Несіпбек Айтұлы. Көкжайдақ

1830

Ескерткіш қойдым жырдан Сазанбайға!
Автор

(Поэма)

І

Шақырып мұңдасуға, сырласуға,
Биіктің бір ескерткіш тұр басында.
Батырдың тұлпар мініп, найза ұстаған,
Айбат бар тұрпаты мен тұлғасында.

Жүгірген бұйраттардың қолтығымен,
Шоқының жол өтеді дәл түбінен.
«Кереге жайған» деген жартас осы,
Тебіскен ғасырлардың толқынымен.

Қырандай тауды өзіне тұғыр еткен,
Хас батыр тілдеседі құдіретпен.
Тоқтайды тізгін тартып осы араға,
Жолаушы арлы-берлі жүріп өткен.

Тарихқа көз жіберіп толғанар мың,
Бұл жерді алғаш рет көрген әркім.
Батырға Сазанбайдай сәлем беріп,
Ілесіп Сәулебекке* мен де бардым.

ІІ

Тағдырдың тас шеңгелі қандай қатты,
Торғайдай шырылдатқан сан бейбақты.
Тарихын Сазанбайдың білгің келсе,
Айтайын алдыменен Көкжайдақты.

Сазанбай өзі батыр, өзі тілді,
Сөйлесе топқа түсіп сөзі ұтымды.
Үйірін шырқ үйіріп арқыраған,
Көргенде көк айғырды көзі тұнды.

Қаз мойын, алды шалқақ, арты талтақ,
Тақтайдай сауыр жағы келген жалпақ.
Қақпан бел, жазық бауыр, кең қолтықты,
Алдыңғы екі аяқтың арасы алшақ.

Шаншылған қос құлағы – жыланқияқ,
Төрт кесе төңкерілген – болат тұяқ.
Тәует бас, ит жіліншік, шақпақ етті,
Алымды алшаң басқан ұзын аяқ.

Үш елі тұрасы мен жерсоғары,
Шашасы тік бақайдан сәл жоғары.
Созылып төрт аяқты серпе тастап,
Ұқсайды ор қоянға орғығаны.

Шоқтықты, қабырғалы, тұрқы биік,
Шүйделі, сымпыс құйрық, жалы сұйық.
Бір тұлпар дәл осындай қолға түссе,
Не керек үйір-үйір жылқы жиып?!

Көрмеген көз ашқалы мұндай жылқы,
Алуға айла тауып кетті құлқы.
Үстіне көк тұлпардың бір шықпаса,
Бекер ғой бұл жалғанның дүние-мүлкі.

Түгендеп төңіректі болғамыз жоқ,
Ат мінген аталардан қалған із көп.
Айғырдың даңқын естіп асыл текті,
Сазанбай Сарыарқадан келген іздеп.

Тұрқымен қызықтырған талай жанды,
Қадалып көк тұлпарға көп ойланды.
Шіркінді қалай қолға түсірсем деп,
Сыртынан үйірінің он айналды.

Жылқыны күндіз жайып су жағалап,
Қораға қояды екен түнде қамап.
Атақты Бегдербектің тұлпарына,
Болмаса жүрек жұтқан кім жоламақ?

Хиуаның әмірі еді қаны қатқан,
Бегдербек деген біреу Тәңір атқан.
Келейін Сазанбайға енді аяңдап,
Жанына жүйрік аттың зары батқан.

Өмірін ел жолына сарп қылған,
Сазанбай ата жауын сан ықтырған.
Жорықта анау-мынау ат көтермес,
Ер еді анасынан алып туған.

Ежелден домалаған өрге тасы,
Арғында Қаракесек арғы атасы.
Қояншытағай одан бөлінеді,
Көрінген көз ұшынан жон-жотасы.

Ғасырдан ғасырларға асып үні,
Тарихтың айқындалды жасырғаны.
Өрбіген өсіп-өніп содан бері,
Сазанбай іргелі ата осы күні.

Шомылған Сарыарқаның сағымына,
Туыпты Бұғылы мен Тағылыда.
Қарадан шыққан еді демесеңіз,
Басы тең батыр екен хан ұлына!

Жасынан атқа мініп ел қорғаған,
Даланың түкпірі жоқ ол бармаған.
Әйгілі «Шаңды жорық» шайқасында,
Кісі жоқ ерлігіне таң қалмаған.

Жығылып төрт аяғы көктен келген,
Сазанбай көресіні аттан көрген.
Атынан дәу қалмақты жұлып апты,
Атылып өзі құлап жатқан жерден.

Батырдың ішіндегі арман үдеп,
Түсіпті жүрегіне салмағы көп.
Арнайы Абылайға барған дейді,
Сәйгүлік жауға мінер қалмады деп.

Хас тұлпар даңқы кеткен жер мен көкке,
Бар дейді Хиуадағы Бегдербекте.
Келейін саудаласып, сатып алып,
Көнсе егер бір айғырын ол бермекке.

Бұл сөзін хан Абылай мақұл көрді,
Тәуекел, барып кел деп ақыл берді.
Қасына жолдас алып жолға шықты,
Барар жер айқын еді батырға енді.

Хиуаға Тәшкен асып келген беті,
Қазақтың жаудан қайтпас көкжендеті.
Келе сап Бегдербекке хабар салды,
Алардай қоян тауып жерден жеті.

Іргесін кең далаға елі жайған,
Қазақтың бүгіледі белі қайдан!?
Алыстан асыл тұқым айғыр сұрап,
Жеткізді келгендігін Абылайдан.

Аңдасын айтқан сөздің артын дейді,
Керегін көкжал қасқыр тартып жейді.
Беремін сұрағанын айғыр үшін,
Болса да ат басындай алтын мейлі.

Бегдербек жауап берген кезегінде,
Ашудың өрті қаулап өзегінде.
Қаңғыған қазақ аулақ кетсін депті,
Сатпаймын тұлпарымның тезегін де.

Сан көрген атысқанды, шабысқанды,
Сазанбай мұны естіген намыстанды.
Сұрпаты елестетті сол сәттегі,
Долданған аң патшасы арыстанды.

Тылсымға тәуекел деп тағдыр атты,
Тістеніп, бір байламға келді қатты.
Сыйынды ата-баба аруағына,
Қайтсем де әкетем деп арғымақты.

Аңдамай зуылдаған талай күнді,
Аңдумен ай өткізді көк айғырды.
Телмірді күзетшіден көзін алмай,
Қақпадан қалай шықты, қалай кірді.

Күндері бос кетпеді қылған үміт,
Қораға келді ақыры түн жамылып.
Қалғыған күзетшіні ұрып жықты,
Қарамай иттеріне тұрған үріп.

Қара күш өз міндетін атқарады,
Құлыпты жұлып алды қақпадағы.
Кісенін көк тұлпардың қылмен ашты,
Сылдыры селт еткізді ат қораны.

Нанғысыз адам айтса ерлік қылып,
Атқыды арғымаққа қарғып мініп.
Жоғалды зым-зия боп қас-қағымда,
Хиуаның көшесіне шаң бұқтырып.

Тұлпарды бір көруге шөлдеп келген,
Мол кетті ер Сазанбай сол кеткеннен.
Көк тұлпар кең далаға ілінген соң,
Секілді аққан жұлдыз заулап берген.

Қазақтай қарғыс айтып қаскүнемге,
Бегдербек ойбай салды естігенде.
Үстінде хас жүйріктің көңілденіп,
Сазанбай омырауын тосты желге.

Ел үшін басын тіккен тәуекелге,
Жігіттен жүрек жұтқан ер өтер ме?
Жеткенше Самарханнан Сарыарқаға,
Малшынған көк тұлпар да қара терге.

Қуса да сан қарақшы көлденеңнен,
Көк тұлпар жеткізбеген терлегенмен.
Сақтанып, күндіз жатып, түнде жортып,
Сазанбай аман-есен елге келген.

Шапқанда жел соқтырған серпінінен,
Жүйріктің айналмай ма ел түрінен?!
Атапты көк айғырды Көкжайдақ деп,
Келген соң жайдақ мініп жер түбінен.

Сазанбай әкелгелі Көкжайдақты,
Ішкені судай сіңіп, балдай батты.
Жылқының жолбарысы секілденген,
Көргендер Көкжайдақты таңдай қақты.

Байласа жерді тарпып арқырайды,
Жанары жаққан шамдай жарқырайды.
Жүргенде жылқы ішінде түйедей боп,
Хайуан деп қайдан келген ел сұрайды.

Ерекше желгені де ырғығаны,
Шыбындап, басын изеп шұлғығаны.
Көруге Көкжайдақты келгендерге,
Сазанбай күндіз-түні жыр қылады.

Қылмаңдар дейді жұртқа күмән бекер,
Қазақта қыл құйрық жоқ бұған жетер.
Жарысса желдей есіп кең далада,
Шаң жұтып, өз жөніне құлан кетер.

Көргеннің көзі тоймас қарағанда,
Шын жүйрік мейіздей боп жарағанда.
Сұлудай сылаңдатып көк тұлпарды,
Апарған Арқадағы аламанға.

Әркім де өз атына бақ тілейді,
Бес жүз ат сол бәйгеде шапты дейді.
Сілкінтіп Бұғылы мен Тағылыны,
Қалың шаң Сарыарқаны жапты дейді.

Бәйгенің бұрынғылар туын іліп,
Аузының айтып кеткен суы құрып.
Ішінен бес жүз аттың атқан оқтай,
Көк айғыр шыққан дейді суырылып.

Ол кездің жөні бөлек бұл күндерден,
Аттарды жіберіпті күндік жерден.
Саңлақтың сыр-сипатын сезінбесең,
Не шығар оқиғаны құр білгеннен?

Дүбірі екпіндеген көк айғырдың,
Сауырын солқылдатқан талай қырдың.
Шошыпты үстіндегі бозбала да,
Дегендей бұл бәлеге қалай міндім?!

Шабысқа қызған сайын шабыс қосып,
Сағымдай сан құбылған аққан жосып.
Көмбеге жалғыз келген Көкжайдақты,
Жұрт әрең тоқтатыпты арқан тосып.

Қалың ел Сазанбайдың ұқты сырын,
Тұлпардың тілін білген мықтысының.
Мәреге жеткен жүйрік одан кейін,
Мезгілде келген екен сүт пісірім.

Сұқ көздер сымбатына сан қадалған,
Көкжайдақ көрген жанға болған арман.
Шандоздың ілесе алмай шаңына да,
Салпақтап талай саңлақ жолда қалған.

Қолдаса Тәңір берер бар тілекті,
Алысқа бұл бәйгенің даңқы кетті.
Беделі көк тұлпардың Сазанбайды,
Байлардан мыңды айдаған артық етті.

ІІІ

Қатулы Абылайдың қас-қабағы,
Қалмақты түре қуып тастағалы.
Өңінен байқалады отырғаны,
Арыдан бір әңгіме бастағалы.

Қадалып көкжиекке көп отырды,
Екі көз көріп болған көретінді.
Аһ ұрып, күрсінгенде аш өзегін,
Өксіктің өткір жүзі сара тілді.

Не шығар аласұрып аһ ұрғаннан,
Қайғының қара суын сапырғаннан.
Сезгендей бір сұмдықты жақын қалған,
Еске алды батырларын бақұл болған.

Алланың жазғанына жоқ күмәні,
Атақты айбоздардың кетті бәрі.
Бөгенбай, Қабанбайлар аман жүрсе,
Кім келіп көлденеңнен соқтығады?

Артқыға алдыңғының ерлігі аян,
Дариға, Малайсары, өлді Баян.
Қазақтың көкжалдарын көрген кезде,
Қалмақтың қасқырлары болды қоян.

Қарайып әр төбеде бір төмпешік,
Бұлдырап қала берді көзден көшіп.
Күбірлеп өткен-кеткен бет сипады,
Бұл жерде хас батырлар өлген десіп.

Аяңдап күндер өтер, жылдар өтер,
Құдайдың бермегенін кім дәметер?
Тірлікте тартқан бейнет, көрген қызық,
Пенденің өзіменен бірге кетер.

Айлалы кәнігі жау аңдыспаққа,
Түсіпті ойлап көрсе сан қыспаққа.
Абылай арпалысып баққанменен,
Сұм жалған шығарар ма елді ұшпаққа?

Жау қалың жан-жағынан жұлмалаған,
Сынаптай заман мынау сырғанаған.
Топан су қаптамаса тосыннан кеп,
Айырылмас өлсе қазақ бұл даладан.

Шықпайды шайтан түртсе бәле қайдан,
Қаскүнем қапы кетсең салады ойран.
Самсаған сарбаздарға бетін бұрды,
Серпіліп тұнжыраған терең ойдан.

Телміріп отыр еді көп жамағат,
Жайғасқан хан Абылай төрге қарап.
Саңқ етіп: – Армысыңдар! – деген даусы,
Бітірді үнсіз қалған елге қанат.

– Хан ием, бармыз! – десті гуілдесіп,
Жаңғырды тау мен дала үнін қосып.
Шешіліп енді қалай сөйлемейді,
Тәңірі тастамаса тілін кесіп?!

Алыстан орағытты, кең толғанып,
Сарбаздар құлақ түрді аң-таң қалып:
– Қанша жыл қырылыстық қалмақпенен,
Ақыры тоз-тоз болды талқандалып.

Өмірдің алды – базар, арты – мазар,
Боласың су құрыса тамшыға зар.
Деді де мойын бұрып жан-жағына,
Отырған Сазанбайға салды назар.

Шақырып орын берді оң жағынан,
Бола ма артық құрмет ерге бұдан?
Кеңестің сыр-сипатын сезе қойды,
Батырлар хан сөзінің салмағынан.

Абылай айт деген соң аянбады,
Сазанбай болған жайды баяндады.
– Хан ием, Самархан мен Хиуа деген,
Жер емес жетіп барар таяудағы.

Күн батса, таңы жылдам атады екен,
Адамға сол бір жағы батады екен.
Кәдімгі құмырысқаның илеуіндей,
Құжынап, қайнап жатқан шаһар екен.

Әмірі – аты шулы Бегдербекке,
Жеткіздім сәлеміңді барған бетте.
Ит құрлы есігінен қаратпады,
Толған соң аянбадым кеудем кекке.

Баптаған сылап-сипап, жалын тарап,
Айғырын алып келдім барымталап.
Тиген соң намысыма кек қайырдым,
Шапқам жоқ қазынасын, малын талап.

Жылқыға қосып едім Көкжайдақты,
Үйірден үйір таңдап салды ойнақты.
Туа алмай қаз мойынды құлындарын,
Биелер қарабайыр сор қайнатты.

Ышқынып жатқан талай жануардың,
Ішінен құлындарын жарып алдым.
Өзінің үйірінсіз айғыр жетім,
Хиуаға келіп отыр тағы барғым.

Кім білсін не келерін, не кетерін,
Алдынан Бегдербектің және өтемін.
Бұл жолы қайтып қалар райынан,
Қазақты есіне алса ел екенін.

Жар болсын жалпақ жұртқа Хақтағалам,
Алдияр, батаңды бер атқа қонам!
Жылқының падишасы көк айғырды,
Құдайым бұйыртқан жоқ текке маған.

Сабыр ет, – деді Абылай, – абдырамай,
Қара су шайқалмайды жар құламай.
Ешкім жоқ есек мініп жау түсірген,
Қорғадық ат болмаса елді қалай?!

Қашқанды қуып жетер қырды асырмай,
Ат қайда Қабанбайдың Қубасындай?
Жорыққа тұлпар емес тұғыр мінсе,
Тұрады ер жігітті кім басынбай?

Адамның серік болған сұңқарына,
Не жетсін жылқының хас тұлпарына?
Бұлданбай, сұрағанын берсін-деп айт,
Қазақтың Абылайдай сұлтанына!

Деді де көтерілді хан Абылай,
Тұнжырап қас-қабағы манағыдай.
Сазанбай қош айтысып, шықты жолға,
Құлыңа оң көзіңмен қара, Құдай?!

Тірліктің кәусарына жүрген шөлдеп,
Тағдыры таразыға күнде өлшенбек.
Хиуаға келе жатыр ер Сазанбай,
Үйірін Көкжайдақтың бір көрсем деп.

Інісі Кешубайды келеді ертіп,
Асығып көк бөрідей желе жортып.
Көкжиек жүрген сайын кеңейеді,
Жусаны жұпар атқан дала бөртіп.

Болса да қорқынышты көп қатері,
Етпейді жол алыстық атқа тегі.
Хиуаға айлап жүріп, жетті міне,
Қонақтың мұсылманға жоқ бөтені.

Барған соң сақтық жасап абайлады,
Арттағы қалың елге қарайлады.
Үйірін Көкжайдақтың шолып қайтты,
«Япыр-ай, қайтсем екен?» – деп ойлады.

Намыстан жаратылған ер қайрағы,
Жігерін Сазанбайдың сан қайрады.
Сәлемін Абылайдың жеткізбекке,
Бекініп тәуекелге бел байлады.

Жақсылар жақындасып ғұмыр кешпек,
Дәм татып, дидарласып, күлімдеспек.
Ойлады басымды иіп барғаннан соң,
Әмірші қылыш ала жүгірмес деп.

Халықтың қан жұтқызған талайына,
Әмірдің жақындады сарайына.
Жүгірді күзетшілер анадайдан,
Өткенде жолатпаған маңайына.

Жендеттің көзі қанық келгендерге,
Батырды тани кетті көрген жерде.
Сенсің деп көк айғырды алып кеткен,
Біздерді салып кеткен сергелдеңге.

Секілді шеттерінен кекті бөрі,
Сұмырай сенің ызаң өтті! – деді.
Жабылып оны бірдей бір кісіге,
Аямай табанға сап тепкіледі.

Қашаннан сарт біткеннің діні қатты,
Сазанбай өлмей әрең тірі жатты.
«Әп, бәлем ұры қазақ келдің бе?» деп,
Боқтаған удай ащы тілі батты.

Бегдербек отыр еді тұлан тұтып,
Әкесі өлгендей боп қайғы жұтып.
Үйірі көк айғырдың тұрған кезде,
Қайырылып бір соғар деп көптен күтіп.

Болары бір сұмдықтың анық болды,
Бетіне мұсылманның салық болды.
Қазақтың бір қыранын қанға малып,
Хиуаның қарғалары қарық болды.

Сүйрелеп алып барды Бегдербекке,
Бегдербек атып тұрды көрген бетте.
Қалшылдап жыны қысқан бақсыдай боп,
Ақырып айғай салды көп жендетке.

Естіді Сазанбайды Хиуа түгел,
Кеткендей дүниені қиратып ол.
Жамады қауесеттің жыртық қабын,
Өсектің тарамысын ширатып ел.

– Өзінің қиқарын-ай, қырсығын-ай,
Не қылған адам, – деді – бұл сұмырай?!
– Ұрлаған осы десті көк тұлпарды,
Атақты Арқадағы жылқылы бай.

– Ұрысын Абылайдың иттей сабап,
Тастаңдар зындандағы торға қамап.
Ұстаңдар атқосшысын қасындағы,
Жатқан жоқ шығар бәлкім ол да қарап.

Жендеттер көп іздеді Кешубайды,
Жас батыр кім екенін жасырмайды.
Інісін үстіне әкеп қамаған соң,
Қайғыға қайғы қалай қосылмайды?

Дүние аударылып-төңкерілді,
Жынданып Бегдербек те жер тебінді.
Осыдан көк айғырды қайтармасаң,
Сыпырып алам деді жон теріңді.

Қинады екеуін де күнде сабап,
Қиянат бұдан өткен кім жасамақ?
Артында ел бар-ау деп ескермеді,
Қазақтың батырларын құлға санап.

Жендеттер Сазанбайды жыға танып,
Еріксіз отыр, міне, ұры атанып.
Алдына Бегдербектің тағы әкелді,
Мойнына жерден ауыр кінә тағып.

– Зынданда алты ай жаттың көріп азап,
Ал, кәне, не айтасың – деді – қазақ?
Айғырды аман-есен қайтарып бер,
Еліңе қайтам десең болып азат.

Жасадың орны толмас кесір маған,
Бұлайша ешкім мені басынбаған.
Бұлтарсаң бұйрығымды орындамай,
Ініңмен қосып тұрып басыңды алам!

– Дат, тақсыр! – деді батыр тілге келіп,
Алдыңда кідірмейді кім бөгеліп?
Атағы жерді жарған өзіңізді,
Әмір деп әділетті білген едік.

Ай батса, қайта айналып шығады күн,
Түбі жоқ бұл жалғанның тұрағының.
Кесемін десең, тақсыр, басым дайын,
Әкеттім тұлпарыңды, кінәлімін.

Ел едік қазақ деген еркін жатқан,
Аққуға аспандағы ән тыңдатқан.
Білесің Абылайдың ақ ордасын,
Киелі шаңырағын алтындатқан.

Сөзіме назар аудар жөндеп менің,
Ұрыны тапқан екен жендеттерің?!
Келген ем өз қолыңнан алайын деп,
Амал не, дегеніме мен жетпедім.

Жау көрсек жолбарыстай аласұрдық,
Тұлпарды тұмар мойын таң асырдық.
Қырқысып, қырық жылдай қан төгісіп,
Алтайдан ит қалмақты ары асырдық.

Түн қатып, түзді кезген жорықтарда,
Адамға аттан артық серік бар ма?
Батырлар аттың жалын құшып өлген,
Ажалмен ат үстінде жолыққанда.

Қанатын атпен қазақ кеңге жайған,
Бақ қонсын жаяу-жалпы елге қайдан?!
Аузымен құс тістеген тұлпар десе,
Халықпыз ішкен асын жерге қойған.

Ат жалын бала күннен тартып өстік,
Құдайым қойды өмірдің артын өстіп.
Атынан Абылайдың бұрнағы жыл,
Келген ем Көк айғырдың даңқын естіп.

Қазақтың намысына қанға сіңген,
Сол жолы тіл тигіздің хан басыңмен.
Одан да Көк айғырдың биесін сат,
Қалайша ханның алды болмасын кең?

Бегдербек айғай салды осы арада,
Ақымақ сөздің соңын тоса ала ма?
Інісін алып кел деп әмір берді,
Қалшиған жендеттерге босағада.

Желкелеп Кешубайды алып келді,
Әлпетін отырғандар анық көрді.
Оның да құр сүлдері қалған екен,
Сазанбай одан сайын тарықты енді.

Түтігіп түгі шығып шырайлы өңі,
Бегдербек Кешубайға былай деді:
– Қазақты тәубесіне келтіремін,
Шын болса жаратқаны құдай мені!

Қырсығып, көңілімді алаң қылма,
Ант бер құран ұстап көп алдында!
Сен барып айғырымды әкелгенше,
Қалады кепілдікте ағаң мұнда.

Қар жаусын, қара нөсер төпелесін,
Үш айда тұлпарымды әкелесің.
Межелі мезгілінде әкелмесең,
Бір емес, ей, бейшара, екі өлесің!

Есіктен жылдам басып молда кірді,
Қулығын Бегдербектің ол да білді.
Кешубай құран ұстап ант беріп,
Сол күннің ертесінде жолға жүрді.

Сазанбай Кешубайға жүрерінде,
Білдірді бас тіккенін сұм өлімге.
Сорғалап екеуінің көзден жасы,
Тұншықты қасіреттің түнегінде.

Жалынып жаратқанға шын тіледі,
Аюдай апандағы күркіреді.
«Қатындар туар талай Сазанбайды,
Тумайды Көкжайдақтай жылқы! – деді.

Арттағы дұғай сәлем қалың елге,
Мен үшін түспесін көп әбігерге.
Көк айғыр маған емес, елге керек,
Кешубай ешқашанда оны берме!».

Деді де бауырымен қош айтысты,
Көңілі бордай еріп, босай түсті.
Жаулары ерегесіп, екіленіп,
Жауыздық одан сайын жасай түсті…

IV

Кешубай үш ай өтті оралмады,
Айғырдың анық болды жоғалғаны.
Қанішер әмір мінді қаһарына,
Қазақтан өшін алу – бар арманы.

Тіріде шықпаса да даңқы күнде,
Ұлдарын еске алады ел түбінде.
Зынданнан алып шықты Сазанбайды,
Хиуаның базарында өлтіруге.

Кернейлер ұзын өңеш озандады,
Алаңға халық толды базардағы.
Керіліп дар ағаш та дайын тұрды,
Қара су қайнап жатты қазандағы.

Шошынып, ақылынан ел адасып,
Ойлады өлтірер деп дарға асып.
Араша түсуге бір жан шықпады,
Ұйлыққан дүйім жұртты қара басып.

Өлген соң қайда қалмас кімнің басы,
Кім білсін жолдың шеті, судың қасы?
Ағарып сақал-шашы, жағы солып,
Батырдың түсіп кеткен ұнжырғасы.

Шығарып алыс қалған елді есінен,
Шыбын жан ұшқалы тұр кеудесінен.
Көшерде көз алдынан пәни жалған,
Жыласып қоштасады пендесімен.

Сұрланған сұм дүние ішін тартып,
Ұшады ошақтағы түтін шалқып.
Жүрегін қысқан үрей үнсіз ғана,
Бойдағы бара жатты күшін сарқып.

Жауыздар бір сұмдықты ойлап енді,
Тастады тайқазанға қайран ерді.
Қазақтың бір батыры осылайша,
Қапыда қара суда қайнап өлді.

Өңдері бір ағарып, бір қуарып,
Теңселіп, есеңгіреп тұрды халық.
Жалғыз-ақ мұратына жеткендей боп,
Бегдербек масайрады шын қуанып.

V

Сақтаған елдің жады – елдің есі,
Тарихтың үзілмейді мәңгі көші.
Сағымдай Сарыарқада көшіп жүрген,
Осы еді Көкжайдақтың әңгімесі.

Жеткізбес қуғанменен құбылған күн,
Беті аулақ Бегдербектей зұлымдардың.
Тағдыры тіпті бөлек болған екен,
Сазанбай жарып алған құлындардың.

Жұлдыздай зулап аққан сайын белден,
Тұқымы таяу жылға дейін келген.
Атанған соңғы бірі – Кетпентұяқ,
Керіктей тұлпар екен бойын керген!

Құлан жал, бота тірсек, сымпыс құйрық,
Шулатқан айналасын өрен жүйрік.
Бас қосқан ұлы дүбір аламанда,
Бәйгеден бәйге бермей құрған билік.

Кетпендей тұяғымен жерді қазып,
Көсіліп шапқан екен белді жазып.
Өмірден сол тұлпарлар өткеннен соң,
Қалыпты Арқадағы ел құлазып.

Адам көп ат шаптырып той тойлаған,
Бәйгеден аты келсе айқайлаған.
Бір кезде тұлпар мініп ел қорғаған,
Ұмыттық батырларды, айхай, заман!

Байлардың алтын-күміс тұтынғаны,
Ішінің бықсып жатқан түтін бәрі.
Бар ма екен жер бетінде, уа, дариға,
Баяғы Көкжайдақтың тұқымдары?!

Көбейді көтеу аға, жасық іні,
Ер қайда Сазанбайдай осы күні?!
Таң атпай құлағыңды тұндырады,
Жаңғыртқан дүниені ғасыр үні.

Найза ұстап, тұлпар мінген заман өткен,
Өзімен талай сырды ала кеткен.
Бүгінде шарлап жүрміз шартарапты,
Аспанда қайшалысып самолетпен.

Ағайын, шекараңның шеті қандай,
Қарап қой, үйде тыныш жатып алмай!
Ішінде шепте тұрған сарбаздардың,
Кімі бар Сазанбайға татығандай?!

Дұшпанның күні кеше елді қырған,
Қарасы көрінбейді енді қырдан.
Сазанбай жауға мінер жүйріктердің
Тұқымын түзеймін деп болды құрбан.

Қашанда жауыздықтан жан түңілген,
Кем еді Сазанбайдың даңқы кімнен?!
Ерлерді тұлпар мініп ел күзеткен,
Сарбаздар есіне алсын танкі мінген.

Халықтың қыжылдайды қаны қайнап,
Шабатын уақыт емес Абылайлап.
Кімдер бар арыстандай арпалысып,
Алқынған ел қорғаудың қамын ойлап?

Залымдар қару сатты – бәрін сатты,
Ұрлықтың ұстатпайтын жолын тапты.
Кетуге қолында өліп қорқаулардың,
Қорқасың, амал қанша жаның тәтті?

Шетінен тізгін ұстап арам қолды,
Бетімен кеткен қиын заман болды.
Болса да қандай заман бір тәуірі,
Ұшқыны Сазанбайдың маған қонды.

Толқындай дүние аунайды ұмар-жұмар,
Жасымнан болдым мен де жүйрік құмар.
Жақсы атты жазбай таныр атамнан да,
Бойымда бір түйір қан қалған шығар.

Бұл күнде біздер қайда, Хиуа қайда,
Сөйледім оқиғаны сыйған ойға.
Батқан күн қош айтады қолын бұлғап,
Сәулесін себелетіп құйған айға.

Қызыл тіл сайрағанмен озам қайда,
Қаперсіз қалың тобыр сөз аңдай ма?!
Есінен кетпесін деп мына жұрттың,
Ескерткіш соқтым жырдан Сазанбайға!

Аңсаумен Азаттықты өтті Абылай,
Байрағы желбіремей көкте бұлай.
Қазақты тұлпар текті, жаужүректі,
Көлденең қырсығыңнан, сақта, Құдай!…

*Сәулебек Жәмкенұлы. Белгілі журналист, Сазанбайдың тікелей ұрпағы.

Несіпбек Айтұлы,
Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.