Ахмет ТОҚТАБАЙ. Қамшы және қамшыгерлік өнер

26433
Монголияда тұратын Арман Шәкербайұлының ұстақанасында ілулі тұрған Сарыала қамшы

Монголияда тұратын Арман Шәкербайұлының ұстақанасында ілулі тұрған Сарыала қамшы

Қамшы – ер жабдықтарының ішіндегі ажырамас бөлігі және көнеден келе жатқан құралдардың бірі. Адамзат жылқыны қолға үйретіп мінісімен аттың өзін жүргізу және алдындағы малды айдау үшін қандайда бір құрал қажет болған. Алғашында атқа мінген адам атты әртүрлі шыбықпен, ағашпен айдап жүргізген. Уақыт өте келе бұл құралды малдың шикі терісінің өзінен жасаған, бертінірек өрме өнері шыққанда шикі қайысты өріп, өрменің санына байланысты қамшылар үш таспа өрім, төрт таспа өрім, алты таспа өрім, сегіз таспа өрім, он екі, жиырма төрт, қырық сегіз таспа болып бөлінген. Қамшы сөзінің шығу тегі туралы көрнекті қолөнер маманы, ұста – Дәркембай Шоқпарұлы мынадай жорамал келтіреді. «Қамшы сөзіндегі қам түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам – шикі, шылғи, шала; қам – қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал; қам – уайым, қайғы, қамығу; қам – қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай: қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар қама, қамар, қамшат; қымбат маталар – қамқа, қамқап болып келеді де, барлығының түбірі қам деген сөзден түзіледі. «…Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты ма деген ой келеді…»
Қазақта аттың қасасын қамшы – деп айту жиі кездеседі және мәлімет берушілердің көрсетуінше ертеден келе жатқан сөз (ХХ). Халқымыз сөзді нақты айтса да, тұспалдап айтса да әр нәрсенің шығу тегін, өзара байланыстылығын меңзеген ғой, сондықтан бұл жерде этнолингвистикалық тәржімалау қажет. Балаларға ат жалын тартып міне бастағанда (ұл, қыз бірдей – А.Т.) әдейі арнап ер-тұрман жасатумен қатар ата-анасы қамшы өргіздіріп беретін. Қазақта әрбір отбасы мүшесінің өз қамшысы болған. Көші-қонда, ас-тойларда салт атты адамның еркек болсын, әйел болсын қамшысыз жүруі сөлекет саналған. Қандайда болсын қамшы салдырмайтын жүрдек аттардың өзін сипай қамшылап отырады, бұл қазақтың әдетіне айналып кеткен. Жетісуда «жігіттің бесқасқа жүгені болса, алты өрім қамшысы болса сәні келеді» (ХХІІ), — деп жатады сондықтан кез келген бозбала, жігіт ағасы жақсы ер-тұрманмен қатар, әдемі қамшы ұстағанды ұнатады.
Бозбала, жас жігіттердің қолына екі бүктеп қамшы ұстап, қызды ауылды қырындап, жастық жәрмеңкесінің қызығына тоймаған шағын Кенен Әзірбаев былай суреттейді:
«Ақ бүрлен, қызыл бүрлен, бүрлен, бүрлен,
Бүрленді аралайды жолын білген.
Қамшыны екі бүктеп қолға ұстап,
Қызығы бұл дүниенің бойдақ жүрген»..
.
Қыз келіншектердің қамшысын ерекше әшекейлейді. Мәлімет берушілердің айтуынша, қазіргі кезде Моңғолия мен Қытай қазақтарында жиі кездесетін сабына жез ораған сарыала қамшыларға ертеде алтын, күміс шыбықтарды шырмауықтай орап, шашақтарына дейін алтын, күміс домалақ салпыншақтар орнатқан. Мұндай қамшылар сән қамшысы, алтындалған қамшы, күмістелген қамшы деп айтылатын. Есік обасынан табылған «алтын адамның» қабірінің сол жағына қойылған алтын лентамен оралған қамшы – деп К.А.Ақышев жазған «лента» сөзін қазақтың шырмауықша оралған деген сөзімен ауыстыруға болады және Есік қамшысын сәндік қамшы немесе алтындалған қамшы деп түйіндеуге толық негіз бар. Және де шырмауық сөзі ортағасырлық Доспанбет жыраудың жырында айтылады:
«…Қарағайлы көдік бойында,
Қамшым қалды тойында,
Бүлдіргесі бұлан терісі,
Өрімі құнан терісі,
Шармауығы алтын, сабы жез…

Алтындалған қамшының үлгілеріне б.з.д. IV-III ғасырларға жататын Берел обасынан табылған екі қамшының саптарының қалдықтары куә. Қамшылардың сабы ағаштан жасалған, сырты алтынмен қапталып, мысық тектес жыртқыш аңның басы бейнеленген. Жалпы қамшының сабын аттың басы түрінде бейнелеп, ағаштан мүйізден жону информаторлардың айтқанындай қазақ дәстүрінде де болған үрдіс.
Атақты бақсыларды қобызымен, сайтан қашар қамшысымен жерлеу бергі ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан дәстүр. Алты таспа қамшыны – бұзау тіс қамшы, сегіз өрімдіні – дойыр қамшы деп, Жетісуда сешгіз өрімді қамшыны – қырғыз өрім – деп атайды. Қамшының ең алғаш қандай бөліктернің қалай аталғанын жазған Ш.Уәлиханов. Қамшының сабының өлшемі шынтақ пен жұдырықтай не 7 тұтам, өрімнің ұзындығы бес алақанның көлеміндей, тұтаммен есептегенде өрімі сабынан бір-екі тұтам ұзын болу керек. Қамшының сабына қайыс таспадан бау тағылады, оны бүлдірге деп атайды.
Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі,
Мен айтайын сөзімді күлдіргелі.
(қара өлең)

Өзек салып, он екі таспамен алты қырлап қамшы өру

Өзек салып, он екі таспамен алты қырлап қамшы өру

«Бүлінгеннен бүлдірге алма» деген мәтелдің байыбына баратын болсақ «бүлініп, қирап жатқан жерден ешқандай зат алма, тіпті бүлдірге сияқты ұсақ зат та алушы болма, кесірі тиеді», — деген ұғымды білдіреді. Алайда қамшы бөліктерінің атауларын тәптіштей зерттеген Д.Шоқпарұлы: «Қамшы мынандай құрамнан тұрады: өрім, сап, алақан, бас, дүм, кежеге, тұтамдық айдар, мойнақ, бунақ, бүркеншік шежемей, шырмауық, шашақ, бауыр, тығырық, шығыршық, тобыршық, түйін, тігіс, т.б…»
Қамшы мүшелерінің атауларына байланысты әлі де көп нәрсені нақтылауға тура келеді. Д.Шоқпарұлы: «Шеберлер қамшының өрімі мен алақанының жалғасқан тұсындағы қаусырылған тұсын шежемей» деп көрсетсе, кейбір мәлімет берушілердің айтуынша, қамшының сабы мен өрімді жалғастыратын алақанның екінші аты шежемей, оған қосымша дәлел ретінде етіктің қатты өкшесінің үстіңгі жағындағы қапсырманы – шежемей деп аталатынын мәлімдейді.
Қолымда бір қамшым бар шежемейлі,
Мал айдасаң өріске не жемейді.

(Халық әні.)
Қамшыны иі қанған екі жасар серке, болмаса құнан өгіздің терісінен, алдымен ұзын қайыстар дайындап алады, мұны құлақбау дейді. Келесі кезекте құлақбаудың өзін тіліп отырып таспа дайындайды. Ертеде қамшының сабына көн тері, кептірген тарамыс – өзек салып жасайтын, кейіннен әсіресе ХХ ғасырдың басында көн тері мен тарамыс ұмытылып, өзекке темір салынатын болды. ұзын қамшылардың өрмесінің ұшына бармақтай қорғасын құйып жасалуы, оның ұрғанда әсерін анағұрлым арттырады. Жортуыл қамшылардың сабын таутеке, арқар, құлжалардың мүйізінен жасаса, күнделікті өмірде қолданылатын жай сәндік қамшылардың сабын нәзіктеу еліктің сирағынан жасаған. Мал айдайтын қамшылар ұзын, жіңішке етіп өріліп жасалған, оларды оңтүстік, батыс қазақтары шыбыртқы, шығыста бишік деп атайды.
Қамшы туралы жора-жосындар жүйесінің қазақтың дәстүрлі этикетінде, әдет-ғұрпында, халық медицинасында өзіндік орны бар.
Мәлімет берушілердің айтуынша: адам қамшысын босағаға қалдырмаса, жәй келмегені; қолына қатты ұстаса, онда дауласып, жанжалдасуға келгені; егер қамшыны төрге алып шығып, ортаға тастаса, көпке созылған жанжалдан шаршап, бітімге келейік, қашанғы созамыз дегенді білдіргені екен.
«…Орынбор қазақтарында сайланған билер сотының алдында кінәлінің өз қамшысын тастау әдеті бар. Бұл өзін билер сотының қолына беру, олардың шешімімен толық келісу, мойынсұну дегенді білдіреді…»
Ал кірісімен қамшысын тастамастан, төрге оза шығып, екі бүктеп жамбасының астына салып отырса, дауға келдім деген ишарасы екен.
Тувалықтардың этикеті бойынша, егер қонақты үй иесі дұрыс күтпесе, онда ренжіген қонақ кетерінде, сол үйдың атын, ер-тоқымдарымен алып кетеді екен де, өзінің қамшысын тастайды екен. Тувалықтарда қамшы малдың, жылқының құты, байлық әкелуші ретінде саналған. Қамшыны әкету, ырыс-берекені әкету деп есептелінген.
Қазақта үйленуге байланысты жосын жоралғылар жүйесінде де қамшының өзіндік қызметі бар. Қызға құда түсуге келген жігіттің әкесі қамшысын белгі ретінде үйдің төріне іліп кеткен. Егер жігіт жақ кешігіп, қыз жағы айныса, қамшысын кері қайтарған, бұны «қамшы қайтару» деп атаған.
Баланы бесікке саларда жүгенді ат ұстайтын ер-азамат, ел қорғайтын батыр болсын деп қамшыны кебенекпен бірге жапқан және тақымыңнан тұлпар кетпесін, бәйге беремес шабандоз бол деп бесіктің екі жағынан қамшы үйіріп те тілек тілеген. Қазақта «қамшы сабы сынса – әйел өледі, пышақ сабы сынса – күйеуі өледі» деген әрі ырым, әрі сөз тіркесі бар. Ертеректе осы белгілерді қолдана отырып, ерінің немесе әйелінің қайтыс болғанын білдірген.
Ер адам сапарға атқа мініп аттанайын деп тұрғанда әйелі жолы болсын деп ырымдап, еріне қамшысын ұстатқан кезде арқасын ауыртпай сипай қамшы салу әдеті де болған. Әйелі ешқашан бұл мезетте «қайда барасың?» деп сұрамаған. Егер сұрағысы келсе күні бұрын немесе атқа мінбей тұрып сұрауы қажет. «…1950 жылы жаңа үйленген кезіміз — деп еске алады Күлән деген әйел — күйеуім атқа мініп, енді жүре бергенде «қайда барасың?» деп сұрамасым бар ма? Қамшымен осып жіберді, баж ете түстім, жаз кезі, үстімде шыт көйлек, қамшы аямай тиді. Менің даусыма үлкен әжем үйден ұшып шықты. «Не болып қалды?» дегенде мәнін айтып едім: «Ой, қарағым-ай, білмегеніңді қарашы, еркек ат үстінде жолға аттанайын деп тұрғанда олай деп сұрауға болмайды, әйтпесе жолы болмайды, бұрынырақ сұрауың керек еді», — деп жұбатып жатты…»
Қамшының келесі функциясы – қаскөй, зұлым күштерден қорғаушы. Шамандық діннің қағидасымен, бақсылардың қамшысы негізгі атрибуттарының бірі. Қазақтарда жылқының тері сіңген қамшыдан жын-шайтан, пері-албасты қорқып жоламайды деген сенім бойынша қазақ бақсылары аурудың жынын қағу үшін қамшы қолданса, аяғы ауыр әйел босанар сәтте үйдің төріне іліп қойған. Тувалықтар қамшы ішінде қызыл сапты қамшының күші айрықша болады, сондай қамшы ұстаған кісіден шайтан безіп қашады деген. Ал алтайлықтар тобылғы сапты қамшыны дәріптеп, сабын отпен күйдірмеген. Олардың сенімінше, қамшы қаскөй күштерді қуса, от ағаштың қасиетін, күшін кетіреді.
«Абақ – Керейде Сазай Манас ұлының әйгілі «Сайтан қашар» деп аталған жуан, сегіз қырлы қамшысы қазірге дейін бар. Осы қамшының сабы Ордың қара ағашынан жасалған. Қамшы Сазайдың немересі Әбдірашиттің үйінде сақтаулы тұр…»
Қамшы ғасырлар бойы қазақтың қаруының бірі болды. Жылқы алып, жылқы айдаған барымтада кісі өлімінің болмауының бірі кепілі де қамшы. Ол туралы архив деректерінде де кездеседі:
«Барымтада қазақтар қасқыр соғатын жуан дырау қамшыларды ғана қолданады, басқа суық қару қолданбауға тырысады…»
1940 жылы Моңғолияда Баян Өлгий ұлттық аймағын құруға мұрындық болған маршал Чойбалсанның мынадай сөздері бүкіл қазаққа айтылған мінездеме сияқты: «…Қазақтың астында аты, қолында қамшысы тұрғанда бұл халыққа ешнәрсе істей алмайсың. Үріккен аң сияқты, жөңкіліп жүріп басып кетеді…»
Алтын адам қабірінен табылған Есік қамшысын сәндік-ғұрыптық қамшы десек, скифтер мен сақтардың қамшыны өз заманында шаруашылыққа да, соғысқа да пайдаланғаны жөнінде деректер баршылық. Геродоттың жазуы бойынша, Қара теңіз жағалауындағы скифтер 28 жыл бойы Батыс Ахияға жорыққа кетіп, жеңісті соғыстардан кейін елдеріне қайтып оралғанда, әйелдерінің өздерінің құлдарымен жанасып, одан туған балалардың өсіп жетіліп, елдерін билеп алғандарының куәсі болады. Жас құлдар мен скифтер арасында ұрыс басталады. Скифтер қанша соғысса да құлдарды жеңе алмайды. Сонда скифтердің біреуі тұрып: «Ау, скиф сарбаздары, сендерге не болған, біз өзіміздің кешегі құлдарымызбен соғысып жүрміз! Құлдар бізді өлтірсе, біз тағы да әлсірейміз. Сондықтан менің ойымша садақ пен найзаны тастайық, әркім өзінің қамшысымен құлдарға қарсы шықсын. Егер де біз қару орнына қамшы ұстасақ, олар өздерінің біздің құлдарымыз екенін еске түсіріп, бізбен соғысуды қояды», — депті.
Скифтер дәл солай істейді. Қорыққан құлдар ұрысты ұмытып қашып кетеді. Осы орайда Жәке би Қойтанұлының (1834-1914) мынадай сөзі еске түседі:
Қойшыға құрық ұстатып нең бар, таяқ те жетеді,
Құлға қару жұмсап нең бар, қамшы да жетеді.
«…1954 жылы октябрь айында бізді армияға алып, Өскеменнен пойызға отырып Локоть станциясына келдік, локотьта Ресей жақтан бірнеше эшелон әскерге шақырылғандар келіп, 4-5 эшелон Владивостокқа жүретін болдық. Локотьта Ресей жақтан келгендер мен Қазақтаннан келе жатқан жігіттер арасында төбелес болып, Ресейден келген бойлары ұзын, алпамсадай жігіттердің жұдырығына шыдай алмай біз таяқ жедік. Осы заманда эшелон бірнеше апта жүреді, бір стнацияда бір поездан түсіп магазиндерді аралап жүрсек, қайыс құлақ бауларды көріп, бағасы арзан екен, бірнешеуін сатып алдық, келіп басқа жігіттерге айттық, олар да алды. Ұзақ күн нарда жатамыз, жалығамыз, қамшы өретін болдық. Ол кезде қамшы өру ұмытылмаған, екінің бірі өреді. Содан тағы төбелес шықты, кім бастағанын білмеймін. Ал әлгі жерде қазақ жігіттері қамшыларымен осқылағаны әлі күнге дейін көз алдымда кнут, кунт деп қорыққандарынан нардың астына да кірді, тіпті вагонның үстіне шығып кеткендер де болды. Қамшыдан зәрелері ұшып қорыққаны соншалық, Владивостокқа жеткенше қазақ жігіттерінің бетіне қарауға батылдары жетпеді…»
Халық арасында атақты қамшыгерлер туралы аңыз-әңгімелер көп-ақ, ел әлі күнге дейін олар жайында тамсана әңгімелейді, солардың бір-екеуін келтіре кетейік:
«…1920 жылдардың ортасында Ташкент аумағында Омар деген қазақ басмаш-банды болып, үкіметтің малын тонап белсенділерді соққаға жығып, тауға тығылып жүреді. Жаз шыға күндердің күнінде Омар тамақ ішкісі келіп Ташкенттің бір шайханасына түсіп, атын байлап, үстінде қалың күпі, басында тымағын алып, қашып-тығылып жүрген адамда не күй болсын, қамшысының сабын арқасына ілгерінді-кейінді тығып тыр-тыр қасынып отырады. Бұны елеп ешкім тамақ бере қоймайды. Омар дауыстап: «Тамақ әкеліңдер!» дегенде даяшы мазақ етіп елдің алдындағы қалған-құтқан тамақтарын жинастырып Омардың алдына қоя салады. Даяшы да, көрген ел де қарқ-қарқ күледі. Сонда мұндай мазаққа шыдамаған Омар қамшымен даяшыны қақ маңдайдан салып жібергенде даяшы тіл тартпай өліп кетеді. Ел үрейленіп бір-бірлеп, есіктен сытыла қашып жатады. Омар тамақ алдырып асықпай ішіп, атына мініп кетіп қалады… Осы оқиғаны көзімен көрген адам қазақтың қолындағы қамшысы қылыштан да өткір деп отырушы еді…»
«…Қазанбай қамшыгер 80-нен асқан шағында, 1950-жылдары бір аяғы ақсақ, кемтар болып қалған кезі, дүкенге ұнға келіпті. Сонда моңғол сатушысы: сені қамшыгер дейді ғой, ана бір қанар 100 кг ұнды қамшымен тартып екіге бөлсең, мен тегін берейін. Қазанбай қартайғанына қарамай қамшымен тартқанда екіге бөліп түсіпті. Моңғол сатушы бір қанар ұнды қайта қаптап, қанжығасына бөктеріп беріпті. Қазанбай қамшыны үлкен басбармақпен басып тұрып тартады екен. Құнан өгіздің терісін қамшымен тілген кездері де болған…»
Қамшыгерлік қазіргі уақытта ұмытылып қалған ұлттық өнердің бір түрі, қамшымен соғудың, ұрудың көптеген әдістері болған. Қамшы үйіру, қамшы білеу, қамшымен жасқау, сипап қамшылау, батыра қамшылау, орап тарту, шықпырту, оса тарту, тіле тарту, баса тарту, көсіп жіберу, серпе тарту, көсите тарту, салып қалу, сілтеп қалу.
Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандарының бірі болды. қазақ аттан түсіп жаяу қалғасын, қолына қамшы ұстауды да қойды. Қолына қамшы ұстаған қазақ сұсты, айбарлы, сәнді көрінуші еді. Ат пен қамшыдан айрылған жай қазаққа айналды. Сондықтан қазіргі таңда қамшы өруді, қамшыгерлікті жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап отырса елдік, ерлік дәстүріміз жалғастығын табар еді.

Қамшының түрлері: 4
1. Тобылғы сапты қамшы
2. Мүйіз сапты қамшы
3. Ырғай сапты қамшы
4. Орама сапты қамшы
5. Сарала қамшы
6. Сылдыр қамшы
7. «Қасиетті (киелі)» қамшы
8. Жыланбауыр қамшы
9. Шыбыртқы қамшы (бишік)
10. Дырау қамшы
80396_1257740647.jpg_97411. Дойыр қамшы
12. Жортуыл қамшы
13. Білеу қамшы
14. Бала қамшы
15. Өзекті қамшы
16. Шашақты қамшы
17. Жеңсе қамшы
18. Шолақ қамшы
19. Күдері қамшы
20. Күмістелген қамшы
21. Алтындалған қамшы
22. Ат қамшы (ат жүргіш)

Қамшылау әдістері med_gallery_6150_4_2082763
1. Қамшы үйіру
2. Қамшы білеу
3. Қамшымен жасқау
4. Сипай қамшылау
5. Батыра қамшылау
6. Орап тарту
7. Шықпырту
8. Оса тарту
9. Тіле тарту
10. Баса тарту
11. Көсіп жібері
12. Серпе тарту
13. Көсите тарту
14. Салып қалу
15. Сілтеп қалу

Безимени-6Ахмет Тоқтабай

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.