Қазақстанға Чехиядан Пржевальский жылқысы әкелінеді

2643

Қазақстанның мамандары Чехиядан Пржеваль жылқысын әкеліп, қазақ даласында тұқымы тұздай құрыған төл тұқымды қайта жандандырмақшы. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев ҚазАқпарат тілшісіне осы жоба туралы сұхбат берді.

— Данияр мырза, Қазақстанға Чехиядан бір топ делегация келіп кеткенін естідік. Не деп кетті? Пржеваль жылқысын бізге сеніп тапсыруға дайынбыз дей ме?

— Осыдан бір айдай бұрын біздің мемлекет пен Чех мемлекетінің арасында Премьер-министрлердің қатысуымен меморандумға қол қойылған. Соның арасында Пржевальский жылқысын Қазақстанға қайта оралту туралы келісім бар. Ғылыми тілде реинтродукция дейді, халық тілімен айтқанда жерсіндіру ғой. Чех делегациясымен бірге өзіміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды бір жеті бойы аралап келдік. Меморандумға қол қоярдың алдында 4-5 аумақты қарастырғанбыз – Қостанай облысындағы «Алтын дала» резерваты, «Наурызым» резерваты және «Алтын емел» ұлттық паркі. «Көлсай», «Шарын» ұлттық парктерін де көрдік.

Бүгін соның ішінде «Алтын дала» резерватының жерін лайық деп отырмыз. Чехиядағы зообақ басшылары мен Пржеваль жылқысының күтіміне жауапты мамандары бірге келіп, біз ұсынған аумақтарды көрді. Прага зообағының жерсіндіру бағытындағы ең сәтті бағдарламасы Монғолияның Гоби шөлінде іске асқан. Біздің Алтын даланың шөбі, суы, ауасы, бәрі Монғолияға келеді екен. Сондықтан артық тәуекелге бармай, осы жерде жерсіндірейік дегенді айтты. Басқа жерге де жерсіндіруге болатын шығар. Бірақ қазір бүкіл әлемде Пржеваль жылқысының саны аз қалған. Қателік жасауға хақымыз жоқ. Сондықтан чехтар осындай жердің сырын білеміз деп «Алтын даланы» таңдап отыр.

— Сонда ешбір зерттеу жасамайсыздар ма?

— Бұл түбегейлі шешілді деген сөз емес. Олар келіп, бәрін көзбен көріп кетті. Енді ғылыми зерттеулер жасаймыз. «Алтын даланың» ерекше қорғалатын мәртебесі бар. Ол жерде ғылыми зерттеулер үнемі жасалып тұрады. Соны күшейтеміз. Қостанай даласының қысы қатаң екенін, -40 градусқа дейін баратынын, желі мазасыз екенін білесіздер. Бірақ чехтар Гобиде де сондай деп отыр. Ондай кезде жылқы малы дара сайларды паналайды. Пржеваль жылқысының түпкі тегі даланың малы ғой. Гобиде жұтты жылдар болған екен. 2012 жылы жалпы Монғолияда біраз жылқы қырылыпты. Сондай қатерлер бар ма, бәрін зерттейді. Шөбін, суын, түгел зерттейді.

Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақ болғандықтан зерттеу көпке созылмайды. Бұрын зерттелмеген жер болса, 2-3 жылымыз кетер еді.

Ең басында жерсіндіруді 3 жылдан кейін бастаймыз-ау деп ойлағанбыз. Алғашқы екі жыл зерттеп алайық дегенбіз. Бірақ чехтар аумақтың дайын екенін, мамандарымыздың бар екенін көріп, келесі жылы бастайық дегенді айтты.

Бұл жұмыстың ішіндегі ең қиыны да, қымбаты да – Чехиядан жылқы әкелу болып тұр. Эпизоотикалық тексерулері де бар. Монғолияға жерсіндірген кезде пераплазмоз дейтін кенеден жұғатын ауру бар. Чехияда бұл жылқылар зообақта ұсталады. Оларды далаға, иен табиғатқа шығарғанда қайтадан бейімделуіне уақыт кетеді. Сол жағынан зерттеулер міндетті түрде жасалады. Өздерінің вакциналары бар, соларды салып әкеледі.

— Ол жануарлардың ғылымдағы аты Пржеваль болғанымен, заты қазақ даласының тағысы ғой. Әлеуметтік желіде Прежваль жылқысы дегенше, тарпаң деп атау керек деп жазып жатқандар бар. Ондай пікірлерге не дейсіз?

— 1879 жылы Николай Михайлович Пржевальский деген поляк саяхатшы Монғолиядан келе жатқанда Зайсан заставасының Тихонов деген басшысы жабайы түз жылқысының терісі мен басын сыйға тартады. Оны Санкт-Петербургке әкеп, зоологиялық мұражайға қояды. 1881 жылы ғана зерттеуге алынады. Поляков деген ғалым зерттеп, жылқының бұрын кездеспеген түрі ретінде тіркейді. Бас сүйекті Пржевальский әкелгендіктен сол кісінің аты беріліп кеткен. Біз де Чехияға барып көрдік. Тұрқы, сипаты біздің тарпаңға, керқұланға келеді. Оны әкеліп, санын көбейтіп алғаннан кейін ол мәселені де зерттейміз. Қазір келмей жатып, атын ауыстырамыз дегеніміз асығыстық болатын шығар.

Бұрын бізде Пржеваль жылқысы аң тізімінде болмаған. «Қызыл кітапта» болмаған, себебі жойылып кеткен. Енді жерсіндіру үшін оған заңды бір статус беру керек. Сол үшін Пржеваль жылқысы ретінде «Қызыл кітапқа» енгізілді. Кейін санын көбейткен соң ғалымдармен бірге атын қазақыландырып жатсақ, біз оған тек қуанар едік. Ол үшін құрып кету қаупі туындамайтындай етіп көбейтіп алуымыз керек.

Монғолияда да Пржеваль жылқысы ретінде тіркелген, бірақ ондағы халық түгел «тахи» деп атайды.

Пржеваль жылқысының жабайы табиғаттағы соңғы тұяғы 1969 жылы жоғалған. Қазір Чехияда қалған, Монғолияға қайта жерсіндірілген жылқы 12 бастан ғана өнген. 1947 жылдары Еуропаның зообақтарына барған екен. Бір жағынан, чехтарға рахмет айтуымыз керек деп ойлаймын. Біздің төл тұқымды сақтап қалып, қайта табыстағалы отыр. Еуропада олардың көбейіп кетпеуіне де сол 12 бастан тарауы себеп болған сияқты. Жылқының текті мал екенін білесіздер. Өз жатырына шаппайды. Бізде түркімен құланы бар, мысалы. 1982 жылы «Алтын емелге» 22 бас апарған. Қазір 3600-ге жетті. Демек олар соншалық үйір талғамайды. Ал Пржеваль жылқысы таза қанды болғандықтан олай тез көбейе қоймайды.

— Чехиялықтарға рахмет деп жатырсыз. Әдетте мұндай байлықты тегін бермейді ғой. Сол жағына біраз таңғалып отырмын…

— Чехиялықтарға «Неге біз, неге тегін» деген сұрақты өзіміз де қойдық. Бұл кісілер Монғолияға да тегін берген екен. Бүгін ғана туған идея емес. Табиғатқа жанашырлар әлем бойынша көбейіп келе жатыр. Түрлі халықаралық бағдарламалар, демеушілер бар ғой. Сондықтан да бізден ақы сұрамай отыр деп ойлаймын. Ең бастысы, мамандары шетінен жұмысына берілген, табиғатқа болса екен деп тұрады. Оларды бұл шаруада алға жетелеп жүрген негізгі күш – сол табиғатқа жанашырлық деп ойлаймын.

Бізге тегін береді. Біз соны дұрыс қабылдап, әрі қарай дамыта алуымыз керек. Бұл да – үлкен жауапкершілік.

— Бізде тұқымы да қалмаған түрді жерсіндіруге қанша шығын кетуі мүмкін. Неше бас әкелесіздер. Әр бастың күтіміне қанша теңге бөлесіздер? Ондай есеп бар ма?

— Қаржылық шығынына келсек, әрине онсыз болмас. Бірақ соншалық үлкен қаражат керек болмайтын сияқты. Себебі Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы бар. Сол ұйым құланды қазақ даласына жерсіндіру үшін реинтродукция орталығын салған. Негізгі шығын сол жерсіндіру орталығына кетеді. «Алтын далада» сол орталық тұр. 52 гектар қоршалған аумағы бар. Ең көп ақша қоршау мен зерттеуге кетеді. Өйткені бұл жылқы алғашқы 10 ай немесе бір жыл бойы қамауда болады. Осы 52 гектар аумақтан шығармаймыз. Орталықтың суы, жері түгел зерттелген. Сонда көп шығын шықпауы керек. Аумақтың басында үй бар, оған қарайтын адамдар бар. О баста негізі осы Пржеваль жылқысына деп салынған. Орталық салынғанымен, белгілі бір себептерге байланысты жылқы әкелу мүмкін болмай қалған. Ол орталық «Алтын дала» резерватының тура шекарасында тұр. Әдейі солай жасалған. Жерсіндіріліп болған соң «Алтын далаға» жіберіледі.

Әрине, «Алтын даланың» күзетін күшейтеміз. Қазір де күзеті бар. Бәрібір күшейтеміз. Өйткені екінші рет бұл жылқының тұқымын құртып алуға хақымыз жоқ.

Бірінші лек 2028 жылға дейін деп жоспарланған. Осы кезеңде 45 бас жылқы әкелеміз. Өйткені жылқы бір жерге жерсініп, өсіп-өнуі үшін кем дегенде 35-45 бастан бастау керек екені дәлелденген. Өйткені бір-біріне шаппайды. Сондықтан аз бас әкелсе, көбею тізбегі тұйықталып қалады.

Чехиялық әріптестеріміз де жылқыны жақсы меңгерген екен. Ғылымда «гарем тобы» дейді. Яғни, бір айғырдың үйірінде кем дегенде 6 бие болу керек деп отыр. Осы прициппен бөліп әкеледі. 3-4 үйір жасайтын шығармыз.

— Болашақта Пржеваль жылқысының негізінде қазақ даласында жылқының жаңа тұқымдары пайда болуы мүмкін бе?

— Әуелі жерсіндіріп алайық. Әзірге ол «Қызыл кітаптағы» жануар болып саналады. Ал «Қызыл кітаптағы» аңды үй жылқысымен будандастыру заңға қайшы. Сондықтан өз басын көбейтуге ғана жұмыс істейміз. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта да ондай тәжірибе жасауға болмайды. Оның үстіне «Қызыл кітаппен» қорғалады.

— Енді бір 50 жылдан кейін Пржеваль жылқысының санын осыншаға жеткіземіз деген жоспар бар ма?

— Нақты кесіп айту қиын. Монғолия жерсіндіру бағдарламасын бастағалы 33 жылдай уақыт болды. Сол кезден бері саны енді ғана 1000-ға жетіп отыр.

— Сонда 52 гектар аумақ 2028 жылға дейін әкелінетін 45 бас жылқыдан өрбитін үйірлерге жеткілікті ме?

— Ол жерде 52 гектарлық бір қоршау, 15 гектарлық бір қоршау бар. Чехиялық мамандар тағы бір 50 гектарлық қоршау болса, тіпті жақсы болар еді деп кетті. Оны қарастырып жатырмыз. Сол маңайдан қоршаймыз ба, жанынан ашамыз ба, көреміз. Келесі жылы әкелетін жылқыға қолдағы қоршау жетіп тұр. Келешекте қосымша қоршау салу керек болатын шығар.

Тасымалы қиын дедіңіз. Арнайы ұшақпен алғызасыдар ма?

— Иә. Әуежай жағы қиындау. Қостанай әуежайы алыс боп тұр. «Алтын далаға» дейін 700 шақырым. Арқалықта бұрын әуежай болған екен. Бәлкім әскери ұшақпен әкелетін шығармыз. Арқалықтағы ұшу-қону жолағының ұзындығы 2700 метр, ені 70 метр екен. Жағдайы орташа дейді. Соны таңдайтын шығармыз. Өйткені ұшақтан кейін 700 шақырым көлікпен алып жүру қиын болайын деп тұр.

Жылқыны ұйықтатып тасымалдау мүмкін емес. 22 сағаттық дозадан артық еге алмаймыз. Оның өзінде толық ұйықтатуға болмайды. Сәл ғана әлсіретіп қояды. Жылқыны ұйықтату – өте қауіпті. Оянбай қалуы мүмкін. Арқалықпен сөйлесіп жатырмыз. Сонда қондыратын шығармыз. Монғолияға әскери ұшақпен апарып, тура Гобиге қонған екен. Әскери ұшақ болғандықтан тегіс болса, қара жерге де қона алады екен. Оның қасында Арқалықтың әуежайы қолайлы шығар деп отырмыз.

— Біздің елге чехиялық вакцина егіліп келсе, ертең жергілікті халықтың малына зияны тиіп жүрмей ме деген сұрақ туындайды. Ол жағын қалай реттейсіздер?

— Бізге қойылып отырған басты талаптың бірі үй малымен ұшыраспауы керек. Чехиялықтар Пржеваль жылқысы үшін алаңдайды. Ертең үй малынан ауру жұқтырып, қырылып қалмасын деп қорқады. Сондықтан үй малы мен Пржеваль жылқысының жолықпауын қатаң қадағалаймыз. Чехиялықтар да сондай талап қойып отыр. Тұрғындар ол жағынан алаңсыз болсын.

Бір жыл бойы қоршауда ұстайтынымыз да содан. Бірнеше бас әкелетіндіктен бәріне мойынтақ ілеміз. Құлан жерсіндірудегі тәжірибеміз бар. Тер астына чип салғаннан мойынтақ ілген тиімді екен. 1,5 жылдан кейін өзі түсіп қалады. Ал чип көпке шыдамайды.

Ең алғашқы рейспен екі айғыр, 5-6 бие әкелейік деп отырмыз. Бір айғыр әкелсек, сәл қауіптілеу. Сондықтан қосымша екінші айғыр әкелетін шығармыз.

Қысқасы, осы істі баянды етсек, бір шаруа тындырған болар едік. Өз даламыздың жануарын сақтай алмай, басқа елден әкеліп дамытпақшы болып жатқанымыз өкінішті. Сондықтан Чехиядағы мамандарға алғысымыз шексіз. Олар беріп отырған мүмкіндікті пайдаланбау күнә болатын шығар. Үлкен жауапкершілікті мойынға алып отырмыз. Жерсіндірудің біз ескермеген қиындықтары туындауы мүмкін. Жігіттерге соның бәріне дайын болайық деп отырмын. Мысалы, қыста қасқыр бар. Қасекеңдерге «Бұл шетелден сұрап әкелген жылқы еді, Бұларға тиіспей, басқа жылқыға барыңдар» деп айта алмайсың.

— Әлемде неше бас Пржеваль жылқысы бар?

— Әлем бойынша 2,5 мыңнан астам ғана бас бар. Оның мың басы Монғолияда. Жабайы табиғаттағысы Монғолия мен Қытайда ғана. Қытайдағысының саны қанша екені белгісіз. Олар бұл жағынан жабық болып тұр. Ол жақтан алу мүмкін емес. АҚШ-тың Сан-Диегосында бар. Ресей Федерациясында Орынбор жақта жерсіндіріліп жатыр. Ең жақсы популяцияның бірі Украинада болған. Өкінішке қарай, ол жылқылардың тағдыры не болғанын қазір білу мүмкін емес. Мажарстанда бар. Бірақ Еуропадағының бәрі зообақ жылқысына айналып кеткен. Сондықтан олар да зообақта ұстау арқылы популяцияны сақтаудың келешегі жоқ екенін түсініп отыр. Өйткені зообақтағы жануар жабайы табиғаттағы қасиетін біртіндеп жоғалтады. Бізде жер бар екенін, халықтың жылқыға деген ықыласы бөлек екенін ескеріп, бізге көбейтіп алуға мүмкіндік беріп жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Есімжан Нақтыбай,

«ҚазАқпарат»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.