Тастанбек Есентаев: Қостанай жылқысын дамытуға бәріміз мүдделіміз

1939

Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаевпен Қостанай жылқысының жай-күйі, ондағы зауыт пен лабораторияның қазіргі жағдайы жайлы әңгімелескен едік. Сұқбат юутубтегі «Сұрауы бар» арнасынан жазылды.

— Қазіргі кезде «Қазақ тұлпары – Қостанай жылқысын» қайта қалпына келтіру мәселесі жиі айтылып жүр. Жалпы осы тұқымды дамытудан пайда бар ма?

— Шамамен 200-ге тарта жылқы бар деген дерек айтылады. Бірақ зауыттың өзінде тұрған жылқы саны – 47 ғана. Бұл әрине ойландыратын жағдай. Себебі бұл зауыттың ішінен небір мықтылар шыққан. «Чергонец» деген Қостанай жылқысы әлемдік ректорд орнатты. Ол 100 км-ны 4 сағат 1 минутта жүріп өткен. Оны әлі ешкім өзгерткен жоқ. Бұл – бір. Екіншіден – Қостанай жылқысы жылдамдық бойынша ағылшын жылқысынан кейін екінші орында тұр. Бұл – бір ғана жетістігі.

— Ал осы жылқы тұқымын дамыта қоярдай ол зауытта мүмкіндік бар ма?

— Қостанай зауыты бұрын – будандастыратын бүкіл ғылыми лабораториясы бар, жылқы тұқымын дамытуға бүкіл жағдайы жасалған зауыт еді. Өкінішке қарай, ол лаборатория бүгінде жұмыс істеп тұрған жоқ. Сол жерде аукциондар өтетін. Ал қазіргі жағдайы нашар. Күні бүгін «жылқыны қолға үйреткен біз» деп мақтана айғайлаймыз, бірақ осы Қостанай жылқысын – Қазақстанның өз төлтума жылқысын неге бағаламағанымыз маған әлі күнге дейін жұмбақ. Бұл біздің «қазақы жылқы» деп айтып жүрген бірден-бір жылқы. Бірақ біз соған мән бермедік.

Қостанай жылқысын ары қарай дамыту арқылы біз Қазақстанда брендтік жылқы санын дамытуымыз керек еді. Әрине бізде бәйге түрлері, ат спорты-ойындары жалғасты дамып келеді. Онымен айналысатын азаматтар да аз емес. Тек жылқы өсірумен айналысатын 80-нен астам жеке кәсіпорын бар екен елімізде. Бірақ олар Қостанай жылқысын ұстамайды. Ағылшын, ахалтеке, араб тұқымдарын өсіреді. Соларды бәйгеге қосып, шамалары келгенінше бәйге саласын дамытып жүр. Соған қарамастан бізде Қостанай жылқысын дамытып, тұқым ретінде сақтап отырған жеке шаруашылықтар да бар. Өкініштісі, бұл тұқымды дамытуға Үкімет тарапынан көңіл бөлінбеген.

Қазіргі кезде Қостанай зауытының басты мәселесі – қаражаттың жоқтығы. Субсидия берілмейді. Жағдай өте төмен. Лабраториялар жұмыс істемейді.

— Енді не істеу керек?

— Қостанай жылқысын қорғап қалу, Қостанай жылқысын дамыту туралы Заңға өзгеріс енгізу туралы жұмыс істеліп жатыр. Аманшылық болса, алдағы уақытта Мәжіліске беріледі ол заң. Заңды дайындап, ұсынып отырғандар да сол Сенат депутаттары.

— Ол заңда не қарастырылған?

— Онда Қостанай жылқысын сақтап қалу үшін, оны ары қарай дамыту үшін оған субсидия бөлу; Қостанай жылқысын әлемдік деңгейдегі мықты жылқылардың қатарына қосу үшін шетелден 100-ге жуық айғыр сатып алуға субсидия беру қатарлы мәселелер қарастырылған. Әзірге осы екі ұсынысты заңға енгізу мәселесі қаралып жатыр.

— Жаңа зауыттың лабораториясы тұралап тұрғанын айттыңыз. Оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіле ме?

— Кез келген дүние ғылымға негізделмесе, нәтиже болмайды. Сондықтан зауыт лабораториясын қалпына келтіруге Үкімет қаржы бөлу мәселесін жан-жақты қарағаны дұрыс деп ойлаймын.

— Қостанай жылқысын ұлттық спорт түрлеріне пайдалану туралы бір әңгіме шығып еді?..

— Иә, ондай ұсыныс болғаны рас. Дәл қазіргі уақытта Ұлттық спорт қауымдастығының құрамында 9 федерация бар. Сол 9 федерацияның бесеуі атпен, жылқымен байланысты. Ол – бәйге, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ. Осының бәрін дамыту үшін оларға ат керек. Ал қай спорт түріне қандай ат керек екені әр спорт түрінің ережесінде жазылған. Сондықтан біз осы спорттық бағытқа Қостанай жылқысын пайдаланғымыз келеді. Болашақта Қостанай жылқысы көкпарға да, жамбы ату мен теңге ілуге де, аударыспақ пен бәйгеге де қоссақ па деген ойымыз бар. Ол үшін ғылымға негіздей отыр будандастыру жұмысын мықтап қолға алу керек.

— Қостанай жылқысы ат спортының барлық түріне сай келеді деп жатырсыз ғой. Көкпарға сәл олқылау болмай ма? Бірақ бір кезде бұл ұсынысты өзіңіз айтқан едіңіз…

— 2013-2014 жылдары Қостанай жылқысын ат спортына, соның ішінде көкпарға пайдалану бойынша ұсыныс болған. Көкпар спортын енді дамыта бастаған жылдары осы Астанада алғашқы Азия чемпионаты өтті. Ол кезде біздің аттарға қарағанда қырғыздардың көкпар шабатын аттары мықты болды. Әсіресе көкпардың жекпе-жек өнерінде біз қырғыз бауырларға есе жіберіп алдық. Сол кезде Қостанай жылқысын көкпарға тәрбиелеу туралы тапсырма болған. Тапсырма болғанынан не керек, нәтиже жоқ. Бірақ жаңағы заң қолданысқа енетін болса, бұл олқылықтың орнын толтырамыз деп ойлаймын. Себебі Қостанай жылқысын ат спортына пайдалану – біздің жоспарымызда онсызда бар.

— Соңғы жылдары Қостанай жылқысы ғана қатысқан бәйгелер өте бастады. Оған қомақты қаржы да бөлінеді. Бұл не үшін керек?

— Иә, екі-үш жылдан бері жылына 5 рет тек Қостанай жылқысы ғана қатысқан бәйге өтеді. Соның жүлде қорына деп Ұлттық спорт қауымдастығы биыл 80 млн теңге бөлді. Әр бәйгенің жүлде қоры 16 млн теңгеден болады. Осы арқылы біз Қостанай жылқысының дамуына жағдай жасап, насихат жүргізіп отырмыз. Ол да өз нәтижесін көрсетеді деген ойдамыз.

— Егер бәйгеде тек қана Қостанай жылқысы шабатын болса, бұл өңірлік бәсеке деңгейінде ғана қалып қоймай ма?

— Еліміз бойынша Қостанай жылқысынан 200-ге жуық қана жылқы қалғанын жаңа айттым ғой. Соған қарамастан, еліміздің барлық өңірінде Қостанай жылқысын малданып отырған азаматтар бар. Сол себепті Қостанай жылқысы шабатын бәйге Республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Тіпті көрші Ресейден де Қостанай тұқымын алып келіп, бәйгеге қосып жүргендер бар. Демек ол жақта да Қостанай жылқысын өсіріп отырғандар бар деуге болады. Ал бәйгеге келер болсақ, бүгінге дейін жоспарланған 5 бәйгенің екеуі өтті, енді үшіншісі 6 шілде күні Астанада өтеді. Оған да мықты аттар келеді деп болжап отырмыз.

— Бәйгеге келген жүйріктің Қостанай жылқысы екенін қалай ажыратасыздар?

— Дұрыс айтасың, кез келген жылқыны әкеп, «мынау Қостанай жылқысы» деп бәйгеге қоса бермейтініңіз анық қой. Бізде жылқының ДНК-сын анықтайтын палата бар. Сол палата арқылы бәйгеге қатысатын жылқының жеке паспорты анықталып, жылқыға қатысты деректің барлығы – атбегі кім, иесі кім, қайда туған, енесі қандай бие, айғыры қалай аталды, жасы нешеде деген деректер жазылады. Бір өкініштісі, бәйгеге қосылатын жылқының ДНК-сын бірден анықтау мүмкін емес, сондықтан шетелдік лабораториялар арқылы анықтап жатырмыз. Тағы бір өкініштісі – бізде допингке тексеретін лаборатория жоқ. Қазір еліміздегі бұрын осы саламен айналысқан лабораториялардың бәріне хабарласып жатырмыз. Негізі бұл саланы дамытуға бізде мүмкіндік бар. Болашақта жылқының ДНК-сын анықтайтын, допингтен тексеретін лабораториялар өз елімізде болуы керек деген мақсатпен жұмыс істеп жатырмыз. Ол үшін қазір Ауыл шаруашылық министрлігінің жанындағы жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып жатырмыз. Мысалы күні кеше Алматыдағы Ауыл шаруашылығы және жем-шөп ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған халықаралық конференциясына қатыстым. Оған шетелдік мамандар да келді. Сол кезде олардың жылқыға ғылыми түрде жем-шөп дайындау тәжірибесін тыңдап көрдік. Бізде бұрын аттардың жылдамдығын тексеру барысында немесе аламан бәйгелер мен көкпардан кейін олардың күш-қуаты қалпына келтіру үшін ғылыми түрде био-қоспалар қосып жем-шөп дайындайтын. Қазір өкінішке қарай ондай жоқ. Бірақ біздің кейбір атбегілеріміз өздері шетелдік мамандармен байланысып, өздері дайындап жүр. Ал Қазақстан бойынша осымен айналысатын адамның бәріне методика керек. Ол бізде жоқ. Ғылыми жұмыс туралы айтпай-ақ қойсақ та болады. Бірақ біздің елде жылқымен айналысатын ғалымдар бар. Олардың оншақтысымен хабарласып отырмыз. Көмектесуге дайын. Ол ғалымдардың осы сала бойынша жазған кітаптары да бар. Енді соларды мектеп оқулығына қосып, мектептерге тарату керек. Себебі мектеп бағдарламасында ұлттық спортпен, ат спортымен айналысатын балалардың стандарты жоқ. Неше жастан бастап айналысуы керек? Бірінші жылғы оқу, ІІ, ІІІ жылғы оқу, біліктілігін арттыру, т.б. секілді деңгейлері белгіленбеген. Бұл біздің оқу жүйемізде мүлде жоқ.

Алда 2024 жылы дүбірлі дода келе жатыр. Мемлекет басшысы өзі қадағалап, арнайы тапсырма беріп, жоғары деңгейде өтуін қадағалауды тапсырған Дүниежүзі көшпенділер ойындары болады. Онда біздің ғана емес, әлемнің бірқатар елінің сәйгүліктері сынға түсетін бәйге де бар, көкпар да бар, ұшқыр бәйге, жамбы ату, аударыспақ та бар. Енді осы бәсекеге дайындалу үшін ең мықтыларды қатарға қосуымыз керек. Себебін өзің білесің, ДКО-ға қатысатын елдер ойынға ең мықтыларын әкеледі. Қазіргі жобамен 100-ге жуық ел келеді деген болжам бар, яғни тартыс оңай болмайды. Соған төтеп беретін мықты аттар болу керек.

— Ат спорты туралы айтқанда атбегілер мен шабандоз балаларды айтпай кету мүмкін емес. Жаңа сөзіңізде мектеп бағдарламасы туралы айтып қалдыңыз. Ал қазір атбегілердің көбі бәйгеге шабатын бала жоқ дегенді жиі айтады. Өзіңіз білесіз, Еуропада шабандоз бала есейсе жокей болып, өмірін жалғастырып, тіпті соны бизнеске айналдырады. Ал біздің шабандоз балалардың бұл саладағы жұмысы салмағы 35 кг-нан асқан соң тоқтап қалады…

— Өте орынды сұрақ. Біріншіден – бізде ұлттық спорт түрлерінен бірде-бір маман жоқ. Бірақ оқулық, бағдарлама дайындалып жатыр. Мысалы біздің мақсатымыз – қауымдастыққа қарайтын 9 спорт түрі болса, сол 9 түрлі спортқа бір ғана маман дайындау. Егер ол 4 жыл оқитын болса, соның 1-2-курсында ұлттық спорттың тарихы мен ережелерін оқыса, 3-4-курста өздерінің таңдаған мамандығы бойынша, яғни бәйге мамандығын таңдаған студент – аттың физиологиясын, психологиясын, шабандоз қандай болу керек, атбегі деген кім, жокей мен шабандоздың айырмашылығы қандай, т.б. бәйгеге қатыстының бәрін меңгеріп шығуы керек. Қазір осы бойынша оқу бағдарламасын жасап жатырмыз.

Ал жокейлерге келер болсақ, бізде қазір Бауыржан (Мырзабаев – ред.) деген бауырымыз әлемге аты әйгілі шабандоз болды. Ол да аттың қасында жүріп, атқорадан шықпай жүріп осы деңгейге жетті. Германияның үш дүркін чемпионы атанды. Жапонияда өткен ең мықты жарыстарда жүлдегер атанды. Бірақ бізде ондай жокей дайындайтын мектеп жоқ. Сол себепті біз Жоғарғы оқу орындары арқылы маман дайындауды көздеп отырмыз, бұл – бір. Екіншіден – бар мамандарды қайта дайындау бағдарламасын ашып, жарты жылдың ішінде жоғары білімі бар білікті манады дайындап шығамыз деген ой бар. Үшіншіден – осы мамандардың біліктілігін арттыру. Осындай үш бағытта жұмысты қолға алып жатырмыз. Сондықтан, жаңағы өзің айтып отырған, жокейдің, атбегінің, шабандоздың жағдайын жасау – осы бағыттар арқылы жүзеге асады деген сеніміміз бар.

Тағы бір айта кетер мәселе, өткенде Көкшетауда өткен 22 шақырымдық аламанда 8 жасар шабандоз чемпион атанды. 8-ақ жаста. Соған қарамастан, биылдың өзінде екі үлкен аламанды ұтып отыр. Ал бір жағынан қарайтын болсақ, бәйге – нағыз кәсіби шабандоздардың бәсекесі болуы керек. Кәсіпқойлар. Ал бала – 8-ақ жаста. Заңға, ғылымға сүйенер болсақ 8 жасар баланың 22 км-ге атпен шабуы физиологиялық тұрғыда дұрыс па деген сұрақ туындайды. Бір қызығы, біздің елде бұның да ғылыми тұжырымы жоқ. 8 жасар баланың дене бітімі әлі толық жетілген жоқ. Ат шапқан кезде баланы «соғып тастайтыны» бар, ішкі құрылысына қалай әсер ететінін ешкім білмейді.

Ал шетелде бала ат спортымен тек 9 жасынан бастап қана айналыса бастайды. Онда да біздегідей міне салып шауып кетпейді. Ат әбзелдерімен, аттың жай-күйімен танысуға ғана бір жылын арнайды. Демек, бізде ат спортына, шабандозға қатысты шешілмеген түйткілдер әлі де көп, соның бәрін біртіндеп бірізділікке түсіруіміз керек.

— Бағанағы бір әңгімеге қайта оралайықшы. Сіздің сөзіңізден түсінгенім, егер Заң жобасы қабылданса, Қостанай жылқысын малданатын әрбір шаруашылыққа субсидия беріледі ғой, солай ма?

— Солай деуге болады.

— Ал оның көлемі қанша болуы мүмкін?

— Әзірге нақты айта алмаймын. Себебі 2004 жылдары спорттық жылқыға субсидия берілетін. Мысалға, аттың салмағына байланысты құны анықталады да, егер ат Үкімет қарамағында болатын болса – 65 пайызын субсидиялайтын. Ал ат жекеменшік болатын болса – 35 пайыз субсидияланатын. Ал қазіргі жағдайда субсидия төлеу жүйесі қалай болатынын нақты айта алмаймын, дайындалып жатқан заңда ол анық көрсетіледі деп ойлаймын. Әрине қандай жағдай болса да 100 пайыз субсидия жасала қоймас, бірақ белгілі бір мөлшерін беретіні анық. Басқа малдарға да сондай тәртіппен төленеді ғой, Қостанай жылқысына да сол ереже сақталады деп ойлаймын.

— Ал Қостанай жылқысының құны қанша?

— Бұрын құнды болған. Қазір сата қоятын жылқы да жоқ шығар. Ары кетсе 2000 доллар болуы мүмкін. Мысалы шетелден әкелетін таза қанды жылқылардың өзін аукционда 10 мың доллар көлемінде сатып жатады. Әрине 100 мың долларға сатылатын аттар бар, бірақ Қостанай жылқысының бағасы ол деңгейге әзір жете алмайды. Біз сол деңгейге жетуі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ол үшін халықаралық деңгейдегі ірі-ірі жарыстарға қатысуы керек. Сол жерде өзінің мықтылығын дәлелдеуі керек. Сол кезде ғана оның бағасы өседі.

Біз қит етсе, «ойбай жылқыны қолға үйреткен алғашқы адам бізбіз» дегенде алдымызға жан салмаймыз. Бірақ қазіргі жағдайда біздің ат спорты мен жылқы шаруашылығымызға қара да, Еуропаның ат спорты мен жылқы шаруашылығына қарашы. Ондағы ұшқыр бәйгеге қатысатындар тотализатор арқылы табыс тауып отыр. Бір ғана Жапония тотализатор арқылы жылына 24 млрд еуро табады. Бүкіл шығынын шығарып тастағанда жылына табатын таза пайдасы – 7,8 млрд еуро. Сол ақшаның тең жартысын олар ат спортын дамытуға жұмсайды.

— Бізде бәйгеге билет сатыла ма?

— Әзірге сатылмайды. Бірақ бәйгеге қызығушылар көп. Бәйге маусымы биыл, өзің білесің, Шымкентте басталды. Онда да жаңа ипподромға адам көп жиналды, Қостанайда, Ақтөбеде 800 адамдық ипподромда 3000-ға жуық адам тамашалады. Қызығушылық бар.

— Онда неге билет сатып көрмейсіздер?

— Егер біз халықаралық стандартқа сай атшабарлар сала алатын болсақ, сол кезде кіруге ғана емес, тотализаторда бәс тігуге кезекке тұрады адамдар. Мысалы шетелдегі тотализаторларға байлары бәс тігейін десе, кезекпен салады онда, қанша салу керек, неше адам бәс тігуі керек, бәрі көрсетілген ғой. Себебі оның да өз заңдылықтары бар, ұтқан адамға ұтысын беруі керек дегендей.

— Жаңағы бір әңгімеміз үзіліп қалды ғой. Қостанай жылқысына беріліп тұрған субсидия неге тоқтап қалды?

— 2013-2014 жылға дейін беріліп келді. Одан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне келген лауазымды басшылардың алдында «Етті-сүтті жылқыны дамыту» деген мақсат болды да, басқасы екінші қатарға ысырылып кетті. Соның кесірінен 2004 жылғы Үкіметтің қаулысымен бекітілген спорттық жылқыға төленетін субсидия тоқтатылды. Ол бұрын Үкіметтің қаулысымен жүзеге асырылып келсе, қазір министрдің бұйрығымен-ақ істелінетін дүние. Бірақ соңғы министрлер, тиісті лауазым иелері бұған мән бермегеннен кейін қалған. Қазақ деп кеуде соққанда сондаймыз, бірақ өзімізге керек дүниеге келгенде өз құқымызды білмей қаламыз. «Қазақ тұлпар» деп, біздегі барлық бағытта өсіруге татитын бірден-бір жылқы деп, ұлттық брендіміз деп отырған Қостанай жылқысын сақтап қала алмағанымыз сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұлттық дүниеге қандай көзқараспен қарағанын көрсетіп отыр ғой.

— Дұрыс айтасыз. Тіпті сол зауыттың қызметкерлері жылқыға беретін шөп жоқ екенін айтып отыр…

— Өткенде барғанымда, шынымды айтсам, жағамды ұстадым. Ішінде бір ғана атбегі жүр. Бір ғана жокей жүр. Зауттың атқорасы баяғы сол 1960 жылдардағы жөндеуінен кейін ештеңе көрмеген. Зауыттың терезелерінің орнын салапанмен жауып қойған. Қазір 21-ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Дәл осынша жауапкершіліксіздікке баруға болатындығына таңқалдым!

— Оған кім кінәлі?

— Дәл қазір «ойбай анау кінәлі, мынау кінәлі» деп айта алмаймын. Қоғам болған соң бәріміз де жауаптымыз. Тиісті басшылықта отырған жандар болды. 2000 жылы Президент әкімшілігіне берілді. Ол кезде жақсы ақша бөлінгені туралы да айтылады. Алайда 2003 жылдары зауытты Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты бір басқарманың құзыретіне береді. Содан бастап бұл зауыттың кетеуі кете бастаған ғой. Қазіргі күнге дейін қараусыз қалды деп айтуға болады. Ол зауытқа қызығушылардың көкейін тесіп бара жатқаны – зауытқа тиесілі 10 мың га жері ғана.

— Бұл айтып отырғандарыңыз зауыттың жағдайы ғой. Ал сондағы жылқы тұқымы да қазір оңып тұрмаған секілді ғой?

— Иә, соңғы кезде жылқытанушылар арасында Қостанай жылқысы баяғы ірі күйін жоғалтқан деген әңгіме бар. Тіпті 15-20 см аласарып қалды дейтін болжам да айтылып жүр. Мен ғылыми маман емеспін, сондықтан оның анық-қанығын айта алмаймын. Естігенімді айтып отырмын. Ал ол зауытта небары 40-тан астам ғана жылқы қалғанын өзің де біліп отырсың.

— Жаңа ипподромдар туралы айтып қалдыңыз. Сөзіңізге қарасам, елдегі ипподромдар халықаралық стандартқа сай, керемет жұмыс істеп кететін секілді елестеп отыр. Дегенмен, осы айтып отырғаныңыздың қағазға түскен, бағдарламалық нұсқасы бар ма?

— Жоғарыда Ұлттық спорт қауымдастығының құрамында 5 түрлі ат спорты барын айттым ғой. Сол бесеуіне сай келетін, стандартты спорт кешені жоқ. Иә, бар, бірақ олардың еш қайсысы стандартқа сай емес. Біз соны стандарттаумен айналысып жатырмыз. Мысалы, қанша көрерменге арналуы керек, бәйге алаңы, көкпар алаңы, теңге ілу мен жамбы ату жолы қанша болу керек дегенді енді нақтылаймыз.

Ал ипподромдардың стандартына қатысты айтар болсақ, келесі жылы елде өтетін Дүниежүзі көшпенділер ойындарына байланысты Астанадағы ипподромды халықаралық стандартқа сай жөндеу жұмыстары қолға алынды.

— Ол жекенің қолында еді ғой. Жөндеуге қаржыны мемлекет бере ме?

— Иә, Машкеевичке тиесілі, сол кісіге хат жазу арқылы өздерінің ақшасына осы атшабарғады күрделі жөндеуден өткізіп, ипподромды халықаралық стандартқа сай жабдықтау керек деген талап қойылды.

— Еліміз бойынша 40-тан астам ипподром бар деген дерек айтылады. Ал біздің білетініміз саусақпен санарлық қана…

— Бары бар, әр ауылдың шетінде көкпар өткізетін, бәйге шабатын алаңдар бар. Бірақ оның ешқайсысы халықаралықты былай қойып, біздің ішкі стандартымызға сай емес. Әрине стандартқа сай ипподром бар. Ол – 1930 жылдары салынған Алматы орталық ипподромы. Ал биыл ғана бой көтерген Шымкент ипподромы, өкінішке қарай, халықаралық талапқа сай болмай шықты. Әсіресе бәйге алаңына төселген құм халықаралық стандартқа тура келмейді екен.

— Қостанай жылқысын сақтап қалу қаншалықты маңызды?

— Егер біздің бойымызда намыс болса, Қостанай жылқысын сақтап қалу – өте маңызды. Себебі біз қаншама шетелдік таза қанды аттарды сатып алып келіп, бәйгеден оздырып жүрміз. Ал түркімендерді қарашы, ахалтекелерін тіпті соғымға да соймайды. Жылқыға, өздерінің төл тұқымына өте үлкен құрметпен қарайды.

Жылқы мен қазақтың бір-біріне тигізер пайдасы орасан зор. Мысалы қазір ат құлағында ойнайтын адам қандай болу керек деген сұрақтың жауабы – астындағы атының жан-дүниесін толық меңгерген, онымен гармональдық байланысқа түсе алатын адым. Ол үшін сен таңнан кешке дейін аттың қасында жүріп, соның жағдайын жасап, жақсылық жасайсың. Ал жылқы өзіне жақсылық жасаған адамды ешқашан ұмытпайды! Қазақ шабандоздарының құпиясы да осында. Олар таңнан кешке дейін аттың қасында болып, соның жағдайын жасайды, жалын тарап, терін сүртеді, суын беріп, астын тазалайды. Қазір бәйгелерде байқасаңыз бір шабандоз бір атқа шауып келеді де, жүгіріп келесі атқа мініп жатады. Онда да үлкен мәселе бар. Айтайын дегенім, Қостанай жылқысын дамыту – намысы бар, жаны қазақ деп соғатын кез келген азаматтың ұлт алдындағы, қазақ халқының алдындағы парызы деп ойлаймын.

— Сұқбатыңызға рахмет!

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.