққа жақындай берген. Кенет алдынан жуандығы жас баланың білегіндей үлкен қара шұбар жылан ирелеңдеп шыға келмесі бар ма?! Мұндай ірі жыланды Құрмаштың бірінші көруі, тіксініп қалды. Қамшымен жасқамақ болып еді, басын көтеріп айбар көрсеткен шұбар жылан міз бақпады. Шабандоздың маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. «Аға!», — деп Нақыпжанды шақырмақ болған. Даусы шықпады. Дәл осы мезетте қара терге малшынған шабандоз бала оянып кетті. Бастырылып қалғанға ұқсайды. Таңдайы кеберсіп, басы айналатын сияқты. Көрген түсі есінен кетер емес. Іштей біссіміләсін айтып, қайта қисайғанмен, көз іліндіре алмады. Түсіндегі жыланды өңінде қайтсе де кезіктіретінін сезген Құрмаш ертеңінде жүгіріп жүріп, салмақтылау темір қазық тауып алды. Әдеттегідей күн арқан бойы көтеріле Аққұйрықты жетектеп қамысты бұлаққа қарай аяңдаған. Темір қазықты білемдей ұстап, аса сақтықпен келе жатты. Айтқандай-ақ бұлаққа таяқ тастам жер қалғанда түсінде көрген үлкен қара шұбар жылан ирелең-ирелең етіп жолын кесіп өте берген. Шылбырды тастай салған Құрмаш қорқыншыты ұмытып, темір қазықты оңтайлай ұстап тұра ұмтылды. Сумаң еткен шұбар жылан жақын тұрған қалың қауға кіріп кетті. Қап… үлгермей қалды. Ат баурынан келетін қамыс, қоғаны қанша жапырып, темір қазықпен тіміскелесе де білектей шұбар жылан зым-зия таптырмай кетті. Маңдайын суық тер жуған шабандоз бала ащы өкініштен өзегі өртеніп бұлақ басында ұзақ отырды…
Аламанға қатысатын аттың көптігі сондай, ипподромның жарты айналымында шабандоздар бірнеше қатар құрады. Мына қалың нөпір ипподромды қалай айналып шабады деп шабандоз бала алаңдады. Нағыз қойыртпақ болғалы тұр. Онсызда көңіл күйі болмай тұрған Құрмаш «бүйткен бәйгесі бар болсын» деп өкінді. Бірақ бәрі кеш еді… Дабыл берілсімен бәйгі басталған. Алда жиырма бес шақырым, он екі айналым. Әдеттегідей Нақыпжан ағасы бәрін тәпіштеп түсіндірген. Айналым санынан жаңылмау керек. «Қауіпті» жүйріктерді де мұқият түстеп алған. Жиырма бес шақырым Аққұйрықтың қиналмай-ақ шабатын межесі. Кездейсоқ бір пәлеге ұрынбаса болғаны. Шабандоз бала Ақұйрықтың шабысына тым сенімді еді. Тура Құрмаш ойлағандай болды. Ұзына бойы екі шақырымды құрайтын иподром жолында қалың жүйрік мидай араласып кетті. Басы қайсы, арты қайсы айрып болмайтындай. Әйтеуір ипподромды айнала шапқан шабандоздар. Елдің айқайы мен қиқуынан құлақ тұнады. Сері самалы тынысыңды ашып отыратын қайран Арқаның сары жазығы-ай деп армандады шабандоз бала. Бәйгені бақылаушылар жүйріктерді номер арқылы анықтап нешінші айналымнан өткенін үздіксіз хабарлап жатты. Жетінші айналымның кілт бұрлысына келгенде Аққұйрық сәл мүдіріп, шабысынан жаңылғандай көрінген. Шабандоз бала оқыс бұрылғаннан шығар деп ойлады. Сегізінші айналымда Аққұйрық қара терге малшынып сала берді. Тоқым асты ақ көбіктеніп, ат қиналып келе жатқандай. Құрмаштың жүрегі зу ете қалды. Бұл не сұмдық?! Қанша бәйгіге қаттысса да Аққұйрықтың қара терге малшынғанын көрмеп еді. Жиырма бес шақырмға еркін шабатынына сенген Нақыпжан бапкер — алдыңғы лекте отырсаңда болады,- деген. Алдында қара жоқ еді… Тоғызыншы айналым… Әлі дара келеді! Кенет шабандоз төмен қараған. О, тоба Аққұйрық үш аяқпен шауып келеді… Қамшылар жақ алдыңғы аяғын көтеріп алған. Қайран жануар-ай намыс үшін шауып келеді екен ғой… Құдай-ау үш-ақ айналым қалған. Аққұйрықтың басын әрең тежеген шабандоз бала айналымнан шықты… Көзінен ыстық жас ыршып кетті. -Айттым, осы сапарға шықпай-ақ қояиықшы дедім,- деп өкіре жылаған қара бала Ақұйрықтың мойнынан құшақтай алды.
Ипподромның қиршық тасты жолы мен тар бұрлысында алдыңғы аяғын шауып алғанға ұқсайды. Аққұйрықтың бойы дір-дір етеді. Шабандоз баланың омырауына басын тыққан сақи даланың ерен жүйрігі Аққұйрықтың жанарынан жас ағып тұрған. Тұлпар шын мәнінде жылап тұр еді… Жүгіріп Нақыпжан келді. Өкіре жылап тұрған шабандоз бала:
— Айттым ғой саған осы бәйгіге келмей-ақ қояиық деп,- бапкерді қамшымен тартып, тартып жіберді. Жанарын жас жуған Нақыпжан бапкер бетін басқан күйі теңселе басып, отыра кетті…
***
Бәйгіден қай ауылдың жүйірігі келіпті?
Батықтын аты.
Ақтаудың Аққұйрығы ше?
Жоқ, Аққұйрық келмепті….
(Сәкен тойындағы ел әңгімесінен. 1994 ж)
Күндер қайда баяғы үкілеген,
Замананың сырт берді сұрқы неден?
Аққұйрықтың жас көрдім жанарынан,
Мұнша есті болар ма жылқы деген?!.
Жылқы ма еді Ақтаудың Аққұйрығы,
Намысы еді елімнің, бақ тұйғыны.
Құба жонда құлазып жүйрік қалды,
Осы болып тәңірдің хақ бұйрығы…
Қапталынан жабылар оза шауып,
Тыпыршыды хас тұлпар мазасы ауып.
Сырқырады сүйегі сәйгүліктің,
Адасқандай есінен ауық-ауық.
Күндер қайда, құдай-ау желдей ескен,
Шабысына қайран қап ел гулескен.
Сері күндер қол бұлғап алыс қалды,
Аламанда тұлпардың сертін кескен.
Беу, жануар!
Қор болған қайран мүсін,
Болат тұяқ боркемік, жойған күшін.
Намыс үшін шабарын хас тұлпардың,
Жүлде алған жабылар қайда білсін…
Бақыты бар тағдырдың сайқалы бар,
Ылдиы мен өмірдің қайқаңы бар.
Қапталына келмейтін бір кездерде,
Шаңға көміп барады қой торылар.
Өмір тозаң, тартыс пен күрес анық,
Пенделер мәз қалғанға үлес алып.
Қайда кетіп барасың, жануарым,
Сары белдің көдесін жүре шалып.
Хош, жануар, жылама, жетім жүрек!
Зерлі тұяқ мезгілсіз кетілді деп.
Өзіңді ойлап мен-дағы мұңға баттым,
Шерлі күйі шанақтың шертілді көп…
Еңіретіп шертейін егіз үнді,
Аламанда көрмеспін енді ізіңді…
Сен келмедің бәйгіден, ал сол күні,
Домбырамның, о тоба, шегі үзілді..
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Ассалаумағалейкум Ереке, біраз болды тамаша әңгімелеріңізді ести алмай жүр едік. Мына дүнияңыз шөліркегендегі шөлімізді басар болды. Рахмет.