Кер бестінің кекіліндегі берекет

2330

“Жылқының кекілінде берекет бар”

(Хадис)

Төрт түліктің төресі, тұяқтының тектісі болған жылқы түлігінің ислам шариғатында алатын орны ерекше. Қасиетті Құран аятының бес жерінде жылқы туралы анық мағлұмат айтылады.

Оның алғашқысы – «Әли Имран» сүресінің 14-аяты. Бұл аятта жылқы түлігі адамның көңілін де, көзін де рахатқа бөлейтін пәни дүниенің көптеген алданыштарымен қатар айтылса, екінші орында – («Әнфал» сүресі, 60-аят) соғыс кезінде тұлпар мінген мұсылман сарбаздарының қарсы келген дұшпанына атойлай шабулдағандағы айбарлы бейнесі образдалады. Ал тағы бір сүреде – («Нахыл» сүресі, 6-аят) жылқы мініс көлігі болумен қатар, ер адамға көрік беретін әсемдіктің симолы ретінде бейнеленеді.

Алла елшісінің мүмабарак хадистері жинақталған, Сахих хадистер топтамасының бәрінде дерлік жылқы түлігі туралы мағлұматтар айтылған. Имам Нәсәи «әс-Сунән әс-Суғра» атты хадистер жинағында жылқыға байланысты хадистерге «Жылқы кітабы» деген арнайы тақырып қойып, 17 баптан тұратын 33 хадис келтірген. Осы жинақтарда риуаят етілген хадистердің басым бөлігінде пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаһу алейһи уә сәлләм) жылқыны соғыс құралы, әскери көлік ретінде сипаттаған. Ал қалған бөлігінде жылқының түр-сипаты мен ат бәйгесіне қатысты шариғи шарттары қарастырылған. Хадис ғалымдары осы риуаяттарды қағаз бетіне түсіргенде “бисмилләсін” Әнәс ибн Мәліктен (р.а.) жеткен «жылқы кекілінде берекет бар» деген хадиспен бастаған. Сонымен қатар бұл хадисті толықтыра түсетін екінші бір риуаятта Пайғамбарымыз: «Ат кекілінде қиямет күніне дейін жақсылық байлаулы, сауап пен олжа да сол кекілде»[1], — деген.

Ендеше, біз де халқымыздың санасынан ойып орын алған, ауыз әдебиетімізде қанатты сөзге айналған осы бір хадисті зерделеуден бастайық.

Хадис ғылымының майталманы, танымал ғұлама Ибн хажар Асқалани осы риуаяттарды түсіндіру барысында ілгері өткен ғалымдардың ой-пікірлерін былайша өрбітеді:

Пайғамбарымыз жылқының қадір-қасиетін асқақтату үшін оның кекілін тілге тиек етті. Себебі, кекіл жалмен жабыса біткен бір уыс қыл болғанымен, жылқы тұлғасынан мен мұндалап алыстан көзге түсетін ерекше тұсы, көрінісіне көрік беретін әсем жері. Сондықтан да, сөз өнерінде шешендіктің шыңына жеткен Алла елшісі берекетті ат кекілімен байланыстыру арқылы, жауға шапқан сарбаздың ат құйрығына қарап жалтақтасмастан, анығында тұлпарының кекілін желбірете алға ұмтылып, ерлік көрсетуін астарлы сөзбен аңғартқандай. Өйткені хадис соңында келетін «сауап пен олжаның» айтылыуынан-ақ, кекілінде берекет байланған сәйгүліктердің мұсылман сарбаздарына (елін, жерін қорғау жолында) жорықта жолығатын мың бір машақат пен қауып-қатерден сау-саламат құтылуына себін тигізіп, олардың Алла жолындағы міндетін абыроймен атқаруына жол ашып беретіні оның кекілін тіптен асқақтата түседі[2], — дейді.

Соңғы мың жылдықта исламмен етене байланысып, хақ діннің шариғатын шартсыз түрде қабылдаған қазақтың жылқы түлігімен болған қарым-қатынасына да діни түсінік пен жол-жоралғылардың тамырланып кең етек жайғанын байқаймыз. Айталық, қазақта көктем мезгілінде жылқы күзейтін науқан бар. Бұл қойдың жабағысын қырқатын уақыттан сәл ертерек, күн қызбай тұрып басталады. Күзелетін тай мен байталдың жал-құйрығының үстінгі бөлігі күзеледі. Қылынан тұрмыста қолданатын арқан-жіп есіледі. Осы шаруаның басында жылқы күзеп жатқан жігіттердің білместікпен кекілді күзеп алмауы үшін бір ақыл тоқтатқан егде адам бақылап тұрады. Себебі, Пайғамбар айтқан берекелі кекіл кесіліп кетсе, жылқыға бір кесірі тиеді, құт-береке қашады деп ырымдаған. Бәйгеге қосатын сайгүліктің кекілін сәндеп, түбінен тік тұратындай етіп байлап қоятын болған. Осының бәрі жай ғана ырым емес, Алла елшісінің мүбарак қолы тиген киелі кекілге ізет, хадиске деген құмет еді. Сахих Мүслімде келген риуаятта: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) саусағымен атының кекілін сипайды…»[3], — делінген. Бір хадистен мың ғибратты ой түйген дана халықтың араздасып алыстаған ағайынның ара қатынасы суып кеткенде «Ат кекілін кесісті» деп, ағайын арасындағы берекені жылқы кекіліне байланстырып айтуыда осыдан еді.

Әдетте қазақтың мінез-құлқын, бітім-болмысын жылқыға теңеп «Қазақ – жылқы мінезді» деп жатады. Бұл адамды сүйінтетін теңеу. Себебі, Алла елшісінің төрт аяқтылар арасында ең жақсы көрген жануары осы жылқы. Жарасымды ат қойып, кекілінен сипап, еркелеткен түлігі де, әне, сол жылқы. Сунән ән-Нәсәиде Әнас ибн Мәліктен жеткен риуаятта «Пайғамбарымыздың жұбайларынан кейін ең жақсы көретін дүниесі жылқы еді»[4], — дейді.

Пайғамбар жақсы көрген түлікті қазақ та жақсы көрді. Мінезін, тектілігін жылқыға ұқсатты. Тумысынан жылқымен жағаласып, жылқымен сырласып өскен бұл халықтың бітім-болмысының жылқыға тартпауы да мүмкін емес-ті. Сондықтан болар көрші халықтардың жылқыны қазақтың айырылмас жан серігіне балап әр-түрлі мақал-мәтелдер шығарғаны. Мысалы, орыс халқы айтады екен: «Қазақ боламын десең жылқы бақ, мазақ боламын десең күлкі бақ» деп. Ал өзбек ағайындар: «Қазақсыз жерде жылқы жоқ, жылқысыз қазақта ұйқы жоқ» десе, алыстағы парсы халқының өзі: «Жылқының тілін қазақтан сұра, сауданың тілін арабтан сұра» деп қазақ пен жылқының бір-біріне қаншама жақын, қаншама етене екендіктерін сонау ықылым заманнан-ақ мойындаған көрінеді.

Демек төрт түлікітің төресін жанындай жақсы көріп, арындай ардақтаған халқымыздың жылқыны күш-қайраттың, сән-салтанаттың, байлық пен мәртебенің басты өлшемі етіп алуының өзі текті түліктің қадіріне жетіп, қасиетін дара бағалағанының бір белгісі болып таңбаланды. Бұл даралық өз кезегінде дін тәрбиесімен, пайғамбар даналығымен ұштаса келіп қастерлі ұғымға, мәнді дәстүрге айналды. Ендеше қазақ қастерлеп, жанына балаған киелі түлікті асыл дінімізде де алар орны ерекеше екенін естен шығармаған жөн.

Осы арада кекілдің берекетін кереметке ұластырған мына бір таңғажайып әңгімені қоса кеткенді жөн көріп отырмыз. Бұл Сағдан Жағпарұлының «Көгала айғырдың кекілі» атты әңгімесі. Оқиға қазақ даласының нақты қай бұшпағында орын алғаны белгісіз. Әңгіме сюжетіне қарағанда ұланғайыр даламызда қызылтеңбіл мысықтың (жолбарысты ертеде осылай атайды екен) күні сөнбеген кезі болса керек. Ел күзеулікке қонған, күздің қара суық күндерінің бірінде Қошқарбай деген жылқышы жігіт бірнеше үйір жылқысын ел іргесінен ауашарақ қалың қамысты қопаға ықтатып, бағып жүреді. Үйірді Көгала айғыр деген есімі елге машһүр, жал құйрығы төгілген, кекілі шоқпардай һәм ұзын, есік пен төрдей көкшұбар айғыр басқарады екен. Айғырына сенген жылқышы жылқыларын кешқұрым қопаға қайырмақтап қойып, таң ата бірақ келетін көрінеді. Бірақ, әр күні келген сайын Көгала айғырдың түнімен ақ тер, көк тер болып арпалысқан, болдырған халын көреді. Үстінен қан ағып, сауырынан тырнақ іздері орсиып тұрғанын байқайды. Бұл жағдайдың бірнеше рет қайталанғанынан күдіктенген жылқышы түнде көз ілмей айғырдың жүрген-тұрғанын бақылаумен болады. Содан түн ортасы ауып, ай жарығы қопалы қамысқа түскен уақытта қамыстың арасынан тайыншадай жолбарыс шығып, жылқыға шабуылдайды. Оның келетін уақытын осқырына күтіп тұрған Көгала айғыр да қарсы ұмтылады. Жолбарыс секірсе айғыр қосаяқтап тебеді, жатып арбасса айғыр шоқпардай кекілін арлы-берлі сілкіп тастап, екі аяғын тік көтеріп айбар көрсетеді. Оның арқыраған дауысы мен тұмсығына дейін төгілген кекілі, тізесін жапқан қою жалы ай жарығында ерекше айбын беріп, жолбарыстың мысын басып, жылқыға жолатпай қояды. Ақыры мысы құрыған жолбарыс таң қылаң бере қопаға кіріп ғайып болады. Жыртқыш пен жануардың шайқасын түні бойы көрген жылқышы ертесі Көгала айғырды ұстап әкеліп, көзін жауып, танауына төгілген кекілін кесіп тастайды. Оның ойынша, айғырдың ұзын кекілі манағы жолбарыспен алысқанда көзін жауып, көру қуатына кедергі болған сыңайлы. Амал нешік! Кекілдің керемтін жылқышы бағамдай алмапты. Қызылтеңбіл мысықтан айғырдың айбынын асқақтатып тұрған ең қасиетті қорғаны оның берекелі кекілі екенін ол байқұс білмепті. Білмеген у ішеді деген осы ғой. Дәл сол түні әлгі қызылтеңбіл мысық яғни жолбарыс Көгала айғырды жайратып кетеді. Қайран жануар-ай! Құдай берген керемет кекілімен бүкіл үйіріне қорған болып жүргенде білместіктің кесірінен мерт болады. Кекілге жасырынған құдірет, күш-қайрат, айбын, еркектік қуаты сол кекілмен қоса кетті. Өкініштен өзегі өртенген жылқышы бір уыс кекілді ұстаған күйі Көгала айғырдың басын құшып ұзақ жылапты.

[1] Сахих әл-Бұхари, 2851-хадис. – Каир: Шәрика әл-Құдыс, 2014.

[2] Ибн Хажар Асқалани, Фатхул-Бәри, 6т/65-б. – Каир. Дару әл-Хадис, 2004.

[3] Сахих Муслим, 1872-хадис. – Каир. Дару әл-Хадис, 2010.

[4] Сунән ән-Нәсәи, 3566-хадис. – Бейрут. Әл-мәктәбәту әл-Асрия, 2008.

Еркінбек Дәкенұлы, исламтанушы

«Ат кекіліндегі керемет» кітабынан алынды

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.