Сәдібек ТҮГЕЛ. Шабандозсыз мәреге жеткен Көкжүйрік

8606

Бәйге десе, оның ішінде аламан десе делебесі қозбайтын қазақ баласы жоқ шығар. Ол туралы ақиық ақын Ілияс Жансүгіров:
«Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жәутең қаққан.
Мінсең – ат, ішсең – қымыз, жесең – қазы,
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.
Халықпыз артық көрген атты тақтан.
Қызық-ау біздің бәйге қырда шапқан,
Шыдар ма қазақ қаны ұшып кетпей
Аттарға шаң шығарып келе жатқан?!», – деген.

Үстіміздегі жылғы 4 қазанда ерекше аламан бәйгенің куәсі болып, жүрегіміз лүпілге, көңіліміз қуанышқа толды. Жиналған барша жұрттың делебесін қоздырып, патша көңілін тасытқан Жылой ауданына қарасты «Қалжан» шаруа қожалығының «Нурия» атты 4 жасар жүйрігі еді. Аттың иесі – Қайрат Қабдешов, шабандозы – 10 жасар Азамат Самазбаев. Азамат аламанға 28-ші нөмірді тағып шықты. Жанкүйерлер тұлпарға бірден түсіне қарай Көкжүйрік деп ат қойып, айдар тақты. Жаратушы иеміздің қолдауымен, тағдырдың жазуымен елімізде өтетін үлкенді-кішілі ат бәйгелерінің басы-қасында жүрсем де, қалың жанкүйерлермен бірге көкжүйріктің әдемі шабысына таң-тамаша қалып, қайран болдым. Болған қызықты оқиғаны сәл шегініс жасап, ел газеті «Егемен Қазақстанның» мыңдаған оқырмандарына бірінші болып жеткізуге ниет еттім.
Сонымен, дәл сол күні ат десе, бәйге десе ішкен асын жерге қоятын есімі елімізге кеңінен танымал атыраулық кәсіпкер Төкен Жұмағұлов бастаған азаматтар адайдан тарайтын Сұлтанәлі, Бегімбет бабаларына арнап ас беріп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстарды жоғары деңгейде өткізіп, қалың қауымның алғысына бөленді. Мәдени іс-шара Атырау облысы, Жылой ауданындағы Тана батыр ауылында ұйымдастырылды. Оған кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен құрметті қонақтар арнайы келіп белсене қатысты. Олардың арасында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Озғанбаев, Мәркен Шайжүнісов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов, жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Рахымжан Отарбаев, танымал кинорежиссер Сергей Әзімов, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменова, Жылой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов, түркістандық кәсіпкер Әбдіғаппар Шаймерденов бастаған азаматтар болды. Бір сөзбен түйіндегенде жер қайысқан ел болды десем, артық айтпаған болар едім. Олар бойларындағы жанын берсе де, ұлтарақтай жерлерін жауға бермеген батыр бабаларының рухына арналған құран қатымға қатысты, дұға оқып, тілек тіледі. Осы мәдени-іс шарада республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев ағамыз мазмұнды баяндама жасады.
Содан кейін қалың қауым бәйге болатын жерге қарай ағылды. Бұл күнде ат жарысты өткізетін алаңды табу да оңай шаруа емес. Бәйге жолының топырағы жұмсақ болып, аттың тұяғына зақым келтіретін тастар, ұңғыл-шұңқырлар болмауы шарт. Атап айтарымыз, жарыстың басты ұйымдастырушылары Төкен Танаұлы, Өнербек Жанбала, Ерқұл Дәулетбаевтар қысқа мерзімде Қазақстан Республикасы ұлттық Ат спорты федерациясы бекіткен талаптарға толық сәйкес келетін әдемі ипподром салуға қол жеткізген. Ат шабатын айналымның ұзындығы 3 шақырымды құрайды, ені – 20 метр, бұрылыстары кең, жүгіру жолының топырағы майда екен. Жанкүйерлерге де ыңғайлы, бүкіл жарыс алаңы алақандай анық көрініп тұр. Бәйге төбеден старттан сөреге дейін әрбір аттың шабысын көріп отырасың. Бұл ипподромның жан-жақтан аттарын баптап әкелген білікті атбегілердің көңілінен шығып, оларға ұнап тұрғанын пікірлерінен байқап, тәубе дедім.
Сонымен тура күндізгі сағат 2-де қалың ел көптен асыға күткен дүбірлі бәйге де басталып кетті. Жарыс басталарда аспан шайдай ашылып, таңертеңнен бері бір мезет тынбай соққан жел шұғыл тоқтады. Алла тағала аттарға да адамдарға да жақсы ауа райын сыйлады. Бағдарламаға сәйкес бес бәйге өтті. Олар: 3 шақырымдық тай жарысы, 7 шақырымға құнан, 21 шақырымға тоқ бәйге және 30 шақырымдық аламан бәйге. Алдымен ұшқыр аттар жүгіру жолына шықты. Оған таза қанды 12 сәйгүлік қатысты. Мәреге бірінші болып маңғыстаулық атбегі Әбдіғали Таңатаровтың аты келді. Екінші орынды белгілі атбегі Өнербек Жанбаланың, үшінші орынды Бекбос Байжарқановтың жүйрігі иеленді.
Ұшқыр аттар деп қысқа қашықтыққа шабатын ипподромдық аттарды айтамыз. Ол жүйріктер негізінен шет елдерден әкелінеді. Олар осындай жылдам өтетін жарыстарға ғана дағдыланып, дайындалғандар, біздің қазанаттардай бола алмайды, алысты көтере аламайды. Сондықтан да ол аттар 800, 1000, 1200, 1800, 2200, 3000 метрлік жарыстарға қатысады. Ұшқыр дегеннің сыры осында. Мұндай жарыстар Еуропа, Америкада кең дамыған. Бізге жаңа ғана таралып келеді. Қазақ атбегілері оны ұната қоймайды, менталитет қабылдамайды. Кейбір отандық бай-бағыландар таза қандыларды сәнге ұстайды. Басқа біреулері, лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге сыйлайды, тендер алады, бизнестеріне жағдай жасайды. Біз одан ада болуымыз қажет деп ойлаймын.
Жылқымен біте қайнасқан қазағымнан сөз қалған ба?! «Тайың өсіп – тұлпар болсын, құнаның өсіп дүлдүл болсын, ұлың өсіп батыр болсын!» деп жатады. Аталарымыз тай, құнан жарыстарына зор көңіл бөлген ғой. Тай, құнансыз бәйгелер өтпеген. Жалпы қазақ бәйгесінде тай, құнан жарыстардың алатын орны ерекше. Ол бәйге дайындаудың тәсілі болып саналады. Себебі, атбегі аталарымыз нағыз жүйріктерді солардың арасынан іріктеп, сұрыптап отырған. Тай жарысына қатысты бізде біраз дау-дамай, түсінбеушіліктер болғаны рас. Тіпті тай жарысына ашық қарсы шыққандар табылды. Соның салдарынан 2000-2005 жылдарды кейбір аймақтарда жарыстар мүлдем өткізілмеді. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиырынан басталды» дегендей, мұның себебі шетелдерден мыңдаған долларға сатып әкелінген жылқыларда болып шықты. Олардан алынған құлындардың сүйектері ірі, кесек, бойшаң болғанымен әлсіз болады екен. Оларды тай кезінде жарысқа қоссаң сынып қалады, жүрісті көтере алмайды. Ал, қазанаттың тайлары төзімді, шымыр, шыдамды келеді. Олар жарысты іздеп тұрады. Бұл – біздің еуропалық аттардан артықшылығымыз және ерекшелігіміз. Құдай бізді де, қазанаттарымызды да төзімді етіп жаратқан. Елдің талап-тілегімен, біздің пәрменімізбен «Тай жарыс» спорт түрі болып бекіді, ережесі жасалды, арнайы «Тай жарыс» федерациясы құрылды.
3 шақырымдық жарыс жолына 9 тай шықты. Бірдей қызыл жейде киіп, өз нөмірлерімен тайларын ойнатып шыққан шабандоз балаларды жанкүйерлер ду қол соғып, қошаметпен қарсы алды. Тай жарыс – тайларды да, балаларды да шыңдайтын, тәрбиелейтін таптырмас мектеп. Соны түсінуіміз қажет. Бұл бәсекеде мәреге бірінші болып нөмірі 45-ші маңғыстаулық Нұржан Жандаев келді, екінші және үшінші болып Боранқұлдан келген Желдібай Ыбыраевтың тайлары келді.
Келесі кезекте бағдарламаға сәйкес 7 шақырымдық құнан жарыс өткізілді. Оған 32 құнан қатысты. Құнан жарыс тартысты әрі қызықты болып өтті. Бірінші орынды ақтаулық азамат Алмаз Абдулданов жеңіп алды. Екінші орынды ақтаулық Ермек Төребенов, үшінші орынды Кеңқияқтан келген шабандоз Санжар Әнетов иеленді.
21 шақырымдық тоқ бәйгеге 21 сәйгүлік қатысып, бақ сынады. Бұл бәйге туралы қысқаша түсініктеме. Біз «топ» пен «тоқты» шатастырып жүрміз. Сол күнгі бағдарламада «топ» деп аталыпты. Бұл дұрыс емес. Дұрысы «тоқ» бәйге деп аталады. Оны аталарымыз қалдырған. Ол бәйге аттарын дұрыс таңдау, сұрыптау, жарысқа іріктеу заңдылықтарынан туындаған. Мысалы: біздің білікті атбегі аталарымыз аламанға тек жаратқан жүйріктерді қатыстырған. Бәйге аттарын жаратудың мерзімі үш айдан кем болмауға тиісті. Сол мерзім сақталғанда ғана бәйге аты толық жаратылады, бабына келеді. Сондықтан аталарымыз «ат шаба ма, бап шаба ма, бақ шаба ма» деген. Бабы келмеген бәйге аты дұрыс шаппайды. Міне, осыны жете білген ежелгі атбегілер аламанның алдында міндетті түрде тоқ бәйгені өткізіп, тұлпарларын сынаған. Қазіргі тілмен айтсақ «генеральная репетиция» жасап отырған. Тоқ бәйгеге құнан да, дөнен де, болашақ бір тоғы бар аламаншы аттар да қатысып сыннан өткен. Қырағы көзді білікті бапкер аталарымыз тоқ бәйгеден аламаншы болатын жүйрік бәйге аттарының артық-кемін жазбай танып, байқап, тиісті қорытынды жасап отырған. Соның нәтижесінде аламан бәйгенің сапасы жоғары, аттардың шабыстары керемет болған. Әкем Түгел марқұм айтып отырушы еді: «Тоқ бәйгеге шыдаған тұлпар аламанда да қалмайды», – деп.
Сонымен 21 шақырымдық тоқ бәйгеде белгілі атбегі Төкен Танаұлының 7-ші нөмірлі «Қасқалдақ» атты жүйрігі бәрінен озып, мәреге жеке дара келіп жетті. Оны жарысқа баптағандар белгілі ат спортының мамандары Арман Төлеуов пен Арман Дабаров. Шабандозы – Мұқтархан Серғазиев. Оларға тоқ бәйгенің бас жүлдесі шетелдік жеңіл автомашинаның кілті табыс етілді. Екінші болып Орал қаласының шабандозы Нұрлыбек Жантуриннің, үшінші болып Ақтау қаласының шабандозы Азамат Өтемұраттың аты келді.
Сонымен кезек аламанға келді. Аламан десе делебесі қозып, қаны қызбайтын қазақ жоқ. Өйткені, аламан жарыс қазақтың болмысынан туындаған құбылыс. Бізді жылқы мінезді дейді. Өте дұрыс айтылған қағида. Осынау Алтайдан-Атырауға, Ұлытаудан-Алатауға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ ұлы даланы, ұшы қиырсыз кеңістікті игеру үшін, сақтау үшін, оны болашақ ұрпаққа аманат ретінде қалдыру үшін біздің бабаларымызға белі мықты, жүріске шыдамды, алысқа шабатын аттар қажет болғаны анық. Олардың бәрі біздің қазақтың қазанаттарының бойынан табылады. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек», деп бекер айтылмаған.
1895 жылы ресейлік ғалым В.Фирсов «Түркістан және түркістандық жылқы тұқымдары» атты еңбегінде қазақы жылқы қазанат жайында былай деді: «…Қазанат қазақы биелерді жүрдек те таза қанды айғырлармен будандастырудан шығады. Айғырдың тұқымына бұл жерде онша көп мән берілмеген. Қазақтар қазанатты барлығынан жоғары қояды. Қазанаттың жақсы қасиеттерін бағалайтыны соншалық айғырын сұрамайды да. Себебі, қазақ биесінің тұқымында тұрақтылық бар. Олар басқалармен қосылғанда, тек солардың жақсы қасиеттерін алады. Өзінікін де жоғалтпайды. Сондықтан да жергілікті халық қазанаттарға жоғары сеніммен қарайды».
Сол күнгі аламан жарысқа 31 бәйге аты қатысып, бақ сынасты. Небір шашасына шаң жұқтырмайтын сәйгүліктер жарыс жолына шықты. Олардың ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Ақтау, Атырау өңірлерінен жүйріктер болды. Аламан жарысы жылдам шапшаңдықпен басталды. 30 шақырым 10 айналымнан тұрады. Әрине он айналымды жылдамдықпен шауып өту оңай дүние емес. Оған аттың дайындығы, шабандоздың шеберлігі аса қажет. Қарап тұрмыз, аламаншылар екі шақырымдай шапқан тұста, бағанағы старт берілген жерден екі күрең мен бір көк ат шыға келді де, бәйге жолына түсті. Шабандоздардың үстерінде нөмірлері бар. Олардың мандат комиссиясынан тіркеуден өткені көрініп тұр. Көк аттың нөмірі – 28. Төрешілер алқасы бізге: «Бұлар «Қалжан» шаруа қожалығының аттары. Тапсырыстары бар, тіркеуден, тексеруден өткен», деп түсіндіріп айтып жатыр. Олардың жарыс жолына шыққанына бір минутке таяғанда комментатор-төрешінің: «Көк аттағы бала құлап қалды, «жедел жәрдем» машинасын сонда жіберіңдер», деген сөзін естідік. Көзімізді солай бұрсақ, көк ат шынында екі күреңнің ортасында үстіндегі шабандозсыз құйындатып барады. Сол мезетте алдыңғы топ бірінші айналымды бітіріп, екінші айналымға өткен еді. Алда 31-ші нөмірлі жирен мен 17-ші нөмірлі құла қасқа кетіп барады. Тура үш минуттан соң халықтың алдынан стартқа кешігіп шыққан 3 ат бірдей өтті. Елдің көзіне бірден түскен көк ат шабандозсыз өзі шалқып шауып барады. Шабысы ширақ, екі күреңнің ортасында басын биік ұстап ойнақтайды. Нағыз бір батырлардың ақбоз атындай көрінді маған. Тек мен ғана емес, сол бәйгені тамашалаған барлық жұрттың ыстық ықыласына бөленді бұл жануар. Сөйтіп көкжүйрік шабысынан бір тынбай, жарыс жолынан шығып кетпей, бір қалыпта 9 айналымды – 27 шақырымды шабандозсыз бір өзі әдемі шауып шықты. Атсүйер қауым оған түрегеп тұрып қол соқты. Көк тұлпар адамдардың шексіз құметіне бөленді. «Нурия» мұндай қошеметке қалай ие болды? Талдап көрелік.
Біріншіден, жоғарыда айтылғандай көкжүйрік жарыс жолынан шығып кетпей, аяғына дейін шауып отырды. Екіншіден, нағыз тұлпарларға ғана тән мінез, қайсарлық танытты. Қос күреңдегі балалар бұл атты жолдан қуып шығарамыз деп, қамшы үйіріп әуреленгендерімен алған бетінен қайтпады. Қайта шабысын арттырып, оларды шаң қаптырып, алға шықты. Үшіншіден, иелерінің кешігіп жарысқа шығарғандарына, жайбарақаттықтарына ашуланып, мінез танытып үстіндегі баланы түсіріп кетті. Төртіншіден, жарыс аяқталғанда сәйгүлікке тән жүріспен бүкіл көрермендердің алдынан, басын көтеріп кербезденіп келісті көрініспен өтті.
Көкжүйрік сол күні Маңғыстау, Атырау атсүйер қауымының ауызынан түспей, небір әңгімелердің, басқосулардың басты тақырыбына айналды. Талай бәйгені көрген абыз ақсақалымыз Мырзатай Жолдасбеков те: «Бұл не деген құдырет?! Көк тұлпар есімнен кетпей отыр. Әй, бір шабысына да, жүрісіне де разы болып рахаттанып отырмын. Тойдың көркі осылар ғой» деп, ризашылығын білдірді.
Қазіргі кезде адай жылқылары өрлеп тұр. Олар жуықта Францияда өткен бүкілдүниежүзілік ат жарысына қатысты. ТМД-дағы марафонда оларға шақ келетін аттар болған жоқ. 2011 жылдан бері алыс қашықтықтарға арналған 80, 120 шақырымдық ат марафондарында алдарына қара салмай, жеңімпаз атанып келеді. Алғашқы жарыстардың жеңімпазы жаңаөзендік «Аққанат» атты адай тұқымды тұлпар аңызға айналды. Бүгінде «Адай жылқылары» тұқымы ұлттық брендімізге айнала бастады. Адай жылқыларына деген қызғушылық әлем атбегілерінің арасынан көптеп табылуда. Сол адай жылқыларында заманында атақты көкмойнақтың үйірі мен көк айғырдың тұқымы атты шашасына шаң жұқтырмайтын, аламан бәйгелердің басын бермеген жүйріктер болған. Мен үшін, біз таңдай қағып, керемет шабысына куә болған көкжүйріктің атақты адай тұқымына қатысы бары анық.
Сонымен бұл аламан жарыста да Төкен Танаұлының жолы болып, мерейі үстем болды. Мәре сызығынан «Аламан» атты ағылшын-буденный тұқымды төрт жасар қарабайтал бірінші болып өтті. Аламан бәйгенің бас жүлдесі «Джип» автокөлігінің кілті ат бапкерлері Игілік және Сәкен Қарамановтарға, шабандоз Денис Баттқа табыс етілді.
Екінші орынды 31 нөмірдегі жылыойлық – Мұрат Машанов, үшінші орынды 33 нөмірдегі маңғыстаулық Сәрсенғали Мұрсалов иеленді. Ұйымдастыру алқасының шешімімен сол күнгі жарыстың басты қаһарманы болған көкжүйрікке арнаулы сыйлық берілді. Оны елдің алдында бүкіл халықтың атынан Төкен аға тапсырды.
Ат бәйгесімен қатар ақындар мүшәйрасы және «Түйе балуан» жарыстары да ұйымдастырылды. Сұлтанәлі, Бегімбет аталар құрметіне өткізілген ақындар мүшәйрасына барлығы 12 ақын қатысты. Бас жүлдені маңғыстаулық Айтуар Өтегенов, бірінші орынды жылойлық Ербол Қошақанов иеленсе, екінші орын Әбдіхалық Сисенбергенов пен Салтанат Жақыповаға берілді.
Күресте ауыр салмақта бірінші орынды Кенжебек Күзенбаев, екінші орынды Сержан Оңқалов, үшінші орынды Біржан Молдашев жеңіп алды. Жеңіл салмақта кілем үстінде күрескен Нұрболат Ыстыбаев бірінші, Береке Қоңқабаев екінші, Саясат Үсенұлы үшінші орынды алды. Мәдени іс-шара жоғары деңгейде өткізілді. Сұлтанәлі мен Бегімбет аталар құрметіне арналып өткен астан үлкен әсер алып үйге оралдық.

34T9fogXСәдібек ТҮГЕЛ,
«Егемен Қазақстан»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.