Көкпар. 23 жылдан кейінгі Мажарстандағы кездесу (ФОТО)
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бастамасымен Венгрия астанасы Будапешт маңындағы Балатонда ел тарихында тұңғыш рет көкпардан Diplomatic Cup деп аталатын турнирі өтіп жатыр. Қазақ көкпаршылары мен мажарстан командасы арасындағы жолдастық кездесу алдындағы мандат комиссиясы отырысы өтті.
Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлағандай, мадиярлықтар Ұлттық спорт қауымдастығы сыйға тартқан көкпардың толық спорттық киімдерін, ат-әбзелдерін қабыл алды. Будапешт қаласына таяу Болотон елдімекенінде Қазақстан-Венгрия командалары арасындағы алғашқы жолдастық кездесу өтіп жатыр.
Чемпионатта венгриялық 5 команда және қазақстандық құрама додаға түсіп жатыр.
Венгрияға Қазақстан туын көкке көтеріп барған — түркістандық Құлагер командасы. Құлагердің Еуропаға бұл сапары тарихи маңызды оқиға. 1996 жылы қазақ көкпаршылары Венгрияда өткен фестивальде өнер көрсетіп, ұлттық ойынымызды паш еткен еді. Енді міне, араға 23 жыл салып, Қазақстан-Венгрия командаларының жолдастық кездесуі өтіп жатыр.
Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия, Венгрия, Ресей мемлекеттерінің этноспорт делегациялары қатысты.
Тағы бір айта кетер жай, көкпар додасы басталар алдында ат үстінен садақ атудан Гиннес рекордшылар кітабына есімі енген атақты мажар мергені Кашшай Лайош қазақ делегациясына өнерін көрсетіп қарсы алды.
Мажарлық садақшы Қазақстаннан келген ұлттық спорт қауымдастығының өкілдерін өзі құрған Кашшай орталығымен таныстырды. Жер аумағы 15 гектарды құрайтын орталықтың өз музейі, шаруашылығы, бау-бақшасы, жылқы жайылымы бар.
Сонымен бірге, ол ат үстінде садақ атудан (жамбы ату) алаңында меймандардың назарына садақ ату, жамбы ату, пышақ, айбалта лақтыру элементтерінен тұратын шоу көрсетіп, зор қошеметке ие болды. Елімізден барған көкпаршылар садақшының шеберлігін атап өтіп, шәкірттерінің дайындығын, орталықтың техникалық мүмкіндіктерімен танысты.
ФОТО: Абзал Қалиев