77 жасқа дейін көкпар тартқан Салыбек

11222

Салыбек Сағымбекұлы туралы толғау

салыбекСонау бір алыс жылдары… атам қазақ айранын ұрттап, қойын құрттып, қазанатын ерттеп мінген, аманатын серттеп жүрген, жүрегінен отты рухтың жалыны өшпеген, дұшпаны алдынан кесе-көлденең өтпеген, ағайынның қамы үшін, қара қазан сары баланың наны үшін, ерлер түн ұйқысын бөлген, ұлдар оқ жонып, әке көрген, қыздардан ұят кетпеген, шаңырақтан шырақ өшпеген, намыстың туы жығылмаған, қазақтар орысты көрсе інге тығылмаған… Иә, осындай бір елдің бірлігі бұзылмаған, бұғалық басына түспеген заманда Қазығұрттың күңгейі Арыстың аңғарындағы Қаражантақ өңірінде есімін ел білетін Сағымбек атты дәулетті адам өмір сүріпті.
Содан жаңа низамының мыңда тоғыз жүз он төртінші (1914) жылы Сағымбек байдың бәйбішесі Салыбек атты ұл тапқан. Ол заманда қазақтың баласы, түйенің қомында туып, аттың жалында ер жететін. Алты жасында атқа шабатын. Он жасында арқандап асау мінетін, тайпалтып тойда жүретін, бір мүшелге толғанда пышақ азуы қышыған жас бөрідей жалаңдап көкпардың маңына баратын. Лып етіп шетке шыққан серкенің санына жармасатын… Сөйтіп, қарымын шыңдайтын, жүрегін тақайтатын, білегін бекітетін, тақымын қатайтатын.
Әр қазақтың ұлы осындай мектептен өтетін. Оған төзбеген боркемік жанды, кеміс туған кемік көретін. Ондай бейбақ қаратабан қойшыға айналатын. Бір сөзбен айтқанда, ұлы дүбірге төтеп бере алмай, беті қайтып, жүрегі тайқып, сыннан өтпей қалған ұлды аталастары «әкеден кері кетіп туған ынжық» деп бағалаған. Яғни, бағзы заманда көкпар дегеніміз – ер мен езді бір-бірінен айыратын теңдессіз құрал болған.

Салыбектің Сарқасқасы

салыбек 1Сонымен, әуелгі әңгімеге қайта оралсақ: жоғарыдағы Сағымбек байдың тұңғышы Салыбек он төрт жасқа толғанда ел бүлінді. Кәмпеске дейтін заң шығып, бардың малын сыпырып алды. Маңдай терімен тапқан ақ-адал дәулетінен айырылған ел Өзбекстанға босып кетті. Ол жақта ширек ғасыр өмір сүрген Сағымбектің балалары: Салыбек, Балбек, Қырғызбай, Райымжандар айналып қазығын тапты.
Салекең сол жақта жүргенде өзбек балуандарымен (көкпаршыларды осылай атайды) додаға түсіп, тақымын шынықтырды. Жарықтықтың көкпарға берілгені соншалық өзінің өмір сүрген 77 жыл ғұмырында үкіметке бір күн еңбек етпеген екен. Тіпті еңбек кітапшасыда болмаған, зейнетақы да алмаған, тек көкпардың қызығына батып, аламан доданың дуын қыздырып, өмірден озған.
Көкпар болған соң әрине, ат керек. Ат болғанда жаба тоқып міне салатын қойторы емес, күштілігі өгіздей, ұшқырлығы сұңқардай, ептілігі еліктей, иесі тақымын қысып, тізгінін қаққанын жазбай танып, мүлтіксіз орындайтын жылқы болмаса, көкпаршының бағы жанбайды. Сондықтан да болар оңтүстік өңірде көкпардың атындай қымбат дүние жоқ және оны баптау өз алдында бір ғылым.
Сонау бір 50-60 жылдары Салекең көкпарға атақты сарқасқа атымен шығып, кейбір кездерде жан баласына салым ұстатпаған кездері де болған. Ел арасында «Салыбектің Сарқасқасы» деген ат аңызға айналған. Бұл ат Шәуілдір жақта өмір сүрген керей Кәдір деген кісінің тума құлыны екен. Осы Кәдірдің әйелі Қызбала Салекеңе қарындас болып келеді. Бірде Темір өңіріне көкпарға барып келе жатып Салыбек жаңа туып тұрған құлынды көзі шалған. Басында сылым ет жоқ, тізесі еменнің шорындай шодыр, сауыры шоқтығынан қарыс сүйем көтеріліп тұрған құлынды көргенде көкпаршының көзі жайнап кеткен. «Құдай бұйырса аламан додада алдыңа ат салмайтын, тартыста таудыда құлататын жылқы боларсың» деп түйген.
Арада жыл өткенде Кәдірдің анасы дүниеден озып, келесі жылы алыс-жуықтағы ағайын-тумаларын шақырып анасына ас береді. Көппен бірге ас-тойға Салекең де келеді. Жай келмейді қосақтап төрт жылқы жетектеп келеді. Бұл келістің тегін емесін сезген Кәдір ұста да аңғарады. Кәдекең жай қатардағы көп ұстаның бірі емес, қолынан өнер тамған жан екен. Соғыс жылдары Қажымұқан балуан осы Шәуілдір жерінде ел аралап өнер көрсетіп, ұшаққа ақша жинағанда балуанның керек-жарағын осы Кәдір ұста дайындап беріп отырған. Тіпті Қажыекеңе арнап арнайы арба да жасаған.
Сонымен жоғарыдағы астың соңғы тойға ұласып, ел көкпар шабады. Салыбек шабандоз өзінің сыралғы торысымен үш дүркін мәре көреді (жеңіс алады). Ас тарқар тұста Салыбек күйеу баласы Кәдірге келіп: «Кәдіржан менің ана бір қосақтап алып келген төрт жылқыны байқаған соларсың, солар сенікі» дейді. «Не үшін». «Кәдіржан сен ана бір сарқасқа тайыңды маған бер». Кәдір қатты ойланып қалады. Сарқасқаның тегін жылқы емесін өзі де білетін. Жылқылар түскі ыстықта іргедегі дарияға құлағанда осы сары тай өзеннің тереңіне жүзіп барып, судың ішінде балық сияқты аунап-қунап ойнайтын.
Ақыры Кәдір өзі бір шешімге келе алмай ауылдың ақсақалдарын жинайды. Олар айтады: «Кәдір қарағым, мына Салыбек көкең аты шығандаған әйгілі көкпаршы, сен сары тайыңды бер!». Осылай сарқасқаны қолға түсірген Салекең риза болғаны соншалық астындағы көкпар торысын да «Сарқасқаның қазығы бос тұрамасын» деп байлап кетеді.
Салекең сары тайды жетелеп ауылға келеді. Жол бойы асықпай 120 шақырым жерге 10 күн жүреді. Атты әкелген соң жақсылап баптайды. Жарықтық жақсы атты ханның тағынан артық көрген жан екен. Басқасы басқа былайғы ел-жұрт ас-суға ұн таппай отрыса, Салыекең атын таза бидай беріп асырайды. Тұнық сумен суарылған жасыл жонышқаның көгін ғана береді. Қысы-жазы жабулап ұстайды. Сиыр су ішкен ыдыспен ат суармайды. Сарқасқа атты тұрған жерінде зәр сындыртпайды, тезек тастатпайды. Тайынан үйреткені соншалық жануар жылқы зәр қысқанда арқырап кісінейді. Үйдегілердің бәрі үйренген жүгіріп шығып, алысқа жетектеп барып зәрін төктіріп, тезегін тастатып қайта әкеліп байлайды.
Көкпар таяғанда тіпті басқаша. Салекең атымен бірге қорада түнейді. Оның әрбір қимылын бағып, кірпік қақпай қарап жатады. Етін қатырады, қазысын ортайтады, күніне бірнеше дүркін мініп-түсіп бұлшық еттерін ширатады.
Содан кейін Салекеңнің көкпарға аттануы өз алдына бір той. Барлық бала-шағасын жинайды. Салыекеңнің үлкен қызы Рахия апайдың айтуына қарағанда, әкесінің көкпарға аттануы үлкен мереке. Барлық баласы жиналып аттандырады. Құтты бір алапат шайқас жоңғар соғысына бара жатқандай Салекең бұршақтай түйіліп, сұңқардай шүйіліп, қаһарын сыртына шашып атқа қонады.
Ал, Сарқасқа ат тіпті өзгеріп сала береді. Қорада байлауы тұрған жуас атты танымай қаласыз. Қос жанарында от ойнап, ауыздығын қарш-қарш шайнап, омырау еті бұлт-бұлт ойнап, жердің үстінде желмен жеңіл ұшып бара жатқан қаңбақтай сырғиды.
Салыбекпен қатар көкпар шапқан адамдардың қатары әлі де бар. Атақты көкпаршы Құланхан Жақыпов айтады: «Салыбек көкемді біз әбден қуаты қайтқан кезде көрдік. Соның өзіне жас жігіттерге салым бермейтін. Ортадағы қырғын додаға көп түспейді, тегі атын аялайтын болуы керек. Додадан көкпар алып шыққан адамды аңдып тұрып жұлып әкетеді. Жолай тоқтатам деу бос әуре. Салекең ғасырда бір туатын тұлға еді ғой…».
Осылай Салыбек пен Сарқасқа аттың атағы Түркістан, Шәуілдір, Шаян, Төрткүл одан былай Қазықұрт, Шардараға дейін жайылады. Сондай күндердің бірінде ауыл арасында шағын жиын өтіп, үлкен ақсақалдар қолбала көлік есектерін мініп топ-топ болып әңгімелесіп келе жатады. Сонау бір шетте Сарқасқа атын сылаңдатып Салыбек келе жатады. Осы оқиғаны көрген бір ақсақал айтыпты: «Мына есек мініп келе жатқан шалдардың бар байлықтары үйлерінде қалды. Әрбірінің жүз-жүзден қойы бар. Өздері есек мініп келе жатыр. Ал, ана бір сарқасқа ат мініп келе жатқан адамның бар байлығы астында. Жалғыз атынан басқа түгі жоқ…».
Күндер сырғып өтіп жатты. Шамасы 1960 жылдырдың басында Айдар Ахметов деген адам анасының жылдығын өткізіп, аспен бірге көкпар береді. Оған Сарқасқасын сылаңдатып Салыбек шабандоз да келеді. Бірден бес салымды қатар алады. Сарқасқа ор қояндай ырғып, сыныптай сусиды. Салыбек пен Сарқасқаның үйлесімін көрген жан баласы таңдайын қағады. Бірақ осы сәтте күтпеген оқиға орын алады.
Салекең терін сүртіп ортаға беттеп келе жатқан. Астындағы аты арқырып кісінейді. Қараса аттың құлағына дейін қарайып кеткен. Түсе қалып, ерін сыпырады. Арқасы да қаражолақтаныпты. Жануар иесінің иығына басын сүйеп, көзінен жас парлайды. Салыбекте бір пәленің боларын сезіп, ауыр күрсінеді. Амал қанша сол жерде көз тиіп Сарқасқа пышаққа ілінеді.
Осы оқиға жайлы Салекеңнің үлкен қызы Рахия апай айтады: «Сарқасқа ат өлерден бірнеше жыл бұрын мен күйеуге шығып, жеке отау құрып кеткен едім. Мен барған елде үлкен көкпар өтті. Оған әкемнің де келгенін естідім. Кешке үйге келсем әкей ер-тоқымын арқалып үйде отыр екен. Аты көз тиіп өліпті. Қатты қамықтым…».

Бурыл аттың көз жасы

Салыбек көкеміз көкпар қуып жүргенде мына жақта ұлдары: Жора, Дүйсен, Алмас, Болаттар ер жетіп, тіпті үлкені Жора ел қатарлы қызметке ілініп те үлгерген екен. Әкесінің аты өліп, қанаты қырқылғанын аңдаған ұлдары ауыл-аймақтан сұрау салып, жақсы ат іздейді. Содан Тоқсансай ауылында Өмірбек дейтін адамда дөнен шығар бурыл ат бар дегенді естиді. Жора ағамыз арнайы барып көрсе, әкесінің тақымына татитын сияқты.
Шауып әкесіне келеді, «Тоқсансайдан дөнен шығар бурыл ат көрдім». Салекең: «Енді қайт дейсің?». «Барып көрмейсіз бе?». Ақсақал үнсіз ер-тоқымын қолтықтап көлікке келіп отырады. Жора екеуі бурылды көреді. Бірден ұнайды. Ай-шай жоқ бурыл дөненге тоқым салып, ертейді де мініп жүре береді. Жора: «Көке қайда барасыз, әлі саудаласқан да жоқпыз ғой…». Салекең аттың басын іркіп, артына бұрылып бір қарап: «Саудалас та, ақшасын өзің төле!». Әке үкімі балаға заң. Болды, бітті.
Осы бурылмен көкеміз қайтадан көкпардың айдынына шығып, шортандай жүзеді. Жора ағамыз әңгіме үстінде мына бір оқиғаны айтып берді: Бірде жұмыс бабымен ел аралап келе жатып, еңгезердей қарияға жолықтым. Жасында дес бермес шабандоз болған екен. Барып сәлем бердім, ақсақал, «кім баласысың?» деді, «Салыбек Сағымбековтың баласы баламын». Ақсақал еңсесін тіктеп түзеліп отырды. «балуан Салыбек пе?». «Иә».
Ақсақал айтыпты: «Жасымда атақты шабандоз болдым, нағыз болып-толып тұрған шағымда мына Темір жақта біреу көкпар бергелі жатыр дегенді естіп аттандым. А дегенде салымды іліп алып мәреге қарай шауып келе жатыр едім, бір жап-жас жігіт қапталдай келіп жармасты. Ішімнен «мына бейбаққа не жорық, дәмесінің зорын қарашы» деп ойлап қоям. Сарт етіп серкеге жабысты. Қолы шала ілініп шығып кетті. Қарасам қайдадан індетіп келе жатыр. Ашуым келіп, бетін қайтарып тастамақшы болып, өзім де жанасалай бердім. Қолы серкенің аяғына ілінгендей болып еді, іркіп тартып қалғаны. Алғашында қара саным үзіліп кеткен шығар деп ойладым. Есімді жисам серке ана жігіттің тақымында кетіп бара жатыр. Осы оқиғадан кейін көкпарды тастап кеттім. Аяғым жарамай қалды. Артынан сұрастырсам, сол жігіт сенің әкең екен…».
Салыбек шабандоздың бурыл атпен дода көргенін жергілікті жердің азаматты, ақын Құрманәлі Жылқыбай былай деп суреттепті:

…Шабандоздың болғанымен саны көп,
Мәре алыс, жете алмайды бәрі кеп,
«Құйындатып топты жарып шығатын»,
Деседі жұрт «қарт шабандоз» Салыбек.

Кеткенімен өмір-өзен ағызып,
Ұмытқан жоқ көзін көрген әлі жұрт,
Ол жайында ертегідей айтады,
Қариялар сөздің майын тамызып.

Жағалауға жақындатып жас шақты,
Жүйрік уақыт өте шағыр – қас-қақты.
Жетпіс жаста жігер оты сөнбеген,
Салыбек қарт бурыл тұлпар баптапты.

Қырағыға біткен аттың бағы бар,
Пырағы да түсінгенде шағынар.
Қырдан шықса тұяқтардың дүбірі,
Қазығында тыпыршиды жануар.

Ерттеп мініп, сосын Сәкең тұлпарын,
Тартып тұрар беткейіне қырқаның,
Айқасып бір асыр-тасыр додада,
Құмарынан шығаратын сұңқарын, — деп ұзақ-ұзақ толғау жазыпты.

Осылай күндер өтіп жатты. 1991 жылы Темірланда Қажымұқанның 120 жылдық тойы өтті. Осы тойдың бас балуаны (Оңтүстікке көкпаршыны «балуан» дейді) ретінде 77 жастағы Салыбек қария көкпарға шығып, соңғы салымын салады. Кешікпей сырқат меңдеп жатып қалады. Бурыл ат дүркін-дүркін иесін іздеп, кісінейді.
Жылқы баласының тілін білетін Салекең дерт меңдеп, төсек тартып жатса да, бала-шағасына «мені далаға шығарыңдар» дейді. Үйдегілер ақсақалды аулаға төсек салып, далаға алып шығады. Бурыл иесінің иісін сезіп, құлын дауысы шырқырап қоя береді. Салекең, «атты алып келіңдер!» дейді. Екінші ұлы Дүйсен байлаулы тұрған тұлпарды жетектеп алып келеді. Ақпақ қудай сүйегі арса-арса төсек тартып жатқан иесін көрген бурыл ат ышқынып келіп, шалды искейді. Қос жанарынан парлаған жас ақсақалдың жастығын жуады. Онымен қоймай есті жануар иесіне, «орныңнан тұр» дегендей, көрпесін жұлқып, жастығын тістеп лақтырады.
Мына оқиғаны көріп тұрған адамның бәрі бурыл атпен бірге көз жастарын төгеді. Сол күннің кешінде атақты шабандоз, өмірін көкпарға арнаған Салыбек қария дүниеден өтеді. Иесінің бақиға көшкенін сезген бурыл ат иесін аза тұтып, көзінен жас парлап, ұзақ жылайды. Жем-шөп жемей қанжардай қатады. Ақыры ат та өліп тынады.

Түйін: Көкпар қазақтың рухын оятып, қуатын шыңдайтын спорт. Бірақ көкпар тарту үшін алдымен ат керек. Қазақты аттан айырса, оның Ұлы рухы сынарын отарлаушылар жақсы білді. 1960 жылдары солтүстік өңірде жылқы обасы шықты деген желеумен жарты миллион жылқыны атып-қырып жерге көмді. Қазақ қанатсыз қалды. Бұл сойқанға оңтүстік ілікпей аман қалды. Сондықтан да болар ол жақта көкпар бар және Салыбек Сағынбекұлы сияқты шабандоздардың мектебі әлі үзілген жоқ.

301183_104849579670937_1382221119_nБекен Қайратұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!