Орыстың «лошады» Алаштың «алаша атынан» шыққан ба?
Орыстың «лошадь» сөзінің түп-төркіні Алаштың аттары – Алаш-ат – лошадь. Алаш-ат сөзі біртіндеп лошадьқа айналғанын В.И.Даль, академик Г.А.Трубачев әлдеқашан дәлелдегенін Ахмет Тоқтабай айта келіп: «VIII-Х ғасырларда қазақ баласы Алаш есімімен жүргенде жылқыға зәру орыс князьдықтары алаштардан ат сатып алып, сол кезде лошадь сөзін өз тілдеріне қосқан» деп көрсетеді.
Үлкен бөлігін қазақ даласы алып жатқан Еуразия кеңістігі – жер кіндігі. Бұл – ерте заманнан келе жатқан көзқарас. Оны ғылым да растайды. Британдық Х.Дж.Маккиндердің еуразиялық «Хартленд» туралы тұжырымы соның көрінісі. А.Тойнби көшпелілер даланың сұрапыл табиғатын игеріп, оны бағындыруы ерлік болғанын айта келіп, ең соңында өздерінің сол табиғаттың тәуелді құлына айналғанын жазады. Ауыр болса да бұл шындық.
Дегенмен тарихи үдеріс онымен аяқталмақ емес. Даланың сұрапыл, құбылмалы табиғатын игеру көшпелі малшыларды ғылым мен мәдениеті өскен өркениетке тәуелді еткені рас. Бірақ ол өмірдің өткелі жоқ тығырығы да емес-тін. Өз өмірін ішінен түсініп оған жаңа мүмкіндік іздеген даланың ұлы перзенттері атакәсіптен жеру емес, оны жаңа сұранысқа бейімдеу жолын ұсынды. Қазақ даласы жер кіндігі, онда қандай халық өмір сүрсін ол әуелде мал шаруасымен айналыспақ (Ә.Бөкейхан). Бұл ақиқат, Аллаға шүкір қазақ даласы аман-есен тұрғанда өз күшін жоймақ емес. Олай болса бүгін біз мал шаруашылығын заман сұранысына бейімдеудің қарсаңында тұрмыз. Халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар бұл істі атакәсібіне жаңа көзқарас, ұстаным және соңғы ғылым жетістігінен қаруланған жас жаңа буын ғана іске асыра алады.
Қазақ даласында түпнұсқа мәдениеттің тамыр жайып, оның өзін көршілеріне, тіптен әлемге таныту ісінде жылқы жануардың бітім-болмысы мен қара күшінің төккен терінің орны ерекше. Әлекең, Әлихан Нұрмұхамедұлы, осы ақиқатқа меңзеп «қазақ жылқыны, Құранды бірдей ұстап жүр; Құран «мұның қалай» демейді, молласы жұрт рәсіміне қарсы тұрып айтпайды. Жұрт рәсімінің күші осы», деп жазды.
Ахмет Тоқтабай қаламынан туған «Қазақ жылқысының тарихы» («Алматыкітап» баспасы, 2010). Осы баспадан шыққан орыс тіліндегі нұсқасы «Конный мир казахов» аталатын 80,6 баспа табақ кітаптың өмірге келуі автордың бұл тақырыпты бүгінгі өзгеріс арнасында өзектілігін тура түсініп, оны терең игергендігінің көрінісі.
Халқымыздың өміріндегі жылқының орны туралы аз айтылмаған. Олардың басым бөлігі, әрине, көркем туындыларда, халық эпосында, үздік шығармалар Күлтегін жазуында, Мұхаммед Хайдардың «Тарихи Рашидиінде», Ілияс Жансүгіровтың «Құлагерінде», Шыңғыс Айтматовтың «Қош, Гүлсарысында!» Бұл жауһарларды оқи отырып халқымыздың дүниетанымын, адамгершілік қасиетін қалыптастыру ісінде киелі жылқы малының зор ықпалын байқауға болады, жылқының ер-азаматқа сын сәтте сенімді серік болғанына көз жеткіземіз, ризашылық сезімге бөленеміз.
А.Тоқтабайдың ғылыми еңбегі осы аталған шығармалардың тарихи-этнографиялық тұрғыдан табиғи, логикалық жалғасы ретінде оқылады. Ғылымда арнайы зерттеуге лайық тақырыптың соңғы уақытқа дейін қолға алынбай, ескерусіз қалып келгендігін еске салып, енді міне бұл тақырыпқа қалам тартуға үлкен ықыласпен келген ғалымның сәтті шешімін тапқан еңбек ұсынып отырғандығы тарихи ақиқатқа деген құрметтің көрінісі.
Автор еңбегінде жылқының ерте замандардан бүгінгі уақытқа дейін халық өмірінде алатын орнына, атқарған қызметіне тоқталады, тарихи фактілерге сүйеніп қазақ жері мен елі – жылқы жануарының ілгері заманнан бергі Отаны деген тұжырымын жан-жақты негіздейді. Есімде, өткен ғасырдың сексенінші жылдары болса керек, «Курьер ЮНЕСКО» журналы бір санында жылқы малының ер-тұрманы және басқа әбзелдері туралы біраз құнды материал беріп, оларды қытай өркениетінің әлемдік мәдениетке қосқан үлесі ретінде атады. Бұл, әрине, тарихи шындыққа жасалған қиянат еді. Материалды даярлаған автор кезінде Александр Македонскийдің (б.э.д. 356-323 жж.) әскері Тұранға жеткенде жауынгерлері үзеңгіні білмегенін, яғни пайдаланбағанын, мұндай жаңалықты осы өңірдің тұрғындары түріктерден алғанын ескермейді.
Археолог ғалымдар ашқан Ботай мәдениеті (б.з.д. IV мыңжылдықтың соңы ІІІ мыңжылдықтың басы) жылқының ең көне замандардан бері халқымыздың материалдық және рухани өмірімен біте-қайнасып, оның құрамды бөлігіне айналып кеткендігінің дәлелі болды.
Жылқы тақырыбына жазылған еңбектер, зерттеулер аз емес. А.Тоқтабай зерттеуінің ерекшелігі неде? Автор бұл тақырыпқа этнограф-ғалымның ұстанымы тұрғысынан келеді. Яғни мәселенің тарихын, қоғам өміріндегі орнын, ұлттың күнделікті тіршілігі мен салт-дәстүріне қатысты қырларын, эстетикалық сән-салтанатын кәнігі зерттеуші биігінен қарастырып, байсалды баяндайды.
Мәселен, А.Тоқтабай тақырыптың тарихына барып күнтулардың (ғұндар өздерін күннен туғанбыз деген) бекзаттылық пен күшті құндылық ретінде жоғары бағалап, ат жолында таңды қарсы алып жүріп мемлекет құрғанын, сол қасиеттерімен көршілері арасында беделді болып, даңқы әлемге жайылғанын жазады. Атилла мен Шыңғыс хан қолдарының соншалық кең кеңістікке шабуылдар жасауы, әрине, ержүрек жауынгерлері мен болдыруды білмейтін тұлпарларының арқасы еді. Олардың бұл қасиеттерінің кейінгі ұрпақтарының мінезінде әлсіреп кеткеніне өкініш білдіреді. «Қазақ ұлтшылы» атанған Тимофей Седельников (А.Байтұрсынұлының досы) В.Ленинге жазған хатында «орыс империясы қазақтардың астындағы аты мен қолындағы қаруын тартып алып, батыр да сері халықты қорқақ және жалтақ халыққа айналдырды» деп жазды. Келіспеуге шараң жоқ!
Жылқы малы көшпелілер үшін сұлулықтың символы. Қасым хан жылқы жануары көшпелілер үшін көлік малы, молшылық пен берекелі өмір көрінісі ғана емес, сонымен бірге ол салтанатты тұрмыстың, сұлулықтың символы, кісіге көрсетілген құрметтің белгісі. Қазақ дүниетанымында ақылды да сүйкімді жылқы ерекше орын алады, киелі саналады. Қазақ ең құрметті қонағына деген қатынасын жылқы малын сыйлау арқылы білдірген. Жошы хан әкесі Шыңғыс ханға туған күніне орай сыйлыққа Жетісудың асыл тұқымды арғымақтарынан үйір-үйір жылқы жібереді. Қасым хан көрші Моғолстан ханы Сайд ханға Оғлан Тұрық аталатын арғымақты сыйға тартып тұрып дала халқы үшін ең басты байлық жылқы малы екенін, соның күшіне сүйеніп халық өмір сүретінін жеткізеді. Ахмет Тоқтабайдың еңбегінен осыны растайтын фактілерді молынан кездестіреміз.
Кітапты безендіру әдісі ретінде арғымақ мінген қазақ қыздарының суреті алынған. Бұл өте орынды әрі ұтымды шешім болған.
Сөз ретіне қарай еңбектегі бір жағдайға тоқтала кетейік. Мәселен, ғұндарды «басқыншы» болған еді деп айыптап сөйлеу бүгін соншалықты маңызды емес. Бұл еуропалық тарихнамадан жұққан көзқарас десе де болады. Бұл ұлы көштің түп-тамырында ғұндарға байланысты жасалған теперіш те жоқ емес. Тақырыпты қазбаламай-ақ қояйық. Ғұн және оның емеурінін қайталаған Шыңғыс ханның замандарында, одан кейінгі кезеңдерде де бұл табыс көзін, кең өріс анықтау әрекетін кім жасады? Ондай әрекет Шығыстан, Батыстан да көрініс тапты емес пе?
Біз бұрын жылқыны сыншыларымыз сынын көрсетіп, ақындарымыз өлең-жырларына қосса, әншілеріміз әнге, күйшілеріміз сазға арқау етсе, жазушыларымыз сұлу сәйгүліктерді суреттесе, тіпті көпшілігіміз жылқыны көрмей, мінбей-ақ утопиялық түрде сүйсек, Ахмет осылардың бәріне «неге» деген сұрақ қояды, соған өзі жауап береді.
Аттың 96 мүшесінің, жүрісінің 23 түрін, сынының 170 түрін, 380-дей түр-түсін, ер-тұрман жабдықтарының 90-дай атауларын, күнделікті өзіміз жеп жүрген қазының 30-дай атауын келтіреді. Оған қоса жылқыға арналған 49 әннің, 4 бидің, 116 күйдің атын атайды. Жылқының түсі мен реңдерін бүге-шігесіне дейін зерттегені сонша, жеке ғылымға айналдырған. ХІХ ғ. 60-жылдары бір испан, бір француз жазушысы роман-герман тілдеріндегі жылқы түстерін жинап 60 сөзге жеткізсе, түркі халықтарындағы сөздер қорын тексеріп, қазақтың түске байланысты тіл байлығының әлемде теңдесі жоқ екенін дәлелдейді.
Қазақ дәстүрінде жаяу батыр жоқ, ер жігіт өзіне лайықты сәйгүлік тапқанда ғана төрт аяғы тең болады. Ер Едіге, Қасым хан, Есім хан, Жалаңтөс, Айтеке, Төле, Қазыбек, Кенесарылардан бастап Б.Момышұлына дейін мыңдаған жылды қамтыған 80-дей батыр мен тарихи қайраткердің сәйгүліктерінің есімдерін кесте түрінде жасаған. Зерттеудің бір тарауынан бір тарауы қызық.
«Алаш пен ат егіз» дегендей бұл кітап таза жылқы тарихы емес, Алашты 6 мың жыл бойы арқасына мінгізіп алып талай тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып келген «қазақ пен жылқы бір бүтіннің ажыратылмайтын екі бөлшегі», «Көне қазақтар» – қазақ жылқысынсыз жер бетінде ешқашан өмір сүре алмас еді», деп қорытынды жасайды. Кітаптың өн бойында қазақтың ата-бабаларының тұңғыш рет жылқыны қолға үйретіп әлемге жылқы мәдениетін тарту еткені көрініс беріп отырады.
Жылқының соғыстағы рөлін көрсете келіп, ежелгі гректерде тым болмағанда бір ат болса, Марафон шайқасындағы жеңісті хабарлау үшін салт атты жауынгерді жіберер еді, ең бастысы адам баласын жантүршігерлік алысқа жүгіртетін (42 км) жарыс болмас еді деп тұжырым жасайды.
ХХІ ғасыр – қазіргі заман мәдениеттердің өнер, білім жарысы, әр халық өзінің әлемдік өркениетке қандай үлес қосқанын әтешше шақырып насихаттауда. Осы тұрғыдан алғанда «Алматыкітап» баспасы кітапты орыс тіліне аударып қана қоймай, кез келген деңгейде, қандай тұлғаға болса да сыйлайтындай етіп, полиграфияның заманауи жетістіктерімен әсемдеп, безендіріп шығарыпты. Орыс тіліндегі нұсқасы анағұрлым мазмұнды шыққан деуге болады, автор жаңа тараулар, бөлімдер қосқан, фотолар мен қылқалам шеберлерінің ұлттық сипаттағы туындыларымен нақышталған, ең бастысы мәтіндердің аударма деңгейі жоғары. Аударманы орыс тілімен ғана шектемеуіміз керек, орыс тілі басқа әлем тілдеріне тәржімалауға баспалдақ болсын. Алдымен таза қанды жылқылардың атасы – Англия десек, ағылшын тілінде сөйлетсек, әлемнің назарын аударады. Неге десеңіз өркениет алға қарай дамыған сайын, жан-жануарларға, оның ішінде жылқыға қызығушылық, сүйіспеншілік күннен-күнге артуда, бұл үрдіс, әсіресе алдыңғы қатарлы мәдениетті елдерде ерекше қолға алынған.
Бұл энциклопедиялық еңбекті ағылшын тілінде шығарсақ халқымыздың тарихы, мәдениеті, өнері, философиясы ең аяғы психологиясына дейін таныстырып, рухымыздың жоғары, «құс жанды, жылқы мінезді» жауынгер ел екенімізді көрсетеміз.
Біз мәңгі ел деген ұранды жиі қолданамыз, қазір абстракты ұғымға айналып бара жатыр. Мәңгілік ел дегеніміз менің ойымша экономика, материалдық, рухани мәдениет шығармалары мен ғылым-білім жаңалықтардан тұрмай ма? Бұл кітапқа алғаш пікір жазған Гераға – Герольд Бельгер (Гуль степи под копытами коней // Дат. 2013. №31) ауызекі әңгімесінде «мәңгілік кітап» деп еді. Себебі: қазақтың мыңдаған жылдық жылқы мәдениеті қағаз бетіне түсірілген және халықтың жадындағы дүние ерекше сұранысқа ие болып, ауық-ауық басылып шығады дегені барды. Герағаңның айтқаны келді, 7 мың тиражбен басылып, алыпсатарлардың қойған астрономиялық бағасына қарамастан түгел сатылып кетті. Қазір кітапты іздеушілер көп. Орыс тіліндегі нұсқасының сұранысы бұдан да жоғары болатынына сенімім мол, халқымыздың белсенді кітапқұмарларының 60%-ы орыс тілінде оқиды екен.
Зерттеудің ұтымдылығы сол, мағлұматтар Қазақстанның барлық дерлік аймақтарынан және Моңғолия, Қытай, Орталық Азия қазақтарынан жинастырылған, 300-ден аса информаторлардан жауап алынған.
Олардың ішінде атбегі, жылқышы, сыншылармен қатар жай адамдар да көп. Себебі қазақтың жылқы десе бір-екі ауыз сөз айтпайтыны некен-саяқ. 600-ден аса әдебиетке сілтеме жасалған, Петербург, Мәскеу, Омбы, Орынбор, Алматы архивтерінен материалдар кірген. Әсіресе қазақ жылқысының күй талғамайтыны мен шыдамдылығы жөнінде Ресей, т.б. шетелдік мамандардың айтқаны көңілге қуаныш ұялатады, «Қазақ ат үстінде – жолбарыс, аттан түссе қоян» (қытай мақалы), «Қазақтың тұрмыс-жағдайы жақсара бастаса, жай аттың орнына жорға мінеді, қымызды көп ішіп, жылқы етін қарны жарылғанша жейді (И.Хантинский), т.б. қанатты сөздер, мақалдар, үзінділер кітаптың мазмұнын аша түседі.
«Қазақ жылқысының тарихы» кітабы Қазақстанның шетелдік елшіліктеріне таратылып берілді, оқу орындары қонақтарды осы кітаппен қарсы алды, тіпті құдандаласқан отбасылардың арасында «жылқы» орнына әзілдеп кітап жүргенін көзіміз көрді. Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстанға кітап апаратын делдалдар пайда болды. Мен кітаптың бас редакторы болған мен мұндай жағдайларды байқап, естіп жүрдім. Қысқасы зерттеу халқымыздың ой-арманынан, талабынан шыққан жәдігер болды.
Қорыта айтқанда, Ахмет Тоқтабай кітабы – құнды еңбек. Автор осы еңбегі арқылы қазақ этнографиялық ғылымына жаңа серпін берумен қатар, зерттеуші маман ретінде халқының алдында осындай іргелі тақырып арнасында абыройлы іс атқарғандығын айтқан артық емес. Кітаптың соңында берілген автордың қолданбалы ұстанымдары шаруашылық басшылары тарапынан қолдау тауып жатса, әрине, қоғам үшін пайдалы іс болмақ.
«Егемен Қазақстан» газеті
P.S. Ахмет Уәлханұлының бір арманы бар. 20 жылдай жоғары жаққа қазақ жылқысына арналған музей ашу жобасын ұсынып, қанша залдан тұратынын, экспонаттардың орналасу ретіне дейін бүкіл экспозициясын жасап қойды. Әлемнің дамыған елдерінің бәрінде АҚШ, Англия, Франция, Жапония, Ресей, т.б. 40-астам елде жылқы музейлері бар екен. Өкінішке қарай, мұндай музей жылқының отаны, Қамбар ата тұқымының бүкіл жер әлеміне тараған жері – Қазақстанда ғана жоқ.