Ұлттық спорт федерацияларының президенттері тағайындалды
Ұлттық спорт қауымдастығының Алқа отырысы өтті. Жиын барысында ұлттық спорт түрлерін дамытудың өзекті мәселелері қаралды.
Ұлттық спорт қауымдастығы 9 федерацияны біріктіреді, оның төртеуі өткен жылдың соңында Қауымдастық құрамына кірді.
«Бәйге» федерациясының Президенті болып – «Kusto Group PTE Ltd» Директорлар кеңесінің мүшесі, YPO Kazakhstan мүшесі Қанат Көпбаев сайланды.
«Көкпар» федерациясының Президенті болып – Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, «BI Group» Директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев сайланды.
«Жамбы ату» федерациясының Президенті болып – «Alageum Electric» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы және YPO Kazakhstan мүшесі Еркебұлан Ілиясов сайланды.
«Аударыспақ» федерациясының Президенті болып – «Atasu Group» компаниялар тобының негізін қалаушы әрі Президенті, сонымен қатар YPO Kazakhstan мүшесі Марат Жұман сайланды.
«Теңге Ілу» федерациясының Президенті болып – «AlemAgroHolding» ЖШС негізін қалаушы Әбдіқадыров Амангелді сайланды.
«Садақ ату» федерациясының Президенті болып – «Eurasia Cooper» Директорлар кеңесінің төрағасы, YPO Kazakhstan мүшесі Мұхатаев Айдос сайланды.
Олардың көпшілігі – жас, елге танымал кәсіпкерлер.
Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге дайындық болды. Бүкіл түркі әлемінің назары осы оқиғаға аударылады. Сондықтан Ойындарды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу – біздің міндетіміз. Еліміздің бірнеше облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар ауқымды іс-шараны қабылдауға дайын екендіктерін білдірді. Спорттық инфрақұрылымның дайындығынан басқа, логистика, спортшылардың орналастырылуы және қызмет көрсету мәселелері шешілуі өте маңызды – дейді қауымдастық президенті Исламбек Салжанов.
Қауымдастықтың ұлттық спорт түрлерін жүйелі дамыту бойынша нақты көзқарасы бар екенін атап өткім келеді. Қауымдастық мемлекет пен қоғамның ынтымақтастығы негізінде ұлттық спорт түрлерінің тұрақты дамуының экожүйесін қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар жасады.
Ұлттық спорт тек ұлттық рухты қалыптастырып қана қоймай, мемлекеттің беделін де көрсетеді. Бұл – біздің ата-бабаларымыздың мұрасы, біз оны көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа табыстауға міндеттіміз.