Министрлік ипподромдарға тотализатор орнатпақ па?

1384

Мәдениет және спорт министрлігі тосын бастама көтерді. Ол ипподромдарда тотализаторлардың қайтадан қаптап ашылуына соқтыруы мүмкін. Ведомство «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірлепті. Ондағы басты ұсынысқа қатысты норманың реттеушілік әсерін талдау жобасы қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.

Әділін айта кету керек, бұл жобаны бұрынғы министрдің командасы әзірлеген. Бірақ әлдебір асығыстық байқалады: қоғамдық талқылауға тек осы аптада шығарылды, ал талқыға салу алдағы дүйсенбіде, 23 қаңтарда аяқтамақ.

Заңнамаға сәйкес, тотализаторға ат спорты жарыстарына, бәйге, аламандарға, сондай-ақ ит жарысына ставкалар қабылдауға ғана рұқсат етілген. 2000-шы жылдары тотализаторлар танымал болған. Ал 2020 жылғы шілдеде ел Парламенті елді жайлаған лудомания эпидемиясымен күресті күшейту үшін «Ойын бизнесі туралы» заңына түзетулер енгізді. Атап айтқанда, тотализаторлардың барлығын Бурабай-Щучинск және Қапшағай арнайы ойын аймақтарына көшуге міндеттеді.

Ресми мәліметке жүгінсек, сол 2020 жылдан бері тотализаторлар өз қызметінен салық аударуды іс жүзінде тоқтатыпты. Яғни, бір жағынан халықтың үлкен бөлігі бұл дерттен жазылғандай: ат бәйгесіне бәс тігу үшін ешкім Бурабай не Қапшағайға арнайы қатынамайтыны мәлім. Тағы бір бөлігі интернет пен ұялы қосымшаларда онлайн жұмыс істейтін заңсыз тотализаторларға кетті. Бірақ олардан ұтыс ақшасын шешіп алу қиын, алаяқтық көп.

Егер ұсынылған жаңа заң қабылданса, тотализаторлар еліміздің барлық өңірінде қарқынды өркендеуі ықтимал. Себебі, Қазақстанда 45 ипподром бар. Атап айтсақ, Астанада 3 ипподром («Қазанат», «Қулагер», «Тұлпар»); Ақмола облысында 1 мемлекеттік «Құлагер» ипподромы; Ақтөбе облысында 1 қалалық ипподром; Алматы қаласында жеке қолындағы үлкен ипподром; Жамбыл облысында «Әулие ата» кәсіби клубының ипподромы; Қызылорда облысында 2 мемлекеттік және 1 жеке шаруа қожалығының ипподромы; Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы ипподром; Павлодар облысында 2 ипподром; СҚОда 2 ипподром; Түркістан облысында 2 мемлекеттік ипподром; Шымкент қаласында мемлекеттік ипподром жұмыс істейді.

(Argymaq.kz-тң ескертуі: Аталған 45 атшабардың бәрі бірдей тотализатор орнатып, бәйге өткізуге жарамды емес)

Атшабарлар саны жөнінен Шығыс Қазақстан облысы алдына қара салмайды: 14-і шоғырланған. Одан кейін Алматы (7) және Қостанай облыстарында (6) ипподром көп.

Жылқы өсіру дәстүрі қазақ халқының мәдениетінің ажырамас бөлігі болды. Алайда бүгінде біздің елде мәдени мақсатта жылқы өсіру шаруашылығы даму орнын керісінше деградацияға ұшырады. Жылқы шаруашылығын дамыту үшін қазіргі заманғы ипподромдар қажет, олар да құлдырау жағдайында. Көптеген елдерде ипподромдар мен тотализаторлар бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын симбиотикалық бизнес түрлері болып табылады. Бұл ретте тек Қапшағай су қоймасының жағалауында және Бурабай ауданында тотализаторлар мен олардың кассаларын орналастыру бойынша заңнамалық шектеулер осы компаниялардың жабылуына соқтырды. Ал ипподромдар олардың соңынан ойын аймақтарына көше алмайды, бұл классикалық ат жарыстарын өткізудің климаттық ерекшеліктеріне байланысты мүмкін емес, – деп түсіндірді Мәдениет және спорт министрлігі.

Оның ұстанымынша, ипподромдардың ақша табу және инвесторларды тарту мүмкіндіктерінің болмауы оларды табысы төмен объектіге айналдырды және меншік иелерін басқа қызмет түріне жалға беруге немесе сатуға мәжбүр етеді.

Ведомство ипподромдарды «ауыл тұрғындарына қаладан кем түспейтін табыс табуға мүмкіндік беретін жоғары кірісті бизнеске» айналдыруға болады деп есептейді. Мысалы, Ifha халықаралық ат жарысы федерациясының мәліметінше, әлемдік ат жарысы нарығының жалпы табысы жылына 100 миллиард еуродан асады.

Қазақстанда атшабарлардың көбі, 40-қа жуығы жергілікті әкімдіктерге тиесілі. Бірақ мемлекеттігі де, жеке инвесторларға тиесілілері де дотациялық болып табылады екен.

Егер Мәдениет министрлігі осы заң жобасын жаңа Парламенттен өткізе алса, онда заңнамадағы келесі 2 талап жойылады: біріншісі: «тотализатор Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға тиіс» деген талап болса, екіншісі – «тотализаторлардың кассалары метал есікпен, брондалған шынымен және жеке күзет ұйымының немесе аумақтық ішкі істер органы кезекші бөлімінің орталықтандырылған пультіне қосылған дабыл сигнализациясымен жарақтандырылуға тиіс» деген талап та алып тасталмақ.

Тотализаторларды ойын аймақтарынан шығару және ипподромдарға қайтару олардың жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік береді және ипподромдардың жай-күйіне оң әсер етеді. Ипподромда тотализатордың болуы жылқы шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді, өйткені тотализатор үшін ат жарысының саны және жылқылардың сапасы маңызды. Ол үшін ат жарысының жүлде қорына инвестиция салу, жылқы шаруашылығын тікелей қолдау көзделіп отыр. Жалпы ойын табысының 5%-ын отандық спортты дамытуға аударуға және осы қызмет түрінің әлеуметтік бағдарлану деңгейін арттыруға, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына таза табыстың кемінде 5%-ын жіберуге жол ашылады. Ал ипподромдардың жоғалуы отандық жылқы шаруашылығының барлық саласының толық жойылуына әкеледі, – деп үрейлендіріп қойды Мәдениет және спорт министрлігі.

Заң қабылданса, оның игілігін алдымен кім көре алатыны анықталды. Бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 8 тотализатор бар, бұлар: «Евромирбет» ЖШС, «NetBet» ЖШС, «TENGRY HORSE RACING» ЖШС, «Trust Master» ЖШС, «BORDO GROUP» ЖШС, «Мега-Бинго» ЖШС, «Адонис Про» ЖШС және «MAREKSclub» ЖШС.

Жалпы, тотализатор өте табысты бизнес. Саланың жеке заңды ілгерілетіп, көксеп отырғаны да сол мол кіріс. Қазақстанда халықтың бәйгеге деген қызығушылығы дәстүрлі түрде жоғары. Мысалы, заң қатайтылғанға дейін, 2018 жылы 160 ат қатысқан 93 жарыс өткізіліп, ұтыс сомасы 100 млн теңгені құрады.

Министрліктің есептеуінше, ұсынылып отырған заң күшіне еніп, тотализаторлар атшабарларға оралса, бірінші жылы айына 30 жарыс, жылына 180 жарыс өткізуге болады екен (климаттық жағдайға байланысты бәйгелер жылына 6 ай ғана ұйымдастырылады). Егер орташа төлем 2500 теңгені құраса және небары 1000 ойыншы ғана бәс тіксе, соның өзінде Қазақстандағы тотализатордың жылдық айналымы 450 миллион теңгеге жетуі мүмкін. Бірақ шынында ойынқұмарлыққа еліккен адамдар өз табысын салып қана қоймай, банктерден миллиондаған теңге кредит алады. Онда тотализаторлар табысы миллиардтарға жетуі ықтимал.

Жалпы, шенеуніктердің тотализаторлардың шашбауын көтергені қауіп туғызады. Елдегі лудомания дертінің қалай ушыққанын бір ғана деректен байқауға болады: еліміздегі супертанымал бір букмекерлік кеңсе 2022 жылы мемлекетке 47,78 миллиард теңге (!) салық төлеген. Осыдан-ақ қазақстандықтардың оларға қанша ақшасын төккенін байқауға болады. Енді осыған тотализаторлар қосылса, құмаройындарға басы байланғандар саны ары қарай артуы ықтимал.

Жанат Ардақ, inbusiness.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.