Сәуірбек БАҚБЕРГЕНОВ. Арғымақтар

19366

1

«Ат» дегенде, «Аттан!» дегенде құлағы елең етпейтін кім бар? ал «атқа қон!» деген үн жақсы тілек, лағыс бата, ел атынан айтылған бұйрық сынды естіледі. Өйткені атқа мақсатпен, тілекепн қонады. Атқа ер отырып, еліне қызмет етеді. Заманында, өз шағында қылқұрықты өзіне дос, қанат санап, оны сүймеген жұмыр басты пенде, ер-азамат бар ма еді? Ат – ердің тербелген бесігі, батырдың ұшар қанаты, жігіттің сенімді серігі. Адам баласына ат жалына қолы тигеннен бастап күш, қуат пайда болды. сол азамат ғасырлар бойы әлдилеген бесігіне — жылқы тұқымына осы күнге дейін зор құрмет көрсетеді. Басқаны қоя тұрып, көкемді, өзімнің көкемді айтайыншы. Оның жаны ат жалының астында, оның шоқтығында ма екен деп ойлаушы едім. Солай екен-ау. Ат жалынан қолы босаған бойда тірегінен айырылып, қанатынан қайырылғандай дүние салды.
Көкем қызық еді. Оның аттан басқа әңгіме-сөзі, не бір басқа шуаруасы болмаған адам. Ат оның сиынар пірі де, табынар пайғамбары да, әйтеуір не керек, ат күтуден, оны баптаудан, соны қызықтаудан өзег ісі жоқ еді. Құдайы қонақ, жай жолаушының өзіне ат жайында әңгіме айтып отыратын… Мынау көрші ауылдан бір жүйрік шығыпты. Соны сынамақпын.
«Сыншы» деген сөз әуелде атты сынаудан, соған сын беруден шыққан. Сонсын, келе-келе басқа да мағына алған деп отыратын. Өйткені өзі басқаларға сын-мін айтқанда кілең атқа теңеп, жылқы малымен салыстырып, шендестіре сөйлейтін. Көрікті, сымбатты көркем адамдарды көргенде «құлын мүшелі», «қысыр емген құлындай», «қысырақтай», «тубиедей», «тұрқы бұзылмаған байталдай» деп келсе, жігіттердің өзін, оның ішінде сыпа, таза, асты таңдап жейтіндерді көргеде «жылқы мінезді», «суытқан аттай», «арғымақтай», «жараған жүйріктей» деп келетін. Текті жылқы, нағыз арғымақ ауыздықты алмай, суды тізеден кешіп тұрмай суатқа түспейді. Адам тіліне түсінбес жылқы болмайды, түсіндіре алмас жігіт болады. Жүгенге басы үйренбес асау жоқ, жүгенсіз өскен асау жігіт болуы күдіксіз.
Жылқы – қасиетті мал. Ол ер жігіттің қанаты мен мұраты. Қашсаң құтылатын, қусаң жететін, шапсаң озатын қанатты жүйрікке жететін не бар? Оның өзі желігі, өз желі бар. Жүйрікке мінген жігіттің көкірегіне жел бітеді. Ол сәтте бәрін, дүниені ұмытады, жанның бәрінен өзі биік, ұшқыр, жеткізбес жүйрік, озық санайды. Сесті де, қарулы да, қайратты да боп кетеді.
Жылқыны адам өзіне ерте-ақ серік еткен. Онымен жол шеккен, жүгін тасыған, соқасын сүйреткен. Оны сүйгендіктен оған түрлі-түрлі әсем аттар қойған. Арғымақ, пырақ, сәйгүлік, алмауыт, дүлдүл, тұлпар – деген әдемі сөздер жақсы жылқының қосалқы аты. Ал, аттың түсіне ен-таңбасына, ерекше белгісіне қарап қойған аттар қандай көп. «Қарақұлақ», «Шаңтимес», «Желтимес», «Кесік құлақ», «Құшалмас», «Құланқара», «Көккептер», «Қақпанбел», «Желаяқ», «Қылаңбоз», «Қазмойын», «Мақпалқара», «Айқасқа», «Сүржекей», «Құлагер», «Тайбурыл», «Қамбардың Қарақасқасы», «Төлегеннің Бозжорғасы», «Мақұлбектің Қарасы»…
Аттың ер-тұрманы, сайман-жабдығы қандай әсем? Оның жабдығы ше? Жүгеннен бастайық: тізгін, ауыздық, сулық, сағалдырық, кекілдік, кеңсірік, жақтау, шылау, шылбыр боп келеді. Ер ше: тоқым, терлік, төс тартпа, айыл, үзеңгі, таралғы, бөктерме, құйысқан, өмілдірік, қанжыға…
Сол атты сүйген, оның қасиетін білген адамдарға қандай атаулар берілген. Атсейіс, атбегі, бапкер, тапкер, сайыпкер, сайыпқыран, шабандоз, додагер, атшабар бала, ат сыншысы.
Әсіресе, осының соңғысы, ат сыншысы жайында сөйлгенде әңгімесе мүлде таусылмайтын.

2

Көкем «Қарақұлақ» тарихын да айтпай тынбайтын.
Қарақұлақ – менің өзім көрген ат. Ол Үкіжан деген апамның қайнағасы Қыздарбек деген кісінің аты еді. Өзі кәдімгі тобылғы түстес торы болатын да екі құлағы қап-қара көмірдей еді. Содан Қарақұлақ атанған. Әкесі көкемнің Торыалаяғы, Енесі Қарабие екен.
Торыалаяқ шапқыш аттың бірі болды. Ал Қарабие тарихы мүлде қызық. Бір жылдары Әулиеата түбінде ұлан-асыр үлкен бәйге бопты. Ақмешіт пен Әулиеата ортасындағы атағы шыққан жүйріктердің бәрі қосылған. Осы бәйгеде Маймақтағы Мамадайыр ауылының Қарабиесі күндік жерден – елу шақырымнан алдына қара салмай келеді. Қыздарбек Қарабиеге қызығып, «қыздың құнын алсаң да сат» дейді. Қарабие сатылмайды.
Қыздарбек те қызық адам еді. Алған бетінен қайтпай жүріп, ақыры Қарабиені сонау жер түбінен ұрлап әкетеді. Оны Торалаяқпен шағылыстырып, құлынын алады да, өзін босатып, бетімен жібереді. Қарабие екі жылдан соң елін табады. Сол кезде Жуалы мен Билікөл жерінде атағы шыққан Мақұлбектің Қарааты осы биеден туған еді деген де аңыз бар. Кім білсін, рас та шығар. Бұл аттың даңқы шықты. Бірақ Қарақұлақтан оза алмады.
Ал әлгі Қарақұлақ жылқының сұлуы болды. Басы жерге жеткенше бәйге бермеді. Құлын мүшелі, жон арқасы теп-тегіс, жұмыр мойын, құйма тұяқ, қамыс құлақ, кеудесі кең, бөксесі тұтас болатын. Көпке дейін шабыста елеңдеп еліруді білмейтін, мінезді жылқы еді. Жер таңдамай өр мен ылдида, құм мен тақырда бірдей шабатын. Қыздарбек айтатын: «Толыбай сыншы тапқан Шымқараның шабысы көп болса осы менің Қарақұлағымның шабысындай-ақ болған шығар…»
Бұл атқа мініп шабатын Қысырау деген бала елдің белгілі ұранын айтпай, кілең «Қарақұлақ», «Қарақұлақ» деп шабатын.
Осы Қарақұлаққа бола Қарабиені ұрлаған Қыздарбек бүтін елге ұры атанды. Бұған ол намыстанбайтын. Кім біледі, ұрлық па еді, әлде серілік пе еді? Өзіне салсаң, соңғысы.

3

Күнгей жақта Кенжебайдың Шаңтимесі деген ат болды. Көзім көрді. Аяғы тым ұзын, әрі имек, бота тірсек, белі созыңқы, кекшимей төмен салып тұратын боз тарлан ат еді. Алғашқы аты әшейін Бозтарлан екен. Он бес жылда отыз екі рет бәйге алған. Содан «Шаңтимес» атанған екен. Бірақ, Қызылкөл бойында өткен Көккүшіктің асында бәйгеден қалып қойды.
Кенжебай шоқша сақалды, кірпігін жыпылықтатып жиі қағатын, ақсары шал екен. Көкеме атын сынатуға, бабын көруге келді. Аттың екі құлағы, екі көзінен басқа ештеңе көрінбейді. Төгілдіріп ақ жібек жалпош жапқан. Онысының шеті жерге сүйретіліп, аттың тұла бойын түгел жауып тұр. Төрт аяғының тұяғына ақ киізден байпақ кигізген.
Көкем оны білмейтіндей-ақ, Кенжебай салған жерден атына кигізген ақ байпақ жайында айтып кетті.
— Біздің күнгей жақ тым ыссы ғой. Тұяғы балқымасын деп… Және таудан астық, Тасырқамасын деп.
— Түсініп тұрмын. Кәне, жалпошын сыпыр. Көрейін…
Ақ жібек жалпошты бөксе жағынан көтеріп басна асыра бір-ақ сыпырды. Басы да ұзын екен. Саптаяқтай салпы ерін, шүңірек қабақты, белі аңға қосуға жаратқан тазының бөліндей ішке кіріңкі екен. Сұлу емес, сесті, сұсты, айбынды еді.
— Байпағын да шеш.
Көкеме тұяғы ұнамады білем. Төртаяғын кезек-кезек көтеріп, тұяғына көп қарады.
— Қалай шабатыны өзіңе аян. Шабатын ат. Жаратылуы да, суытылуы да жаман емес. Ат бабында. Бірақ, көңіліңе келсе да айтайын. Атың бұл жолы бәйгеден келмейді.
Кенжебай тым қытымыр адам екен. «Неге?» деп сұрамады. Атын жалпоштап, жетектеді де, теріс айналып жүре берді.
Аттарды қатарлап, жіберетін жерге айдау кезінде Кенжебай атшабар балаға:
— Есіңде болсын, жерді өлшеп, белгілеп бар. Алғашқы жартысында тізгінді тежеп, тарта шап! – деді нығарлай сөйлеп.
— Міне, Шаңтиместің шаң астында қалатын шағы! – деді көкем Қыздарбекке бұрыла беріп.
— Неге! – деген Қыздарбектің құлағы елең етіп.
— Өзі онсыз да қалайын деп тұрған атты мына шал мүлде құртты. Бәйге шабылатын жердің алғашқы жартысы құмшауыт, босаң жер. Соңы тасқайраң, қатты. Шаңтимес құмда шауып үйренген. Тұяғы жұқа. Ол сол алғашқы жартысында жақсы шабады. Соңғы жартысында қала бастайды. Алдымен озып алса, одан бірдеңе күтуге де болар еді. Енді мүлде қалады. Атын білген адам жерді де жақсы білсе артық емес.
Алғашқы жартысында жұмсақ жерде тежеліп шапқан Шаңтимес, тастаққа мүлде шоқақтап қалған.
Бәйгеден Қыздарбектің Қарақұлағы мен Әженнің Торыалаяғы құйрық тістесе, қосарлана келді де, нақ мәреге жетерде Әженнің аты мойнын теңестірді.
-Енді сәл шапқанда Алаяқ ат озатын еді. Абырой болғанда шартақтың Қызылсеңгірден алыс болмағаны Қарақұлақтың бағы болды.
Алаяқ аттың денесі сұлу емес, бірақ, қалбағай, шауып келе жатқанда жел көтеріп келе жатқандай тым еркін, желкемдей жеңіл көрінеді. Өзі кішкене болғанмен тас-түйнектей мықты жүрегі барын көз жанарынан аңғаруға болады. Ат та адам сияқты, оның көңіл күйін, денсаулығын қас-қабағынан байқау қиын емес…
Тастанбектің Желтимесін көргенде көкем аттың сұлулығына таң-тамаша қалған. Теңбілкөк екен. Көкірегі, шоқтығы биік, кеудесі кең, аяққаптай. Басы шалқақ, шекесінен қарайды. Мойны жұмыр деуден гөрі, қалақтау.
Атты бастан-аяқ қарап шықты да:
-Биіктеу жерден еңіске қарай көкпар алып қашатын ат екен, — деді.
Тастанбекке бұл сөз, әрине, ұнаған жоқ. Бірақ, Желтиместің бәйгеден келгенін ешкім естіген емес.
— Сұлудың бәрі ақылды бола бермейді. Жылқы да сондай. Сұлу жылқының бәрі шапқыш, бәрі жүйрік болады деген бекер. Жылқының да нәсіліне, қанына, атасы мен анасынан алған жүрегіне қараған жөн. «Ат шаппайды, бап шабады» деген бекер сөз емес. Бірақ, қарғаны қанша баптасаң да сұңқар боп, қазға түспейді.
Тұлпарды жабыдан айыра білу қиын болмас. Ал, аттың бабын білу оңай емес. Көкем аттың бапталуын тұрысына, көзінің іреңіне, құйрығын қалай ұстауына, жүргенде аяқ алысына, жүнінің түгіне қарап білетін. Әсіресе, бәйге аттың қабағына, көзінің ойындысына қарайтын. Арғымақтың ұмасын ұстап, суытуы жетпепті, бүйрегінде майы бар дейтін. Оның осы қасиетін білетіндер бәйгеге қосарда оған атын әкеп көрсететін.
Көккүшіктен соң, отыз күннен кейін тағы бір бәйге болды. Ат айдалатын күні таңертең тұрған көкем бірден Қыздарбекті шақырды.
— Құрыдық, аттың бірер суытылуы асып кетіпті. Қабағы кіртиіңкіреп тұр. Іші де қатқан болар, — деді.
-Енді қайттік?
— Анау диірменші шалдан тауықтың он бес жұмыртқасын әкел. Анау ауылдан қысырақтың жаңа сауылған бір шелек саумал тауып ал. Соны ішкіземіз. Мынау араб елі іші қатқан, суытуы асып кеткен жүйрікке жас маяның сүтін береді. Ал, жұмыртқа аралстырған ту биенің сүті түйе сүтінен кем түспейді.
Қарақұлақ десе ішкен асын жерге қоятын Қыздарбек шапқылап жүріп, биенің сүтін де, тауықтың жұмыртқасын да тауып келді. Көкем жұмыртқа мен сүтті аралстырып, шелегімен мұздай бұлақтың көзіне қойған. Біраздан соң, сүт әбден суыған соң, Қарақұлақтың көзін таңды да, алдына шелекті әкелді. Қаңсып тұрған ат сүтті судай сімірді. Міне, қызық, түс кезінде, аттарды жіберетін жерге айдар алдында оның екі көзі оттай жанып, жүні де, қабағы да құлпырып шыға келді.
Осында, Қызылкөлдегі соңғы бәйгеде Қарақұлақ алдына қара салмай жалғыз келгені бар. Қарақұлақ жүйрік ғана емес, сұлу да сымбатты еді. Көз тиеді деп оны ақ жалпошпен жауып қоятын. Бәйгеден келген бойда көз-тілден тасалап алысқа әкететін.
Бірақ, не керек. Қарақұлақ қанша жүйрік, әсем болғанмен Абсент тәрізді дүние жүзін таң-тамаша қалдыра алған жоқ. Абсент дүниені самолетпен де, поезбен де, кемемен де, арнаулы автомашинамен де кезіп шықты. Бәрінде жүлде алды. Әсемдіктің, сұлулықтың жүлдесін алды.

4

1975 жылдың көктемінде Бұхарада болдым. Зарафшан қаласы мен Тамдыбұлақ селосы құм ішінде екен. Осында құмдағы сағыммен жарысқан, жел табан жүйріктерді көргенде көзіңе жас келеді. Мынадай бір кездесу болғаны әлі күнге дейін есімде.
Тамдыбұлақтан шыға бергенде алдымнан біртоп түйе шыққан. Айыр өркеш боз тайлақ тайраң-тайраң басып, алдымды кесіп өтті. Одан қалғысы келмегендей өркеші тау шоқысындай тіп-тік қызыл нар маң-маң басып о да өте берді. Әйтеуір бір жақсы кездесудің боларын күттім. Күткендей-ақ, осының артынша Нұрәлі Садырбаевпен кездестім. Ең алдымен өзін көрмей тұрып, есік алдында, қақпадан алыстау байлаулы тұрған қозыкүрең қасқа аттың жанына келдім. Жылқы баласы мұндай сұлу болар ма! Ешбір шебер суретші, мүсінші қолдан мұндай ғажапты жасай алмайды. Қазмойын, айқасқа, шымқай күрең екен. Өз сұлулығын өзі сезетіндей, соны маған көрсеткісі келетіндей қырындап, шекесінен қарады. Кербез басып, оқырана түсіп, байлаулы қазығын айнала берді, айнала берді. Құйрығын денесіне тигізбей, оқшау ұстайды. Аяғы тік, алды биік. Майда жал, сұйық құйрық, жүні тақыр құндыздай жып-жылтыр. Белді, сұңғақ. Алғашқы көзге салсаң атта қылаудай мін жоқ. Сурет қана… сурет… Дүниедегі жан-жануар ішінде жылқыдан сұлу, керемет жаралғаны жоқ-ау деген көрікті ойдың өзі есіңе осындайда түседі екен.
Атының қасында тұрған адамды көріп, үйден иесі шықты. Нұрәлі Садырбаев – жылқышы, әрі бапкер, атбегі, жүйрік ұстайды екен.
— Атыңызда жүйріктің біраз белгі-нышаны бар екен, — дедім.
— Белгісі ғана емес, бұл жүйріктің өзі-ақ. Жасы жетіде, төрт бәйге алдым. Он беске дейін шапса, әлі жеті-сегіз жыл шабады. Демек, мұның бәйгесі алда әлі! – Жүйріктің нышаны бар дегенге шамданып қалған кескіні бар.
— Бәйгеге қанша рет қосытыңыз?
— Сегіз рет.
— Төртін алдыңыз, төртінен қалдыңыз. Атыңыздың сол бәйгені қалай алғанын, қалай қалғанын айтып берейін бе?
— Не сіз, сол бәйгелерде болып па едіңіз?
— Ат білетін адамға бәйгеге қатысып, көріп отыру керек те емес шығар?
— Сіз не, бапкерсіз бе?
— Жоқ, көкем бапкер болған.
— Баяғыда Толыбай деген сыншы болыпты деп ертегіден еститінбіз. Көп болсаң соның жұратынан боларсың.
Байқаймын, Нұрәлі мысқылдай күлді. Оның бұл мысқылына жай сөзбен емес, дәлелмен жауап беруге болатын еді.
— Сіз алдын алған төрт бәйге де жұмсақ, құмдауыт, борпаң жерде шабылған. Соңғы кезеңі еңіс болған. Мына қасқа ондай жерде алдына қара салмауы керек. Ал, бәйге ала алмаған кезіңіз осыған керісінше, тақырда, қатты жерде, тастақта шабылған. Соңғы кезеңі ор болуы да мүмкін. Қалай дейсіз? Дұрыс айттым ба?
Садырбаевтың бетіндегі мысқылдан із де қалған жоқ.
— Оны қайдан біліп тұрсың?- деп таңдана сұрады.
— Қанша сұлу дегенмен мінсіз сұлу бола бермейді. Мұны атыңыздың бойындағы азды-көпті міні айтып тұр. Тұяғы жұқа, құйма емес. Тұқятың ет табаны жерге тиіңкі, шашасы төмен. Бірақ, аяғы ұзын, еңсесі биік. Мұндай ат көбенде, қопада, құмда жақсы шабады. Еңісті еске алғаным, атыңыздың шоқтығы биік, кеудесі жоғары. Мұндай жылқы ойға, еңіске, ылдиға қарай салғанда көсіледі, шырқап кетеді. Өрде қалып қояды.
Нұрәлінің бетіндегі көкала түгі кірпінің жонындай тікірейіп кеткен екен. Маған бір, атына бір қарады.
— Сіз осы жердің адамысыз ба?
— Әңгіме менің қайдан екенімде емес. Айтып тұрғаным сізге қона ма, рас па, соны айтыңыз.
— Атты білетініңіз көрініп тұр.
— Көрініп тұрса, тағы айтайын. Атыңыз қабырғалы, аяғы ұзын болғанмен алысқа шаба алмайды. Әлпі қысқа. Тірсегі оқтау тәрізді тіп-тік. Демек серпінді емес. Өзіңіз де сан байқаған шығарсыз. Мінезде де, болмыста да тік бақай жылқы алысқа сілтей алмайды. Адамның да жылқы мінездес келетін жері осындайда көрініп қалады. Мінсіз жүйрік сирек. Аттың аздағын мініп баптау арқылы ғана жетілдіруге болады.
Атбегі көп ойланбады. Зып етіп алға түсті:
— Қорада байлаулы тұрған тағы бір атым бар. Соны сынап беріңізші. Білгіштігіңді сонда көрейін.
Мұнысы мысқылсыз еді. Қораға ендік. Бұл әлгі айқасқа қызыл күреңнен гөрі ашық бояулы сарғыш күрең екен. Құлағын қайшылап, оқырана қарсы алды. Мұның бітімі айқасқадай сұлу болмағанымен тұрқы, сыртқы белгілері бірден ұнады. Бойы аласа, жатағандау келгенмен жоны тұтас, кеудесі кең, бөкселі екен. Аяғы, тұяғы біркелкі, денесіне шақ көрінді. Алдыңғы қолтығы денесіне тимей, шалғай тұр. Демек, қалбағай екен. Мықыны кең, кеудесі алшақ жылқының тынысы да кең келеді. Оған танаулы, кеңсірікті екенін қоссақ, бұл күрең тегін ат емес еді.
— Шабатын ат. Талмай, алысқа кетер. Арыны қатты. Жүйкесі мықты мал. Тұяғы жұқалау. Бірақ, желаяқ жылқы. Денесі қызып алған соң қайықтың желкеніндей көтеріле, көсіле шабатын болар…
Атбегі риза боп кетті. Сөзді аяғына дейін тыңдауға тағаты жетпеді.
— Бәрі, бәрі де дұрыс, — деді.
Осы кезде өзім жинаған ат суреттерінің ішінен көз алдыма айқасқа торы аттың бейнесі келіп тұра қалмасын ба? Бұл атты Алматы ипподромына алыстан алып келді. Бұрын кілең тіке бәйгеден келіп жүрген екен. «Бұл атты айналма бәйгеге бекер қосасыз» деп едім. Иесі ұнатпай қалған. Бәйгеге қосты. Бір айналмай-ақ артта қалды. Жарыстан соң ат иесі мені іздеп кеп, әлгі сөздің себебін сұрады. Мен қықса айттым. Айқасқаның белі ұзын, аяғы да ұзын. Мұндай ат айналмада көсіліп шаба алмайды.
Нұрәлінің қос күреңін есіме жиі түсремін. Көз алдыма кескін-келбеті келеді. Құмға биіктен қарасаң көз алдыңа бір ғажап суреттер келеді. Кейде осы өңір сарғыш сулы қызыл теңізге, әлде мұхитқа ұқсайды. Бұйра-бұйра айдаһар жалды, сары жалды толқындар, бірін-бірі қуа келіп, жағаға, қызыл шағылды құм кенересіне гүрс-гүрс ұрып жатқан тәрізді. Бұл сағым. Көз алдында ойнайды, теңселеді. Әр жердің өзіне лайық бояу, кескіні, қасиеті болады. Қызылқұм да сондай өз қасиеті, өз сұлулығы бар өңір. Бір нәрсеге өкіне-өкіне аттандым. Нұрәлінің қос күреңінің шабысын көре алмадым. Күзде кел деген. Жол түспей-ақ жүр.
Қос күреңнің алғашқы сұлуы – «Миша-күрең» аталады екен. «Құлын күнінде Дария бойындағы орманшы Мишадан екі жүз сомға алып едім. Құнын алғашқы бәйгеде-ақ өтеді», — деп қуанады.
Бармағаным болмаса, Миша-күрең Қызылқұмды бөктерлеп еңіске қарай салып ұрып бара жатқандай көрінеді. Ие, еңіске салса дес бермес жүйрік екеніне шек жоқ.
Ат құмар ұрпақ мұнда толып жатыр. Қызылқұм іші бәйге, көкпар. Бұл да ат спортының бір түрі ғой. Оған елдің қуанышы, қызығы деп қараған артық. Бәйге, көкпар, салым – үлкен спорт.

5

2a27768ac3535e4563a3aca7da179f34_bigЛуговой жылқы заводының алдына Абсентке қолдан ескерткіш қойылған.
Осы ескерткіштің алдында тұрғанда ойға түскен нәрсенің бірі мынау еді: біздің республика кең де байтақ. қазір оның тамаша тас жолдары көп. Бір кезде атпен ғана алатын қиын асуларды бұзып жарып жолдар салынған сол жолдармен жүріп келе жатқанда әр жерден арқардың, тау ешкінің, бұғының, еліктің, кейде тау қырандары бүркіттің, жыртқыш құстардың мүсіндері көрінеді. Бұл не? Сұлулық па, әлде символ ма? Сұлулық десең, олардың ешқайсысы жылқыдан сұлу емес. Символ ма? ненің символы? Егер символ болса, онда ең алдымен ат тұруға тиісті. Өйткені осы күні сайрап жатқан жолдардың ең алғашқы сүресін салған арқар да, тау ешкісі де, бұғы да емес, аттың тұяғы емес пе? Ат басқан, ат асқан асулар, жолдарда сұлу арғымақтың, салт атты адамның, құлынды биенің мүсіндері тұрса жараспай ма?
Ат бүгінгі жолдардың сүресі мен сөресін ғана салып қойған жоқ. Ол Қарағанды, Жезқазған шахталарынан кен көтерген. Ол Түрксібтің темір табанына топырақ, шым, тас үйген. Ол осы күні мыңдаған пұт астық беретін коллективті шаруашылықтың ең алғашқы соқасын сүйреткен, қырманын басқан, астығын тасыған.
Ат мінген сарбаздар Октябрь революциясының туын көтеріп, алғы шепке шапты. Азамат соғысындағы жеңістерге, Октябрьді қорғап қалудағы шайқастарда атты әскер атқарған қызметке баға жете ме? Кешегі Ұлы Отан соғысы жеңімпаздары, олардың қару-жарағын сонау алысқа алып барушылар қатарында жылқы болды. Зеңбірек сүйреткен, командирлер мінген. Атты әскер ше? Жау тылында жылдам, шапшаң қимыл көрсеткендер осы атты әскер.
Менің бейбіт күндердегі ұстаздарымның бірі Әлішер Тоқмағамбетов кешегі соғыста батареф, дивизион командирі болды. Сол кісі айтатын Түлкібас қашыр заводынан алынған бір қара бие 76 милиметрлік зеңбіректі сүйреп, Москвадан Берлинге денйін барған. Сол бие музейге қоятын бие еді деп күліп отыратын.
В.И.Ленин өтіп бара жатса, Кремль сақшыларының бірі тым көңілсіз тұр екен дейді. Көсем қасына келіп, жай сұрапты. Сонда сақшы қарт әкесінің соқаға жегіп жүрген жалғыз атының қартайып өлгенін, енді әкесінің не істерін білмей отырғанын айтқан. Сол күні көсем әлгі шаруаға ат беру жайында жарлық жазыпты.
Міне, бұл сол ат еді ғой. Ұзақ жодың үстінде, қиын асудың биігінде кімнің, ненің бейнесі, мүсіні тұру керек десек, ең алдымен атты айтар едік. Бірақ, біздің жолдарда олай емес. Арқар, бұғы, тау ешкі, елік, жабайы құстар, тұрады.
Менің ойымды бөліп кетті. Сұлутөрге қарай бет алған қара жолмен желе-жортып, бірде шоқытып бір топ салт атты кесіп өтті. Міне, тамаша деп осыны айт! Кілең сұлу сәйгүлік, аяқты әсем тастап, ауыздықпен алысып барады. Ең алдында жаңа ғана ескерткіштен көрген Абсенттің аузынан түскендей, төрт аяғы бірдей алаяқ, маңдайында жұлдыздай төбелі бар қара арғымақ мінген жас жігіт кетіп бара жатқан.
Көзді қуантып, көңілді толтыратын көрініске қарап қалдым. Аттың әрбір қимылы, аяқ тастасы, басын шұлғып, мойынды қаздай иіп, серпінді жүрісі қандай әсем. Одан да қызығы сол дүние таныған, заманның бірінші атының ұрпағы Сұлутөр аясындағы осы бір аядай ауылдан шығып барады. Ұмытпасам, Абсент балалары Ақбілек, Ақбұлақ, Ақын, Ағын, Ағдам деп аталады. Бәрі бірдей қара алааяқ, төбел болып келеді.
Абсент – ғасырдың арғымағы атанды. Әрине, ол бәйгеге, ұзақ шабысқа; аламанға түскен жоқ. Өйткені, ол әсем жүрістің, сұлу арғымақтың, музыка дыбысын жүрегімен сезетін, ол ырғақты аяғымен орындайтын әрі сымбатты, әрі сол бір көркіне орай ақылды ат болған. Тағы бір қызығы. Абсенттің әкесі жұмыртқадай ақбоз ат. Аты – Араб, ал, енесі көмірдей қара мақпал бие. Осы екеуінен төрт аяғы алаяқ, маңдайында төбелі бар қара құлын туды. Ене қаны жеңді. Әкеден алған төбелі мен төрт аяғындағы ақ белгілері еді. Ал, сұлулықты екеуінен бірдей алған.
Көкем айтатын ақ жылқының сүті мен еті дәру, оны ас көтере алмайтын нәзік, нашарлағана адамдарға береді. Боз биенің сүті мен етінде қуат аздау болады. Өйткені оның қаны салқын келеді. Ал, қара биенің еті мен сүті дәмді, құнарлы, күшті келеді. Қара малдың қаны ыстық, еті күшті. Онда күн нәрі, күн нұры көп. Боз биенің еті мен сүті әлсізге нәр берсе, қара биенің еті мен сүті күштінің өзін қайратты етеді. Мұны айтқан себебім, Абсент осындай қарама-қарсы қандардың қосындысынан шыққан еді…
Абсент жиырма төрт жасында кетті. Артына көптеген ұрпақ тастады. Жылқы заводындағылар оны мақтанышпен еске алып отырады.
— Алдыңғы екі аяғы ісіп кетті. Не жата алмады. Жаста тұра алмады. Көзінен сорасы ағып, көп күндер жылап тұрды, дейді. Ол жылаған. Дүние жүзінің көкрермендерін көркімен, сұлулығымен, әсем жүрісімен таң-тамаша қалдырған арғымақ өзінің соңғы күйіне өкінген шығар. Ол сол тұрған бойында жерге гүрс етіп бір-ақ түскен. Жылқыда он екі омыртқа болады. Ал Асбенттің омыртқасы он үш екен. Бір омыртқаны табиғат оған артық беріпті. Бұл қасиетімен оның сүйегі музейде тұруға лайық емес пе еді? Толыбай сыншы Құндызқараның қу басын қанжығасына байлай жүріп, ақыры керегенің басына ілгізіп қоймап па еді?
Көрермен жұртшылықтың көз алдына келер ме екен? Мәселен, ең бірінші Жеңіс парады – 1945 жылдың 24 июні күні өтті. Москвада, Қызыл алаңда өткен жеңістің тұңғыш парадын қабылдаған Совет Одағының Маршалы, төрт мәрте совет Одағының Батыры атанған Георгий Константинович Жуков еді. Ол кісі ақбоз атқа мініп шықты. Сондағы ақбоз ат – әлгі Араб, кәдімгі Абсенттің әкесі.
Абсенттің аталас ағасын (енесі бөлек) 1945 жылдың ноябрінде Өзбек СССР-нің 25 жылдық мерекесіне тарту етті. Әлі есімде (мен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі ретінде қатысқанмын), Ташкент ипподромына халық ересен көп жиналды. Бір кезде сол ипподромның шығыс жағындағы бұрышынан ақбоз ат жетектеген екі әйел көрінді. Басына биік сәукеле киген, қос етек, ақ шайы көйлектері жер сызатын екі келіншек ақбоз атты ауыздықтан ұстап, екеуі екі жағында, орталық мінбеге қарай жақындап келеді. Бүкіл ипподром түрегеп тұрып қол соқты. Салтанатқа, сәнге, әдемілікке қол соқты.
Күмістен ер салған ақбозды жетектеген екі келіншек мінбе алдына келіп тоқтады. Бұл қазақ бұлбұлы Күләш пен Шара еді. Бұлар тоқтаған бойда Нұртас Оңдасынов сөз сөйледі:
— Қазақ халқы ежелден-ақ досына, жақсы көрген туысына ат мінгізіп, шапан жабады. Шапанды кеше, салтанатты жиында бердік. Мынау атымыз. Осы бір аппақ сүттей ақ арғымақты өзбек халқына деген ақ көңілден тартамыз…
Өзбекстан басшысы Осман Юсупов жауап сөзін осы ақ арғымаққа мініп тұрып сөйлеген еді.
Міне, осыдан бастап жақсы досқа ат сыйлау Совет елінің салтына айналып кетті. Джавахарлал Неруге, Урхо Кекконенге, Броз Титоға арғымақ мінгізді. Халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты Сайрус Итонға Совет өкіметі үш арғымақ сыйлады. Гамаль Абдель Насер бізге Асуан деген арғымақ тартты.
Асуан демекші, араб жылқылары жайлы аңыз көп. Олардың жұлдыздай аққан жүйріктігі жайында, шөлге, шөлейтке төзімділігі жайында көп айтылады. Оларда ат ерекше құрметтеледі. Мәселен, текті жылқының тұқымын өсіргенде оның енесін саумайды. Құлын енесін түгел емеді. Одан соң, әбден жетілгенше нар түйенің сүтін беріп асырайды. Өз енесінен соң маяның сүтін еміп өскен құлын-тайдың өсуі, қалыптасуы ерекше болады екен. Міне, осыдан да араб жылқыларының тұқымы өзгеше бағаланады.
Адам баласы Айға барды. Космосты игерді. Әуе кемелері мен мұхит кемелері аядай жерді шарлап жүр. Автомашиналар мен поездер ше? Адам баласының ақыл-ойынан шыққан озық техника өз алдына жатқан дүние екені рас. Бірақ, осындай дәрежеге жеткен адам баласы жылқының өзіне сіңірген еңбегін ұмыта қояр ма екен? Аттың аяңы, жорғасы, жүрдек желісі, ырғақты шоқағы, арынды шабысы кімдерді тербеген бесігі болған жоқ. Ат жалында желмен ойнап өскендер арамызда әлі бар. Демек, аттың үсті жел ғана емес, ол спорт. Бұл өз алдына сөз етуге тұратын үлкен әңгіме.
Кешегі отан соғысы жылдарында байланысшы офицер ретінде кілең атпен жүруіме тура келді. Менде екі ат болды. Бір торы бурыл еді. Оқ тиіп өлді. Бірі Башқұрт циркінен алынған қызылкөк ат еді. Кейінгісі мен кеткенде қатарда қалды. Осыдан еске түседі. Бірде әскери дәрігер мені қарап отырып:
— Жүрегіңіздің соғысы, ырғағы маған онша ұнамады. Шамасы атты әскерде қызмет етесіз-ау. Бізде «атты әскердің жүрегі» деген дәрігерлік атау бар, — деді.
— Атты әскерде қызмет еткенім жоқ. – Әкем өмірінде атқа көп шапқан адам еді. Соның жүрегіне ұқсаған шығар! – дедім. Әке жүрегіне ұқсаған жүрек әркімнің-ақ кеудесінде соғып тұр ғой.
Мен көп жылдар бойы машинасы көп үлкен қалада тұрамын. Атты ауылға барғанда, анда-санда көремін. Бірақ, ат дүбірі құлағыма жиі-жиі келеді. Шамасы, ат дүбірі адамның жүрек дүрсіліне, соның соғысына, соның ырғағына көбірек ұқсай ма деймін. Осыдан да болар, заманның қандай жүйрік машинасына мініп бара жатпайын, жылқы малын көргенде тоқтап тұрып, бас игім келеді. Ие, ат қайткенде де адам баласының табынуына тұратын қасиет. Ол ғана емес, халқымыздың ежелгі тарихи аңыз-жырларында, үлкен дастандарында дүлдүлдің шабысына, жорғаның жүрісіне керемет жолдар арнаған жоқ па еді? Халық өзінің қорғаны болған батыр ұлдарына алмауыт жүйріктер мінгізген. Тарғынның Бозтарланы, Төлегеннің Бозжорғасы, Қамбардың Қарақасқасы, Қобыландының Тайбурылы, Ақанның Құлагері…
Бұл ғана емес, ат шабысты, бәйгені, сайысты кинодан көргенде елеңдеп, балаша қуанамыз. Атқа мінуді білетін, оны көруді біздер түгіл, қалада өскен жастардың өзі елеңдеп, есі кете қызықтайды. Демек, жылқы малына деген сүйіспеншілік әлі өшкен жоқ. Оның өшуі мүмкін емес. Машинасы жақсы-ақ. Бірақ, әр нәрсенің өз қызығы тағы бар. Аттың шабысынан сұлулықты көріп, эстетикалық ләззат алуға болады. Бұл үшін ат спортына ерекше мән мағына берген жөн. Ол өте қызыты және халық өте жақсы көретін, сүйетін спорт. Жылқыны жастар қандай жақсы көреді. Осы сүйіспеншілікті сақатаған абзал.

6

Жылқы заводы – ең алдымен жылқы малының жоғарыда келтірілген түрлерін өсіретін, оны көйбейтетін, тіпті жылқының жаңа тұқымдарын шығаратын шаруашылық. Мұнда жай зоотехника ған еес, соған жалғас ғылыми жұмыстар жүргізуге тиіс. Обалы не керек, біздегі кейбір жылқы заводтары басқа малдарды қоса өсіреді, егін егеді. Сөйтіп жоспар орындайды. Бұл шаурашылықты жан-жақты завод алдына қойылған негізгі, басты мақсат қайда? Көптеген жылқы заводтарына бара қалсаң, ең тәуір білетіні атақты бір-екі аттың үрім-бұтағын, шыққан тегін талдар беруден аспайды.
Жылқы заводтары жылқының жоғарыда айтылған түрлерін әйтеуір өсіре бермей, олардың ішінен қай тұқым сол завод тұрған аймақтың ауасына, шөбіне, жер жағдайына дұрыс келеді? Соған қараған артық емес. Мәселен біздің республикамыздың оңтүстік облыстарында ақалтеке тұқымының өте қоайлы келетінін кім де болса біледі.
Жылқы заводтарының жыл сайынғы міндеттемесінен қалмайтын бір сан бар. ол әрбір завод жылына кем дегенде отыз ат сату. Қайда сатсаң онда сат, кімге сатсаң соған сат, әйтеуір сат. Луговой аттағы тоғыз мыңнан он екі мың сомға дейін сатылады. Әрине ең тәуір жылқы халықаралық аукционда, Успенский селосындағы москва жылқы заводының негізгі базасында сатылады. Мұның бәрін дұрыс-ақ делік. Бірақ, польшаға сатқан Негатив, Петушок айғырларын айтпағанда, Англия мен АҚШ-қа сатқан Наплыв, Набор, Парк, Магнат айғырларының сатылуы өкінішті-ақ. Осы тәрізді «Лит.Россия» газетінің 1978 жылғы бір санында жазушы Николай Банников Абсенттен туған байтал Арабаканың 36 мыңға сатылғанын өкіне жазғаны есімде. Демек, қандай малдың тұқымын сатуды да ойластырған жөн.
Жылқы заводтарында жаттықтырушы деген қызмет бар. Бұлар жылқыны сүйтеін, жақсы білетін, тани алатын дамадр болса керек. Әсіресе, спортқа беретін, сатуға түсетін аттар әбден тәрбие көрген, жақсы күтілген болуға тиіс. Ат тамақ жейді, тазаланады, күтіледі, ерге, адамға үйренеді. Команданы ұғады, орындайды. Мұның бәрі жаттықтырушының міндеті. Амал не, жақсы, тәрбиелі жаттықтырушылар аз. Содан да небір жақсы аттар спортқа да, сатуға да бағасыз боп қала береді. МәселенӨзбекстан мен Башқұртстанда жаттықтырушлыар, шабандоздар әзірлейтін бірнеше арнаулы мектептер бар. Уфа жылқы заводы өсірген, Одақтың абсолюттік жүлдегері Гладкая аталатаын торыалаяқ биені көрдім. Тәрбиелей білсе біздің заводтардан ондай жылқыны ондап шығаруға болар еді. Демек, жақсы атты шығара білу бар да, оны тәрбиелеп ,баптап, жарыстарда оздырып, бағын ашу бар. Демек, шабатын, өнер көрсететін атқа бап керек. Соларды тәрбиелейтін мектептер неге ашпасқа.
Анау бір жылдары Көкштауда астық тойына байланысты бәйге ұйымдастырмақ болып, оған лайық жер таба алмай қиналғанымыз бар. Ақырында, айдалада, бір төбенің түбінен ат шабатын жол жасап, бәйгені сонда шапты. Отыратын жері болмаса да, төбенің басында түрегеп тұрып, қараған, қызықтаған халықта қисап болмады. Кәрі-жас, үлкен-кіші сол төбенің баына шығып, бәйгені тамашалды. Бізде неге ипподромдар аз? Мынау туысқан Өзбекстанның Ташкенттегі үлкен де тамаша иппдромын айтпағанда үргеніште, Термезде, Наманғанда, Самарқанда, Бұхарада, Жизақта, Нүкісте, Әндіжанда он шақты ипподромы бар және жаңадан салып та жатыр. Ат спортынан кейінгі бес жылда бұлардан екі Халықаралық спорт мастері жүзден аса спорт мастерлері көптеп ашылған. Ат спортның мектептеріне арналып 470 ат бөлінген. Бұларда ат спортынан екі жоғары мектеп, 15 клуб жұмыс істейді. Ат спортын өркендетуге қолайлы Семейде, Ақтөбеде, Көкшетауда, Жамбылда, Талдықорғанда, Қарағандыда неге ипподромдар салмасқа?
Ауылда, жеке шаруаларда жүйрік аттар көп. «Қайрат» спорт қоғамы солардың жылына бір рет болса да жарысын өткізіп отырса артық болмас еді-ау.
Ат спортының біздің республикада ең негізгі, басты спорт болуына жағдайдың бәрі бар. жер кең, жақсы аттар көп. Жаттықтырушылар, атшабарлар аз. Жылқы малын жанымен жақсы көріп, оның тілін, бабын білетін, тәрбиелей алатын адамдарды тауып, тарту жағы кем соғып жатыр. Ат спортында қалыптасқан ойындарды айтпағанда, Алматы ипподромының өзі қыз қуудан басқа бірде – бір ұлттық ойынды жөні түзу көрсете алмайды. Көкпарды айтпай-ақ қоялық, (оны ауылдардың өзінде-ақ көрсетеді). Ал салым салу, додаға түсу, ат үстінен найза лақтыру, ат үстінен садақ тарту, құрық салу, жерден жамбы іліп алу, асауды үйрету тәрізді ойындарды ұмытуға бола ма? Бәйгені аттың жасына қарап жібергені дұрыс. Ал, аттың бабына, мүмкіндігіне қарап қосу деген бар емес пе? аламан бәйгеде, ұзаққа жібергенде ипподромда күтілген, бағылғн аттардан шопандардың қой, сиыр бағуға мініп жүрген аттарының озып кеткенін талай көрдік. Демек, ат баптау, тәрбиелеуді жақсы білмейміз.
Осы жерде ерекше, баса айтпағым мынау: неге екені белгісіз, біз өзіміздің қолтума жылқымызды жабы деп жүміз. Біздің жылқы жабы емес, қарабайыр мен қазанат. Жабы деген жалдас, мойыны жуан, аяғы қысқа да добал, жүні тықыр, құйма тұяқ. Мініске де, жүріске де берік. Аяң жүрісте шаршауды білмейтін жылқы. Жер бедері, табиғаты түрліше келген өз жерімізге лайық тұқым – осы қарабайыр мен қазанат.
Бір бала айқан екендейді: атамның аты шаппайды, шапса озбай қоймайды деп. Сол айтқандай, озуды, айтқанның бәрін орындатуды мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Айта берсе, ат спорты жайында айтылатын нәрсе көп. Біз кейбір, көкейде жүрген ойларды ортаға салып отырмыз. Мәселен, біз соңғы кезде табиғатты қорғау жайын көп айтып, ол жайында арнаулы заі қабылдап жатырмыз. Табиғатты қорғау дегеніміз орманды, көлді, аңдар мен құстарды қорғау ғана емес. Оны жақсы қорғау үшін, ең алдымен, сол табиғаттың көркі, салтанатты болған асыранды малды, оның ішінде табиғаттың ең асқан ұлуы – жылқыны қорғауға тиіспіз.
Осы жерде ат спортына байланысты айтайын дегенім, бүгінде иппдромдарда «көкпар» деп көрсетіп жүргеніміз, шынында не көкпар емес, не салым емес. Салым көбіне атпен ойнайтын футболға ұқсайды. Тартыс екі көмбе, мәре арасында өтеді. Мұнда білекті жігіт, белді ат керек. Ал, көкпар алысқа алып қашатын, адамның да, аттың да қайратын, жүйріктігін сынға салатын ойын. Амал не, бұларды ажыратуды білгісі келетіндер жоқ.
Бізбен замандас ұрпақтың тілі «па», «ата», «ат» деген үш сөзбен шыққанын кім білмейді. Содан да болар кинодан, телевизордан жылқы малын көргенде жүрек дүрсілдеп, аттың жүрісінше соғады. Мен айтар едім, аттың аяңын, шабысын, жорғасын күй сазыменг бере білген Құрманғазы мен Тәттімбет, сол шабысты маржандай асыл сөзбен бейнелеген Абай мен Жансүгіров нағыз суреткер. Ат жайындағы «Сұржекей», «Бозжорға», «Құлашер» тәрізді әндер ше… Осыларды қайталап оқып, қайта тыңдаған сайын құлағыңнан көпке дейін ат тұяғының дүбірі кетпей қояды. Күмбірлеген үн мен осылай сыңғырлаған ғажаптан соң жаның рахатқа батады.

7

проАрғымақ жайында аңыз-әңгіме көп. Соның ең басы Ескі Эллада еліндегі қанатты ат. Мұның аты – Пегас. Оның қос қанаты бар. бұл ақындар мінетін, оған шабыт беретін ат. Бұл ат ақындарды Парнап тауының биігіне алып шыққанда ақын боп ең жақсы жырларын жазады екен. Мұны аңыз-миф делік. Бірақ, аңыздың тууына себеп болады. Қисынсыз аңыз болмайды. Демек, Пегасқа мінген адамға бай қиял, келісті ой келеді. Бізде ат үстінің желі бар деген ұғым да осындайдан туған. Жақсы атқа, арғымаққа, жорғаға мінген адамның көңілі көтеріліп, мерейі өсіп, кеудесіне жел толады. Атқа мінгенде адамға қанат біткендей болса, ол сол аттан пайда болған қанат. Ер жігіттер өзінің кім екенін мақтанышпен айтқан сөздерінде: «Мен аттың жалында өскенмін», — дейді. Ат жалында өскен адам ер көңілді, батыр да батыл келеді. Біздің аңыздарда, ертегілерде, батырлық дастандарда ат адамның қанаты ғана емес, досы, жолдасы болып көрінеді. Олар иесі құлап түскенде қашып кетпейді. Жау қуғанның өзінде айналып соғады. Иесін тауып, оның қасына келеді. «Тұр, маған мін, кетейік» дегендей оны иіскелеп, кісінейді, осқырынады, оқыранады. Бұл жылқының естілігін көрсетеді.
Қаратуда «Қарабиенің асуы» деген асу бар. Бұл осы әңгіменің басындағы Қыздарбек ұрлаған қара биенің екі жылдан соң Маймақтағы өз ауылына қайтуымен байланысты. Құлынын алып қап, өзін босатып жібергенде, ол желідегі байлаулы құлынын қайта-қайта иіскепті де, бұрын ешкім аспаған қиын асудан асып кетіпті. Содан сол асу – Қарабиенің асуы атанған. Немес, Шаңтиместің аңға қосатын жүйрік тазы сияқты иесі Кенжебайдың соңынан бос еріп жүретінін қалай дер едік.
Арғымақ иесін таниды. Оның айтқанын істейді. Ол қасына келгенде, оны иіскеп, оған еркелейді, оқыранады. «Келдің бе?» деп амандасқандай құлағын қайшылап, көзі жайнап қуанады.
Біздің ғасырымыздан әлде қайда бұрын өткен Александр Македонскийдің Буцефал атты арғымағы жайындағы аңыз әңгіме біздің дәуірімзге келіп жетті. Басқасын былай қойғанда Буцефалды мініске қалай үйреткені жайындағы бір әңгімені айталық. Он тоғыз жастағы Александр ең мықты айлакер, ат үйретуді жақсы білетін жігітіне Буцефалды мініске әзірле депті. Ол үйрете алмапты. Жігітті қайта-қайта арқасынан лақтырып тастап, бой бермепті. Жігіт әбден қорланыпты. Дәрменсіздіктен ыза болып, «бұл жылқы тұқымы емес» деген екен. Аттың әлгі жігітке неге көнбей жүргенін сырттай қарап отырған Александр сезе қойыпты да, қасына келіп: «Біз енді екеуміз дос боламыз, — деп аттың құлағына айқайлап айтыпты да, оны күнге қаратып қойып, үстіне қарғып мініпті. Ат сөкет қимыл көрсетпепті. Ол тебініп, тек күнге қарсы жүріпті. Ат осылайша мініске үйреніпті. Александр сарбаздары басшысын «құдыретті» — деп атапты. Бұл құдыреттің сырын ол өзі ғана білген екен. Көп күндер ат қорада тұрған Буцефал өз көлеңкесінен қорыққан екен. Мұны сезе қойған Александр атын әбден үйренгенше күнге қаратып мініп, күнге қарап, көлеңкесін өзіне көрсетпей түсіп үйреткен дейді. Бірақ, оның мұнысын сезбеген сарбаздар Александрды ерекше құдыретті санаған. Александр мен оның арғымағы Буцефал жайындағы көп аңыз нақ осы кезден басталған.
Ал, біздің Абсентпен болған мына оқиғаны айталық: СССР-дің спортқа еңбек сіңірген шебері Сергей Филатов 1960 жылы Рим олимпиадасында осы Абсентке мініп, алтын жүлде алды. 1964 жылы Токиода қола алды. Осының себебін түсіндіргенде былай дейді: Токиода Сергей Филатов жүрістің бір кезеңінде жаңылыс кеткен Абсентті қатты ұрып жіберген. Ат бұл ұрғанды ұнатпаса да, нақ сол жерде қатесін түзепті. Бірақ кейін, басқа жарыстар кезінде, Абсент нақ сол қате жіберіп, таяқ жеген жеріне келгенде Филатовтың командасын мүлде орындамай, мелшиіп тұрып қалатын болған. Осыдан кейін Филатов Абсентпен мүлде қоштасты. Абсент өзі ұнатпаған адамды тыңдауды қойды. Осы оқиғадан кейін, төрт жылдан соң, 1968 жылы Мехикода Абсентке басқа адам – Иван Калита мінді. Ол тағы да үлкен алтын медаль алып берді.
Бұл не? Аңыз ба, өсіріп айтқан қиял ма? Бәрі де емес. Бұл Абсент сынды арғымақта ақыл да, ашу да бар деген сөз. Онда жақсы мен жаманды есінде сақтай алатын қасиет те бар. Ол адамды, оның өзіне көзқарасын, қалай қарайтынын біледі, сезеді. Бұл басқа малдарға қарағанда жылқыда көбірек кездесетін қасиеттер.
Сонау халық ертегілерінен бастап, батырлық жыр-дастандарға, бүгінгі ақын-жазушылардың шығармаларына зер салып көріңіздерші. Атты жырламаған ақын жоқ, атты жазбаған жазушы аз. Бірақ, Абайдан асырып айтқан ешқайсысы жоқ десем асылық емес. «Аттың сынн» қазір екінің бірі біледі.
…Ұлы Абай айтқан арғымақ белгілері бір аттың бойынан табыла бермес. Әйтеуір бойында осындағы көрікті нышандардың біразы бар ат — арғымақ. Кезіде Абай, данышпан адам армандаған арғымақтың бірі – Абсент еді. Қазір Абсенттен тараған ұрпақ бар, оларға ұқсаған аттар да табылады. Мұнда меніңше, аттың бағасын білетін Абай сынды, Толыбай тәрізді ақылды сыншы табыла бермейді-ау.
Біздің халқымыз жылқының түр-түсіне көп мән берген. Сол жылқының түсіне арнаған атаулар да мол. Ақ, ақбоз, бозтарлан, шаңқан боз, ақ жорға, тарланбоз, болып бір келсе, қара, қаракер, қараторы, қарақасқа, керқасқа аталады. Бұл ақ пен қара түске арналған атаулар. Көк, қызылкөк, теңбілкөк, қаракөк немесе торы, шабдар, жирен, бұлан, баран, қылаң, қарала, тобылғы торы, құла жирен деп аталады. Мұның ішінде біздің еліміздің ең жақсы көргені, қасиетті санағаны – ақ пен қара. Арғымақтар көбіне ақ пен қарадан немесе екеуінің қаны араласқан Абсент тәрізді аттардан шыққан.
Қара биенің сүті күшті, еті дәмді десе, боз биенің сүті дәру келеді. Ертеде сойылға жығылған ер жігітті ақ түйенің қарнына отырғызып, боз биенің сүтіне шомылдырып емдейтін болған. Қол бастаған, сөйтіп жеңіске жеткен батырлар ауылға ақ атпен келетін болған. Қызыл алаңға шыққан Г.К.Жуковтың өзі бізге осы бейнеде көрінген. Ал, ақ жорғаға сұлу қыздар, көркем келіншектер мінген.
Менің Шоқан Уәлиханов жайында жаңа жазған романымда Жылқайдар деген жігіт бар. Бұл өзі тарихта болған адам. Тұрар Рысқұловтың туған бабасы, Рысқұловтың әкесі. Сол жігіт батыр қолбасы Ақмолда қалап қиыла сұрағанда бермеген Ақбоз атын оқтан аман қалған Шоқанның жолына құрбандыққа шалады. Осы Жылқайдардың тағы бір қызығы, генерал Черняевтің астында жүрген Ақбозатын да құрбандыққа шалады. 1865 жылдары Шымкент қаласын алған бойда генерал Ташкентті шапты. Ташкент түбінде, осы күнгі Черняевка селосы тұрған жерде қырғын шайқас болған. Осы шайқаста көп шығынға ұшырап, қатты қысылған кезде қасында тұрған Жылқайдардан сенің қайсақтарың осындай қысылған шақта не істеуші еді деп сұрағанда, оның астындағы ақ боз атына бір қарап қойып, біздің ел қысылған кезде құрбандыққа ақ ат шалады депді. Қатыгез генерал жергілікті халықтың әдетін істесем, олар мені тәуір көреді деген ниетпен астындағы бозды құрбандық етеді. Ташкентті алған бойда Черняев хан қорасынан алған ақ атқа қайта мінген. Осы генералдың Болгария жерінде, Щипкадағы шайқаста ақ атқа мініп тұрған суретін мен өзім талай көрдім.
1942 жылы, соғыстың қиын кезінде, алғы шепке тамақ әкелу мүмкін болмай қалған кезде, Бауыржан Момышұлы астындағы атты барлауға жіберген жігіттеріне сойып бергенін жақсы білеміз. Ал, сол Баукеңнің тағы басқа ақ атқа мініп жүргенін талай көрдім. Әсіресе, қыста ол ақ атқа мінетін. Ақ қарда, ақ ат үстіндегі, ақ халат киген командир көзге онша түсе бермейді. Москва түбіндегі, 1941 жылғы шайқаста, Волоколамск тас жолын бөгеп тұрған атты корпустің командирі генерал Доватордың ақ тон киіп, ақ ат мініп жауға шапқанын көргенбіз. А.С.Пушкин өзінің автопортретін ақ атқа мінген күйінде салған.
Ақ арғымақтар жайында айта берсе әңгіме көп.
«Ақ арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар» деп мәтел айтқан біздің халық жұмыр тұяқты, қылқұйрық жылқы баласын осылай сүйіп, бағалаған еді.
Мен осы бір әңгімеде Қарақұлақты, Шаңтиместі, Нұрәлінің қос күреңін, Абсентті ғана айттым. Қысқа айттым. Шынына келгенде әрқайсысы өз алдына үлкен әңгіме тақырыбы болуға тұратын тұлпарлар. Осы арғымақтарды еске алғанда ойыма қайта-қайта соғып отырған бір жай бар. осы күні біздің арамызда иттердің тұқымын зерттеп, олардың ата-тегін, үрім-ұрпағын зерттеп отыратын адамдар бар. Бірақ, жылқы тұқымын, оның тегін зерттеушілер жоққа тән. Бұл көңіл бөлер, зер салар жағдайдың бірі. Абсенттің өзін зерттегенде Араб – Байқара – АБсент. Ақбұлақ – Арабқа дегеннен әрі аса алмаймыз. Біз, қайткенде де өзіміздің қанатымыз саналған, досымых, қызығымыз – арғымақтар ұрпағын білуге тиіспіз ғой.
Жақсы ат жан рахаты. Ол көзге көрік, жүрекке әдемілік, сұлулық нұрын төгеді.
Болмайды атты жолдас арбалымен,
Болмайды жортақ жолдас жорғалымен.
Жүзден жүйрік шығады, мыңнан тұлпар,
Абсенттей ат көрмедім, туғалы мен.

Бұл Абсент жайлаған Аспара тауындағы бір келіншектің айтыста қарсыласына айтқан жауабы. Міне, халық жақсыны осылай құрметтеген, осылайша сүйе біледі.

217928_932408921_211_Bakbergenov_SauirbekСәуірбек Бақбергенов
(«Ер қанаты» жинағынан. Құрастырған Жанболат Аупбаев)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.