Қайдасың, Самал?

2434

(Әңгіме)

Алдына келгенді тістеп, артынан келгенді тебетін, жер тарпығанда тұрған жерін ойып тастайтын шу асауды көргенде он төрт жасар Ақжолдың көзі жайнап кетті.

Осы жылқы зауытындағы атақтары дардай атбегілерінің ешқайсысын жанына жолатпай тұр.

– Атасы – тұлпар, анасы – сұңқар емес пе, көзі жайтаңдап тұр ғой, — деді қарт атбегі Нұржан.

– Әкесі – Қозыкүрең деген айғыр, ал енесі – Шадияр, аты әлемге әйгілі Абсенттің тұқымы, — деді мал иесі Думан.

Есбол ойланып тұр. Қасындағы баласы Ақжол әкесінің бетіне жалтақтап қарай береді. «Алыңыз, алайық» дегенін көзімен ұқтырып тұр.

– Бабында-ақ тұрған сәйгүлік екен. Жақсы ат сұлу қыз секілді ғой, мұндайға құлқыны жұтынып тұратын құмарлар көп болады. Оларға адам тағдыры ойншық болып тұрғанда, жақсы атты жайрата салу не тұрады дейсің, – әкесі атты алмау жағына қарай қисайып бара жатты.

– Әке, қорқып тұрсыз ба? — Ақжолдың даусы қаттырақ шығып кетті. Есбол да, айналасында қаумаласып тұрғандар да жалт қарасты.

Басынан сөз асырып көрмеген әкесі баласының ел алдында айтқан мына сөзіне үндемегенімен іштей ыза болып, алара қарады.

– Бір-екі рет бәйгеге қатысып, жұлдыз болып қалды емес пе? Қазіргі балалар осылай білгішініп тұрады, — деп жігіттердің арасындағы біреуі «бес тиынын» қоса кетті.

– Мініп көрейінші, — деді Ақжол әкесіне қарап.

– Жер тарпыған дүлей екенін көріп тұрсың ғой, қыл шылбыры мойныңды қиып кетпесін, — деп сақтандырып алып, жарайдысын басын изеп мақұлдады.

– Ай, бала, жарайсың, тарт! – деді қарт атбегі.

Ақжол аттың жанына барып, оның басын күншығысқа бұрды. Жалынан аялай сипап, шылбырынан алып жетектеді. Содан соң қатарласты, сонсоң адымын жылдамдатып, жүгіртті. Аттың демалысы жиілей бастағанда, үстіне көз ілеспес жылдамдықпен қарғып мінді. Мұндай тосын мінез күтпеген жылқы аспанға шапшып, үстіндегі шынашақтай баланы аударып-ақ тастағысы келген. Жүген-құрықтан азат басы ә дегенде түкке түсінбей, тұла бойын сірестіріп біраз тұрды. Аспанға шапшып, ақилана аласұрды. Машақат ұзаққа созылды. Ақжол алдымен тізгінді ақырындап тартып көріп еді, ат жуасып қалғандай. Содан соң еркіне жіберді. Маңдайындағы ақ теңбілі жарқырап, атқан оқтай зымырады. Есболдың айналасындағылар үн-түнсіз, мән-мағанасыз ары-бері қозғалақтап, «қалай болар екен, желкесі үзілмесе болды да» деп тұрғанда Ақжолдың көзі шоқтай жайнап, айдарынан жел есіп, топтың алдына келіп, топ ете түсті.

– Көзімнің қарашығы, көзімнің қарашығы! — дей берді не болар екен деп тұрған Есболдың аузына басқа сөз түспей.

– Балаңның тақымы мықты шабандоз болатыны байқалады, танабау тағып жіберейік, — деп, ересек бір жігіт қалтасынан ақша алды. Ақжол ыңғайсызданып:

– Керегі жоқ, — деп қайтара беріп еді.

– Қолын қайтарма, балам. Бұл: «Ұлың қолғабыс етуге жарапты, шаруа атқаруға сеніп тапсыра берсең болады» деген сөз. Бұрын ондай балаларға күміс сөлкебай, білезік, кеудесіне тана тігіп жіберетін. Қазір енді олардың орнын ақша басып отыр ғой. Әке-шешең ел-жұртын жиып, той жасап береді, сен ел алдында мойныңа үлкен жауапкершілік жүктеп, өзіңе деген сеніміңді нығайтасың, — қарт атбегі Нұржан Ақжолдың бұрын естімеген әңгімесін құлағына құйып бергендей болды.

Самал осылай өзі туған Көкдөнен ауылынан Қордай ауданына кете барған. Ат үстіндегі балаға Думан:

– Ауыздығын тартпа, қыршаңқы болады, терлеп барып су ішіп жүрмесін, аяғынан қалады, — деп кетер-кеткенінше ақыл айтумен болды.

– Құны бәсіне татып тұр, — деді ағайындары, — үлкен шаһардағы зәулім бір үйдің бағасы ғой.

– Самал тіл-көзден аман болса, жылдағы бәйгеден бір-бір үйдің қаржысын табатын болады, — деп Думан ішкі қимастығын сездіріп алды.

– Онда неге саттың?

– Мен Есбол секілді бәйге аттарын баптай алмаймын. Жүйріктің бағын байлағым келмейді. Оның шабандоз баласы да жылқы жарықтықтың ығын біліп тұр ғой, – Думан әңгімесін кілт үзіп, атына мінді де Шал тауын бетке алып, жылқыларын көруге жүріп кетті.

* * *

Есбол, шындығында ат жаратудың шебері. Жүйрік болар аттарды үйірге қоспай, жеке ұстап, баптайды. Басқаларына бидай, арпа берсе, оларға сұлы, жоңышқа жегізеді. Таңсәріде шығысқа, талтүсте оңтүстікке, кешке батысқа қаратып, күнге маңдайын сүйгізіп, таза су, таза шөп жегізіп, ұйқысын әбден қандырып, баласындай мәпелейді. Ат баптаудың дәстүрлі жүйесін ұлы Ақжолға да сіңіріп келеді.

Ұлттық спорт қауымдастығы тұңғыш рет Астанада «Алтын тұлпар» бәйгесін ұйымдастырды. Тынысы ерек, шабысы бөлек жетпіс бес қылқұйрық 43 шақырымға жіберілді. Алғашқы додада қарағандылық Бақторы шашасына шаң жұқтырмай мәреге бірінші болып жетті. Бәйгеде бақ емес бап шабатынын байқатты. Келесі жылы жарыс қашықтығы 51 шақырымға ұзартылып, жер-жерден 96 ат қатысты.

Жарыс өтетін жерге қала орнатып тастағандай ақ шаңқан үйлер тігілген. Айнала көкпеңбек. Бір күн бұрын себелеп жауған жаңбыр жердің шаңын басып, бәйге аттарына болысып-ақ тұр. Ат жауған ба, адам жауған ба, айнала у да шу, айқай-сүрең. Тұяқтарынан от шашқан жүйріктер жайтаң қағып есіңді алады. Қызылордалық Бердібектің «Қоянқасқасы», меркелік Елдостың «Досы», тараздық Жасұланның «Шымшығы», маңғыстаулық Келдібайдың «Айтөбелі» теңіз болып құйылған халықтың алқауына бөленіп, бар бітім-болмыстарымен «ұзаққа біз шаппағанда кім шабадыны» білдіріп, бұлшық еттері бұлтыңдап, жазық бауырлары одан әрі жазыла түсіп тәкәппарланып тұр. Желдей ұшатын Самал селсоқ.

Жандарына Қазақстанда бұрын-соңды ешкім біліп-көрмеген «Merceds Gelandwаgen 6х6» көлігі келіп тоқтады. Ішінен саптама етік, оюлы шапан, бір қарағанда жүзіне иман ұйып тұрғандай сезілетін жігіт түсіп, қолына таққан алтын сағатына бір қарап алып, Есболды бұрыннан білетіндей, қауқылдап келіп қолын алып, арқасынан қағып, «Нағыз жігітсің!» деп емен-жарқын әңгімеге тартты да:

– Бәйгеден соң біздің дастарханға келерсің, жігіттердің хабарын күт, — деп жылы қоштасып кетті. Есбол аң-таң.

Бәйге басталып, көк пен жер тұлпарлардың тұяғымен ұшып бара жатқандай. Жүрегің ұшып кетердей, жаның шығып кетердей. Алапат бір сезім. Ат құлағында ойнап өскен Ақжол кейбір шабандоздардың ат үстінде еркін отыра алмай қопаңдап, қорқақтап келе жатқанына, кейбірінің далақтап шаба беретінін көзінен қалт жібермей келеді.

Бақайы ұзын аттар біртіндеп артта қалып жатыр. Жел жақтан шаң қаптырмайын дегенмен, мықтылар көп екен, құйысқандас болып келеді. Құйрығы түйілген жүйріктердің тұяғынан найзағай ойнайды. Қалың топтың айқайына арындай түседі олар. Соңғы 8 шақырымдық айналымда туа жүйріктер әсем ырғақпен зымырай жөнелді. Ат пен шабондаздар бір-біріне жұтылып кеткен айдаһардай екпіндейді. Бір айда төрт машина олжалаған «Дос» құйысқан тістесіп қалды. Қас-қағым сәтте Самал аққан жұлдыздай із қалдырып мәреден өте шықты. Қошаметтің екпіні селдей болып, бір сәт Есбол да, Ақжол да қалың нөпір халықтың құшағынан босай алмай тұрғанда, саптама етік киген қапсағай денелі, астында сылаңдаған жүйрік аты бар көзі қанталаған, үстінен қан иісі шыққан бір жігіт жын мен сайтандай сап ете түсіп, дырау қамшысымен Самалдың құлағының ортасынан көздеп ұрып, дүйім жұртқа «маған ешнәрсе істей алмайсыңдар!» дегендей қалың көзден қаймықпай Беріктастың кең жазығына қарай желдіртіп жөней берді. Саптама етікті, оюлы шапанды жігіт әдемі жүзіне жымысқы күлкі үйіріп, елде жоқ машинасына мініп жатты. Нөпір жұрттың бірде-бірі дырау қамшылы жігітті бір жұлқуға шамалары келмеді.

Беріктастың шатқал-шатқалы аттандап кеткендей Ақжолдың құлағы тұнды. Обал-сауапты ұмытып, адал-арамға қарамаған адамға есесін жібермейтін әкесінің бір сілкініп, қауқар көрсетпегеніне Ақжол қатты намыстанып, ызадан жарылардай болып тұр.

Самал меңдуана жеп қойғандай, басы айналып, көзі тұнып, шеңберленіп, түнек басып, қап-қара шыңырауға түсіп бара жатқандай болды. Құлағынан аққан қан топырақпен араласып, қара жердің бетіне дақ болып ұйып жатты. Батпақ кешіп тұрғандай, денесі жер тарта берді.

Өтіп кеткен өмірі жылқы баласының есінде қалмайды дейді ғой, Самалдың бәрі есінде. Бәрі емес екен-ау, көмескі-көмескі көріністер. Бірде енесінің бауырына тұмсығын тығып тұрғаны, енесінің еркелетіп шоқтығынан иіскелейтіні, енесінің мекірене кісінеп шақыратыны. Бір ызың құлағының түбінде шуылдап тұрып алды. Ақжолдың дегбірі қашып, айналасындағы үлкендерден көмек сұрағандай алақтағаны, Есболдың қап-қара болып түтігіп, кешеге дейін бақ-талайын өрлетіп тұрған атының «дәурені өтті ме?» деп ойлағаны…

Төрт аяғы төрт жаққа кете жаздап барып есін жиды.

– Атты бізге қалдырыңыз, өлмейді, емдеп аламыз, — деп тағы бірі келіп тұр.

– Сұраған адамға сыйлап кетші, енді бұлар саған күн бермейді, олай істемесең балаңды да жазым етуі мүмкін, жағдайды ушықтырмашы, — деп жанашыр адамы жалынғандай аяғына оралды.

Жаралы Самалы мен қиянатты көзімен көрген Ақжолды алып, Есбол артын күтпей ауылына жүріп кеткен. Жол-жөнекей әлемге аты әйгілі біреудің аты жараланып өлгенде ең жақыны өлгендей аза тұтып, қала тұрғызғаны есіне түсіп, Самал жаққа қарап қойды. Е, е, қазақтың атының олардан несі кем еді, ендігі жерде ел сыртына асырып жібермесе айналманың қылта мойнында Батыраштың қолынан өлген Құлагердің кебін кимесіне кім кепіл?!

Есбол үйіне жақындағанда қақпасының есігі ашық, кіріп-шыққан адамдардың қара-құрасының көптігіне таң қалды. «Үйдегілер аман болса екен» дегенінше алдынан Әділ ағасы шықты.

– Құзырлы органның полковниктері жол талғамайтын қара машиналарымен келіп, үйден қару-жарақ тауып, тәркілеп жатыр, — деді.

– Қандай, қайдағы қару? — деп үйге ашулана кіргенінше:

– Отырыңыз, ашуланбаңыз, бізде бәрі айғақ заттармен дәлелденеді. Кінәсіз болсаңыз, босатамыз. Бірақ бүгін үйіңізден заңсыз сақталған қару-жарақ тауып отырмыз. Оған енді заң қатал. Бәйге жүлдесінен алып тастаймыз, — деп әр сөзінен қате жібермеуге тырысып, өзін сыпайы ұстап отырған полковникке ызаға толы жанарымен жалт қарап.

– Жылқымның не кінәсі бар? -деген.

– Жылқының емес, ол да Сіздің кінәңіз, вакцина алмаған, жарыс ережесінің талаптарын орындамағансыз, — деп бізбен бірге жүріп, тиісті орындарда сөйлесейік, — деп Есболды өздерімен бірге алып кетті. Есбол Әділ ағасына қорадағы бәйге аттарын Өзбекстандағы таныс ағайындарына тез арада жөнелтуді айтып үлгерді.

Ақжол Самалдың жанына келді. Көзінің суағарын былшық басып тұр екен. Таза орамалмен сүртіп алып, жетектеп еді сүрініп кетті. Өте сергек, түгі жылтылдап тұратын Самал сиырдың ыдысынан су ішкендей керенау тартып, ыңғайлы жер табылса жата кеткісі келіп тұрғандай. Жатса еті босап, сіңірі қатаймай қалады-ау деп таңасырайын деп ауыздық салып, қаңтарып қойды.

Таңертең мектепке келгенде өсек-жендеттің мұнда да жеткенін ұқты. Үрейленіп, үрпиіп қараған Талшынның салқын жүзі айналаға қара түнек қаптатқандай.

– Сендердің контрабандамен айналысатындарыңды білмеппін, — жүрегі гүлдей нәзік деп жүрген қыздың қатқыл үні арманының қанаттарын сықырлатып сындырып жіберді. Осылайша, бір күнде, бір сәтте жек көріп кету мүмкін бе? Кеше ғана жүз қыздың ішінен ерекше көрініп, көзімен мұны іздейтін, көзімен сөйлесетін Талшын ба, мынау. Самалдың үстінде желдей құйындатып келе жатқанда көзіне елестейтін, «алдыма қара салғызбайтыным осы сен үшін Талшын, жүйріктерден оқ бойы озып бара жатқанымда да сенің сезіміңнің үлесі бар, Талшын» — деп жүрген Талшын ба бүгінгі көргені. Оған барып сөйлесетін барлық жолды бір сиқыршы бекітіп тастағандай. Лық етіп келіп қалған жас Талшынның бейнесін анық көрсетпей, бұлдыратып жіберді. Айтайын деген сөзі ішінде қалды. Қоштасайын деп тұрып, қоштаса алмады…

Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын Ақжолдың кіндігі ат жалына байланған болуы керек, енді айналсоқтап атқораға келе береді. Қорқауды ұрар қол табылмағанына ішіндегі өрті жанын жеп, өзін қайда сиғызарын білмей аласұрады. Әкесі үйге келмеді. Әділ ағасы жүйріктігінен жапа шеккен Самалды да, өзге тұлпарларын да ағайын асырып жібермекші. Аттың ауыздығын алып: «су ішкің келді ме?» — деп еді Самал басын оқыс көтеріп, ұзақ кісінеді. Осы бір кісінеуден мұң-зар, нала, өкініш төгілгендей. Ақжолдың ішіне біреу мұз тастап жібергендей қалтырады. Ноқтасын сыпырып алып тұрып, кекілінен бір шоқ қылды кесіп алды:

– Самал, мен сені іздегенде осы қылды тұтатамын, сонда келерсің, — деп қалтасындағы орамалға орап алып, түйіп қойды.

Басындағы қамшы тиген жері әлі бырсиып тұр. «Қазақ жылқыны басынан ұрмайды деуші еді, сірә да сол күнгі қара жүрек қорқау адам шата біреу шығар» деп ойлады. Самал тағы да ұзақ кісінеді. Тау асып, тас басып ел сыртына кетерін біліп тұрғандай. Жалынан құшақтап еді Ақжолдың көзінен жас парлап кетті. Өткен жолы қайрат көрсете алмады деп әкесіне өкпелеп еді, енді бүгін сол дәрменсіздік өз басына түсіп отыр. Ақ пен қара тағдыры алмасып отыратын, жүйрік ат та қазақ тіршілігінің бір тарауы екен ғой. Самал екі бүйірі солқылдап ұзақ кісінеді де, селсоқ болып тұра қалды. Көрші қорадағы көтенішегі үңірейген көтерем аттар да дауыстары естілер естілмес болып кісінесті. Бармақтай күнінен «ат жарыс» көріп өскен Ақжол жылқылардың мына қоштасуларына алқымы қысылып, жүрегі сыздады.

«Жаратқанға тілегін өткізе алатын Адам ата қандай бақытты еді» — деп атасының айтқан аңызын есіне алды. Қалай басталушы еді. Адам ата пейіштен қуылған кезде, жерге төрт көзді пырақпен келген екен. Бейтаныс мекеннен Адам қатты үрейленеді. Пырақ пейішке қайта көтерілмек болғанда, адам жалынан құшақтап жібермей қойыпты.

– Уа, жасаған ием, мен мына жат жерден қорқып тұрмын. Жаныма пырақты серік ет, — дейді жалынып. Сонда жаратушы:

– Ей, пырақ, адамның қанаты бол, жау тисе пырағы бол! Адал қызмет ет, — деп пырақты жерде қалдырады. Жаратушы айтқан соң ат көнеді. Қанаты түсіп қалады. Қанатындағы күш-қуаты аяғына ауысады.

Пырақ жерге үйрене алмай, жұмақты аңсап жылай береді екен. Көп жылағаннан төрт көзінің екеуі суалып қалады. Аттың маңдайындағы көзге ұқсас шұңқырлар сол құрғап қалған жанардың орны деседі, — дегені санасында қайта жаңғырды.

Ақжол Адам ата емес, атты алып қала алмады.

Ақжолдың іші сағынышқа толып кетті. Ешнәрсеге жұбанбайды, ешнәрсемен жұбата алмайды. Сағыныштан сыздап кеткен болмысы бірте-бірте самарқау тарта бастағандай. Талшынның жәудір көзі де енді селт еткізбейтіндей. Сабаққа да құлқы жоқ. «Бейнелеу өнері» сабағында: «Атақты суретші И. Е. Репиннің әкесі атбегі болған. Ол алғашқы көркем шығармасында атты бейнелеген, ал француз суретшісі Жерико өзі шабандоз болған соң ба, аттың суретін өзге ешкім ол секілді сала алмаған» деп мұғалім әңгімесін бастап кеткенде, Ақжол алдындағы ақ қағазына қараған. Бұрын-соңды сурет салып көрмеген Ақжолға қағаз бетінде Самалдың сұлбасы көрінді. Басын шалқайтып, одан қайта жақындап еді тағы сол сурет қайталанды. Құлағына аттың дүбірі келді. Жаңбыр иісі сезілді. Қолындағы қарындашын біреу ұстап қағаз бетіне сурет салып жатқандай. Асқар таулар, ақ бұлақтар сағасы, барқыт далада жайылған үйір-үйір жылқы. Ана бір жазық бөктерде бәйгенің қалың шоғыры көрінеді. Бірден дара шапқан ешкім жоқ. Өз атын көздеген қалың жұрт. Міне-міне құйындай боп шыға келген сүйрік күрең! Сіңірлі, құйрық-жалы сұйық! Сауыры кең, бауыры жазық, құлағын жымып, қолтығы сөгіле шауып келеді. Атқа жан біткендей. Самал ғой, мынау!

Дәл алдында тұр. Ақжолдың жүрегіне жұмақтың нұрындай бір сәуле тарады. Мұрнына жылқының иісі келді. Ол жүрек тұсындағы қалтасынан Самалдың қылын алып, тұтатты. «Қайдасың, Самал?» деп жазды.

Самалдың суретін әр қырынан салып болғанда, Ақшиде өтіп жатқан аламан бәйгеде Самал өзбек елінің атынан жарысқа түсіп, маңдайындағы ақ теңбілі жарқырап, топ жарып тұрған.

Ділдәр Мамырбаева,

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.