Көкшағыр туралы аңыз
Қазақ даласында ертеде өткен ерен жүйрік тұлпарлар туралы аңыздар аз емес. Ығылым заманнан бергі бар тыныс-тіршілігі осынау ғажайып түлікке тығыз байланысты болғасын ба, ұлтымыздың тұтас болмыс-бітімінде, тұрмыс-салтында жылқының алар орны бөлек екені әмбеге аян.
Дүниеге жаңа келген сәбиін «құлынымдап» жақсы көрген мейірбан анадан бастап, «адам жылқы мінезді» деп өмір туралы ой толғаған абыз қарияларға дейінгі аралықта қаншама таным-түсінік жатыр.
Көшпелі халықтардың айбынын арттырып, абыройын асырған да, байлығына өлшем болып, кемшілігін жасырған да осы жылқы еді. Қазақтың ғасырлар бойы жасап келе жатқан халық аңыздарында, ауыз әдебиетіндегі ең көркем жырларда жылқының аталмай қалған жері жоқ. Байжігіттің «Көк балағы» мен «Кербалағы», Қазанғаптың «Торы жорғасы», Жалдыбайдың «Қаражорғасы», Біржанның «Бурылтайы», Балуан Шолақтың «Ақбозы» мен Ақан серінің «Құлагері» секілді ән-күйлердің өзі бір алуан. Осыған қарағанда жылқыға деген ықылас, махаббат, мейірім-шапағат қазақтың халықтық сипатына айналғандай атап айта қаларлық дүние.
Ел ішінде аңыз-әңгіме болып көп таралған тұлпарлардың бірі – Көкшағыр. ХІХ ғасырдың екінші жартысында ондаған жыл өзі қатысқан бәйгенің алдын бермеген бұл арғымақ жайлы Торғай өңірінде неше алуан баяндар айтылады.
Көкшағырдың иесі Ағанасұлы Тасан деген кісі Қабырға, Торғай өзендерінің бойындағы Алакөл, Құстөбе деген жерлерде ғұмыр кешкен. 1820 жылдары дүниеге келіп, 1892 жылдары өмірден өткен кісі.
Тасан – абақоңыр тірлік кешкенімен ешкімге есесін жібермеген, от тілді, орақ ауызды, шешен адам болған.
Тасан баптаған Көкшағыр жайлы аңызға бергісіз әңгімелер, міне, арада екі ғасыр уақыт өтсе де толастамай айтылып келеді. Осынау ерен жүйрік тұлпардың бәйгеге қосылып, аты шыққан кезі 1863-1878 жылдар аралығы болса керек. Олай дейтініміз бұл жайында дастан жазған Жүсіпұлы Қияқбай (1908-1974) ақын:
Апат қыс қоян жылы болып еді,
Көкшағыр он сегізге толып еді.
Жылында мың сегіз жүз жетпіс сегіз,
Апрельдің он үшінде өліп еді, – дейді.
Көкшағыр жайлы екінші бір көлемді дастанды жазған атбегінің тікелей ұрпағы Молдашев Байдақ (1926-1994) (Тасан – Құдабай – Молдаш – Байдақ) Тасан Көкшағырды алты жасқа шыққасын бірақ бәйгеге қосқанын баяндайды. Енді бір хикаяларда құнанынан бастап бәйгеге қосылғанын айтады.
Тасан жылқыны тани білген сыншылығына қоса, еңбеккер адам. Оның Көкшағырды алуының өзі осы талмас қажыр-қайратының, адал еңбегінің арқасы.
Ол бір жұт жылы атпа тартып, егін егіп, мол өнім алады да, ашыққан ағайынды тоқшылыққа кенелтеді. Осындай қиын-қыстау жылы көшіп жүрген бір елден арса-арса ұсқынсыз жүдеу көк тайдың шын тұлпар екенін танып, туыс-туған, ағайындары қарсы болғанымен қымбатқа сатып алады. Оны баптап бәйгеге қосады. Ақыры Тасан танып алған Көкшағыр ердің сынын, елдің сағын мұқатпаған айтулы жүйрік болып шығады.
Көкшағырдың алғашқы бәйгесі Түйемойнақ деген жерде Құдайберген деген кісі өткізген Кіші жүз Тама Құл байдың асында өткен. (Бір айта кетерлігі Торғай өңірінде Түйемойнақ, Құл батыр өткелі, Құлдың қағы деген жер атаулары мен Құлдың белгісі деген сұпы там бар. Кей кісілер Құлдың белгісі Шақшақ Жәнібек батырдың тұқымы (Жәнібек – Дәуітбай – Шомақ – Тай – Құл) Тайұлы Құлға арнап соғылған десе, енді бірі оның қатысы жоқтығын айтады. Торғай өңірінде одан басқа Баян руынан шыққан Келдібекұлы Құл деген батыр кісі өткен. Шақшақ Жәнібектің ұлы Дәуітбай, Бәйсейітұлы Үмбетей батырлармен бірге «Мың бала» жасағында болған Сартайдың тубегі болған Жақайым Қартайұлы Құл батырдың жорықтарының бір парасы да осы Торғай өңірінде болғаны аян. Сондықтан Торғайдағы Құл қағы, Құл батыр өткелі, Құлдың белгісі жоғарыда аталған төрт Құлдың қайсының атымен аталғанын нақтылап айту қиын).
Көкшағырдың осы бәйгеге қосылуына себепкер болған Тасанның досы Шалдыбайұлы Көбек би. Осы Көтібар, Көбек бас болып барған Құл байдың асынан Тасанның аты бірінші болып келіп, бәйгені иеленіп қайтқан.
Тағы бір айтар жәйт, Тасан өзінен туған бес ұлдың бірінің атын Көбек деп қойған. Көп ас пен тойдағы бәйгеге осы Шалдыбайдың ұлдары Көтібар мен Көбектің, өзінің туысқаны Сары Қошқар батырдың ұлы Аяпберген бидің ығында жүріп ат қосқан. Күштісі күншіл, байы бақталас заманда басқа амалы да болмаса керек. Себебі алғашқы қатысқан бәйгелерінің бірінде Тасанды жалғызсынып, Көкшағыр алдымен келгенімен бәйгесіне тиесілі 30 тайлақты бермей кеткен. Кейіннен Көкшағыр тағы бәйгеден келген соң, Көбек пен Аяпбергенге арқа сүйеген Тасан «Екі бәйгені бірге беріңдер, болмаса бірлік кетіп, ел арасында үлкен дау болады» деп екі бәйгені біржолы алған оқиға да болған. Ел ұранын көтеріп, ердің атын шығарған тұлпар мен оның иесіне жасалған қастандықта кездескен.
Қарттардың әңгімесіне қарағанда Көкшағырдың көп бәйгесінде келген мінер ат, киер киім секілді мүкәмал-мүлікті, айдалған малды Тасан өз қажетіне жаратпай шаруашылығы төмен ағайындарға бөліп беріп отырған.
Ерен жүйрік тұлпарға қатысты ел арасына кең тараған әңгіме оның Найман Шегірдің асындағы бәйгеге қосылғандағы хикаясы. Бұл оқиға Қияқбайдың да, Байдақтың да жазған дастанында баян етілген. Тасан бұл астың боларын кеш естиді. Оған
Бар жайды егжей-тегжей біліп тұрып,
Тасанға хабар бермей ұмыттырып.
Бәйгені шауып алып кетеді деп… — жүргендердің септігі де тимей қалмаған. Ас хабары естіген шақ Тасанның Көкшағыры күйсіз тұрған кезі болады. Тасан қысылғаннан Аяпберген би арқылы Жауғашқа хабар салады. Бұл – қияқты сұңқар, тұяқты тұлпарды тая соқпай танитын Нияз Айдаралы ұлы Жауғаш сыншы. Жауғашта бір жолы Тасан секілді ауылына соққан жолаушының мініп жүрген кербиесін құлынды бие беріп айырбастап алып, онысы кейін «Шаппайгер» атанған айтулы жүйрік болған. Қарттықтан үйде отырып қалғанымен Жауғаш көпті көрген атпаз емес пе, бапсыз тұрған Көкшағырға тарының талқанына сүрленген құйрық май қосып беріп, әл кіргізеді. Асқа аз ғана күн қалғанда естігенмен, Тасанның Көкшағыры осы жолы бәйгенің алдынан келіпті деседі.
Ел ішіндегі тағы бір әңгімеде осы астың хабарын естіп, атының күйсіздігінен мұқап жүрген Тасан түс көріп, түсінде бір қария: «Ей Тасан, атты аздыра бергенше бәйгеге қосып, атың шығар, Жәукеге бар, сәті болар» деп аян берген екен деп аңыз етеді. Ерте тұрып, далаға шықса әбден арыған Көкшағыр кигіз үйге иегін асып тұр екен дейді. Отырса да, тұрса да түсі есінен кетпеген Тасанның мазасы кетіп, ойы онға айналады. Ақыры бір тұғырды сұрап мініп арық көгін жетелеп, Жәуке батырдың ауылына келеді. Жағдайға қаныққан Жәуке арық көкті күтімге өзі алып, атқа 3 жылғы қойдың сұр құйрығын шыжғырып майын ішкізіп, аяғына жас күшіктерді жарып тартып, аттың қотырын жусан мен тобылғыны майға араластырып дәрі жасап емдейді. Көкшағыр күйсіз болса да, егде тартса да ай шамасында есін жиып, үш жүздің басы жиылған үлкен астағы 100 шақырым қашықтыққа өткен бәйгеде екінші келіпті. Тасанның атын шығарыпты.
Міне, Көкшағырға қатысты ауыз екі әңгімелерде қиял-ғажайыпқа ұқсас осындай жәйттер де кездеседі.
Көкшағырға қатысты тағы бір пара хикаялар, ол туралы жазылған дастандарға қатысты. «Көкшағыр» дастанының ең көркем нұсқасы Байдақ Молдашевтің «Батырдың ұрпақтары» атты кітабында жарияланған. Ел арасында, міне, осы дастан Жүсіпұлы Қияқбай ақынның жазғаны екен деген түрлі әңгімелер кездеседі. Рас, Көкшағыр туралы Қияқбай ақынның жазған дастаны да бар.
Көңіл бай, қолым қысқа, ақын басым,
Кедейге қай ағайын жақындасын.
Шабысын Тасан Шағыр дастан еткен,
Дауысым дауыл болып аңқылдасын, – деп жырлап кеткен Қияқбай ақынның жазған дастаны, оның көзі тірісінде жарыққа шықпады. Ақынның ұлы Есей (Есекен) ағамыз өмірден өтер алдында аманат деп қалдырған қолжазба дәптер қазір біздің қолымызда тұр. Арап қарпінен аударып, баспаға дайындап қойдық. Қолдан тігіп жасаған қолжазба дәптер дұрыс түптелмегендіктен, дастанның бас-аяғын тауып, орын-орнына қою біршама уақыт алды. Дегенмен бірнеше шумағының табылмағаны болмаса Қияқбай ақын жазған «Көкшағыр» дастанының сұлбасы толығымен шықты деуге болады (Есей ағамыз әкесінің Көкшағырды жырлаған аудиожазбасын тауып беремін деп жүргенде, өмірден өтіп кетті. Ол аудиожазба табылса, үлкен олжа болар еді).
Қияқбай Жүсіпұлы «Көкшағыр» дастанын 1971 жылы жазған. Байдақ Молдашевтың кітабы болса, 1987 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Бірақ бұл тақырыпта ең алғаш қалам тартқан Қияқбай да, Байдақ та емес, Тасан атбегінің тағы бір ұрпағы (Тасан – Құдабай – Құсайын) Құсайын Құдабайұлы (1907-1943). Өкінішке қарай Құсайынның жазған өлеңдері сақталмаған. Ал Байдақ ақынның жазған «Көкшағыры» ең алғаш Амангелді аудандық «Тың шұғыласы» газетінде 1984 жылы басылып шықты. Қолжазбасы Амангелді ауданындағы орталық кітапханада сақтаулы тұр. Қолжазбаның «Автордан» деп берілген кіріспе бөлімінде:
«Айта кету керек, Көкшағыр туралы ертеде ағам Құдабаев Құсайын ұзақ өлең жазды. Бірақ ол еш жерде жарияланбады. Құсайын ағай 1942 жылы ұлы отан соғысында, Сталинград майданында ерлікпен қаза тауып, елге оралмады. Бұдан біраз жылдар өткеннен кейін Жүсіпұлы Қияқбай деген туыста Көкшағырды өлең етіп жазды. Бұл екі өлеңде жарықа шықпады. Мен өз поэмамда бұл екі кісінің өлеңдерін пайдаланбай, қайталамай жаздым. Көкшағырдың ұзақ әңгімесін маған атамыз Құдабаймен түйдей құрдас Мұрат және Шахат деген әкелеріміз жасымда көп айтып берген еді…
Ата мұрасы артындағы ұрпағына сын. Сондықтанда жасымнан қаныма сіңіп, жан-жүрегіме әсер еткен осы тарихи әңгімелерді туған елімнің талқысына тарту етуді көптен ойласам да, әр түрлі жағдайлармен қалам тербеу созылып кетті. Мен бұл дастанымды әр жылдарда үзік-үзік жазып жүрдім. Аяқталуы осы болды», — деп жазылыпты.
Өлкеміздің тарихы мен әдебиетін жақсы білген Бөгетбай Әлмағамбетов «Тың шұғыласы» газетінің 1985 жылғы 27 сәуірдегі №51 санында шыққан «Көкшағыр поэмасы туралы» атты мақаласында:
«Көкшағыр тұлпар оқиғасы кезінде талайларды толғандырған. Байдақ өзі поэманың кіріспесінде жазғандай оны ағасы Құдабаев Құсайын, жақын туысы Жүсіпов Қияқбай да жырлаған. Біз соңғысын оқып танысқанбыз. Қияқбай поэмасында оқиға жұтаң, тек ат шабысы көп берілетін. Ал, кешегі азаматтық соғыста құрбан болған Құсайын марқұм болса кең толғап, ұзақ дастан жазатындай үлкен ақын, мол сауатты кісі емес еді. Қалай дегенменде Байдақ поэмасының олардан әлдеқайда мойыны озық жатыр», – деп жазыпты.
Шыныменде Байдақ Молдашев жазған поэма алдына қара салмай өткен ерен жүйрік арғымақ жайлы шебер жазылған тамаша туынды болып шыққан. Байдақ ақын Көкшағырдың сипатын жазар кезде Торғай өңіріне белгілі атпаз Сейдахметұлы Жанахмет қарияға келіп, ақыл сұрады деп ел арасында айтылып жүрген әңгімелерді талай естідік (Жанахмет мен туып-өскен Есір ауылында тұрды. Белгілі әнші Айтан Сейтахметовтың әкесі. Жанахмет қарияның баптаған Аққукөк секілді жүйріктері бәйгенің алдын бермеген тұлпарлар еді). Осындай білікті атбегілердің кеңесін алған Байдақтың жазған поэмасындағы Көкшағыр сипаты адамды елең еткізбей қоймайды:
Көк тайдың ірі тіпті дене тұрқы,
Тым сергек өзгелерден ерек құлқы.
Аз оттап, мол тыныстап, көп жусайды,
Ешкі бас, тазы омыртқа, бөлек сырты.
Садақ сан, салқам омырау, бұты талтақ,
Жібек жал, сымпыс құйрық, жоны жалпақ.
Бота көз, ит жіліншік, қаз омырау,
Құндыздық қарыс сүйем, тепкі шалқақ.
Құшаққа жете қаба жаясы алшақ,
Кең танау, қыран қабақ, түлкі құрсақ.
Ой желке, құлаш мойын, жұмыр тұяқ,
Бөрі төс, тазы кіндік, кең жұтқыншақ…
Мұндай сипаттама Қияқбай жазған дастанда кездесе бермейді. Байдақ жазған поэманың көркем болуы, оның талмай ізденіп, өзі жазған поэманы қайта-қайта қарап, жетілдіріп жазып шыққанының жемісі деуімізге болады. Біз «Көкшағыр» поэмасының 1984 жылы жазылып, машинкаға басылған қолжазбасымен 1987 жылы кітапта шыққан нұсқасын салыстырып, қарап шыққанда, екеуінің көркемдігінде көп айырмашылық бар екендігін көрдік. Екі ақынның жазған дастанындағы оқиға желісінің бір болуы Байдақ Қияқбайдың жазғанын пайдаланды деген түсінік тудырса керек. Бұл да ел ішінде сан қилы болып айтылып жүрген баянның бірі.
Тағы бір айтар жәйт, Байдақ Молдашевтың 1984 жылы жазған нұсқасында:
… Мақсатым Көкшағырды шығару ед,
Есімде Шахат, Мұрат айтқан сөзі… -деген жолдар кездеседі.
Көкшағыр туралы әңгімені ел арасына көбірек таратқандар да осы Мұрат пен Шахат қариялар болса керек. Мұраттың (1860-1956) әкесі Марқа Тасанмен дос-жаран болған әрі жақын туысқаны (Ақпаннан Мыңқай, Үмбетей туады. Мыңқайдан Ағанас, Ағанастан Тасан. Үмбетейден Қозыбек, Қозыбектен Марқа), ас пен тойға, түрлі жиынға барғанда бірге жүрген кісі. Шахат (1865-1952) қария болса Тасанның туған інісі Айтбайдың ұлы. Шахат та, Мұрат та Көкшағыр арғымақ пен оның иесі Тасанды көре қалған кісілер. Бір ауылда тұрып, бір ортада өскен Құсайын, Қияқбай, Байдақтар Көкшағыр жайлы хикая-әңгімелерді көп жасап барып, кейінгі уақытта қайтқан осы екі қариядан көбірек естіп білген.
Міне, Көкшағыр туралы ел арасында айтылып жүрген көп хикая, көп әңгімелердің бір парасы осындай. Тасан атбегінің көк тайды танып алуынан бастап, оның қатысқан түрлі бәйгелері, өлімі, ақырында Көкшағыр жайында жазылған өлең-жырлардың өзі аңызға арқау болған жайы бар. Тегінде қазақ деген халық барда Көкшағыр сынды тұлпарлар туралы аңыздар толассыз айтыла беруі де заңдылық сияқты.
Байдақ Молдашевтің жазған «Көкшағыр» поэмасын мына жерден оқуға болады.
Басты фото: fonwall.ru