«Бөтегеден» қашқан қара айғыр

6028

Мың да тоғыз жүз жетпіс үшінші – сиыр жылы Қытай Халық Республикасының ішкі өлкесінен бір топ маман келіп, Шыңжан – Алтай аймағына қарасты Көктоғай ауданының жайлауына маңайдағы ауылдардың барлық жылқысын жинатып, қолдарындағы арнайы өлшем бойынша сұрыптайды. Бұл тұста күллі өлке бойынша жаңадан экономикалық реформа қолға алынып, бұрын жаз жайлау мен қыс қыстаудың арасында еркін көшіп жүретін қазақтардың қолындағы барлық меншік малы ортақ коммунаға (коллективтендіру) топтастырылып, қара бұқараны бір қазанға телміртіп қойған заман. Сөйтіп, ішкі өлкеден келген маман қытайлар таңдап алынған жылқыларды ала жаздай бөлек бақтырып, сары күзде Үрімжіге айдап әкеліп, жүк вагондарына артады. Осы жылқылардың ішінде тұқымы текті қара айғыр да кетеді.

Әңгімені әріден бастасақ, жарықтық текті жануар қара айғыр халық коммуналасып, барлық мал бір ізбен, үкімет нұсқаған жерге, шашауы шықпай бағылатын заң – тәртіп орнағанын қайдан білсін. Өзінің үйірін табыннан бөліп алады да, шөбі шүйгін, сонылы, қар-суы мол өлкеге айдап кетеді. Ол кезде жылқы түлігі баяғыдай сары жонда жусап жатпай қой сияқты қоралап бағылғандықтан, даланың қасқырлары бұрынғыдай жырып жейтін мал жоқ әбден жұтынып тұрған кез. Бір таңданарлық жағдай – жылқышылар шығандап кеткен қара айғырдың үйірін «қасқыр қырып кеткен шығар» деп уайымдап іздеп барса, жарықтық Алтайдың ақшулан арландарына соқыр тайын да жегізбей түп-түгел қайырып тұрады екен.

Ал күзде ел еңкейіп етекке түсер тұста әлгі қара айғыр жалғыз түнде үйірін айдап жоқ болып кетеді. Іздеп келсе, баяғыда ойға түсіп кеткен. Үйір қара Ертістің бойын жалдай жайылып, шалғынды жапыра шайқап, жаз бойы таудың бозтарланына тойынған үйір жыра салып семірген, тайпала басып, лықси қозғалады.

Жылқышылар қара айғырдың үйірін қанша рет қайырып әкелсе де, күш бермейді. Үкімет адамдары «неге ие болмайсыңдар» деп бақташыларды жазаға тартады. Әбден зықысы шыққан жылқышылар ақыры ішкі жақтан келген қытайларға бағынбайтын айғырды ұстап береді. Тағдыр-ай деген, арда Алтайдың қойнауында туып, таудан құлап аққан мөлдір бұлақтың суын ішіп, құйрық-жалына даланың желінен басқа тірі пенде қол тигізбеген:

От басар орны отаудай,

Қабырғасы жонсаудай,

Ор қояндай қабақты,

Қиған қамыс құлақты,

Сары мысықтай азулы,

Саптыаяқтай ерінді,

Қидасан кәрі жілікті,

Омырауы есіктей,

Ойынды еті бесіктей,

Табаны жалпақ қара айғыр, ақыры көз көріп, құлақ естімеген қиянға айдалатын күн туады.

Сөйтіп, Алтайдан таңдап алынған жұмыр тұяқты жануарларды айдап түскен жылқышылар оларды Үрімжі қаласынан қиырлау бір түкпірде орналасқан жабық қоймаға әкеліп қамайды. Бұл жерге темір жолдың бір ұшы келіп тіреледі екен. Ертеңінде осында дайын тұрған вагондарға жылқыларды тиейтін болады. Баяғы жарықтық қара айғыр арқырай кісінеп, шатақ шығарады. Оған басқа жылқылар қосылады. Оқиғаны сырттай бақылап тұрған қарт жылқышы қытайларға айтады:

– Сендер мына жылқыларды бұлай алып кете алмайсыңдар, күшпен артып алған күннің өзінде бұлар бір стансадан жарып шығары сөзсіз. Егер менің ақылымды алсаңдар жануарлардың қара мекені Көктоғайдың тауының қыртысын ойып әкеліп, вагонның табанына төсеңдер, – дейді.

Сөйтіп, қиырдағы Көктоғайдан төрт машина топырақ әкелінеді. Оны вагонның табанына төсеп, үстіне жусан жаяды. Құда да тыныш, құдағи да аман. Жылқыларды жетектеп әкеліп, вагон ішіне байлайды. Жарықтық жануарлар туған даласының жусанын иіскеп тып-тыныш тұра береді.

* * *

Қытайлар бұл жылқыларды түгелдей Шаньдунға алып барады. Бұл өлке Қытайдың шығысында Сары теңізге сұғына орналасқан мүйісті аймақ. Елдің ең негізгі теңіз порттары осында. Әкімшілік орталығы Цзинань қаласы республика астанасы Бейжіңнен әрі кетсе 100 шақырым қашық. Әрі ірі өндіріс орындары ашылғандықтан, кен орындарына арба тартатын өлшемге сай қуатты жылқы қажет болған сыңайлы. Ол тұста Шаньдун өлкесін шыңжандық қазақтар «Бөтеге» деп атайды. Мысалы, жазушы Қабдеш Жұмаділов өзінің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық туындысында: «Елу-алпысыншы жылдары Шыңжаң қазақтары арасында Қытай Халық Республикасының картасын тауыққа ұқсатып түсінетін қызық таным болды. Расында қытай елінің картасы тауыққа ұқсайды. Біз Шыңжаңды тауықтың «құйрығы» дейміз, ал шығысын тауықтың «бөтегесі» деп айтатын» деп жазады.

Біз сөз етіп отырған Шаньдун өлкесі дәл осы «Бөтегеде» орналасқан. Осында барған қара айғыр арада біржарым жыл өткенде, «Бөтегеден» қашып шығып, жолай Хэбэй, Шаньси, Шэньси, Иньчуан, Ганьсу, Цинхай өлкелерін көктей өтіп, 5050 шақырым жолды тұяғы үгітілгенше жер басып, тұлпардай мүсіні тулақтай болып туған жері Көктоғай ауданы Қаратүңке ауыл-қыстаулығына қарасты Санаралға мамыр айының басында келіп жеткен екен. Қозғалмай бауырын сазға төсеп бірнеше күн жатыпты. Содан дүр сілкініп тұрғанда қу Ертістің суынан шөлі қанғанша ішіп, жаңа көктеген балғын шалғынды түбінен орып асап, әл жинаған соң, көктемде лай тасып жатқан дарияны кесіп өтіп, арғы жағадағы құмқайраққа бір аунап алып, жайлауға тартады.

* * *

Ертеңінде Бәделхан деген жылқышы жігіт Жалғыз құдықтың бөктерінен «Бөтегеге» ұсталып кеткен қара айғырды көріп, жолдастарына шауып келеді. Көзінде жас.

– Уа, жігіттер, мен бір ғажайыпқа кез болдым!

– Соншалық абыржитындай не болды саған?

– Қазір айтам, жағасы барлар жағаларыңды ұстайсыңдар, жағасы жоқтар кеңірдектеріңді ұстайсыңдар. Былтырғы «Бөтегеге» кеткен қара айғыр қашып келіпті. Жылқының ішінде жүр.

– Өтірік айтпа, ол басқа мал шығар, – деп, жылқышылар сенбейді. Кешке барлығы жиналып барып көрсе, расында да қара айғыр құр сүлдері қалған жылқының ішінде жүр. Жылқышылар аң-таң. Қара айғырдың қашып келгені жайлы әңгіме жақын маңайға тарап, күллі Көктоғай дүрлігеді. Бірер күннен кейін жануарды көрейік деп адамдар келсе айғыр жоқ. Сөйтсе, жарықтық Тұрғынның шатындағы Ұтыбұлақта жатқан өзінің үйірін тауып алып, бір түнде Күңгейтіге шығып кетіпті.

Содан ел жайлауға шығып, көшпен бірге жылқышылар табынды айдап, жонға барса, қара айғыр тау ешкісінің текесіндей серектастың басына шығып алған, қос құлағын қайшылап, сомдап соққан тас мүсіндей серейіп тұрғанын көреді. Мына көрініске тамсанған сақа жылқышылар «Жануарым-ай, сенің обалыңа қалған екенбіз-ау…» – деп, еңкілдеп жылапты.

Кейін бұл оқиғаны көзімен көріп тебіренген Меден Кәмәлиұлы атты күйші қара айғырға арнап «Кеттім-ау» және «Жеттім-ау» деген екі күй шығарған екен.

«Кеттім-ау» күйінің сарыны:

Құлын қып туып құйғытқан,

Құт мекен сенен кеттім-ау,

Ене сүтін емізген,

Есіл жер сенен кеттім-ау,

Кекілім сипап май жаққан,

Есіл ел сенен кеттім-ау,

Тұнық сулы, шалғын шөп,

Жасыл жер сенен кеттім-ау», — деп зарлы толғаумен бебеулесе, «Жеттім-ау» күйі шаттықты, шалқымалы, әсіресе арқырай кісінеп үйіріне қосылған қара айғырдың әрекеті домбыра тілімен әсерлі беріліпті. Бұл сөзді біз күйді тыңдаған адам ретінде айтып отырмыз.

(Мақаланың басында халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Қозыкүрең» әңгімесі бар еді. Біз бұған дейін «Сәйгүліктер» топтамасын толық бергендіктен, оны қысқартып тастадық).

Бекен Қайратұлы

«Егемен Қазақстан» газеті

1 comment

  1. Қайсар 18 Тамыз, 2022 at 11:26 Ответить

    Меніңде Қара айғырым бар оны ауылдың бір шалы бір жыл қосып Қозықара деп атап алғаны бар, бірақ дәл осындай бола алама алмайма білмеймін бірақ олда оңай емес. Аласа бойлы тұрқы қысқа, жуан жілікті, қабырғалы шоқтықты ой желке, жоны қысқа бауыры жазық, ұмасы үлкен, қалың жал құйрықты, мысық құлақ, кеуделі, кең сауырлы, біріңғай мақпал қара.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.