Бекен ҚАЙРАТ. Жүйріктің сипаты

28573

Сыртқы белгілері

1. Жүйрік жылқының төрт жіліншігі, жон арқасы, сағалдырығы, тұмсығы, тілі, құлағы ұзын болуы шарт. Яғни, жылқының осы аталған мүшелері ұзын болса, бұл жүйріктіктің белгісі.
2. Қос құлағының түбі, бас бітімі, саны, құйрық түбі, шат сүйегі кең біткен және мойны, алқымы, сүйір тұмсығы, қос құлақтың қыры мен ұшар ендігі жұқалтым жіңішке болады.
3. Төрт тұяғы, қос танауы, құлақ үңгісі, бұты, ауыздығы зор болып келеді және құйрық ұшы, қапталы, бақайы, тістеулігі қысқа, маңдайы, шоқтығы, сегізкөздің ұшасы биік болады.
4. Төрт аяғы биік сидалы, буындары шор бунақты, желкелігі мен шоқтығы жалғасқан түйнек сіңірлі, аяқтарының арасы алшақ келеді.
5. Сүбе қабырғасы мен мықынының арасы жақын, қабырғасының иіні доғал, арасы жиі, кеңсірігі кең, жалы ұзын, кеуденің ойынды еті үлкен, бұты алшы талтақ, көк еті қалың болады.
6. Бақайы тік қысқалау, қылтасы түзу әрі ұзын жылқының аяқ алысы жеңіл келеді.
7. Терісі жұқа, жүні тақыр, жұмсақ, айналым орайы көп жылқы еркін әрі жылдам қозғалатын болады.
8. Бас пішіні ұзын сопақша, етсіз, маңдайы жалпақ, иек сүйегінің шұңқыры терең, астыңғы ерні жер тіреген, танауы сүйір, езуі қалың болады.
9. Тісінің ойығы бүтін, қыры өткір, дара азуы сыртына шығыңқы болады.
10. Жүйрік жылқы кісінегенде бозторғайдың шырылындай нәзік үн шығарады.
11. Сүйек құйрығы ұзын, түбірі жіңішке және қылы сұйық келеді.

Ішкі сипаты

1.Көз жанары өткір, отты, қарашығы жылтыр түсі қаракүрең, қабағы терең жылқының жүрегі жақсы деп есептеледі.
2. Тілінің тұрқы ұзын және түсі ақшыл жылқының бауыры сау болғаны.
3. Ақ шеміршегі жуан, танауының тесігі үлкен, желбезегі жағалай тесік жылқының өкпесі сау болады.
4. Құлағының түбі берік әрі нығыз біткен, ұшы үшкіл келген, еті жұқа һәм қатты болса, бүйрегі жақсы жылқы есебінде.
5. Тісінің еті ақшыл әрі жұқалтым болса, бұл көкбауыры (талақ) қалыпты жылқының белгісі.

Жалпы сипаты

guulinheerБөрі сипатты жүйріктің белгісі: Басы түзу, құлағы ұзын, тұрқы артынан қарағанда қусырылған сөлбең, кеудесі талысты, мойны сылаң, айылдығы тартық, алыстан бажайлағанда сүбе қабырғасы мықынға тиіп тұрғандай көрінеді. Көзінің оты қаралтым, мінезі ауыр, құрықтауға ыңғайлы, үйірден бөліне шеттеп оттайды. Жүрісі жеңіл, шапқанда басын тұқыртып, құлағын қайшылап, бауырын жазып еркін көсіледі.

Марал сипатты жүйріктің белгісі: Бұл жүйрікте бөрі сипатына тән белгілердің бәрі бар. Оны сыртында жалпы тұлғасы төртбақ. Ұлы бітімі сымпыстау, кеңсірігі биік, жанынан қарағанда еңкіш, қарны салқы, мойны қысқа, құлағы шағын, шоқтығы тақыр, денесінде айналма орайы көп болады. Сондай-ақ, көз жанары күрең түсті, маңдайы қатты, үйірге қосылмай саяқ жайылады. Құрыққа бейім, мініске жеңіл, мінезі жұмсақ.

Арыстан сипатты жүйріктің белгісі: Жалпы бітімі тұлғалы, жанынан қарағанда бүкірлеу, қабырғасы жуан, мінезі кең, мініске жарамды, жүрісі жайлы. Жай тұрғанда ұлы денесімен алдыға қарай ұмсына созылып, үстел сияқты теп-тегіс орнында шұлғып тұрады. Басының сүйірлігі шапқанда жел жаруға қолайлы әрі аң сияқты тым иіс сезгіш қабілетке ие. Бұлшық еттері қатты, буындары өте мықты, төрт тұяғының қыры өткір, жон терісі қалың, қолтық-шап терісі жұқа болады.

IMG_6709Ұлу сипатты жүйріктің белгісі: Басы үлкен, көзі шарайлы, делбе танау, қабағы қалың, иегі көлемді, алқымы және ауыздығы кең, желкесінің бұлшық еті жұқа әрі жалпақ, мойны сұңғақ, шоқтығы биік. Арқасы түзу әрі ұзын, ұшасы обалы, сауыры күрт құлди, жауырыны үлкен әрі қиыс тұрпатты, омырау еті салқы, қолтық бітімі қысаңдау, жіліншігі сом, бақайы жатаған жазық, аяғы сіңірлі, шашасы қылшықты.

2010-05-18-04-39-24Қоян сипатты жүйріктің белгісі: Жай тұрғанда желкесі шоқтығынан сәл төмен, ал, шоқтығы сегізкөзінен аласа көрінеді. Басы салыңқы, маңдайы сүзе тұрықты, желке жалы сұйық, алдыңғы аяғы аласа, арты ұзын, арқа-жаясы бүкір, жай тұрғанда төрт тұяғын ішіне жинап бүрістіріп тұрады.

Түлкі сипатты жүйріктің белгісі: Сауыры, шоқтығы, желкесі бір сызық бойында тегіс орналасқан, басы шағын, аздап сопақша, кеңсірігі түзу, құлағы кішкентай және тік, көз жанары өткір, тұмсығы доғал, жалпақ маңдайлы, қаз мойын, дөңгелек езу, желке жалы түзу, кеуде еті жұқа, жалы сұйық, арқасы кереқарыс, жаңбырлығында терең ойықшасы бар, қабырғасы қысқа бірақ иінді. Сегізкөзі артына қарай созыңқы, шолақ сауырлы, құйрық сүйегі артқы сан етімен қабысулы, жал-құйрығының қылы қалың.

3Бақа сипатты жүйріктің белгісі: Көзі шарасынан шығыңқы, қабағы томпақ, басы доғал, тұмсығы төртбақ, кең маңдайлы, жайын ауызды, арқасы тегіс әрі жонды, жалпы дене бітімі жайылыңқы, төрт аяғы жуан әрі қуатты, сүбе қабырғасы теліңкі (кең иінді).

4Сұңқар сипатты жүйріктің белгісі: Құс нышанды жылқының басы қолтоқпақ тәрізді шағын әрі маңдайы кең дөңесті доп пішіндес, тұмсығы мен ауыз-иек ауқымы сүйір, құлағы жатаған, төменшіктеу келеді. Маңдай жазығымен орайлас кеңсірігі жалпақ, желке жалы сұйықтау. Мойны садақ сияқты иіліңкі, қолтығы сыртына теуіп орналасқан, омырау еті күдірлі, арқасы түзу әрі ұзын, сегізкөзі биік, сауыры күрт ылдилау, жаңбырлығы түсіңкі орналасқан. Арқа сүйегі қырлы, қабырғасы ұзын болғанымен иіні қысқа, шершеуі тығыз, төрт аяғының арасы алшақ, бақайы жатаған. Шапқанда мойнын ішіне алып, артқы тұрқын созып-жинап, орғып отырады.

загруженоЕлік сипатты жүйріктің белгісі: Басын үнемі көтеріп ұстайды, бауыздауы тар, шүйдесі ойпаң, жалы сұйық, ақ шеміршегі жұмсақ, шоқтығы сұйық, омырау еті түйнекті келеді. Қабырға иіні қалыпты, жаясы бүкір, бүйір тұсы төртбақ әрі көлемді. Бүйірі мен қоңдық арасы алшақ. Төрт аяғы тегіс, түзу. Жай тұрғанда сауырын бүгіп, төрт тұяғын ішіне жинап ұстайды.

2009-10-27-14-06-05Бөкен сипатты жүйріктің белгісі: Жай тұрғанда басын еңкіш ұстайды, ал, негізі тұрқы жоғарыдағы қоян сипатты жүйрікке ұқсас. Бірақ желке жалы ұйысқан қалың, шоқтық бітімі шодырлы. Төрт сирағы сіңірлі, жүрісі қаттылау болады, денесі майсыз қара етті болып келеді. Маңдайы жазық, танауы ұзын, жайын езу, қос құлағының түбі бекем әрі арасы алшақ. Егер бұл жылқының құлақтары жақын орналасқан жағдайда, тұрқы да жатаған болып келеді, ал, құлақ арасы алшақ болса, тұрқы тіктеліп тұрады. Басқа жүйріктерден айырмасы осы.

Құлан сипатты жүйріктің белгісі: Басы үлкен, құлағы көзінің үстіндегі ойыққа қарай құлай орналасқан, ауыздығы қатты, астыңғы ерні жер тіреген, көбір жүні сұйық, тұяғы доғал, ұшасы кең. Бір ерекшелігі, жалғыз шаппайды, топты доданы ұнатады. Желкелігі ойынды, мойнын кері тартып тұрады. Шоқтығы шұғыл биік, жатаған сауырлы. Қабырғасы нәзік, жай тұрғанда төрт аяғын түзу әрі тегіс ұстайды. Омырау еті сылыңқы, өмілдірігі көтеріңкі, жалпылай бұлшық еттері жұқалау болғанымен, артқы сан етінің бұлшығы қалың әрі қатты. Мінезі алып-ұшпа, жүрісі жеңіл аяңшыл.

2_1Бұлан сипатты жүйріктің белгісі: Бұндай жүйріктің басты белгісі денесі тым үлкен болып келеді. Төрт тұрағы (аяғы) ұзын, тұмсық үсті дөңес, жазық маңдайлы, жайын ауыз, шоқтығы етжеңді, жалы қалың. Жалпы дене тұрқы сыптығыр болғанымен, қабырғасы жуан, бүйірі тоқ. Төрт аяғы денесіне сай келген, жай тұрғанда шоқтығын сауырынан биік ұстайды, мінезі жайлы болып келеді.

Бұғы сипатты жүйріктің белгісі: Басын тым көтеріп ұстайды, қаз мойын, денесі төртбақ келген етжеңді, төрт сирағы ұзын, иықты, омыраулы, екі бұты алшы, аяғының аралары алшақ. Жай тұрғанда алысқа көз тастап өзін сергек ұстайды, төрт аяғын нық басады, құлақ түптері жақын орналасқан, мінезі жеңіл, үйірсек.

 

301183_104849579670937_1382221119_nБекен Қайратұлы

Суреттер ғаламтордан алынды

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.